Ертеде Бас бармақ, Балаң үйрек, Ортан терек, Шылдыр шүмек, Кішкене бөбек атты бес ағайынды өмір сүріпті. Олар бірге жүріп, небір қызық оқиғаларды бастан өткеріпті. Солардың біразын өздерінің қатысуымен (қаламсапты солар  ұстайды  ғой) жазып  алып  едім. Енді соны сендерге әңгімелеп берейін…

АТЖАЛМАНДАРМЕН АЙҚАС

Бес ағайынды бір жылы егін салыпты. Астықтары мол шығады. Күзде егінді жинауға кіріседі. Әрбірінің өз міндеті болады. Балаң  үйрек егін орса, Шылдыр шүмек оны баулап, бастырады. Ортан  терек кепкен астықты келіге түйіп, суырып, қызыл дәнге айналдырады. Ал Бас бармақ бидайды қаптап, Жорға торғай жегілген арбаға тиейді. Кішкене бөбек астықты қоймаға тасиды.

Дегенмен, сол мол ырыздыққа көз алартушылар да табылады.

Көрші ауыл атжалмандар ордасы екен. Олар тонау мен қарақшылықты кәсіп етіпті. Ағайындылардың астығы пісіпті  дегенді  естіп, жол ториды.

Бір күні арбасына астық тиеп алған Кішкене бөбек Жорға торғайын  жорғалатып келе жатады. Өткелге жете бергенде алдынан сойылдарын шошаңдатып төрт-бес атжалман шыға келеді.

– Тоқта! – дейді олар арбаның алдын кес-кестеп. – Мына өткел  біздікі.

Бұдан өту үшін ақы төлейсің. Астығыңның жартысын қалдырасың, әйтпесе, бәрін түсіріп аламыз. Кәне, қайсысын таңдайсың?

Кішкене бөбек амалсыз алғашқысын таңдайды, астығының  жартысын беріп кетеді. Оқиға келесі күні тағы қайталанды. Бұған төзе алмаған ағайындылар олардан құтылудың амалын іздеп, кеңес құрады.

– Ау, не айтасыңдар? Бұлардан қайтсек құтыламыз? – дейді Бас бармақ сөз бастап.

Ешқайсысы үн қатпайды. Өйткені, дайын тұрған амал-айлалары жоқ еді. Бәрі қиналып бастарын қасиды. Бір кезде Балаң үйрек пен Шылдыр шүмек осындай тығырыққа тірелгенде істейтін әдеттерін қайталап, жерден шөп, сабан алып, тістерін шұқылауға кіріседі. Кішкентай бөбек те солардан көргенін істеп, бүйірде өсіп тұрған  сары гүлді жұлып алып, аузына қарай апарады. Мұны көріп қалған Бас бармақ:

– Андағыны аузыңа салма! Ол – у ғой! – дейді.

– У? Уы күшті ме? – дейді Кішкентай бөбек таңырқап.

– Күштілігі сондай, улансаң, басың айналып, құсып, бойыңнан әл-қуат кетіп, бірнеше күнге дейін есіңді жия алмай қаласың.

– Бұл өзі бір таныс шөп қой, – деді Шылдыр шүмек оған үңіліп. – Рас, естеріңде ме, мен қолымдағы сүйелді осы шөппен емдеп едім  ғой…

– Иә, есімде. Бұл шөппен тері ауруларын, іш ауруларының  кейбір түрлерін емдеуге болады, – дейді Балаң үйрек.

Бас бармақ кенет астынан су шыққандай атып тұрды.

– Бауырлар, мен  таптым! – дейді ол көздері жайнап.

– Нені таптың? – дейді қалғандары.

– Жүріңдер, қазір көрсетем, – дейді Бас бармақ дереу ағашқа сүйеулі тұрған ораққа жармасып.

***

Күн екіндіге ауғанда ағайындылар арбаларына астық тиеп алып, күре жолда келе  жатады. Олар көпірге таяй бергенде, жар  тасасынан бір топ атжалман атып-атып шығады. Ағайындылар  арбаларын кілт кейін бұрады. Атжалмандар тұра ұмтылады. Ағайындылар зыта жөнеледі. Бір кезде екі қап бидай жерге құлап түседі. Сөйтіп, атжалмандар екі қап астық олжалап, қарық болып қала береді.

Келесі күні ағайындылар тағы да жолға шығады. Бір қызығы,     көпір аузында оларды ешкім тосып тұрмайды. Ағайындылар  Кішкене бөбекті барлауға жіберді.

Бір сәттен кейін екі езуі екі құлағында Кішкене бөбек қайтып келеді.

– Иә, не болды? – дейді бауырлары қаумалап.

– Шаруа бітіпті, – деді Кішкене бөбек мәз болып. – Сүйелшөптің сүтіне шылаған дәнімізді бәрі жеген сияқты. Түгел сұлап жатыр.

– Әрине, тер төкпей тегін келген олжа оңдыра ма!

– Олар енді төрт-бес күнсіз өздеріне келе алмайды, – деді  Бас  бармақ. – Осы аралықта біз шаруамызды бітіріп алайық. Ал, бауырлар, онда іске сәт!

– Кеттік! – дейді қалғандары оның соңынан ілесіп.

– Бұл өзі атжалманнан құтылудың жақсы амалы болды. Рақмет саған, Бас бармақ! – дейді ең соңдарында келе жатқан Кішкене бөбек бас бармағын көрсетіп.

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз