Досхан. Адамзат пен жаңа технологиялар арасындағы келеңсіздіктер турасында алдыңғы санда жарияланған «Қауіпсіздік пе, әлде жеке өмірге қолсұғу ма?» атты мақаламызда да біршама айтып өткен едік. Адамзаттың қауіпсіздігі, өмірін жеңілдету үшін деп жасалған технологиялар өз функциясын дұрыс атқарып жатса да, жеке өмірімізге килікпей қалып жатқан жоқ. Осы себепті, жаппай болмаса да қарапайым халық арасынан
заманауи технологияларға қарсылық танытушылар бой көрсетіп қалуда. Олар жеке өміріне қол сұққаны үшін соттасады, өзгертілуін талап етеді. Бірақ, жалпы адамзаттық проблемаға әлі де көтеріле қойған жоқ. Адамдардың бұл баскөтеруін қалай жоримыз?
Бәлкім, бұл оқиғалар адамзаттың шын табиғатында демократияшыл екенін дәлелдейтін болар. Бәлкім, адам үшін өз қауіпсіздігінен гөрі жеке өмірінің құпиясы әлдеқайда маңызды ма? Бұл екі пікірімізді де жеке алып, тереңдеуге болады. Бірақ біз үшінші соқпаққа түскіміз келеді. Бұл – жаңа технологиялардың адам орындайтын істерді орындау деңгейіне көтерілуі былай тұрсын, адамша ойлана алатын деңгейге көтерілуі тұрғысындағы проблема.

Адам санасы мен жасанды сана арасындағы алғашқы текетірес 1989 жылы басталған еді. IBM компаниясы шахматтық суперкомпьютер құрастырып, оны сол кездегі әлемнің ең мықты қос гроссмейстерымен ойнатқан. Компьютер Г.Каспаровқа 2:0 есебімен, А.Карповқа 1:0 есебімен ұтылған. IBM мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алты жылдық дамытумен, 1996 жылы суперкомпьютер Г.Каспаровпен шахмат тақтасының екі жағына қайта жайғасты. Есеп 4:2. Шахмат үстелінің айналасында адамзаттың компьютерді соңғы рет жеңген кезі осы болса керек. Осы жеңілістің өзіндегі суперкомпьютердің жұмыс істеуіне тәнті боласың. Ол бір секундта 700 мыңнан 2 миллионға дейінгі шахматтық позицияларды ойлап есептеп үлгере алатын. Тағы да компанияның бір жылдық еңбегінің арқасында 1997 жылдың мамыр айындағы ойында 3,5:2,5 есебімен Г.Каспаров компьютерден жеңіліп тынды. Бұл жасанды сана мен адамзаттың табиғи санасының тұңғыш қақтығысы. Ал машина мен адамзат жаулығының тарихы тіпті тереңде жатыр. Сана қақтығысынан 2 ғасыр бұрынғы кезең.

1811 жылы Англияның Ноттингемшир аймағындағы оқиға бүкіл Британияны дүр сілкіндірді. Қарапайым шұлық тоқитын фабрикада басталған бұл оқиға тарихта «Луддиттер көрілісі» деген атаумен қалған болатын. Фабрикаға шұлық тоқитын станоктардың орнатылуымен
жұмыссыз, жалақысыз қалған жұмысшылар көтерілген еді. Өздерін Лудд патшаның артынан ергендеріміз деді. Бірақ олардың айтатын Неро Лудд атты патшаларының болғаны, болмағаны белгісіз. 1811 жылы басталған бүлік, 1813 жылға дейін мемлекеттік қозғалыс деңгейіне көтерілді. Олардың бар ісі зауыт-фабрикалардағы станоктардың көзін жою. Өздеріңізге белгілі, 1812 жылы Наполеонның жорығы басталған күннің өзінде, Британия Луддиттермен күресті тоқтатпаған. Тіпті кей кездерде Наполеон әскерінен гөрі мемлекеттік әскер Луддиттерге қарсы күрес жүргізгенін байқаймыз.

Технологиялар адамды қоғамдық өмірден ығыстырып барады. Бір кездері 100 адам істейтін жұмысты 1 ғана станок орындайтын кез туды. Ал оны қосып, ажырататын жалғыз адам жеткілікті. 99 адам жұмыссыз. Біреулер халық технологиялық процесті түсінбеді дейді. Бірақ қарапайым халық үшін прогрестің түк қажеті жоқ. Оларға отбасын асырайтын қаражат керек. Бұл қозғалыс сол ХІХ ғасырда қалып қойған жоқ. Әр жылдары бір бұрқ етіп басылып жүрген.

Жандарбек: Заманның күн сайын емес, сағат сайын құбылып жатқанын несін жасырамыз? Қазір тіпті адамдар төрт жылдық дипломмен алысқа бара алмайтынын түсіне бастады. Кейбір мамандықтар ескіріп, тіпті адамдардың орнын роботтар алмастыруда және кей роботтар адамға қарағанда жұмысты әлдеқайда өнімді және сапалы жасайтыны тағы бар. Соңғы жылдары ғалымдарды жасанды сана үрейі биледі. Ол – адамның қойған сұрағын түсініп, оған нақты жауап іздеуге негізделген компьютер. Қазіргі айфондағы Siri жүйесі жасанды сананың алғашқы прототиптері болып саналады. Жасанды сана адамзаттың өмір сүруін жеңілдетті. Бұған қатысты небір фантастикалық фильм түсірілді. Осы фильмдердің де, ғалымдардың да айтар ойы біреу-ақ. Жасанды санаға ие роботтар дербес басқаруға қол жеткізгеннен кейін есептеу қуатының артуына байланысты адамға бағынбай кетуі мүмкін. Егер жасанды санаға ие компьютер дербес басқаруға қол жеткізсе, өз-өзін қайта бағдарламалай алады деген де пікірлер бар. Адамзаттың басына қара бұлт үйірілді деп сол кезді айту керек-мыс.

Болашақта жасанды сана адамның керек кездегі қаржылық кеңесшісі, дәрігері, кәсіби дизайнері, тіпті аспаз да болуы мүмкін. Бір қызығы, мұның бәрін ол тегін атқарады. Үндістан мен Ұлыбритания ғалымдары жасанды санаға бетперде киген адамның түрін анықтай алатын алгоритм енгізген екен. Бұл алгоритм әуелі аса қауіпті қылмыскерлерді анықтау мақсатында жасалған. Бірақ жүйе өзге де мақсаттарда қолданылуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Оның артықшылығын айтып тауыса алмайсыз.

Бұл жаңа технологияның айналасындағы сұрақтарға әлі толық жауап бере алған жоқпыз. Алдағы бес-он жыл ішінде қандай өзгерістер болатыны белгісіз. Алайда бізді «ол қандай мақсатта қолдану керек?» деген сұрақ мазалауы тиіс. Яғни ол ниеті бұзық адамдардың қолына түспеуі қажет.

Адам игілігі үшін деп жасалған технология қара ниеттілердің қолшоқпарына айналып кетпей ме? Қазіргі таңда технологияның жемісі атанған роботтарға сұраныс та, қызығушылық та артып келеді. Бүгінгідей дамыған заманда жасанды сана керек пе, жоқ па деген сұраққа ешкім нақты жауап бере алмайтын сияқты. Себебі жасанды санаға ие роботтар дәуірі әлдеқашан басталып кетті…

Досхан: Дұрыс айтасың, Жандарбек. Бұл адамзат алдындағы үлкен қауіп. Жалпы ғылым философиясында 1960 жылдары оптимистік және писсимистік пікір қалыптаса бастады. Өйткені ғалымдар ХХ ғасыр басында әлемдік жаңалық деп тауып, Нобель сыйлығына лайық деп танылған салыстырмалылық теориясының айналасы 20 жылдың ішінде әлемді төңкеруші қаруға айналғанын көздері көрді. Осы дүниеден кейін ғылым философиясы
екіге жарылған еді. Оптимистер бұл дамудың да шешімін ғылымнан көрген болса, писсимистер ғылымға қауіппен қараған. Бірақ, бұл писсимистердің көзқарастарын луддиттердің позициясымен салыстыруға келмейді. Бірі демократиялық жолды ұстанса, екіншісі, яғни луддиттер төңкерістік жолды ұстанған. Бұл сөзіміздің ең жарқын дәлелі – Тед Качинский болса керек. Тед Качинский Чикагода туған вундеркинд бала. Ол 16 жасында Гарвард университетінің студенті атанып, 25 жасында Беркли университетінің аға оқытушы дәрежесіне көтерілген. Бірнеше жылдан кейін ол оқу орнынан жұмыстан шығып, жарық пен суы жоқ лашыққа көшіп, сол жерде өмір сүре бастайды. Вундеркинд осы лашықта өмір сүре жүріп,1978 жыл мен 1995 жылдар аралығында қолдан 16 бомба жасап, барлығын поштамен ғылыми ұйымдар мен орталықтарға таратып отырған. Ол ХІХ ғасырдағы луддиттердің философиясын өзінше дамытып, фабрикалардағы станоктарды
жоюдың пайдасы аз екенін білді. Өйткені, ол бұзылса жаңасын жасату оңайдың оңайы. Сондықтан ол станоктарды, жаңа технологияларды ойлап табушы ғалымдардың көзін құртуды ойлады. Өзі жасаған бомбаларын ғылыми ұйымдарға жіберуінің мәні де осында. 1995 жылы оны ұстап, өмір бойы бас бостандығынан айырған. Бірақ оның философиясы
біртіндеп дамып, бүгінгі күнге дейін жетті. Қазір философияда жаңа неолуддизм
деген ұғым енгізілген. Олар бұрынғыдай жаңа технологияларға қарсы емес. Оларды жоюға талпынбайды да. Керісінше өз керектеріне пайдаланады. Тек уақытпен ғана. Яғни, олар әлеуметтік желілерге тіркелмеген. Телефондарын күніне 2-3 сағаттан артық пайдаланбайды. Компьютер атаулыны тек жұмыс орнында немесе керек кезінде ғана пайдалануға тырысады. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тарихында агрессивтілігімен қалған луддиттердің бүгінгі жай-күйі осындай. Олар өзін-өзі құтқарып жүрген адамдар.

Жандарбек, осы мақаланы жазар алдында екеуміздің Қазақстандағы луддиттерді іздестіргеніміз есіңде ғой. Біз ешкімді таппадық. Табылмады. Яғни өз-өзін құтқарушылар тобы біздің елде жоқтың қасы.

Қара аспанды төндірудің қажеті жоқ шығар, бірақ бүгінгі технологияның дамуы, роботтардың көбейіп, қарапайым адамдардың жұмыс орындарын тартып алып жатқандығы, тіпті олардың болашақта ой еңбегіне де қабілетті бола алуы – жақсылық күттіретін ғылыми жаңалықтар емес.

Сұрақ туындайды. Адамзат адам қалпын сақтап қалу үшін оларды бүгінгі технологиялық прогрестен, оңайландырылғаны өзіне кері әсерін тигізіп жатқан тіршіліктен әлемдік ұйымдары арқылы құтқару керек пе, әлде луддистік жолды ұстанып адамзат
өзі құтылуы керек пе?

Жандарбек: Орынды, әрі ойланатын сұрақ. Жалпы қай нәрсе мөлшерінен асса, зиян. Осы тұста ақпараттық диета туралы айтқым келіп отыр. Ол не үшін керек? Дәл бүгінгідей ақпараттың тасқындаған дәуірінде миды сансыз ақпаратпен шамадан
тыс толтыру қауіпті. Себебі тым көп ақпарат ми жұмысын төмендетеді. Адам назары шашырап, ұйқысы бұзылады. Сондай-ақ ойлау жылдамдығы бәсеңдеп, жұмыс өнімділігі күрт төмендеуі мүмкін. Күнделікті оқитын блогтар, әлеуметтік желідегі жазбалар, хаттар, түрлі негативке толы жаңалықтардың бәрі әсер етпей қоймайды. Мысалы, біз күнде өмір сүру үшін тамақ ішеміз. Тамақ ішу керек деп бәрін жұта беруге тағы болмайды. Ақпаратты пайдалану да осы секілді. Тамаққа қалай қарасақ, күнделікті оқитын ақпаратқа да солай сақтықпен қарау ләзім.

Байқайсың ба, соңғы жылдары адамзат белгілі бір деңгейде технологияға тәуелді боп қалды. Бір ғана смартфондарға тәуелділіктің өзін айтсақ жеткілікті шығар. Жаңа технологиялар біздің өмірімізді жеңілдеткенмен, айтарлықтай кері әсерін де көріп жатырмыз. Мамандардың пікірінше, адамдар арасындағы шынайы қарым-қатынастың азаюы мен күйзелістің көп болуының бір себебі смартфондарды шектен тыс пайдалану
мен интернетте көп отыру екен. Мұнымен не айтқымыз келді? Әлемге танымал «Вконтакте» әлеуметтік желісі мен «Telegram» мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров бір сұқбатында өзінің жаңалықтар оқымайтынын айтқан болатын.
Ол жастарға айтқан ақыл кеңесінде былай дейді:

– Компьютер ойындарынан, әлеуметтік желілерде мақсатсыз отыра беруден, топас адамдарша интернетті беталды шарлаудан тиыл. Әлеуметтік желідегі қарым-қатынасты барынша қысқарт, бір-ақ аккаунт қалдыр. Пәтеріңдегі теледидар антеннасының көзін құрт. Жаңалық оқуды қойып кет. Бәрібір негізгі оқиғаларды айналаңдағылар жаппай әңгімелеп отырады. Тіпті әйгілі Apple компаниясының негізін қалаған Стив Джобстың өзі балаларына смартфонды көп ұстатпайтынын айтқан екен. Әлемдегі ең ақылды екі адам осылай десе, онда бұған сенбеске амалымыз қалмайды.

Қорыта келсек. Біздіңше жаңа технологиялардың дамуын тоқтату мүмкін емес. Олар қарапайым адамдардың жұмыс орындарын тартып алып жатқаны да, оларды әлеуметтен бөлектеп жатқаны да аян. Иә, тарих қайталанады. Бірақ бұл жолғы нәубет 5-6 еселеніп қайталанды және бұл процесс әлі де жалғасуда.

Біздің бұл пікірлерімізге қарсы пікір де жоқ емес. Мысалы роботтарға жұмыс істегені үшін аз ақша жұмсалады. Сондықтан роботтар өндіретін тауарлардың бағасы түседі. Яғни баға түскен сайын халық жағдайы жақсара түспек. Бірақ, роботқа жұмыс орнын босатып берген адам бағасы түскен тауардың өзін сатып алуға мүмкіндігі болмайды емес пе?
Бұл мәселеге кейбір сарапшылар, өндірістің бүкіл салаларына роботтардың енгізілуінен жаңа жұмыс орындарының ашылатынын алға тартады. Мысалы, роботтарды жөндеу, техникалық қызмет көрсету орталықтары және оларды сату орталықтары ашылуы мүмкін. Ғалымдардың зерттеуі бойынша 2022 жылға қарай әлемде 2,4 миллион жаңа жұмыс орны ашылады екен. Бірақ, жасанды сананың дамуы деген дүние тағы бар емес пе? Ол дамып, кемеліне келген шақта роботтар өз-өздерін жөндей алатын, өз-өздеріне қызмет көрсете алатын деңгейге жетеді. Міне, осы кезде адамзат толықтай қоғам былай тұрсын, планетадан шеттеп қалатын қауіп бар.

Бұл қауіптен адамзатты құтқару мүмкін бе? Ал, егер неолуддиттік жолмен технологияларды уақытпен, цифрлық диета ұстай отырып пайдалансақ ше? Біздіңше адамзат алдындағы нәубеттен құтылудың жалғыз жолы – осы. Өйткені, аз пайдаланылатын дүниеге сұраныс та аз болады. Сұраныс болмаған тауардың дамуы тағы мүмкін емес.

Ертегі секілді көрінер. Бірақ, жасанды сананың дамуына қарсы, толықтай роботтандыру мен автоматизацияға қарсы бізбен пікірлес бір адам бар. Ол – Илон Маск. Сөзімізді түйіндей келсек, адамзатты құтқару мүмкін емес. Ол өзі құтылуға тиіс.

Мақаланы дайындағандар:
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ,
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз