Бұл – ешқандай зерттеу мақала емес. Жоғары оқу орнын бітірген соң ауылға қайтып, мектепте мұғалім болғым келген. Бірақ әртүрлі жағдайлармен үлкен қаланың қым-қуыт тіршілігіне бойұсынып кете бардық. Туған ауыл санадан өше қойсын ба, дос-жаранмен бас қоса қалған жағдайда да айтарымыз – ауыл. Жалғыз-жарым ой кешсең де ауылымыздан айналып өтпек емеспіз. Жасыратыны жоқ, әр істің басын бір шалып, жастықтың буымен қаланың қызығынан шыға алмай жүрген бауырларымыз жоқ емес. «Шіркін-ай, осы жігіт ауылға барса ғой, елдің көркі болатын-ақ қой» деп ойлайсың. Жоқ, бұл кері итеру емес. Тек бос селтеңге салынып жүргеннен гөрі ауылда мал ұстап, ел ішіндегі кәсіпті игерсе, ең бастысы әке-шешенің қасында болса, бақыт дегенің қалада ғана емес қой деген ой-дағы. Бәлкім, бүгінгі әңгімеміз сол бауырларымызға бағытталмақ.

Ауылда интеллигенция бар ма немесе елдегі ерекше ауылдар

«Ел іші – өнер кеніші» дейміз. Таланттардың бәрі ауылдан шығады дейміз. Қала ауып кеткен соң кейде ауыл жаққа мұрын шүйіріп қарайтынымызды несін жасырамыз? Сондағымыз «Ауылда не қалды дейсің?» деген әумесерлігіміз ғой баяғы. «Оқыған-тоқыған азаматтардың бәрі қалада жүр, ендеше ауылда қандай интеллигенция болмақ?» деп және ойлаймыз. «Ауыл итінің құйрығы қашан да қайқы» дегендей, ауылға бара қалсаң, сыныптастардың өзіңді сөзден сүріндіргісі кеп, түрткілеп қалжыңдасып отыратыны бар. Сондағысы «біз де елміз, сендер бізді – ауылды ұмытып кеттіңдер» деп іштей қажасып отырғаны. Жо-жоқ, мұнысы ешқандай да кекшілдік емес. Тай-құлындай тебісіп бірге өсіп, балалық тәтті күндердің небір сәттерін бірге көріскен достарыңның бір күні қалаға тайып тұратыны елде қалған қыз-жігіттерге оңай емес.

Айталық, таланттар әлі де ауылдан шығып жүр. Бір спортшы немесе өнер қуған таланттар елге танылса, бүкіл ауылдың баласы соған еліктеп өсетініне мысал көп. Түркістан облысының Төле би ауданында Тасарық деген ауыл бар. Оңтүстік жұрты бұл ауылды «суретшілер ауылы» деп атайды. 1987 жылы ауылдың тумасы Молдағали Қалдыбаевтың картиналары Лондонда өткен әуесқой суретшілер байқауында алтын медальға ие болыпты. Бұдан бір-екі жыл бұрын суретші өзінің ауылында сурет галереясы – мұражай ашқан екен. Ол заманда мұндай галерея Қазақстан тұрмақ одақ аумағындағы бірде-бір ауылда болмапты. Міне, кейін осы суретшінің соңынан қылқалам шеберлері көптеп шығады. Бексейіт Түлкиев, Тоқболат Тоғысбаев, Ерболат Төлепбай сынды әлемге аты шыққан әйгілі суретшілер алақандай ауылдан шыққан таланттар еді. Бұл ауылдан бас-аяғы 20-ға жуық танымал суретші шыққан екен.

Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Павлодар облысындағы Баянауыл ауданынан шыққан 14 академик туралы көлемді мақаланы «Ақ желкен» журналында өткен жылы жазғанбыз. Көрген, естіген жұрт меценат Бауыржан Оспановтың ауылын жыр қып айтады. Айтуларынша, ауылда ешқандай ішімдік сатылмайды екен. Керісінше қымыз бен шұбаттың бағасы қолжетімді көрінеді. Бауыржан Оспановтың ауылға спорт кешендерін салып, елден шыққан талантты жігіттерге қолдау білдіріп жүргені бөлек әңгіме.
Тағы бір қызық дерек, Ақмола облысында «Родина» деген ауыл бар екен. Ауылдың авиациясы, зообағы, сүт өндіру зауыты, тіпті телернасы бар.

«Ауылдағы 1800 тұрғынның басым бөлігі сүт өндіру зауытында жұмыс істейді. Жайлы жағдайдан басқа, жергілікті тұрғындар үйлену тойы мен бала туылғанда 100 мың теңгеден алады. Ал егер жаңа үй салатын болса, шығынның бір бөлігін фирманың өзі көтереді. Бірақ тектен-тек келіп қоныстана беруге болмайды, ол үшін сұранысқа ие маман болу қажет. Бұл жерде жұмыссыз адам жоқ: ауылға келгендерге жағдай жасайды, ал сырттан келіп жұмыс істегісі келмегендерден қайтуын өтінеді. «Родина» несімен жақсы?» деген сұраққа жергілікті тұрғындар: «Мұнда ертеңгі күнге сенімділік бар», – деп жауап береді. Олар ертеңгі күні де дәл бүгінгідей жұмысы, үйі және балаларының қарны тоқ болатынына нық сенімді», – дейді біз білген ақпаратта.

Ақан-Шоқан ауылы

Жас жазушы Арман Әлменбет айтып берген мына әңгіме де тақырыбымызға тұздық боларлықтай. Мұны естіген әрбіріміз де «шіркін-ай» десіп қалдық. «Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша деген ауданына қарайтын Теңдік деген ауылға бардық. Ресми аты Теңдік болғанымен, ел ішінде бұл ауыл «Ақан-Шоқан ауылы» деп аталып кетіпті.
Ағайынды екі жігіттің үлкені – Шоқан. Жасы отыз төртке енді шыққан. Бойы ұзын, иықты, мойны жуан, кәдімгі бұрынғының батырлары сияқты. Жасырақ күнінде түйе палуанға түскен. Қазір біржола кәсіпке бет бұрған – мал ұстайды. Мал басының санын анықтап сұрағамыз жоқ, бірақ інісі екеуі садақа көп жасайтынын, талай адамға көмектескенін бұрын да естіп, қанығып алған едік, соған қарап малына Құдай береке бергенін, ауыл сыртында үлкен қорада мыңғырып тұрғанын жобаладық.

Ақаны – Шоқаннан бір-ақ жас кіші. Отыз үшке шыққан. Түйе палуанға түспесе де, боксқа қатысқан, бойы ағасынан да биігірек. Жақында ғана кіші қажылыққа барып келіпті, соған орай шүкір шәй беремін деп, жан-жақтан кісілер кеп жатыр екен. Шоқан малға қараса, Ақан егін салады екен. Бидай, арпа, сұлы егіп, сататынын сатып, біразын ағасының малына алып қалып, оған егінді жинағаннан қалған сабақ пен қауашақты араластырып беріп, шаруаны ұқсатып отырған жайы бар.

Екеуінің аты біраз жерге дейін жетіп, қазақылықты аңсап, іздеп тұратын әншілер, ақындар, әртүрлі қызметтегі адамдар алыс-алыстан, тіпті Қазақстанның оңтүстігінен арнайы келіп жатады екен. Оның себебі көп. Біріншіден, бұл жігіттер ата-бабасы тұрған ауылда тұрып жатыр. Ешқайда көшпей, атажұртқа ие болып, туған ауылды ұстап қалған. Екіншіден, жүзден астам түтіні бар ауылдарында арақ сатылмайды. Әкелері бірнеше жыл бұрын мешіт ашып, арақ сатуды тоқтатуға күш салған екен, сол тәртіпті екі батыр жақсы сақтап отыр. Имам алдырып, үй беріп, алдына мал салып беріпті. Ол қалай десек, 50-60 қойды бұл жігіттер аманатқа береді екен. Яғни алған адам үш-төрт жыл бағып, өсіріп, өзіне біраз мал жинап алған соң, әлгі 50-60 қойды жағдайы төмендеу басқа бір жігітке аманатқа береді. Былайша айтқанда, эстафета.

Осындай берекені көріп, Қызылордадан, Шымкенттен бір отбасылар көшіп келіпті. Біз барғанда қоныс қарап тағы бір отбасы келіп отыр екен. Бұл көш, әрине, мемлекеттің саясатына да сай болып, қиюы келіп отыр».

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасының жайы қалай?

Жастарды ауылға қалай қайтарамыз дегенде үкіметтің бекіткен жобасы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы еді. Биыл бұл бағдарламаның іске асып жатқанына он жыл. Қаладан ауылға қайтып, жайлы жұмысқа орналасушылардың ішінде Түркістан облысының жастары көш бастап тұр екен. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуында да осыған қайта назар аударды. Жастарға берілетін жәрдемақыны көтеру керектігін айтқан болатын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Кезінде «Дипломмен – ауылға» деген ұсынысты енгізген болатынмын. Осының тізімін кеңейтуді ұсынамын. Көшіп барғаны үшін жастарға берілетін бір жолғы көтерме жәрдемақы 70 АЕК болатын, соны 100 АЕК-ке дейін жоғарылату керек», – деді Елбасы.
Осы бағдарлама бойынша қызмет атқарып жатқан Еркебұлан Дүйсенбаймен телефон арқылы тілдесіп, бағдарламаның артық-кем тұсы мен ауыл өмірі туралы сұрап едік.

– Еуразия университетінде, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алдым, – дейді Еркебұлан. – Жасыратыны жоқ, елордада баспана жағы біраз қиындық тудырды. Өзім семейлікпін. Семей қазір облыс орталығы емес, жастардың көбі үлкен қалаларға баруға талпынады. Оқуды бітірген соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын естігеннен кейін, үй береді дегеннен кейін елордаға жақын ауылдарды іздестіре бастадым. Соның ішінде бұйырғаны – Ақкөл ауданының Еңбек деген ауылы. Осында келіп жұмысқа орналастым. Қиыншылық дейтін ештеңесі жоқ, бірақ Көкшетау өңірінде орыс ұлты көп, мектеп те аралас дегендей, аз-кем қиындығы болды. Бірақ қазір үйреніп қалдық. Жалақы жағынан келер болсақ, қаладан гөрі ауыл мұғалімдеріне 25 пайыз қосылады. Алғашында «үш жыл ауылда қызмет атқарады» деп қайтарымсыз көтерме жалақысын да берді. Сосын ауылдан баспана алдым. Оны да үкімет төлеп берді.

Ауыл жаққа келе жатқанда «қатарымнан қалып қоям-ау» деген қорқыныш болды. Бірақ «бір қазақтың баласына Абайдың өлеңін жаттатып, соны талдап берсем нем кетеді» деп өзімді жұбаттым. Ауыл мектептерінде көбіне зейнеттегі мұғалімдер қызмет істейді. Себебі ауылда жас маман аз. Биологияның мұғалімі географиядан да беріп жүр, мысалы. Өйткені маман жетіспейді. Бағдарлама бойынша 3 жыл ауылда жұмыс істеу керек. Мерзімі аяқталған соң ауылдан кетем деп қазір айта алмаймын. Адам жүрген жеріне сіңіседі ғой. Осы бағдарлама бойынша ауылға келген қыз-жігіттер көп. Көкшетау жақ мал ұстауға аса қолайлы емес, жердің біразы жекеменшікте. Егін шаруашылығы жақсы дамыған. Сосын ауылда кезінде совхоз болған, соны сақтап қалған бір кісінің үлкен шаруа қожалығы бар. Германиядан әкелген тұқымы бөлек сиырлары бар. Солтүстік аймақты ағарғанмен қамтамасыз етіп отыр. Ауылдың жартысы сонда жұмыс істейді. Ауылдың жанында теміржол бар. Электр пойызы да жүреді. Яғни, елордаға тез жетуге болады.

Ауылда өскен, кейін тіршілік қамымен үлкен қалада қоныстанып қалған ағаларымның көбінен ауылға деген аңсарды жиі байқаймын. Ол жай аңсарлық емес. Сағыныш та емес. «Ауылға кетсем қайтеді осы?» дегенді көңіл-бесіктерінде қашаннан бері әлдилеп жүргенін білмеймін, әйтеуір осы бір бітпейтін тіршілікті тастай сап, ауылға қашқысы келеді. «Бір сауын сиырым мен оншақты тоқты-торымым болса, соны бірді бірге жалғап отырсам нем кетеді» дейді. Бұл не? Жас ұлғайғандікі ме, әлде тірісінде туған жерге жетіп, сонда жанын жай таптырғысы келе ме?! Сонда жастар – біз де сол жасқа жеткенде осылай ойламақпыз ба?! Қаладағы тіршілігіңнен бір күні баз кешеді екенсің, онда неге қазір-ақ жүгімізді жинап, ауыл жақты бетке алмаймыз?! Ауылда тіршілік жоқ деп кім айтты?! Жоғарыдағы мысалдарды бекерге айттық па?!

Жақында әлеуметтік желілердің бірінен мынадай шумаққа көзім түсті. Өлең бе, әлде айтыста айтты ма, анығын білмедім:
«Адамның кіндік қаны тамған жерге,
Маңдайының тері де таму керек», – депті.
«Авторы – Айкүміс Орынбаева» деп көрсетіліпті. Жөн сөз ғой. Бәріміздің де бас изеп, келіспеске лажымыз жоқ. Бірақ бәрімізге тәуекел жетпейді. Неден қорқады екенбіз?!
Сөз басында оқу бітірген соң ауылға бара алмай қалғанымды айтып едім. Жасыратыны жоқ, оған тағы бір себеп те бар еді. Ауылдың үлкен мәселесі – жерден тұщы су шықпайды. Құдық қазсаң, оны адам түгіл мал ішпейтін. Тұзды су. Апалар киім тұтады деп кір жууға да жаратпай отыратын еді. Ал өзеннің суын тазалайтын арнайы құрылғы екі күннің бірі тұрмақ екеуінде де істен шығып қаңтарулы тұратын. Бүкіл ауыл суда кезекте тұрамыз. Құрылғы кейде тамшылатып береді. Су алуға таңертең кетіп, таңда қайтқан күндеріміз әлі көз алдымызда. Басқа амал бар ма, су – тіршілік көзі. Бір шелек су алып қайтсақ, соған мәз болушы едік. Біздің балалығымыз осылай өтті. Осындай қиындықты көрген соң ауылдан ұзап кеткеннен кейін қайтып бұрыларсың ба?! Кежегемді кейін тартқан да осы болатын. Бірақ бұл ойым балалығым екен.

Өткен жылы күзде «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы ауылға су тарты-лыпты. Енді бұрынғыдай мәселе жоқ. Тіпті әр үйдің ауласына ауыз су кеп тұр. Ауылдағылар биыл бақша егеміз, тіршілік жасаймыз деп мәре-сәре деседі. Қазір соның қамына кірісіп те кеткен шығар. Міне, ауылда береке бар деген осы. Бір кездері ауылға қайтуға мүмкіндіктен бас тартқаным үшін қазір аз-кем өкінетінім рас. Бірақ ондай мүмкіндіктердің қазір де бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Тіпті оның ерте-кеші де жоқ…

Асылан ТІЛЕГЕН
(суреттер интернеттен алынды)

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз