Біз баламыз, балдаймыз,
«Балдәуренді» таңдаймыз!»
Осыдан 7 жыл бұрын жиырма күн бойы жатқа айтқан бұл ұранды биыл тағы естідім, тағы қайталадым. Сол «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында. Бірақ бұл жолы оқушы емеспін. Балалар үшін «апаймын». Демалуға емес, лагерь туралы материал дайындауға бардым. Журналиспін.

2012 жылы «Балдәурен» Республикалық оқу-сауықтыру орталығында демалғанда үш жақсы әдет қалыптастырдым. Алғашқысы – ерте тұру. Лагерьде таңғы 7-де тұрып, жаттығу жасайтынбыз. Бұл дәстүр лагерьдің күн тәртібінде де, менің өмірімде де әлі өзгерген жоқ.

Екінші жақсы әдет – таңғы асты тастамау. «Таңғы асыңды тастама, түскі асыңды досыңмен бөліс, кешкі асты дұшпаныңа бер» деген сөз бар. Лагерьге дейін таңғы асқа зауқым соқпайды деп үйдегілерге еркелеп жүруші едім. «Балдәуреннен» келген соң таңғы асымды тастамайтын болдым.

Лагерьде қалыптасқан үшінші жақсы әдет – үнемі көңілді жүру. «Балдәурен» расымен бақыт аралы секілді. Ұстаздар, тәрбиешілер, балалар – бәрінің көзі жанып тұрады. Лагерьге барғанда осы отты тағы байқадым.

Бұрын мен «Балдәуреннің» солтүстіктегі Щучье қаласында демалып едім. Қазір оқу-сауықтыру орталығының Қапшағай және Шымкент қалаларында орталығы бар. Жақында «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өткен «Жас патриоттар форумына» қатысып қайттық. Бұл форум биыл ІІІ рет өткізіліп отыр.
2016 жылдың 22 ақпанында «Балдәурен» орталығында «Қазақстандық жас патриоттар академиясы» құрылған. Патриоттар академиясын құру туралы жобаның идея авторы – «Құрмет» орденінің иегері, Ы.Алтынсарин атындағы академияның корреспондент-мүшесі Битуова Тилдаш Рысқұлбекқызы.

Осыған дейін жас патриоттар академиясы екі форум өткізген. Оның алғашқысы 2017 жылдың 21-23 ақпанында «Біз – Мәңгілік елдің іргетасын қалаушы, Ұлы дала ұрпағымыз» тақырыбымен өткен. Ал екіншісі 2018 жылы дәл осы күні «Патриотизм – рухани жаңғырудың берік іргетасы» тақырыбында болды. Биыл мамыр айында «Балдәурен» орталығында «Ұлы дала жастары рухани жаңғыру жолында» атты ІІІ республикалық жас патриоттар форумы өтті. Форумда екі мыңға жуық жас патриот Қазақстанның үш нүктесінде жиналды. Алғашқы легі «Балдәурен-Бурабай», екінші легі «Балдәурен-Қапшағай», үшінші тобы «Балдәурен-Шымкент» оқу-сауықтыру орталығында бас қосты. Форумда академия мүшелері жиналыс жасап, өз өңірлерінде атқарған шаруаларын ортаға салып, алдағы жоспарларын бекітті.

Үш жыл ішінде «Жас патриоттар академиясына» «Балдәурен» РОСО-ның тақырыптық ауысымдарына келген 1945 оқушы қабылданыпты. Олар қазір еліміздің түкпір-түкпірінде патриоттық бағыттағы іс-шаралар өткізіп жүр.

Академияға мүше болу үшін «Балдәурен» РОСО-ның кез келген тақырыптық ауысымының демалушысы болу керек. Жыл бойы лагерьде 16 ауысым болады. Әрбір ауысымда белсенділігімен, білімімен, ерекше идеясымен, патриоттығымен көзге түскен қатысушылар орталықтың жанынан құрылған академияның арнайы сараптаушы комиссиясынан өтеді. Сараптаудан сәтті өткен қатысушылар «Жас патриоттар академиясына» қабылданады. Әр ауысымда жалпы саны 250-300 оқушы демалады. «Балдәурен-Қапшағай» оқу-сауықтыру орталығы 680 орынға арналған. Академияға кей ауысымда 3-5 оқушы, кей ауысымда тіпті 10-15 оқушы қабылданады екен. Әр ауысымның жабылу салтанатында «Жас патриоттар академиясына» қабылданғаны туралы куәлік пен төсбелгі, сертификат беріледі. Сосын академия мүшесі туралы ақпарат базаға енгізіліп, оқу жылында атқарылатын жобалар мен қызметтердің жоспары беріледі. Академия қатарына қабылданған қатысушы өз өңірінде, мектебінде бекітілген жоспар бойынша шаралар өткізіп, жұмыстар жүргізіп, жылына бір рет академияға есеп беріп отыруы керек.

Демек, аталған академияға мүше болу үшін лагерьдің демалушысы болу керек. Ал лагерьде демалу жолдамасын жеңіп алу үшін не істеу керек? «Балдәурен-Қапшағай» РОСО 13-15 жас аралығындағы 8-9-сынып оқушыларын қабылдайды. Демалу үшін жолдама облыстық білім бөлімі басшылығының шешімімен конкурстық негізде үздік оқушылар мен ғылыми жоба, олимпиада жеңімпаздарына, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқаулардың жеңімпаздарына, оқу озаттары мен белсенді оқушыларға беріледі. Демалыс уақыты оқу жылында 20 күн, жазғы демалыс кезінде 15 күнге созылады. Мұнда оқушылар тек суға шомылып, тамаша табиғат аясында серуендеп қана қоймай, сабақ оқып, түрлі үйірмелерге қатысып, жаңа достар тауып, көңіл көтеріп қайтады. Егер оқушы лагерьге оқу жылы кезінде барса, мектеп бағдарламасынан қалып қоймау үшін күнделікті сабақ кестесі бойынша сабақ оқиды. Мектепте сабақ беретін ұстаздар құрамында 4 республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы, филология ғылымдарының кандидаты, 2 мастер педагог, 3 зерттеуші педагог, 1 эксперт педагог, 1 халықаралық тренер, 5 магистр маманы бар.

«Балдәурен-Қапшағай» РОСО-да 52 бөлме, Baby-club, пинг-понг залы, тир залы, караоке залы, фитнес залы, үй кинотеатры, дала бассейні мен қысқы бассейн, Open Air ашық аспан астындағы жазғы сахна, 12 қанатты киіз үй, «алтын құмды жағажай» бар.
Егерде білім бөлімі беретін жолдаманы жеңіп ала алмасаң, алайда «Балдәуренде» демалуды қатты армандасаң, мұңайма. Лагерь жаз мезгілінде балаларды ақылы бөлімге де қабылдайды. Жаз ауысымындағы 15 күндік демалыстың құны –150 мың теңге. Мұндай жағдайда демалушы қандай тақырыптық ауысым қызықтырса, сол ауысымда демала алады. Биыл жазда демалушылар «Бағдаршам – 2019» жас жол қозғалыс инспекторларының республикалық слеті, «Stop кадр» жас кино сүйгіштер және цирк өнері әртістерінің фестивалі, «Спорт Life» денсаулық марафоны, «Ассамблея – алтын көпір» достық кездесу, «Егіздердің жұлдызды сағаты» атты тақырыптық ауысымдардың қатысушысы бола алады.

P.S. Үйде ата-әжем, әке-шешем, үлкен ағаларым да «Артек» лагерінің даңқын асқақтатып айтып отырушы еді. «Балдәуренге» барғалы бізде де аңызға бергісіз әңгімелер мен естеліктер қалды. Форумнан келген
соң кейін баламды «Балдәуренде» демалатындай етіп тәрбиелеймін деген жаңа мақсат пайда болды.

Дана МАРАТОВА

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз