Дəулет Нұрғалиев – Алматы қаласындағы №58 мектептің 9-сынып оқушысы. Ол бес жасынан бастап музыка мектебіне барған. Төрт жыл фортепиано аспабын
меңгерген, тоғыз жасынан бастап саксофонда ойнайды. Мектептегі оқу бағдарламасы мен музыка мектебіндегі оқуын қатар алып жүргеніне биыл тоғыз жыл. Батырхан Шүкеновтің жолын жалғап жүрген өнерпаз республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі болып жүр. Дəулет алғаш рет сұқбат беріп тұрғандықтан, толқып отырғанын жасырмады. Алайда əңгіме барысында ашылып, əзілдеп, сұқбаттан соң саксофонмен екі бірдей шығарма ойнап берді.

Ұлан: Саксофон аспабын үйренуіңе не себеп болды?

Дəулет Нұрғалиев: Анам бес жасымда музыка мектебіне апарды. Алғашында анамның таңдауымен фортепиано аспабын меңгердім. Фортепиано сыныбын бітірген соң екінші аспап таңдауым керек болды. Осы кезде өз қалауыммен саксофонды таңдадым.

Ұлан: Демек, бір емес, бірнеше аспапта ойнай аласың ғой? Жаныңа қайсысы жақын?

Дəулет Нұрғалиев: Өзіме саксофон ұнайды. Таныстарым «фортепианоны тасымалдау қиын болған соң саксофон ойнап кеттің бе?» деп жиі сұрайды. Негізгі себеп ол емес. Саксофонды жанымды салып ойнаймын. Осы аспапты қолыма алғанда əуенді сезіне аламын.

Ұлан: Болашағыңды өнер саласымен байланыстырасың ба?

Дəулет Нұрғалиев: Иə, əрине. Тоғыз жыл бойы музыка мектебінде оқыдым. Енді өнерді тастап кетсем, сатқындық жасаған болар едім.

Ұлан: Нені армандайсың?

Дəулет Нұрғалиев: Тағы да басқа аспаптарды меңгергім келеді. Болашақта музыка саласындағы білімімді жалғастырып, композитор болуды армандаймын. Əрбір əуенді ойнаған сайын ойыма өз əуенім оралады. Бірақ əуен шығаруға əлі білімім мен тəжірибем жеткіліксіз деп ойлаймын. Кейін əлемге саксофоншы ретінде емес, композитор ретінде танылсам деймін.

Ұлан: Жақсы музыка шығару үшін жəне оны жақсы орындау үшін не істеу керек
деп ойлайсың?

Дəулет Нұрғалиев: Жақсы музыка шығару үшін адам көп іздену керек, білімді болуы керек. Ал оны жақсы орындау үшін алдымен оны шығарған адамның жандүниесін түсіне білу керек деп ойлаймын. Музыка мектебінде оқитын, оны бітіріп шығатын балалар көп. Мектепте ойнау техникасын үйретеді. Ал əуенді сезіну, түсіну адамның ішкі сезімдеріне байланысты.

Ұлан: Қандай жанрдағы музыка ұнайды?

Дəулет Нұрғалиев: Қазір классикалық музыкаларды көп орындаймын. Ұлттық музыканы да жақсы көремін. Болашақта джаз стилін меңгергім келеді.

Ұлан: Кумирің кім?

Дəулет Нұрғалиев: Саксофоншы Кенни Джиді үлгі тұтамын. Өз елімізде үздік саксофоншы деп Ермек Меденовті айтар едім. Батырхан Шүкенов ағамызды жиі тыңдаймын. Серік Ибрагимов та саксофонды сахнаға алып шығып жүр. Қазақстанда саксофоншылар онша көп емес қой. Сондықтан осы аспапты дамытқым келеді.

Ұлан: Музыкалық байқауларға қатысып жүрсің бе?

Дəулет Нұрғалиев: Иə, республикалық байқаудан І орын алып, халықаралық байқауда бақ сынап келдім. Мұнда Ақан серінің «Қараторғай» əнін орындадым. Əділқазылар өнерімді ұнатты. ІІ орын алдым.

Ұлан: Əн айтасың ба?

Дəулет Нұрғалиев: Жоқ, мен əнші емес, орындаушымын. Тек аспапта ойнаймын. Əн айтуға талпынып та көрмеппін. Жаныма жақын емес.

Ұлан: Қалай ойлайсың, өнер адамы болу үшін кəсіби білім маңызды ма?

Дəулет Нұрғалиев: Маңызды деп ойлаймын. Əріп танымайтын адамға жазу-сызу,
оқу деген қиын болады ғой. Сол сияқты, нота білмейтін адамға да музыка тілін түсіну, оқу, оны жазу оңайға соқпайды. Сондықтан, өнер адамы болам дейтін балалар қазірден бастап нота үйреніп, музыкалық білім алғаны дұрыс деп ойлаймын.

Ұлан: Əңгімеңе рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

P.S. Сұқбаттан соң Дəулет: «Сізге саксофонмен бір-екі шығарма ойнап берейін. Қандай əуен екенін тауып көріңізші», – деп ұсыныс білдірді. Алғашқы орындаған əуенін жазбай таныдым. Ақан серінің «Қараторғайы». «Келеді қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып», – деп ақырын ғана əндетіп қосылып отырдым. Саксофонның үні ерекше қоңыр екен.

Екінші музыканың атын таба алмадым. Əлемдік классикадан болса керек деп болжадым. Ойлағанымдай-ақ, əннің аты «Abrazame» екен. Қазақ сахнасында саксофоншылар көп емес. Алайда осы сұқбаттан соң қазақтың өнер əлемі тағы бір талантты саксофоншымен толығатынына нық сеніммен үйге қайттым.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №23
4 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз