«Ұландық» достарымды өте ерекше, дарынды оқушымен таныстырсам деймін.
Ол – Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бітіруші түлегі, Канаданың Торонто жəне Германияның Jacobs
университетіне тегін оқу грантын жеңіп алған Арайлым Мүсілім.

– Арайлым, шетелдік оқу орындарының грантын қалай ұтып алдың?

– Жоғары сыныпта болашақ мамандығыма таңдау жасап қойдым. Енді маған университет таңдау керек болды. Ұстаздарым Канаданың оқу орындарын байқап
көруге кеңес берді. Ол елде өмір сүру қолайлы екенін айтты. Оқу орындарын зерттей бастадым. Торонто университеті туралы мəлімет көп екен. Қызыға оқып шықтым. Жыл сайын 37 үміткерге «Lester B.Pearson Scholarship» деп аталатын грант береді екен. «Осы грантты қалайда жеңіп аламын» деп мақсат қойдым. Көптеген құжат тапсырдым. Халықаралық SAT емтиханының нəтижесін, ағылшын тілінде эссе жазып жібердім. Мектепте белсенді оқушы болдым, қоғамдық жұмыстардан қалмайтынмын. Осының бəрінің нəтижесін жолдадым. Университет грантқа лайық деген үміткерлерді іріктеп,
қорытындысын жіберді. Грантты иеленуім Назарбаев зияткерлік мектебіндегі ұстаздарымның еңбегі. Достарыммен бірге мектеп жасына дейінгі балаларға
арналған «Шығармашылық əлем» деген үйірме аштық. Үйірмеде оқушыларға би, əн, логикалық ойындарды үйрететінбіз.

Германияда оқушылар арасында өткен сайыста жұмысымызды қорғап, жеңіске жеттік. Елдің тарихи жерлерін аралап, жаңа достар таптық.

– Екі бірдей университеттің грантын иеленген соң таңдау қиынға соққан болар?..

– Жоқ, керісінше, таңдау оңай болды. Себебі, Торонто Германиядағы оқу орнына
қарағанда əлдеқайда жоғары. Əлемнің ең үздік отыз университетінің қатарында. Канада бойынша №1 оқу орны. Германия оқуға ғана грант бөліп, басқа шығынды өтемейді екен. Осы жағын да ескердім. Торонто қаласына əлем халықтары көп келеді. Кез келген ұлт өкілін табу оңай. Сондықтан, Торонтода білім алу – бүкіл əлеммен бірге оқу.

– Алдыңа қандай мақсат қойып отырсың?

– Менеджмент саласында білімімді жетілдіріп, өзімді жан-жақты дамытқым келеді. Оқу бітірген соң Қазақстанға келіп, бизнесімді ашсам деймін. Міндетті түрде Шымкентте жұмыс істеп, шырайлы шаһардың дамуына үлес қосамын. Бауырларыма ақылымды айтып, бағыт-бағдар көрсетіп отырсам деген мақсат қойдым.

– ҰБТ тапсыратын түлектерге айтар кеңесің бар ма?

– ҰБТ – үлкен сынақ. Осы күнге дейін оқығаның мен ақылыңды бір жерге түйістіріп, өзіңе нық сенімді болсаң, соның өзі үлкен жетістік. Армандауда шек жоқ. Еңбек ету керек. «Шетелге оқуға түссем» деген үлкен арманым мақсатқа айналды. Міне, сол мақсатыма қол жеткіздім. Оқушылар Назарбаев университетіне қалай түсу керектігін білмейді. Тіпті, «қойшы, оған жету қайда…» деп армандамайды да. Бұл мені қатты қынжылтады. Осындай оқушылармен еркін əңгіме құрып, өз тəжірибемді айтқым келеді. Əр ата-ана баласын қолдаса, ол міндетті түрде бір жерді «тесіп» шығады. Мəпелеп өсірген ата-анама алғысымды айтамын. Күн сайын «біз саған сенеміз» деп ақ батасын беруден шаршаған емес. Жылы сөздің өзі балаға үлкен сенім жүктейтінін ұмытпаңыздар, ата-аналар.

– Əңгімеңе көп рақмет! Мақсатыңа жет!

Арайлыммен əңгімелесіп отырып, көп нəрсені ойға түйдік. Мектепті енді бітірсе де, елдің, жастардың жағдайына алаңдайтын патриот қыз екен. Отанын ойлаған озат оқушының елге адал қызмет етеріне титтей де күмəн келтірген жоқпыз.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
М.Ғабдуллин жалпы орта мектептің
11-сынып оқушысы.
Сарыағаш ауданы,
Түркістан облысы

Ұлан» газеті, №23
4 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз