Белгілі математик Асқар Жұмаділдаев «Ұланның» оқырмандарымен болған кездесуде: «Қазақ балаларының басқа балалардан ұтатын бір жері – осы математика. Дүниежүзіндегі ең ақылды екі халықтың бірі кəріс те, екіншісі – қазақ. Мəселе балалардың математикаға бейімінде емес, қызықтырып оқытуда. Ешкім бəрін біліп тумайды, білмейтін адамды оқытып, үйрету керек», – деген еді.
Астаналық оқушы Əлихан Құдайбергеннің есепке ықыласын ұстазы оятыпты. Ерінбей оқығанының арқасында талай олимпиадада топ жарған. Ортамызда кім болатынын əлі білмейтін түлектер бар. Əлиханның білімге құштарлығы, үлкенді тыңдай білетін ақылы көпке үлгі болса дейсің…

Футболшы болу арманым еді…

Математика – ғылымдар патшасы деп бекер айтылмайды. Десе де, өзімді математикпін деп есептемеймін. Біржақты шектелгім келмейді. Компьютерде бағдарлама жасау, информатика саласына қызығамын.

Бала кезімде футболшы боламын деп армандайтынмын. Бірде ағаммен болашақ туралы əңгімелестік. Сонда ағам да футболшы болуды армандапты. Бірнеше танысын атап берді. Өкініштісі, арманға қолы жеткен ешкім жоқ. Футбол үшін ерекше жаратылу керек деген ақыл айтты. Көкемнің сөзіне ойланып қалдым. Ерекше түгім жоқ. Өз командамда ғана үздік ойыншымын. Құрамаға қосылу қиял ғана…

Ата-анамның кеңесімен Білім-инновация лицейіне оқуға түстім. Математикаға ынтам осы сəтте оянды десем болады. Өмір бойы №15 мектепте оқимын деп ойлаушы едім. Əрине, мектеп ауыстыру оңай емес. Ұстазым Муаммер бейден бес жыл сабақ алдым. Сабақтан соң қосымша дайындалатынбыз. Демалысқа шықсақ та, қосымша сабаққа келетінбіз. Бізге мотивация беретін, бірге ас ішіп, сабақ оқитынбыз. Осы сабақтың жемісін олимпиадаға барғанда көрдік. Уақыт өте келе футбол екінші орында қалды…

Сербияның Белград қаласында оқушылар арасында өткен халықаралық математика олимпиадасында алтын медаль алдым. Рио-де-Жанейрода өткен
олимпиадада күміс медаль жеңіп алдым. Алтын медальға бір ұпай жетпеді. Олимпиадаға əлемнің жүзге жуық елінен алты жүзден аса жас математик қатысты. Ол кезде өз елімде мықты емес едім (күліп). Қытайда оқушылар арасында математикадан деңгейі жоғары олимпиада өтті. Тапсырманы дұрыс шешіп, алтын медальға қол жетті. Гонконгке қызығушылық осы кезде оянды. Гонконгтың төрт жоғары оқу орны оқуға шақырды. Ол жақта менің достарым көп.

Лицейді бітірген соң халықаралық Spectrum мектебіне оқуға түстім. Бұл мектеп британдық білім үлгісімен оқытатын. Мұнда оқуға түсу оңай емес. Шет елден келген мұғалімдер сабақ беретін.

Республикалық математика олимпиадасында үш рет алтын медаль алдым. Төртінші жылы күміс медаль алуымның себебі болды. Оқуға дайындалып, уақыт болмады. Спортшыға жаттығу өте маңызды. Математикада да солай. Оқып, ізденіп жүрмесең, формаңды жоғалтып аласың. Тек қабілетке сеніп, жеңіске жете алмайсың.

Программист деген кім?

Əлемнің үздік он төрт оқу орны оқуға жіберген өтінішімді қабылдады. Нақты санаған жоқпын. Əйтеуір, АҚШ, Канада, Польша мен өзіміздің оқу орындары бар. Таңдауым – Гонконгтың ғылым жəне технология университеті. Болашақ мамандығым – IT технология (Hong Kong University of Science and Technology немесе HKUST). «Оқуға құжатты қалай тапсырдың?» деп сұрайтындар бар. Арнайы сайтқа кіріп, тапсырыс беріледі. Ағылшын тілінен тест тапсырасың. Оқимын деген адамға кедергі жоқ. Десе де, болашақты ойлап, толғаныс үстінде жүретін талапкерге ата-ананың қолдауы маңызды. Ата-анама айтар алғысым шексіз. Кейбір оқу орындарына менің орныма өтініш те жіберген еді. Енді үмітін ақтасам деген арманым бар…

Компьютермен жұмыс істегенді жақсы көремін. Мүмкін, ата-анам осы саланың маманы болғасын шығар. Бастауыш сыныпта ұстаздар оқушылардан «Кім боласың?» деп жиі сұрайтын. Бірі дəрігер, енді бірі полиция қызметкері, өрт сөндіруші болсам дейді. Ал мен: «Өскенде программист боламын!» – деймін. Бəрі маған қарап: «Программист деген кім?» – деп сұрайтын. Өзім де білмеймін ғой. Кейін анам программист болу үшін ойлау қабілетің жоғары, есепке жүйрік болу керектігін айтып, түсіндірді.

Бүкіл əлемде Билл Гейтс пен Стив Джобстың революция жасағаны айтылады. Олар əлемнің назарын басқа арнаға бұрды. Технологияның күші осы болса керек.
Болашақта мықты маман болсам, елімнің мақтанышына айналсам деген аяулы арманым бар…

Г.ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №23
4 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз