Кімді үлгі тұтасың? Əдетте осы сұрақты қойғанда көп адам болашақта кім болғысы келсе, сол салада жетістікке жеткен адамға ұқсағысы келетінін айтады.
Əйгерім Ахметжанова сахнада жарқыраған «жұлдызға» да, елге танылған тұлғаға да ұқсағысы келмейді. Ол өзінің туған əпкесі сияқты болуды қалайды.

Əйгерімнің əпкесі Айжан туралы үш жыл бұрын көптеген ақпарат құралы жарыса жазған. Принстон университетінің толық грантын (жатын орын, тамағы, жүріп-тұру шығынын төлейді, тек сақтандыру мен кітапқа өз қалтасынан шығарады) жеңіп алған қыздың жетістігі бəрімізді сүйсінткен. Əлем бойынша Принстон университетінің грантын алуға 30 мың адам емтихан тапсырса, соның 1800-іне ғана грант берілген.

Əйгерім де əпкесінің жетістігін қайталады. Қарағанды қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі əйгілі The Ivy League ассоциациясының (оған АҚШ-тың ертеден келе жатқан 8 жоғары оқу орны кіреді) Браун жəне Пенсильвания университеттерінен шақырту алды. Əйгерімнің таңдауы Браун университеті болды. Ол химия саласын тереңдете оқығысы келеді. Əлемдегі беделді университетке түсуіне əпкесінің ықпалы зор болғанын айтады.

– Əпкем Принстонға оқуға түскенде 9-сыныпта оқитынмын. Айжанның жетістігі мен үшін үлкен мотивация болды. Сол кезде Қазақстанның оқушыларына əлемнің кез келген жоғары оқу орнының есігі ашық екенін түсіндім, – дейді.

Əйгерім химиядан республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері. «Применение Неньютоновской жидкости на основе ее химических и физических свойств» ғылыми жобасының авторы. «Алтын белгіге» үміткер. Халықаралық емтихандардан: IELTS – 8.0/9.0, SAT Subjects Tests: SAT Chemistry – 800/800 и SAT Mathematics Level 2 – 780/800, ACT – 32/36 нəтиже көрсеткен. Оқудағы жетістіктерінен бөлек, бала күнінен музыкамен айналысады. «Вокал жəне
фортепиано» сыныбы бойынша музыка мектебін бітірген. Сондай-ақ Əйгерімді Канаданың үздік университеті University of Toronto, АҚШ-тағы Franklin&Marshall College, Сингапурдағы Yale-NUS College жəне Түркиядағы Koc University оқуға шақырған.

Айжан мен Əйгерімнің ата-аналары Қарағандыдағы техникалық университетте оқытушы болып істейді. Аналары ІТ саласы бойынша лекция оқыса, əкелері архитектура жəне дизайн саласында шəкірт тəрбиелейді.

Ж.АЙМАХАНҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №23
4 маусым2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз