Мамыр – григориан күнтізбесі бойынша жылдың бесінші айы. Жыл құстарының мамығын төгіп, көл жағасына ұя салып мамырлайтын, семіретін кезі. Ескі түркі тілінде «мамыр» тоқшылық, семіру деген мағынаны білдіреді. Осы айда мал да оңала бастайды.

Мамыр қазақ үшін тоқшылықтың айы болса, әлемнің көп елінде жақсылықтың айы болып саналады. «Май» деген орысша атау «Майя» деген гректің құдай анасының атынан шыққан. Оны белгілі бір деректерде «ізгілік құдай анасы» деп те атайды. Ал Италия халқы «Майяны» құнарлы жердің құдай анасы деп білген. Яғни аталған айдың қай халықтағы мағынасын алып қарасақ та жақсылықпен, ізгілікпен байланысты. Сонымен назарларыңызға «ізгілік» айында әлемде болып өткен тарихи оқиғалар төңірегінде әңгімемізді ұсынамыз.

1 мамыр

Қазақ халқының қанына 1 мамырдың мереке күні ретінде сіңгеніне ғасырға жуық уақыт өтті. Кеңес өкіметі тұсында бұл мейрам 1917 жылдан бастап тойлана бастаған. Мерекенің толық атауы «Халықаралық жұмысшылар мерекесі» болатын. Жалпы бұл мейрам 1911 жылы Ресей патшалығы тұсында жұмысшылар тарапынан жасырын тұңғыш рет тойланған еді. Ал тарихы сәл әріде жатыр.

1886 жылдың 1 мамырында Американың бірнеше штатында жұмысшылардың көтерілісі болып өткен. Олардың басты талабы 8 сағаттың жұмыс уақыты еді. Көтеріліс соңы қантөгіспен аяқталып, мұндай толқын 1890 жылдың дәл осы күні тағы да қайталанады. Қарапайым халықтың талабын орындамайынша толқулардың басылмайтыны айқындалған осы жылы Интернационалдың Париждік ІІ конгресі 1 мамыр күнін «Халықаралық жұмысшылардың ынтымақтастығы» күні ретінде жариялап, 8 сағаттық жұмыс уақытын бекіткен.

Ал Қазақстанда 1 мамыр Халықтар достығы күні ретінде тойланып келеді. «Еңбек күні» қыркүйек айының соңғы жексенбісіне ауыстырылған. Сонысымен де еліміздегі «Еңбек күні» елеусіз қалып кете береді. 1 мамыр кешегі Кеңес өкіметін еске түсіреді деген ақтап алуға аргумент болса да, бұл мереке әлемнің 142 мемлекетінде тойланатынын, халықаралық деңгейдегі мейрам екенін ескеруге тиіс едік.

Бүгінгі күні жарнаманың түрі көп екені белгілі. Тіпті кейбір жарнамаларды жарнама деп ойламайсың. Өйткені олар сіздің көзіңіз немесе құлағыңыз арқылы бейсаналы түрде әсер етеді. Сонымен қатар, жарнама бизнесі әлемдегі ең табысты кәсіптердің біріне айналған. Себебі әлемдегі дамыған брендтердің барлығы дерлік жылдық табысының 30 пайызға жуығын жарнамаға жұмсайды. Ал осы кәсіптің биігінде Альберт Ласкер атты жарнаманың атасы тұр. Әрине, тауарға жарнама жасап сатуды ойлап тапқан ол емес, бірақ жарнаманы өнер деңгейіне көтерген А.Ласкер болып саналады. Әлемдік ғалымдар жарнама пайда болып, кәсіп ретінде дами бастаған ХХ ғасырдың басын «Жарнама саласындағы Ласкер ғасыры» деп атайды.

Жарнаманың барлығы тауардың өтпей жатқаны үшін жасалатындай көрінеді. Бірақ, керісінше. Ол тауар көптеп өткен сайын оның жарнамасы да көбейе түседі және жарнаманың барлығы сізді сол тауарды сатып алуға мәжбүрлейді. Міне, дәл осы «мәжбүрлеу» концепциясын А.Ласкер ойлап тапқан.

Нью-Йорктегі оң қолына алау көтерген «Азаттық мүсінін» білетін шығарсыз. ХХ ғасыр басында дәл сондай «азаттық алауының» саны Америкада миллиардтан асып жығылатын еді десем сенесіз бе? Тіпті сол «азаттық алауы» миллиондаған әйелдің қолында болды десем ше? Әрине, сенбейсіз. Өйткені, А.Ласкердің «Лаки Стрейк» атты темекіге жасаған жарнамасы туралы білген жоқсыз.

ХХ ғасыр басында Америкада әйелдердің шылым тартуы өте ерсі көрінетін. Бірақ, Еуропаның ақсүйек әйелдері үшін бұл қалыпты жағдай. Осы мәселе төңірегінде ойланған А.Ласкер шылымның жарнамасына сурет ретінде «Азаттық мүсіні» мен шылым тартқан әйелдің суретін қатар қойып оның астына сөз жаздырған: «Азаттық алауын тұтат».
Міне, осы жарнамадан кейін Америка феминистері (әйел құқығын қорғаушылар) көтеріліп, әйелдердің шылым тартуына даңғыл жол ашып берген.

Әрине, жаман әдетке бастауды дұрыс деп айта алмаймыз. Бірақ жарнаманың мақсаты тауардың қандай екенін суреттеуде емес, оны сатуда екенін ұмытпағанымыз жөн. Иә, біз осындай қоғамда, осындай әлемде өмір сүріп жатырмыз. Ал 1 мамыр осындай жарнама әлемін жасаған Альберт Ласкердің туған күні.

4 мамыр

«Том мен Джери» деп аталатын мультфильмді бала кезіңізде көрген боларсыз. Ақылды тышқанды ұстауға талпынған ақымақ мысыққа қарап талай мәрте күлген де шығарсыз. Бірақ, біздің әңгімеміз ол мультфильм туралы емес. Аталған мульткартинаны түсірген компания есіңізде ме? Арыстанның ақыруымен басталатын компания логотипінде «Metro-Goldwyn-Mayer» деген жазу болатын. Бұл ХХ ғасыр басында құрылған және бүгінгі күнге дейін беделін жоғалтпаған Голливудтағы ең ірі кинокомпаниялардың бірі.

Оның негізін салушы – Луис Барт Майер екені белгілі. Бірақ Л.Б.Майер кино тарихында тек осы компанияның негізін салушы ретінде қалған жоқ. Ол әлемдегі ең ірі және ең беделді киноакадемияның да негізін қалаған тұлға. Иә, 1929 жылдан
бастап бүгінгі күнге дейін кино саласындағы ең үлкен сыйлық саналатын «Оскар» сыйлығын беру туралы бастама көтерген Л.Майер болатын. Биыл «Оскар» сыйлығының 90 жылдық мерейтойы. Ал осы әлемдік сыйлықтың тарихы 1927 жылдың 4 мамырынан басталатынын біреу білсе, біреу білмейді. Америкадағы «Оскар» сыйлығын табыстаушы кино өнерінің академиясы дәл осы күні құрылған болатын.
Бұл сыйлық қазақ топырағынан шыққан бірде-бір актерға, режиссерға, сценаристке бұйырған жоқ. Бірақ бұл уақыттың еншісіндегі дүние ғана. Қазақтан шығатын «Оскар» сыйлығының лауреаты осы мақаламызды оқып та отырған шығар. Сол болашақ «Оскар» сыйлығының лауреаты үшін «Оскар» мүсінінің жалпы концепцисын да айта кеткенді жөн көріп отырмыз.

Атақты алтын түстес мүсіннің авторы «Metro-Goldwyn-Mayer» компаниясының қоюшы-суретшісі Сердик Гиббонс еді. Ол бұл мүсіннің дизайнын көңілсіз жиналыстардың бірінде өз қойын дәптеріне сыза салған. Мүсінде қылышын таянып, рыцарларша тұрған жігіттің тұрқы кинолента таспасына орналастырылған. Таспа бес бөліктен тұрады. Бұл киноакадемияның бес саласын білдіреді. Ал осы сыйлықтың неге «Оскар» аталғаны әлі күнге белгісіз. Әркім әртүрлі пікір айтады. Жалпы мүсіннің салмағы 3,5 кг, биіктігі 33,5 см.

9 мамыр

Бұл күннің қандай мереке екенін түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар. Адамзат тарихындағы ең қатігез, сұрапыл соғыстың халық қуанышына орай аяқталған күні – 9 мамыр. Жеңіс күні. Кімнің жеңісі және қалай жеңіске жетті деген өз алдына бөлек әңгіме. Бірақ осы жеңіске Кеңес өкіметіне қарасты барша мемлекеттің еңбегі сіңді.
Қазіргі таңда қазақ топырағында туған Тәуелсіздік ұрпақтарында бұл соғысты «Ұлы Отан» соғысы деп атамайтын тенденция басымдық алып келеді. Бір есептен дұрыс та шығар. Бірақ екі дүниежүзілік соғыста да қазақтың қаны төгілгені айқын. Екі соғыста аттанған ата-бабаларымыз жат жерді жастанғаны белгілі. Олардың Қазақ деген Отанды қорғамағандары да жасырын емес. Осы тұрғыда оны біздің Екінші дүниежүзілік соғыс деп атауымыз орынды.

Алдыңғы буын аталған тенденцияны әлі де қабылдай алмайды. Өйткені бұл күн, бұл жеңіс олардың ең үлкен құндылықтарының бірі болатын. Ал құндылықпен қоштасу қиынның қиыны.

Кеңес өкіметінің дәл осы жеңісін басқа қырынан қарап көрейікші. Не берді? Біріншіден, әрине, еркіндік, бостандық және патриоттық сезім. Өз мемлекетіңнің жеңісін көру, оның барлық мүмкіндігі мен күшін сезіну. Бірақ осы пафос әлі күнге ТМД елдерін артқа тартып келе жатқаны жасырын емес. Кеңестің шекпенінен шыққан мемлекеттер өздерін әлемге биік, өр көрсеткісі келеді. Дегенмен кеуделерінің қуыс екенін өздері сезеді. Әлемдегі дамушы елдердің қатарында сол 15 республика бар. Өмір сүруге қолайсыз мемлекеттер қатарында да осы мемлекеттердің аттарын кездестіруге болады. Жемқорлық статистикасында да осы елдердің жалауы бәрінен биік тұруға тырысады. Бірақ, осы мемлекеттердің барлығының қарапайым халқы 70 жыл өтіп кетсе де өздерін жеңімпаз сезінеді. Бұл мақтануға тұратын нәрсе ме, әлде мұңаюға ма?

Осы мейрам қарсаңында көшедегі автокөліктердің артқы айналарынан немесе басқа да тұстарынан: «Жеңіс күні. Қайталай аламыз!» – деген жазуларды көп байқауға болады. Тіпті күлкіні келтіретін дүние бар. Дәл осы жазуларды Германиядан шығатын қымбат автокөліктердің терезесінен көресің. Құрметті, неміс автокөлігінің иесі! Сіз өз мемлекетіңізден шығатын автокөліктердің сапасына көңіліңіз толмай, немістің БМВ-сы мен Мерседесін мініп жүрсіз. Ал ендігі соғыстың адамдар арасында емес, техника мен технология арасында болатыны сізге белгісіз бе? Бұл салада сіздің «жеңімпаз мемлекетіңіз» жеңілген Жапония мен Германияның қасында жіп есе алмайды. Осы пафос Кеңес өкіметінен бөлінген мемлекеттердің барлығында бар және бұл пафостың аталған елдерге жақсылық әкеліп жатқан жоқ.

Тағы бір дүниеге назар аудартқым келеді. Жалпы Екінші дүниежүзілік соғыста 71 миллионнан артық адам қаза тапты. Кеңес өкіметінен 27 миллион, ал Германия солдаттары мен қарапайым тұрғындарын қоса санағанда 7 миллион 600 мың адам ғана көз жұмды. Жеңімпаз халықтікімен салыстырғанда 3,5 есе аз.

Сол соғыста жеңілген одақтас мемлекеттердің барлығы дерлік бүгінгі таңда әлемдегі ең мықты державалардың бірі. Осы келтірілген мәліметтерді жіпке тізе отырып ой келеді: Кім жеңді? Жауабын өздеріңіз табарсыздар. Бірақ, бұл жеңіс біздің және біз қатарлы көп елге қуанышпен қатар тоқмейілсуді де ала келген сыңайлы. Сондықтан бізге көзқарастарымызды қайта қараған абзалырақ болатын сияқты.

17 мамыр

Кино синтездік өнер екені белгілі. Бірақ кино тарихында оны өз алдына бөлек, өзге ешбір өнерге тәуелсіз дүние ретінде көрсеткісі келгендер аз болмаған. Бұл режиссерлер тобы өз киноларында көркем сөзден, музыкадан бас тартуға тырысты. Киноны өмір ретінде ғана көрсеткісі келген. Бұл бағытты шындап қолға алғандардың қатарында атақты «Сталкердің» режиссері Андрей Тарковский бар еді.

Ол кинодағы музыкадан бас тартса, өзі 1979 жылы түсірген «Сталкер» фильмі жарыққа шықпастан екі жыл бұрын кино өнерінде сөзден бас тартқан атақты актер, режиссер өмірден озған болатын.

1977 жылдың 25 желтоқсаны күні «мылқау фильмнің кемеңгері» – Чарли Чаплин өмірмен қош айтысты. Өз киноларындағыдай, ешкімге дабыра қылмастан өмірден үнсіз аттанып кете барды. Бірақ оның өлімі емес, жерленген жерінен табытының ұрлануы әлемді дүр сілкіндірді.

1978 жылғы 1 наурыз күні өзі туған Швейцариядан оның табытының ұрланғаны туралы хабар тарады. Осы оқиғадан кейін «көңілсіз әзілкештің» әйеліне хат түскен еді. Онда актердің мүрдесін сатып алу үшін 650 000 доллар ақша әкелуін талап еткен. Бұл тұрғыда актердің әйелі ешбір қимылға бармаған. Сүймеді дерсіз. Жоқ. Оның айтуы бойынша Чарли оның бұл әрекетін күлкілі санаған болар еді. Сатып алушы тарапынан ешбір жауап болмағаннан кейін қылмыскерлер қайта хат жолдайды: «Егер айтылған ақшаны тауып бермесең, балаларыңа қауіп төнеді». Осы тұста құқық қорғау органдары күдікті ретінде екі азаматты ұстап, олар мүрденің қайда жасырылғанын анықтап берді. Ұрланған күнінен 11 апта өткенде атақты актердің табыты жерге қайта беріліп, халық қылмыскерлердің аттарын білуге талпынған. Бірақ белгілі бір себептермен бұл айтылмады. Тек олардың бірі болгар, бірі поляк болғаны мен екеуінің автожөндеуші болып жұмыс істейтіні ғана халыққа жарияланды.

Мамыр айында әлем тарихына, қоғамдық ойларға әсер еткен осындай оқиғалар болған. Әрине, мұнан да басқа оқиғалар баршылық. Бірақ олар жайлы кеңінен әңгіме қозғау артығырақ болар. Біздің мақсат бүкіл оқиғалар мен осы күні дүниеге келген адамдарды санамалау емес. Біздің мақсат, тақырыпты танымдық тұрғысынан ашу.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз