Лаураның жазбасын тебіренбей оқу мүмкін емес. Жан бауырына деген шексіз
сүйіспеншілігі, оны мақтан етуі қандай жарасымды! Əрі Лаураның ағасы біздің
«Ұлан» оқырмандары үшін де дайын тұрған кейіпкер екен. Еліктесек, осы Дархан секілді азаматтарға еліктейік, балалар. Солай емес пе?!

Кішкентай кезімізде өскенде кім болатынымызды сұрай беретін. Ағам ойланбастан: «Əскери қызметкер боламын», – дейтін. Жастайынан спортқа жаны құмар болып өсті. Облыстық, республикалық жарыстардан жүлделі орын алып, мектеп, ауыл, тіпті, аудан мақтанышына айналды. Мектептегі волейбол командасының мүшесі болды, тоғызқұмалақ, үстел теннисі мен шаңғы тебуден үнемі жарысқа барып, олжамен оралатын. Бала күнінде спорт үйірмелерінен үйренген жаттығуларын маған келіп көрсететін. Ағам күнделікті жаттығып, өзін шыңдап, болашақ мамандығына саналы түрде дайындалды. Сабақты да жақсы оқыды. Олимпиадаларға қатысып, мектептің намысын қорғады. Мектептің қоғамдық іс-шараларына да белсене араласатын. КВН командасы құрамында өнер көрсетіп, облыстық деңгейге дейін көтерілді. «Жас Ұлан» ұйымының президенті болды.

2016 жылы мектеп бітірді. Мектеп бітіру салтанатында аттестатты ауылымыздың ардақты ардагері, генерал Құралбек Нағимаұлы табыстап: «Айналайын, Дархан, мен сияқты генерал бол!» – деп ізгі ниетпен ақ батасын берді.

Ағамның мектептегі сүйікті сабағы алғашқы əскери дайындық пəні болатын. Бұл пəннен де біраз жетістікке жеткен. Мылтықты шашып-жинаған кездегі жылдамдығына көз ілеспейтін. Алғашқы əскери дайындық пəнінің мұғалімі Болат ағай ағамның əскери мамандықты таңдағанына қуанып, қолынан келгенше көмек беріп, ақылын айтып отыратын.

Ағамның оқуға түсуге қалай дайындалғаны əлі есімде. Кешке қарай жүгіріп, белтемірге тартылып, күннен-күнге жасаған жаттығуларының санын арттыруға барын салатын. Жан бауырым ата- анасының үмітін ақтап, оқуға түсті. Қыркүйек айында ант қабылдап, əскери өмірге аяқ басты. Алғашқы айларда ағама барғанда, көңіл-күйі жоқ, шаршаңқы болып шығатын. Ал қазір ол – əскери өмірдің қатал заңына үйренген əскери адам. Спортты бұл оқу орнына келгеннен кейін де жалғастыра берді. Қазір де түрлі спорттық жарысқа қатысып келеді. Ауылымызда əскери борышын өтеуге кетіп-келіп жатқандар болды, ал менің ағам – біздің ауылдағы əскери оқуға түскендердің алғашқысы. Ағамның əскери оқу орнына оқуға түсуі ізінен ерген інілерінің осы салаға қызығушылығын оятып, осы мамандықты таңдауларына себепші болып, жол ашты.

Демалысқа келгенде бізге қызықты əңгімелерін, əскери өмірдің қыр-сырын айтып
отырады. Демалыста жүрсе де, ұйқысынан ерте оянып, таңғы жаттығуын жасайды. Кейде мені де оятып алады да, бірге жаттығу жасаймыз. Тазалыққа қатты қарайды, əр сөзін нақты, дəл айтуға тырысады,тіпті, бір айтқанын екінші рет қайталамайтын болған. «Сендер тыныш ұйықтасын деп жүрміз ғой, ұйықтай беріңдер алаңсыз» деп əзілдеп те қояды.

Ағам биыл 3-курста оқиды. Келесі жылы оқуын бітіріп, өзі армандаған мамандықтың иесі атанып, жүрек қалауымен Отан қорғау деген жауапты да маңызды міндетті атқаруға кіріседі. Арманының орындалуына аз ғана қалды. Мектепте ағама сабақ берген мұғалімдер менен оның қал-жағдайын сұрап, ерекше ізденімпаз, ұмтылғыш оқушы болғанын ылғи айтып отырады. Тіпті, директордың тəрбие ісі жөніндегі орынбасары ағамның суретін кабинетіне іліп қойған. Мені мектепте, ауылда «Дарханның қарындасы» деп таниды. Арманына кішкентай кезінен ұмтылып, қалаған оқуына өз еңбегімен түсіп, асқақ арманына қол жеткізуге қадам басқалы тұрған ағамды шын мəнінде мақтан тұтам.

Лаура ТҰРСЫНЖАН,
№22 орта мектептің
11-сынып оқушысы.
Əли ауылы,
Іле ауданы,
Алматы облысы

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз