Еркебұлан

Тiркелмеген рекорд, мойындалмаған саңлақ

Сен 11 жасында 11111 рет серпiлiс жасаған баланы бiлесiң бе?

2001 жыл… 8 жасар Сұлтан Әбiлқайыртегi Темiрландағы (Оңтүс­тiк Қазақстан облысы) орталық алаңға жиналған дүйiм жұрттың назарын өзiне аудартты. Қалай дейсiз ғой? Қа­жымұқанның 130 жыл­дығына орай қазақша күрестен халық­аралық турнир өтiп жатқан болатын. Төрешi Сұлтанды ортаға жетелеп шығып, «үш сағат серпiлiс (отжимание) жасайды» де­генде, сене қоймадық. Өйткенi, сыныптас ұлдар дене­шы­нықтыру сабағында 3-4 минутта 30-ға әрең жеткiзетiн. Сенер-сенбесiмiздi бiлмей тұрғанда, Сұлтан көк майсаға жайылған кiлем үстiнде кеудесiн бiр көтерiп, бiр түсi­рiп, жаттығуын орындауға кiрiстi. Қасында екi төрешi тұр. Бес минут жасады… Он минут… Жарты сағат өттi… Тоқтайтын түрi жоқ. Iштей өзiм де санай бастадым. Жасап жатқанына бiр сағатқа таяды. Бет-жүзiн жуған ащы терге қарайтын емес. Екi сағат өттi… Үздiксiз жалғастыруда. Содан Сұлтан 3,5 сағат дегенде демiн бiр-ақ алды. Ол осы уақыт iшiнде 4 500 рет серпiлiптi.

Шынашақтай қара баланың бойында буырқанып, тасынып жат­қан қандай күш? Дәл осылай бiрнеше сағат бойы тоқтамастан сер­пiлу мыңнан бiр ғана адамның қолынан келетiн шығар. Мүмкiн, мил­лионнан бiр… «Тiл-көзiмiз тасқа» дедiк. «Қазақ атын әлемге паш етер бiр спортшы ұл өсiп келедi» деп қуандық сол жолы. Аудан әкiмi созақтық жас ұланға қара теледидар арқалатып жiбергенi есiмде…

Араға үш жыл салып, 11 жасында 11111 рет серпiлiп, әлемдiк ре­корд жасады Сұлтан. Гиннестiң қазақстандық рекордтар кiта­бына бұл жетiстiгi тiркелгенiнен хабардар, ал әлемдiк кiтапқа атын жаздыруға ешкiм құлықты болмағанға ұқсайды.

Сұлтанның спортқа еп­тiлiгiн байқаған әкесi Әб­дiхан қос қолымен серпiлiс жасауды

4 жа­сынан бастап­ты. Таңертең бiрнеше ша­қы­рым жер жүгiрiп келiп, сергiту жаттығуларын жа­сап, денесiн жат­тық­тыруды қолға алды. Бұл жайға ауыл­дастар күле қа­раған. «Буы­ны бекi­ме­ген титтей ба­ланы сон­ша азап­қа сал­ғаны несi?» дейтiн олар. Ал Сұлтан фут­­­бол де­се iшкен  асын жер­ге қоя­тын әке iсiн жалғас­тыруды көздедi.

Ешкiмнен ешқандай қолдау бол­мағасын, 2006 жы­лы ол серпiлiс жасауды тоқтатты. 2007 жылы Бек­зат Саттар­ханов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа  бокс секциясы бойын­ша оқуға қабылданды. Бiрақ бiр жыл­дан соң отбасы жағдайына бай­ланысты оқудан шығуына тура келдi.

Сұлтан айтады: «Бiзде ауыл-аймақтағы спортқа қаржы там-тұмдап қана бөлiнедi. Егер жарысқа қатысатын спорт­шылардың жататын жерi жайлы, тамағы тоқ болмаса, спортқа деген құлшынысы бiрте-бiрте азая бередi. Маған да қолдау көрсететiн жан баласы болмады. Әкем ғана әрi-берi сүйреледi. Ақшасыз аяғымызды аттап баса алмадық. Жоғары­дағы көкелер немқұрайлы қараған соң, бәрiн таста­дым. Ендi ондай рекордтық көрсеткiштi қайталап жасау мүмкiн емес. Өкiнiштi-ақ. Егер сол кезде қолдап, демеп жiберер жанашыр жандар болғанда ғой, бүкiл әлемдi дүр сiлкiндiрер едiм…»

Қазiр Сұлтан Шымкент қаласындағы гуманита­рлық-экономикалық колледжде заңгер мамандығын игеруде. Қарапайым. Достарына сыйлы. Жетiстiгiн тiзбелеп, мақтанған емес. Ешкiмнен ерекшеленгiсi де келмейдi.

Сұлтанның жаттығу жасап болғасын 2-3 күн бойы денесi қозғалтпай, ауырсынып жүретiн. Былтыр бiр дерт жабысты. Дәрiгерлер «шынтақтың iшiнде болатын май таусылып, сүйек мүжiлген» деп тауып­ты. Мүжiлген майда сүйектер шашырап, бiр-бiрiмен тас сияқты екi түйiн боп қал­ған. Былтыр бiр опера­цияны бастан өткердi. Дәрiгерлер биыл екiншiсiн жасау қажет деп отыр. Егер операция сәттi өтiп, сауы­ғып кетсе, Сұлтан университеттiң дене шынықтыру факультетiне оқуға тапсырмақшы. «Мықты боксшылар дайындайтын бапкер болсам» деп армандайды. Кезiнде жырақтағы ауылда туып-өскен қыр баласының қияға өрлеуiне жан-жақтан тосқауылдар қойылып, мүмкiндiк бермеген едi. Бәрiбiр топты жарды. Алмас қылыш қын түбiнде жатпайтынын дәлелдедi. Ендi өзi қазақ спортын өрге сүйреп, кем-кетiгiн толтырмақшы. «Әсiресе ауыл балаларына қолдау көрсетем» деп белдi бекем буып отыр.

Арманыңа жет, Сұлтан!

Әйгерiм БЕГIМБЕТ,

ҚазҰУ-дың студентi

(«Ұлан», №17. 26.04.2011)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз