Атақты суретші Пикассо мейрамханада отырса, бір табынушысы келіп, портретін салып беруді өтініпті. Ол қағаз бен қарындашты алып, олай-бұлай шимайлайды. 5 минутта жұмысын аяқтап, тапсырыс берушіге ұсынады. Əлгі əйел суретшіден жұмысының қанша болғанын сұрайды. Пикассо оған 1000 доллар тұратынын айтады. Сол сəтте қымбат бағадан шошып кеткен табынушысы: «Сіз мынаған небəрі 5 минут жұмсадыңыз ғой?» – дейді. Суретші сонда: «Мен оған 50 жыл 5 минут жұмсадым», –деген екен. Ол кезде Пикассо 50 жаста еді.

ЕЛИФ БИЛГИН (ЕLIF ВILGIN):
– 8 жасында алғашқы 
өнертабысын өмірге əкелген;
– 16 жасында биопластик 
ойлап тапқан;
– 
Google 
ғылым көрмесінің  жеңімпазы.

Біз көбіне адамның бір мезеттегі жеткен жетістігіне қайран қаламыз, бірақ сондай биікке жету үшін төккен терін, жиған тәжірибесін, білімін, білігін бағаламаймыз. Сол секілді мен де алғаш Елифпен танысқанда оның тек жарқ еткізген жаңалығына тамсандым. Сонан соң барып көкейімде «Ол мұндай дәрежеге жасөспірім жасында қалай жетті?» деген сауал туды.

Елиф Вена қаласындағы TEDx (үздік идеялармен бөлісетін жоба) сахнасында сөйлеген сөзін: «Мен жеті айлық боп туғам. Анамның дәрігері өмірінде көрген ең гипербелсенді бала екенімді айтыпты. Анам қорқып қалады. Дәрігер дұрыс айтты. Мен шынында ұйықтамайтын және тамақтанғысы келмейтін шала сәби болдым. Анам қолайлы кез деп мені белгілі бір уақытта тамақтандырып, ұйықтатты. Бірақ менің өз тәртібім бар еді», – деп бастайды. Ол 4 жасында өз бетінше оқу мен жазуды үйренген. Осыдан соң ата-анасы түрлі сұрақ жаудыратын баласына көптеген қосымша нәрселерді үйретуге мәжбүр болады. Ал ата-анасы күн сайын білуге ұмтылған кішкентайы қолына атақты ғалымдар мен өнертапқыштар туралы кітапты алғанда мүлде өзгергенін байқайды.

«Мен әрдайым әлемді жақсы жағына өзгерткім келетін. Осы жолдағы алғашқы кезіктірген проблемам екінші сынып оқып жүргенде болды. Ол кезде мен көзілдірік тағатынмын. Жауын жауғанда тамшы көзәйнегіме тамып, көз алдым бұлдырап көрмей қалдым. Бұған бірдеңе жасауым керек болды. Содан көзілдірікті қолдан тазалайтын механизм ойлап таптым. Оны әрі көптің көзінше қолданып та көрдім. Әрине, маған біртүрлі қарағандар көп болды. Бірақ бұл іске асты! Осы бір кішкентай жобамнан соң шексіздік әлеміне қадам бастым», – дейді Елиф.

Бұдан кейін оны тағы бірнеше жоба жұмыс істеуге итермелеп, желдің қуатымен жүретін машинаның дизайны, ауылшаруашылық жерін жақсартумен айналысу секілді түрлі проблема қызықтырды. «Осы сәттерде менің әлемімде күрмеуі қиын мәселелер мен оны шешудің қиын жолдары шығып отырды», – дейді  шешім табудан шабыт алатын білімпаз қыз. Ол теңіз жағалауында орналасқан Түркияның астанасы Стамбұл қаласында тұрады. Елиф сондай көзтартарлық жағалауда жиі серуендейді. Көпірдің үстінен қарап тұрып, теңіз бетінде қалқып жүрген сансыз пластикті көреді. Олар не суда шірімейді, не күнге еріп кетпейді, болмаса бір теңіз жануарына азық болмайды. Керісінше бәріне: соны ластаған, тастаған адамға да, қоршаған ортаға да, теңізді мекендеушілерге де тек қана зиян келтіреді. Пластиктің атасы саналатын химик Лео Бакеланд (Leo Baekeland) пластика терминін 1907 жылы енгізгенін ескерсек, тура бір ғасырдан кейін адамзат осы жетістік пен өнертабыстың зардабын тартып отыр. Зауалымен бірге жас ғалым халықаралық ұйымдардың зерттеулерін зерделейді. Мәселен, Еуропарламент өткен айда ғана 2021 жылдан бастап пластикалық өнімдерді қолдануға тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Ұйым басшысы, заң шығарушы Фредрик Ристің мәлім­деуінше, қазір шара қолданбаса, 2050 жылға қарай суда балықтан пластик көп болады. Бұл – біраздан бері көтеріліп келген мәселе.

Осы бір келеңсіз жайтқа алаңдаған жас ғалым пластикті табиғи өнімнен жасау қажет деген шешімге келеді. «Биопластик табиғи өнімнен жасалады, қоршаған ортаға пайдалы әрі арзан. Алғашында мен биоластикті картоптың қабығынан жасағым келді. Өйткені онда крахмал бар», – деген ол кейін картоп қабығы қолдануға келмейтініне көз жеткізеді. Бірақ Елиф кідіріп қалмайды. Жас ғалым теңізге тек биопластик жасап шығарғаннан кейін ғана баруды мақсат етеді. Содан ол жемістердің қабығын зерттей бастайды. Қабықтан биопластиктің кілті болатын крахмал мен целлюлоза іздейді. Солардың ішінде бананның қабығы басты объект болады. Ол осы жобасымен 2 жыл бойы табандап жұмыс істейді. Басы-аяғы биопластик жасаудың 10 түрлі жолын ойлап табады. Соның бәрі нәтижесіз болды. Күні-түні, тіпті демалыс күндері де тәжірибе жасаумен жүреді. Нәтижесінде соңғы екі тәжірибесі арқылы биопластик жасаудың тиімді әдісін табады. Осы жобасымен сайысқа қатысып көргісі келеді, сонан соң Google-дың ғылыми көрмесіне жолдайды.

«Іріктеуден өтіп, финалист боламын ғой деген үміт болмады. Аз уақыттан кейін екі бірдей жүлдені иелендім. Соның арқасында Швейцариядағы CERN (французша Conseil Européen pour la Recherche Nucléaire – күшті қуатта физикалық тәжірибе жүргізуге болатын әлемдегі үлкен лабораториясы бар Еуропадағы ірі ядролық зерттеу мекемесі) мен Google campus-ты (ғарыштың ғаламдық арнасы, болашақ үшін үлкен идеялар дүниеге келетін, әлемдік көшбасшы кәсіпкерлердің басын қосқан қоғамдастық) өз көзіммен көруге мүмкіндік алдым. Онда дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келген жалынды жас ғалымдармен жүздестім», – дейді ол.

Google-дың ғылыми көрмесіндегі жүлдесі арқылы Елиф 50 мың доллар сыйақы иемденеді. Ол сол уақыттағы курспен есептесек, 7 миллион 700 мың теңге болады. Бұл 16 жасар жасөспірім үшін болашақтағы ғылыми жобаларын іске асыруға қомақты инвестиция екені анық. Әрі осындай жаста 7 миллион теңге табыс табу кімді де болса таңдай қақтырады. Элиф осы жетістігінен кейін Ларри Пейдж (Larry Page – Google-дың негізін қалаушы), Ричард Брэнсон (Richard Branson – Virgin Group ірі компаниясының негізін қалаушы), Сэм Палмисано (IBM-нің бұрынғы бас директоры) және Хосе Мануэль Баррозу (José Manuel Barroso – Еуропалық комиссияның президенті) сынды танымал көшбасшылармен кездесуге мүмкіндік алған. Сонымен қатар жас ғалым жазғы демалысын да тиімді өткізуге тырысады. Мәселен, соңғы екі жылдағы жазғы демалысын ғарышқа туристік сапар ұйымдастыруды жоспарлап отырған Virgin Galactic компаниясында тағылымдамадан өтуге арнады.

Ал екі жыл бойы бір ғана биопластик жасау жолында неше мәрте тәжірибе жасағаны ойына оралғанда Томас Эдисонның «Мен жеңілгем жоқ, бар болғаны іске аспайтын 10000 жолды таптым» деген сөзін еске түсіреді. Бұдан бөлек, Елиф әлемдегі ең бірінші және екі саладан бірдей Нобель сыйлығын алған ғалым әйел Мари Кюриді (Мarie Сurie) үлгі тұтады. Ал сен Мариді танисың ба, ұландық дос? Адамның кімді үлгі тұтатынына қарап, болашақта оның қандай адамнан асып түсетін қабілеті барын білуге болады.

«Әлемді өзгерткен балалар» жобасының тұрақты оқырмандары білетін болар, осыған дейін алып мұхиттардағы пластик қоқыстарды тазартумен айналысып жүрген жасөспірім бала Боян Слат туралы жазғанбыз. Ал Елиф пластиксіз өмір сүре алмайтын адамзат үшін жанбайтын, шіріп кетпейтін, тек қоршаған ортаға зиянын тигізетін өнімді табиғи түрге айналдырды. Биопластик ойлап тапты. Әлемді өзгертіп жүрген балалардың іс-әрекеті бір-бірін толықтырып тұрғандай. Қайран қаласың… Біреуі осыған дейін қоқысқа айналдырған әлемді тазартып жатса, екіншісі қоқысты да зиянсыз етуге жанын салып жүр. Осыдан кейін еріксіз «Олар әлемді бірлесіп өзгертіп жүр ғой» деген ойға келдім.

Сөз соңында Элифтің мына ойын келтіргім келеді: «Сіздің қабілет-қарымыңызды, әлеуетіңізді жасыңыз анықтайды деп ойламаймын. Бұл – сізге түрлі нәрсені тудыруға шексіз мүмкіндік беретін шексіз қиял».

Мақаладағы пайдаланылған материалдардың түпнұсқасын төмендегі сілтемелерден таба аласыз:

https://www.thextraordinary.org/elif-bilgin

https://blogs.scientificamerican.com/at-scientific-american/science-in-action-winner-for-2013-elif-bilgin/

Sixteen-Year-Old Student Turns Banana Peels Into Bioplastic


https://www.dailysabah.com/feature/2014/08/21/elif-bilgin-turkeys-environmental-wonder-kid

Айдана
ШОТБАЙҚЫЗЫ

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз