Болат кітап пен киноның құдіретін біліп өсті. Адам баласы ғарыштан таңғажайып түс арқылы аян алады. Экрандағы кинодайын анық түс көрген. Үш-төрт кісі планетарлық кемемен Марсқа қоныпты. Жұмбақ бір планета секілді. Қараса, бұрын адамдар өмір сүріп, өркениет болған сияқты. Тоқал тамдар, бір-екі жылқы басы қайқиып қатып қалыпты. (Қазақтың түсіне де ұлттық болмыс кіретін болғаны ғой!). Бұл мекенде өмір болса ауа болған ғой деп скафандрын шешейін десе, қасындағылар: «Шешпе, уланып өлесің», – дейді. Скафандрды шешіп алса, ауа тап-таза, керім. «Сендер де шешіңдер» дейді. Олар да ауаның саф тазалығына таңғалысты. Былай қараса, бір топ адам шарды жотадан төмен сүйреп, домалатып келеді. Үндістер тәрізді шашы арқасына төгілген, жалаңаш дене, бұтына лыпа байлаған. «Мыналардың тілін білмеймін ғой, ағылшын тілін неге үйреніп алмадым?!» деп қиналды. «Біз Жерден келдік» деп айтайын десе, олар: «Сен қиналма, біз барлық тілді білеміз», – дейді. – Табиғат тепе-теңдігі бұзылып, жер сілкініп, ақырзаман болды. «Ана шарды көрдіңдер ме?» деді. Жердің макеті сияқты шар. «Біз қайда барсақ та мұны аялап алып жүреміз, кім екенімізді ұмытпау үшін естен шығармауымыз керек. Шар жарылса, түбі біз құримыз. Сендер енді кетіңдер, біз керегін ғана аламыз, артық киім де кимейміз, артық тамақ та жемейміз». Түсінде олардың айтқанына көніп, ғарыш кемесіне мініп, әлгі мекеннен аттанып кетті.

Қазақ, сірә, өңім бе, түсім бе дегенді осындай кептен соң айтады. Шынымен бастан кешкен оқиға тәрізді сезілген. Қиял құдіреті әділетпен ұштасса ғажап екен. Болат әне-міне даяр сюжетті қағазға түсіріп, қосымша желі қосып, пьеса жасауды ойлағанымен, арада екі-үш жыл өткізіп алды. 2009 жылы Джеймс Кэмеронның фантастикалық «Аватар» фильмі жарыққа шықты. Әлемдік тіршілік, жаңа дүние туралы әпсана. Түсінде көрген сюжетке ұқсап тұр. Қимылдап үлгермей, идеядан кеш қалғанына өкінді. Санаға түс арқылы тылсым көктен берілетін идеяларға құнтты болудың құндылығын солай ұққаны бар.

Ат үстінде өскен бала

Болат Ұзақов Алматы облысы, Шелек ауданының, Масақ ауылында туып өсті. Әкесі Қасымжан жылқышы, Түргеннен ары қарай атақты Асы жайлауында жылқы бақты. Болат ат үстінде өсті. Әкесі ұлын алты жастан атқа мінгізіп, қасынан екі елі тастамай, той-томалаққа ертіп жүрді. Әкесімен әңгіме-дүкен құратын үлкен кісілердің сөзін тыңдайтын. Үлкендер шаруа, мал жайынан бөлек, жын-сайтанның адам көзіне түрлі бейнеде көрініп, сиқыр-мен арбайтынын, дұға оқып, қарағайларды күрестіретін, суды теріс ағызатын молда-лар туралы айтады. Сол естігендері бала қиялына керемет әсер ететін.

Малшылар айдалада жалғыз үй отырады. Болат бұзау, қозы-лақ, құлындармен өсті. Ойнайтын ешкім жоқ. Балалық шағының естеліктері жылқы жануарға байланысты. Желіде байланған құлындарды жақсы көретін. Мал баласы тез өседі, сатылады, төл өскен соң азыққа сойса аяп кетіп жылайтын. Әкесінің қолынан ұстап алып, тоқтыны сойдырмай қойса, Қасымжан баласына: «Тек, жамандық шақырма, балам, Құдай малды адамзаттың ырзығы қылып жаратқан», – дейтін. Атқа міне алмай, аттан түсе алмай тұрғаны, әкесі атқа мінгізіп жетектеп келе жатқаны, ат әбзелдері, алғаш асауды үйреткені көз алдында. Қасымжан жылқышы қолдан бытыра жасайтын. Әкесіне көрсетпей бір оқ жасап алып, аңға шыққан. Тигізбесе кері оралып, қайта оқ жасайды. Қоян атып алған-да әкесі жылқыдан қашан келер деп жолын тосты.

Ардақты әке Болат 3-сыныпты бітірген жазда қан қысымынан қайтты. Балалық шақты ойласа жаз жайлау, қыс қыстауды сағынады. Анасы Өтежан үй шаруасында, бешпентіне сүт сіңіп, ұлын құшақтап бетінен сүйсе, мұрнына бұрқырап сүт иісі келетін. Әжесі ауылда отырады, үйдегі он баланы бағады. Әкесі 46, анасы 45 жасында өмірден озды. Мектепті бітіріп кеткенше малды өзі күтті, шөбі, суы бар. Мектепте би кештерін ұйымдастыратын, сыныпта үздік болды. Ауылда төбелессіз болмайды, ер баланың шынығуына оның де себі бар. Спорттың бар түріне қатысты. Сыныпта ұйғыр балалармен бірге оқыды. Олар қазақшаның кей сөздерін түсінбей қалса, мұғалім Болатқа тапсыратын. Ертек оқып беретін. Қиялдан қиыстырып, оқиғасын қызық қылып айтып кетсе, балаларға шындап ұнайтын. Шешесі айғайлап шақырады, «жалғасын ертең айтамын» деп үйге безе жөнеледі.

Адам өз тағдырының ұстасы

Әкесі Алматыдан әдейілеп «Батырлар жырын», өлең-жыры бар үлкен пластин-каларды алдыртты. Болаттың ағасы Шәріп қуыршақ театрында істеді. Үйге сурет-тер әкелетін. Өнер әлеміне қызығушылығы кино дүниесіне астасқанымен, театр туралы ой әлі тумаған кез. Сахнаға келуіне сыныптасы Рыскелдінің суретшілігі түрткі болған. Досы Болатқа: «Театр институтының сурет факультетіне барамын, ол жерде актерлік оқу бар екен, жүр, екеуміз бірге барайық», – деп ұсыныс айтты. Оқуға қабылдау мерзімі шілдеде басталып, кешігіп қалыпты. Тарихшы боламын деп ойлаған, оқуға түспей қалған соң құрылыс бригадасына барды. Ана тілін білмейтін қазақ бригадир: «Адам болам десең, әскерге барып келген соң құрылыс институтына түс», – деп ақыл қосты. Көп жұрт актерлікті байсалды мамандық санамайтын. Ол Театр институтына барып бағын сынағанда, атақты ұстаз Асқар Тоқпановтың тобына түсті. Оның кім екенін білмейтін, түрік тақия киген кісі асқан эрудит, Абай өлеңдерін жатқа айтады, патриот, адал адам, студенттерін жан-жақты ойлауға баулыды. Бұл мамандықтың қаншалық қиындығы болса, соншалық артықшылығы барын санаға сіңірді, мамандыққа сүйіспеншілікті оятты. Асқар ағаның бірінші күннен үйреткені – шындық. Асекең бұл ұжымдық мамандық деп ұқтырып, өнердің киесі бар екеніне сендірді. «Адал бол! Өнердің киесі атып кетеді» деп өсиет қылды. Басқа оқудағылар студенттік қызық-думанға батып жүргенде бұлар бар уақытын институт пен театрда өткізетін. Сенбі, жексенбіде ел қатарлы демалыс жоқ. Тоқпановтың шекпенінен шыққандар кейіннен актерліктен асып, режиссер болып кетті. Болат Ұзақов 1980-1984 жылы Алматы Мемлекеттік театр-көркемсурет институтының театры факультетін халық әртістері А.Тоқпанов, Ы.Ноғайбаев, Ф.Шәріпованың класын «Кино және театр актері» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Қазақ театрының тарландары өнерден басқаны ойламай-тын, солар берген нәр ғұмы-рына жетерлік азық болды.

Болат 1984-1997 жылдары Талдықорған облыстық қазақ драма театры сахнасында 13 жыл актер болып, басты кейіпкерді ойнады. Ең әуелгі жұлдызды рөлі Мұстай Кәрімнің «Ай тұтылған түн» атты драмасында Ақжігіт. Сәуле – Зүбаржатты ойнады, екеуін қыз бен жігіт ретінде табыстыра түскен спектакльге айналған. Бір жылдан соң Болат пен Сәуле шаңырақ көтерді. Отау құрған соң актерліктен бөлек, сахна жұмысшысы болып істеді. Ол уақытта декорация табиғи заттардан, ағаш пен темірден жасалады, салмағы ауыр. Бір қойылымда ойнап шығып, костюмді шеше сала, екінші спектакльдің декорациясын құрады. Отбасын асырау үшін мектепте драма үйірмесін жүргізді. Қос мектепте қатар еңбек еткен. Ең қызығы, мектепте небір эксперимент жасауға болады, пьесаларды ықшамдап қояды. Балалар ересектердей емес, айтқаныңнан шықпайды, өнерге құлшынысы жан сүйсінерлік. Өнерге жақын өскен бала қисық жолға түспейді, қатігездікке бар-майды екен. Кейін білгендей, олар жақсы азамат болып қалыптасты. Бірде әуежайда ұзын бойлы, келісті жігіт аман-дасып, «Танымадыңыз ба, мен графпын ғой!» дегенде әуелі түсінбей қалған. Оқушы кезінде «Ромео мен Джульетта» трагедиясында ойнаған рөлін ұмытпапты.

Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» атты тарихи драмасын режиссер Қадыр Жетпісбаев қойғанда Болатқа Наурызбай рөлі тиді. Арада 40 жыл уақыт өтсе де, Наурызбайдың Отан үшін отқа түсуге даяр жанқиярлық рухын айғақ-тайтын монологын жатқа айтады. Ұлы жазушы ұлт туралы айтар сөзін, ұлы мұратын, арман-тілегін кейіпкерлерінің аузына салып қояды. Қазақтың өзегі шіріктен таза, текті халық екенін әсте ұмытпайды. Түбі қилы заманнан жапа шеккен асыл сүйек тектілігін бір табар дейтіні білініп қояды.

Кеңес Одағы құлап, бұрынғы қалыптасқан жүйе бұзылғанда шығармашылық адамдары дағдарысқа тап болды. 1993 жылы Талдықорған театрында Құсайын Әмір-Темір «Талтаңбайдың тәртібі» атты пьесаны қойғанда Болат Ұзақовты ассистент қылып алды. 1994 жылы облыстық театрға Әшірбек Сығай, Есмұқан Обаев, Маман Байсеркенов келіп, 7-8 спектакльді көрді. Болатқа: «Режиссерлікке неге ауыспайсың?» – деп идея берген. Курстасы Мұрат Ахманов Оралдан қоңырау шалып, режиссерлік мамандықты бірге оқуды ұсынды. Отбасында Әділ мен Ақкербез атты екі кішкентайы бар. Келіншегімен ақылдасқанда, ол құп көрді. Алматыға Болат пен Мұрат екеуі келген соң таныстары кездессе, жөн сұрайды. Екеуі оқуға келдік десе таңырқай күледі. 1994 жылы елдің көбі күнін көре алмай, базарға шығып кеткен. Ол 1994-97 жылдары Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Драма режиссері» мамандығын Халық әртісі М.Байсеркенов пен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері С.Асылхановтан бітірді. Ақселеу Сейдімбектің «Күзеуде» атты әңгімесінің инсценировкасын жазып, дипломдық жұмысын қорғады. Дипломдық спектакльді Өнер институтының ректоры Талғат Теменов және комиссия мүшелері келіп бағалады. Ақселеу аға: «Әңгімеде мына идея бар, оны сен түсіне алдың ба?» – деп сұрады. Жауабына риза болып, «Гоголь мен Пушкин көшесінің қиылысында Мәдениет министрлігінің ағаш үйінде репертуарлық бөлім бар, сол жерде авторға қаламақы тағайындайды, ертең осы сағатта кел, мен сені ертіп апарайын», – деп қамқорлық қылды. Ертесінде паркты жарып, Ақселеу аға келе жатыр екен.

Актерліктің қыры-сырын меңгерген талант режиссер-лікке ұмтылуы табиғи қасиет.
Болат Ұзақовтың табиғатында әке қаны, ана сүтімен берілген мейірім, қазақы кеңдік, кішіпейілдік, азамат-тығы, труппамен тіл табыса білетін әділетті мінезі – режис-сер үшін таптырмайтын асыл қасиеттер.

Болат Қасымжанұлы Аста-наға 1997 жылы 1 шілдеде келді. Қазақ драма театрына Қадыр Жетпісбаев шақыртып алды. Содан беріде ол 22 жыл Елорданың өнербағы тамырын тереңге жіберіп, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келе жатыр. Алғаш келген лектің басынан өткен тұрмыс қиындықтары, жатақхана, отбасымен 1998 жылдың жазында театрдың бір бөлмесін паналау, бәрі де бір күнгідей болмай өте шықты. Кенже қызы Асылжан осы қалада дүниеге келді. Алды шетелде магистратура оқып келген балаларының өскен ұясы осы қала.

Қаллеки театрында алғаш қойған спектаклі Мұхаңның классикалық «Көксерек» әңгімесі бойынша «Қанды азу», оның инсценировкасын Байғали Есенәлиев жазды. Бұл қойылымды Мысырға, Каирға алып барғанда шетелдік театр мамандарының ыстық ықыласына бөленді. «Қара қыпшақ Қобыланды» эпикалық драмасын Әзірбайжан Мәмбетов жоғары бағалаған.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз