1999 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысқан, еліміздің бірнеше командасында өнер көрсеткен Айдар Күмісбеков осы күні елордада балаларды баптап жүр. Жас маманмен бапкерлер, премьер-лига, алдағы ұлттық құраманың ойындары төңірегінде әңгіме өрбіттік.

–  Айдар, көптен бері көрінбейсіз, немен айналысып жүрсіз?

– Биыл қыста елорданың №8 Олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорымен сөйлесіп, осында жұмысқа қабылданған болатынмын. Қазір 2001-2002 жылы туған балаларды жаттықтырып жүрмін. Біздің команда екінші лигада ойнайды. Мақсат – сол командаға резерв дайындау. Одан бөлек, әртүрлі чемпионаттар бар, соларға қатысамыз. 2001 жылғы футболшыларымыз осындай спорт мектептері арасында Қазақстан чемпионы атанды.

– Шетелде оқушылар арасындағы турнирлерде скауттар қаптап жүреді. Талантты бала көзге түссе, бірден клубтарына алып кетіп жатады. Қазақстанда осындай үрдіс бар ма?

– Негізі болып тұрады. Әрбір жас категориясы бойынша чемпионаттардың қайда өтетіні алдын ала айтылады. Мысалы, бүгін (сұхбат 17 мамырда алынды – Б.Т.) Нұр-Сұлтан қаласында 2003 жылғы туған балалар арасындағы ел чемпионатының бір туры өтіп жатыр. Оған Талдықорғанның «Жетісу» командасының жаөспірімдері де келген соң, көруге бардым. Сол жерде 5-6 бапкерді байқадым, олардың жай жүрмегені анық. Командалардың бәріне жас ойыншылар керек. Сондықтан арасында көзге түсіп жатқандары болып жатса, өздеріне шақырып көруге тырысатын шығар.

– Ойыншы ретінде карьераңыз аяқталды. Бапкерлік жолды таңдадыңыз. Алдағы мақсатыңыз қандай?

– Бутсыны шешіп, карьераны аяқтадық. Енді өзім де шәкірт тәрбиелесем бе деп бел шешіп кірісіп кеттім. Жаттықтырушыларға берілетін А дәрежелі лицензия бар. Оны үш жылда бір рет жаңартып отырамыз. Бұйырса, болашақта PRO дәрежесін алуға мақсат қойдым.

Бапкерлік жұмыс – ойыншы болудан мүлдем басқа. Оған да уақыт, тәжірибе қажет. Әзірге осы жолдың бастауында ғана тұрмын. Өзіме бұл жұмыс қызық. Басқа мамандардың әдіс-тәсілін қарап, зерттеп жүремін.

– Футбол әлемде өте жылдам дамып жатыр. Бапкерлерге теориялық білім де өте маңызды. Осы жағынан өзіңізді қалай жетілдіріп отырасыз?

– Әлбетте, футбол жыл сайын өзгеріп жатыр. Бес жыл бұрынғы футболмен қазіргіні салыстыра алмайсың. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Жаңа заманның талабына сай болмасаң, көштен қалып қоясың. Интернетті қараймын, арасында кітап та оқып тұрамын. Ойындарды барып қараймын, өзге бапкерлердің қалай жұмыс істеп жатқанын да қалт жібермеуге тырысамын.

– Сізбен бірге футбол ойнаған жіггіттердің көбі карьерасын аяқтап үлгерді. Арасында бапкерлікті таңдағандары да бар. Солардың арасында кімдерді ерекше атап өте аласыз?

– Андрей Карпович – премьер-лига клубын жаттықтырып жүр. Әзірге көрсеткіші өте жақсы. Жас маманға қорықпай сенім артқан «Оқжетпес» клубының басшылығына ризамын. Тәжірибесі жоқ маманға үміт арту үлкен  тәуекел. Карпович Көкшетау клубын премьер-лигада алып қалатын болса, алғашқы маусым үшін жақсы нәтиже болады деп ойлаймын. Одан бөлек, бірінші лигада Әли Әлиев «Қызыл-Жардың», Данияр Мұқанов «Мақтааралдың» бас бапкері қызметінде. Осындай жас мамандардың көзге түсіп, жұмыс істеп жүргеніне қуаныштымын. Қазақстанның 17, 19, 21 жасқа дейінгі құрамаларында Александр Москаленко, Қайрат Нұрдәулетов, Алмас Құлшынбаев секілді аға-бауырларымыз жүр.

– Бір кездері Нұркен Мәзбаевтан сұхбат алғанымда «Барселона» клубының тактикасын ұнатынын, бірақ сол «тики-така» жүйесін Қазақстанда енгізу қиын екенін айтқан болатын. Өзіңізге қай клубтың стилі көңілден шығады?

– «Тики-така» тактикасымен ойнау үшін соған сәйкес футболшылар қажет. Бізде сосын инфрақұрылым жетіспейді. Алаң дұрыс болмағаннан кейін ондай жоғары деңгейлі футболды армандаудың өзі бекер. Ақшаны көбірек, инфрақұрылымға жұмсау қажет. Ал өзіме соңғы кездері «Ливерпуль» командасының ойыны ұнап жүр. Клопп келгелі командада алға ілгерілеу бар. Үш жылдың ішінде көрсеткіштері жақсарып келеді. Ойыншыларында прогресс қатты байқалады. Былтырғы құрамдағы Салах, Мане, Фирмино секілді шабуылшылар өздерінің деңгейін биыл көтермесе түсірген жоқ. Екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалына шығып отыр. Англия премьер-лигасында 97 ұпай жинап, екінші орын алды.

Бапкерлерден дәл қазір бірінші кезекте Клоптың, сосын Гвардиоланың жұмысы көңілімнен шығады.

– Өзіңіз кезінде қорғаушы болып ойнадыңыз ғой, қазіргі кезде әлемдегі үздік қорғаушы кім?

– Францияның әлем чемпионы атануына қос қапталдағы қорғаушылары Бенжамен Павар мен Люк Эрнандес өздерінің зор үлес қосты. Соның арқасында бағаларын көтеріп алды. Енді, міне, биыл екеуін де «Бавария» клубы сатып алды. Одан бөлек, «Ювентустың» қорғаушылары (Кьеллини, Бонуччи, Канселу, Алекс Сандро) «Реалдағы» Марселоны ерекше айтар едім.

– Ал өзіміздің премьер-лига ойындарын қарап отырасыз ба?

– Әрине, мүмкіндігінше ойындарды қалт жібермей қарап отыруға тырысамын.

– Биылғы чемпионаттан қандай ерекшелік байқадыңыз?

– Жылдан-жылға біріншіліктің деңгейі көтеріліп келеді. Оның бір дәлелі – «Астана» клубы. Елорда командасы соңғы жылдары еурокубок ойындарының топтық кезеңіне тұрақты шығып жүр. Биыл «Тобыл», «Қайсар» клубтары турнир кестесінде жақсы келе жатыр. Қарағандының «Шахтер» командасын айтар едім. Өзім барып, стадионнан ойындарын көріп жүрмін. Бас бапкері Николай Костов жақсы жұмыс істеп жатқаны байқалады. «Қайсардың» бапкері Стойчо Младенов те командасының ойынын ретке келтіріп алған. Бұл қатарға «Жетісу» мен «Оқжетпес» клубтарын да қосамын.

– Өзіңіз бірнеше жыл ойнаған «Жетісу» командасының тізгіні Дмитрий Огайдың қолында. Бұл маманмен бұрын жұмыс істеп көрдіңіз бе? 

– Огай «Ертісті» жаттықтырған тұста 2002-2003 жылдары қоластында ойнадым. Сол кезде Қазақстан чемпионы атандым. Ол тәртіпке қатты мән береді. Футболда тәртіп бірінші кезекте болу керек. Әйтпесе, нәтиже болмайды.

– Алда ұлттық құраманың ойындары бар. Екі матчта кемі үш ұпай еншілейтін шығармыз…

– Бірінші кезекте ұлттық құрамаға сәттілік тілеймін. Жақсы нәтиже көрсетіп, қоржынға ұпай салса екен деп үміттенеміз. Бірінші сырт алаңда Бельгиямен ойнаймыз. Брюссельде тең нәтижеге қол жеткізіп келсек керемет болар еді. Одан кейін өз алаңымызда Сан-Мариноны ұтуға міндеттіміз.

– Бас бапкер Михал Билек көңіліңізден шыға ма?

– Билек жоғары деңгейлі маман. Өзім қалай жұмыс істеп жатқанын көрдім. Жалпы, жаман емес. Шотландиямен ойынымыз керемет болды.

– Бізде үнемі құрамалардың бапкерлері шабуылшы жоқ, гол соғатын адам керек деп отырады. Биыл премьер-лигада бірнеше ойыншыны байқап қалдық.

– Премьер-лигада шабуылшылардан «Жетісу» командасында Елжас Алтынбеков, «Ордабасыда» Тоқтар Жаңғылышбай, «Тобылда» Бауыржан Тұрысбек секілді жігіттер биыл жақсы ойнап жүр. Әрине, әр бапкердің көзқарасы әртүрлі. Бәрін болмаса да, осылардың бір-екеуін шақырып көруі тиіс. Жастарды негігзі құрамда шығармаса да, тізімге қосқаны дұрыс. Оларға көздері үйреніп, тәжірибе жинақтауға сеп болады. Құрамада ойыншылар жоқ емес. Тек сенім арту керек.

– Ал сәл артқа шегініс жасасақ… Өзіңіз футболға қалай келдіңіз?

–1992 жылы «Намыс» клубының Талдықорғанда өткен іріктеуіне қатыстым.  Сол кезде 12-14 жастағы 8 үздік баланы Алматыға алып кетті. Солардың бірі мен болдым. Қазақстан бойынша 120 баланың арасынан 18 бала таңдалды. Футболдағы алғашқы қадамым осы «Намыстан» басталды. Ол жерде 8-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқыдым. Кейіннен клуб қаржылық қиындықтарға байланысты тараған кезде бізді Мұңайтпасов атындағы республикалық спорт училищесіне қабылдады. Ол жерде екі курс оқыдық. Мұны бітірген соң дене шынықтыру мамандығы бойынша жоғары білім алдым. 11-сыныптан бастап «Қайраттың» қосалқы құрамына қабылдандым. Үлкен спорттағы карьерам осылай басталды деуге болады.

– Сіз футболдан жастар арасындағы әлем біріншілігіне қатысқан футболшылардың бірісіз. Нигерияға жолыңыз қалай түсті?

– Мені сол кезде жастар құрамасының бапкері Владимир Фомичев шақырған болатын. Менімен бірге «Намыстан» шыққан бірнеше ойыншы болды. Олардың арасында сол турнирде жоғары деңгейде өнер көрсеткен Әлихан Аққазынов бар. Әлихан да «Намыстың» түлегі.

Азия аймағы бойынша өткен екі іріктеу кезеңін сәтті өткізіп, финалдық турнирге жолдама алдық. Оның бәрі бапкеріміз Фомичевтің еңбегінің арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бірден құттықтау жіберді.

Ал Нигерияда бізді Аргентина, Хорватия, Гана секілді футбол қарқынды дамыған құрамалар күтіп тұрды. Давид Лорияның қақпасына гол соққан 19 жастағы Эстебан Камбьяссо кейіннен әлем футболының жұлдыздарының біріне айналды. Сол жолы топтық кезеңде одан да жоғары деңгейлі ойын көрсетуге болар еді. Алғаш рет қатысқандықтан болар, аздап тәжірибе жетіспеді. Футболды жан-тәнімен сүйетін жастарға сенімділік тілеймін, ештеңеден қорқудың қажеті жоқ. Бізде талантты ойыншылар жетерлік.

 – «Намыс» клубындағы командалас әріптестеріңізбен араласып тұрасыз ба?

– «Намыс» клубының барлық ойыншымен араласамын деп айта алмаймын. Бірақ, көпшілігімен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Ол кезде бәріміз бір-бірімізге аға-бауыр, дос болып кеттік. Олардың арасында Бағдат Достаев, Мұрат Тілешев, Әлібек Бөлешов, Нұрбол Жұмасқалиев секілді бүгінгі қазақ футболының жұлдыздары бар.

Әңгімеңізге рахмет!

Жетістіктері:

Қазақстан чемпионаты, қола жүлде – 1999 жыл, «Қайрат»

Шығыс-Азия ойындары, қола жүлде – 2001 жылы, Қазақстан клубтары құрамасы

Қазақстан чемпионы – 2003 жыл, «Ертіс»

Қазақстан чемпионаты, күміс жүлде – 2004 жыл, «Ертіс»

Қазақстан кубогының иегері – 2005 жыл, «Жеңіс»

Қазақстан кубогының финалисі – 2006 жыл, «Астана»

Қазақстан чемпионы – 2006 жыл, «Астана»

Қазақстан чемпионаты, күміс жүлде – 2011 жыл, «Жетісу»

1999, 2002, 2003, 2004 және 2010 жылдары (бес рет) Қазақстанның 33 үздік футболшысының қатарына кірген.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз