Мадина Оразбай – қазақ опера өнеріндегі жас буын. Жаңа жұлдыз. 19 жастағы бойжеткен əлем сахнасында өнер көрсетіп, қазақ өнерінің дамуына өзінше үлес қосып жүрген жас талант. Ол бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 1-курс студенті.

– Он үш жасымнан музыкамен айналысамын. Ұстазым – Гүлнара Нұрғалиева. Қазақ опера өнеріне қомақты үлес қосқан мəдениет қайраткері, кафедраның доценті. Менің өнерім – менің жұмысым. Студент болғандықтан танымал композиторлардың шығармаларымен танысып, оларды жаттаймыз. Əр композитордың өзіне тəн əн жазу стилі мен жанры болады. Олар да өзінің өмір сүрген заманына лайықтап жазған. Мен үшін ең қиыны – композитордың жазып шыққан стилінде орындау. Оған көп дайындық керек.

Болмысым нəзік болғандықтан лирика, драма жанрлары ұнайды. Джузеппе Вердидің «Риголетто» операсындағы басты кейіпкер Джильданың образы ұнайды, соған өзімді лайық санаймын. Талдырмаш денелі нəзік бойжеткеннің кейпіне ену маған оңай. Болашақта осы рөлді сомдағым келеді. Ол үшін дайындықты бүгіннен бастау керек. Қазақ опера өнері Күлəш Байсейітовалардан басталып, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, Нəдия Шəріпова секілді талантты тұлғалармен жалғасты. Əлемдік сахнада өнер көрсетіп жүрген аға буынды да айтпасқа болмайды. Сүндет Байғожин, Нұржан Бажекенов секілді солистер қазақ опера өнерін биікке көтерді. Біз – солардың жалғасымыз. Тыңдарманнан гөрі ұстаздар сынды көп айтады. Сын айтқан сайын шыңдаламыз. Өнердегі деңгейді өсіру үшін сыни ойлау мен пікір керек. Көрерменнің көңілінен жүз пайыз шығу мүмкін емес қой, дегенмен орындау барысындағы қатемді түзеп, олқылықтың орнын толтырамын, – дейді еңбекқор бойжеткен.

Мадинаның марапаттары:

– «Fiestalonia» (Испания), «Алматинская осень», «Күншуақ» (Алматы)
халықаралық байқауларының жүлдегері;
– «Романсиада» жарысында «Романсиада үміті» арнайы дипломының иегері (2016);
– Ермек Сер кебаев атындағы Мəдениет пен өнерді қолдау қорының өкілі əрі стипендиаты;
– Рахима Жұбатұрованың классикалық əншілер арасындағы І халық аралық конкурсының Гран-при иегері;
– «Таланттар салюті» халықаралық конкурс-фести валінің лауреаты. Сондай-ақ, 14 жасында Санкт-Петербордағы Елена Образ цованың VІ халықаралық жас вокалистер конкурсында «Орыс композиторы шығармасын үздік орындағаны үшін» арнайы дипломымен марапатталған.

Мадинаның арманы көп. Сабақтан тыс уақытта болашақта өзі сомдағысы
келетін арияларды жаттайды. «Опера əншісінің бойында болуы тиіс ең негізгі қасиет – еңбекқорлық», – дейді.

– Болашақта орындағым келетін ариялар мен партияларға менің жасым жетпейді.
Күнде опера тыңдаймын. Дж.Пуччинидің «Un bel di vedremo» ариясын үнемі тыңдап жүремін. Қанша тыңдасам да, көзімнің жасы тоқтамайды, сенесіз бе? Эмоциялық жанрдың барлығын бір арияға тоғыстырған композитордың шеберлігі шығар?!. Ұстазым психологиялық тұрғыда соққы болады деп, күрделі образдарды сомдауға рұқсат етпейді. Қазір халық əндерін көбірек насихаттап, соларды орындауға күш салып жатырмыз. Репертуарымда «Гауһартас», «Алқоңыр» əндері бар. Тыңдарман жақсы көреді. Шетелдік байқауларда міндетті түрде халық əндерін бірінші орындаймын. Өйткені халық əндерінен қазақ халқының бар болмысы айшықталып тұрады. Шетелдіктерге халықтық мұралар таңсық болғандықтан, сахна сыртынан күтіп алып, орындаған əндерімнің тарихын сұрап жатады. Бұл – төккен тердің ақталғаны. Өнер адамдары үшін еңбекқорлық пен жауапкершілік егіз ұғым. Қолдан келсе «қаттылау» да болу керек. Өйткені жүрегі жұмсақ адамдар ауыр ариялар мен партияларды нақышынакелтіріп орындай алмайды. Сомдаған образы ашылмай қалады. Күрделі өнер болғандықтан, талап етілетін қасиет те көп. Баласының қабілеті болса, операға бергісі келетін ата-аналар кездеседі. Алайда жастайынан ауыр əндерді орындаған баланың даусында бұзылыс болады. Денсаулықтан гөрі, дауысты күту маңызды. Концерт алдында көп сөйлеспеуге тырысамыз. Көп тамақ жемейміз. Үнемі көңіл-күйді бірқалыпты ұстаймыз. Өйткені орындаушының ішкі сезімі əнге беріледі. Он сегіз жасында өнерге келіп жатқандар бар. Операның не екенін он бес жасымда түсіндім. Бізде операға барып көрмеген адамдар да бар. Классикалық өнер мен балет өнері – адамзат өркениетінің алтын қазығы саналады. Театр жанға рахат сыйлап, алып күш береді. Опера театрына, музыкалық драма театрға балаларды жиі апару керек.

Осы күнге дейін эстрадалық бағытта əн айтып көрмеппін. Болашақта да ол бағытқа бармайтыным анық. Бұл – эстрадалық бағытты тыңдамаймын деген сөз емес. Ғалымжан Молданазардың əндерін жақсы көремін. Менің даусым эстрада əндеріне келмейді. Қазақ эстрадасын сынайтындай кəсіби маман емеспін. Əр бағыттың өз кемшілігі бар. Біздегі опера театрына жаңа репертуар жетпейді. Жыл сайын бұрын орындалған туындылар қайталана береді. Абай атындағы опера жəне балет театрының репертуары жаңаланып, тың дүниелер жарыққа шықса, өнердің деңгейі өсер еді. Тыңдарман да жинар еді, – деп алаңдайды Мадина.

Əңгімелескен
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз