Қызылорда қаласындағы №2 Мұрагер мектебіне қоңырау соқтық.
– Сəлеметсіз бе! Республикалық «Ұлан» газетінен хабарласып отырмыз. Бізге 11-сынып оқушысы Евгений Демиденко керек еді.
– Сəлеметсіз бе! Женяны айтып отырсыз ба? Бəріміз еркелетіп Женя дейміз. Шын есімін көп айта бермейміз, – деп күлді тұтқаның ар жағындағы дауыс. Ата-анасының ғана емес, бүкіл мектептің мақтанышы, еркесі болу қандай керемет!
Біз арнайы білімі болмаса да, «Boeing 757» ұшағының жобасын жасаған Евгений Демиденко туралы айтып отырмыз. Əйгілі мектепте оқымаса да, еңбегі көпті мойындатты. Оның жасаған ұшағын Boeing компаниясы аттай қалап сатып алды. Қазір Ұлыбританиядағы Крэнфилд аэроғарыш университетінің мамандары одан əрі дамытуды қолға алды. Ал оқушыға ұшақ жасау туралы ой кезекті жарыс кезінде келіпті…

– Өмірде анама айтар алғысым шексіз. Балабақшада қазақ тобына барып, 4 жасымда қазақ тілінде еркін сөйледім. Мектепте оқып жүргенде ата-анам компьютер алып берді. Интернет ақтарып, қызықты сұрақтарыма жауап ала бастадым. «Мына компьютер қалай жұмыс істейді? Қалай жасалған?» деген сұрақтар мазалайтын. Өнертапқыштық қасиет осылай оянды. Nazarbayev Fund Schools Challenge халықаралық авиақұрылыс олимпиадасына қатыстым. Ұшақ үлгісін жасау Крэнфилд университеті оқытушысының тапсырмасы болатын. Ұшаққа қатысты барлық сұраққа жауап беріп отырдым. Нəтижесінде біздің команда жеңіске жетіп, Крэнфилд университетіне жолдама жеңіп алдық. Көп ұзамай Boeing компаниясы жобаны сатып алғысы келетінін айтты. Автор ретінде есімімнің сақталғанын қаладым. Екі жақ келісіп, жобаны сатып жібердім.

Əрине, жобаны дамытуға да болатын еді. Десе де, ыңғайлы шешім осылай
көрінді. Ұшақ көп нəрсені үнемдейді. Жолаушылар санын көбейтуге, лайнердің
қауіпсіздігін жəне энергия тиімділігін арттыруға арналған. Техникалық қызмет
көрсету персоналы қажет емес. Бұл – гибрид ұшақ.

Женя Назарбаев университеті кітапханасындағы кітаптарды пайдаланыпты. Үш-төрт айда ұшақ механизмін жасап шығыпты. Ал жинаған ақшасын жұмсамапты. Алда түрлі жобаға қажет екен.

– Күніне алты сағат ұйықтаймын. Өзіме арнайы кесте жасап қойғанмын. Кестені бұзбауға тырысамын. Спорт – айнымас досым. Жетістікке спорттың арқасында жеттім. Кезінде жеңіл атлетикамен айналысып, талай мəрте жеңімпаз болдым. Қазір ғылым жолын таңдасам да, спорт залдан шықпаймын. «I LEARN» мобильді
қосымшасы бойынша жұмыс істеп жатырмын. YouTube желісінің баламасы.
Жастардың талабына сай жан-жақты жұмыс істейді. 
1-2 жылда қосымша толық
қолданысқа енеді деген ойдамын. Қазір түрлі компаниялармен жұмыс істеп жатырмын. Назарбаев университетіне оқуға түскен соң білімді жастардан
құралған команда жинағым келеді. Əзірге YouTube-тан айырмашылығы туралы
айтуға болмайды. Қазақ тілінде жүреді.

Женя Google scinse fair олимпиадасында 25 мың қатысушының ішінен екінші орын алыпты. АҚШ-та өткен олимпиадаға елде отырып интернет арқылы қатысыпты. Google компаниясының мобильді қосымша жасау тапсырмасын шешіп, 2-орынды иеленіпті.

Зерек оқушыны əлемнің бірнеше үздік оқу орны оқуға шақырыпты. Бірақ Женяның таңдауы – Назарбаев университеті. Елде жүріп IT технология саласын дамытсам деген арманы бар. «Карманный логист» қосымшасын Play Market арқылы миллион адам қолданады. Қосымша Оңтүстік Корея университетінің студенттерімен бірге жасалыпты. Бұл қосымша қаражатты есептеуге мүмкіндік береді.

– 8-11-сыныпта оқып жүргенде қазақ тілінен пəн олимпиадасында жеңімпаз
болдым. Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» қозғалысының
төрағасымын. «Hack day – 2017» идеялар фестивалінің жеңімпазымын. Mercedes-Benz-2050 халықаралық олимпиадасында 2-орын алдым. Болашақтың
машинасын құрастырдық. Адамдар кептеліс кезінде ашуланып отырады. Осындай сəтте болашақтың машинасымен сөйлесуге болады. Жолда жүру жеңіл əрі жылдамдықты тежеп, қиын жағдайдың алдын алуға болады. Бұл менің арманым емес, болашаққа құрған жоспарым, – дейді жас өнертапқыш.

Женяға қай жағынан да риза болдық. Оқысам, көрсем, білсем деген бала арманының орындалуына тілек білдірдік.

Гүлфарида
ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз