Сəуір айында АҚШ-тың Кентукки Штатындағы Луисвилл қаласында əлемнің елу елінен келген робот жасауға қызығатын жеткіншектер бас қосты. «VEX Robotiсs» робототехника чемпионатына кез келген оқушы қатыса алмайды. Роботтар сайысында жыл сайын он мың талапкер бақ сынайды. Əлем чемпионатына іріктеуге біздің оқушылармен бірге Гонконг пен Ресейдің жеткіншектері қатысқан еді.

«IQ-Elementary School Skills Champions» санаты бойынша №173 мектеп-лицейдің 6-сынып оқушысы Мирас Сенбек, №92 мектеп-лицейдің 5-сынып оқушысы Арман Сабыржан АҚШ-қа жолдама алған-ды. «IQ-Middle School Skills Champions» санатында Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары Айдарбек Нұрахмет пен Əмзебек Ибрахим жеңімпаз атанып, олар да
АҚШ-қа жолдама алған болатын. Балалар үмітті ақтап, бақ сынаған 420 команданың ішінен 20-орын иеленді. «Vex» тобы бойынша 5-6-сынып оқушылары 7-орын алып, баршаны қуантты. Жеңімпаз болған Арман Сабыржанды құттықтап, жарыстың қалай өткенін сұраған едік.

– Мектептегі робототехника үйірмесі туралы сынып жетекшім айтты. Үйірмеге
қатысқаныма көп уақыт болған жоқ. Қазір Қазақстан құрамасының мүшесі ретінде
бөлек дайындалып жүрмін. Мектепте Əділет ағай, Рая апайдан көп нəрсе үйрендім. Алғашқы күндері құрылымы бар роботтарды жасадым. Кейін өз ойымнан робот құрастырдым.

Республикалық іріктеу кезеңінде Мəскеудің 4 командасын ұпай санымен артта қалдырдық. Іріктеуге көп оқушы қатысты. Менің тобымда Қуат, Əнуар деген балалар болды. Жарысқа бір ай қалғанда Қуат екеумізді басқа топқа ауыстырып, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушыларымен бір топ болдық. Чемпионат кіші жəне орта жас деп бөлінді. Біз кіші топқа арналған «Vex» тобында өнер көрсеттік. Роботты тапсырма бойынша құрастырдық. АҚШ-та он күн болдық. Жарысқа дайындық үшін ерте бардық. Талап бойынша роботтар ойын ойнап, іс-əрекет жасау керек. Біздің робот сары, қызыл түсті хабтарды жинап, турникке тартылады. Роботты екі аптада құрастырдық. Роботтың екі қолы болады. Турникте ілінген хабты алу керек. Қолын жылдам əрі мықты қозғалатын
етіп жасадық.

Жарыста қытайлық оқушылар көш бастап келеді екен. Олар роботтың қолына екі таяқ ұстатыпты. Таяқ арқылы заттарды тез жинайды. Филиппин мен Техас Штатының балалары да шебер құрастырыпты. Екінші орынды америкалық балалар алды. Біз финалға шығып, жоғары ұпай жинағанбыз. Бірақ мықты командалар шығып, 41 ұпаймен алға шығып кетті. Қойылатын талап қатал. Робот көрсететін ойындар бір-бірін қайталамау керек. Жыл сайын жаңа ойындар енгізіледі. Бұл жарыста жеңіске жеткендер келесі кезеңге өтеді. Ағылшын тілін білгесін шетелдік балалармен танысу қиын болған жоқ. Бір қызығы, жапон балалар ағылшын тілін білмейді екен.

Ата-анам, ұстаздарым қуанды. Жазда Сингапурда жарыс өтеді. Дайындықты бастау керек. Жарысқа барып келген соң үйірмеге қатысқысы келетін балалардың қатары көбейді. Автоматты машиналар, роботтар адамдарға қауіпті жерлерде, зауыттағы құрастыру жұмыстарына қажет. Роботтар сыртқы келбеті, жүріс-тұрысы жағынан адамдарға ұқсауы мүмкін. Қазір робототехника қарыштап дамып келеді. Өйткені технологиямен тығыз байланысты. Түрлі роботтар үйде, кəсіпорындарда, жарылғыш заттарды залалсыздандыру мақсатында қолданылады. Роботтар қандай болса да Айзек Азимовтың үш заңына бағынуы керек. Заң туралы 1942 жылы «Хоровод» əңгімесінде былай деп баяндайды: «Робот адамдарға зиян келтірмеуі керек. Осы заңға қарсы келмесе, робот адамның барлық бұйрығын орындауы тиіс. Бірінші жəне екінші заңға қайшы келмесе, робот өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек».

Робот жасау өте қызық. Өзім қатарлы балаларды робототехника үйірмесіне шақырғым келеді. Бос уақытымда кітап оқимын, спортпен айналысамын. Қарындастарыма көмектесемін, – деді Арман.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

3 ПІКІРЛЕР

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз