Мақаланың бастапқы бөлімін мына сілтемеден оқи аласыз.

Екінші күні таңғы 7-де қонақүйдің алдында жиналатын болып келістік. Туған жерге барып тұрып, қонақүйге жатсам, туыстарым ат-құйрығын үзісер. Сондықтан сапарластарымнан кешкісін бөлініп кеткем. Бір жағы елдің əңгімесін əкімдікте істейтіндерден емес, қарапайым Түркістан азаматтарының аузынан да естігім келді. Əпкемдер жаңадан салынған көпқабатты үйде тұрады. Жолай салынып жатқан құрылыс нысанының жанынан өттік. Түркістанның жаңалығымен бөлісіп жатқан əпкем: «Ойбай, түрі бөтен құрылыс жүріп жатыр. Бұрын мұндай құрылысты кім көріпті, жерді терең қазып барып, іргетасын құяды екен ғой. Мына жерді қазып жатқанына да біраз болды. Əзірге шаң-топырақ. Бір-екі жыл шыдасақ, жайқалған қалада отырамыз. Жаңа құрылыс пен біздің үйді бөліп тұратын көшенің ортасына жағалай шырша отырғызып тастады. Жанынан құдық та қазып жатыр», – деп тұра қалып сырттағы тіршілікті таныстырды. Əзірге Түркістандағы ең биік ғимарат – 9-қабатты тұрғын үйлер. Ең биік жерден қарап тұрғандықтан, түнгі Түркістан алақандағыдай көрініп тұр. «Анау күмбез «Əзірет-Сұлтан», ал мына жақтағысы университет», – деп күмбезді Түркістанның басты ғимараттарын да түгендеп жатыр. Тура үлкен қалалардағыдай жарықтары самаладай жанып тұр. Бұрын Түркістан түні қараңғы болғандықтан, сыртқа шығуға қорқатынбыз. Ал мына жарық адамның көңілін жайландырады екен.

– Көпқабатты үйге келіп, отбасымызға ғана шақтап тамақ істеп үйрене алмай жатырмыз. Жер үйде тұрғанда қонақ та көп келетін. 9-қабатқа лифтісіз көтерілуге өзімізден басқаның бəрі ерінеді. Бұрын артылған тамақты жейтін ауыз табылушы еді. Қазір кешкі астан соң тамақ артылса, жанымыздағы құрылысшыларға апарып береміз. Байғұстар жырақта жүргесін үйдің тамағын сағынатын шығар, – дейді əпкем түн болса да қонағына қыстан қалған сүрін əкеп жатып.

– Сонда құрылысшылар қайдан келген?

– Түркістандағы əр ғимаратты облыстар сыйлық ретінде салып беріп жатқан жоқ па. Мына құрылысты салып жатқан павлодарлықтар екен. Құрылысшылар да сол жақтікі. Сондықтан артылған жылы-жұмсақты көршілерімізбен осы кісілерге беріп тұрамыз. Қара жұмыс істеген адамның қарны да тез ашады ғой, – деп жаны ашып жүр. «Түркістанда түлетуге осылай да үлес қосуға болады екен ғой» деп күліп алдық. Алайда Түркістан халқының бұл қылығына сүйінсем, тағы бір қылығына күйіндім. Пəтер жалдаудың қымбаттап кеткенін естігем. Сұрадым.

– Жанымыздағы көршіміз 3 бөлмелі пəтерін 120 мың теңгеге беріп кетті.

– Қымбат қой!

– Ішінде бүкіл жиһазы, тұрмыстық техникасы, тіпті көрпе-төсегіне дейін бар. 4
қыз тұрады. Чемоданмен келе салды. Қайта олар арзан бердік деп жүр.

– Одан да қымбаты бар ма?

– Гүлмира əпшемнің «домындағылар» 150 мыңға беріп жатыр екен.

– Мəссаған! Адамда ынсап деген болу керек қой. Мынадай баға Алматыда жоқ. Жұмыс істеуге келіп жатқан мемлекеттік қызметкерлер де өздері сияқты адамдар ғой. Олардан пайда көреміз деп, ертең өздері жапа шегеді. Айлығы жетпегесін пара алатын болады. Неге соны ойланбайды?! – деп əпкеме пəтерін жалға беріп тастаған адамдай бұрқылдап алдым. Шынын айтсам, Түркістанда жұмыс істеу үшін
өте қатты патриот болу керек сияқты. «Əншейінде Түркістаным, туған жерім дейсің. Осында жұмыс істеуге келер ме едің?». Осы сұрақты өзіме қойып көрдім. Əй, қайдам… Ауа райы ыстық, үлкен қалалардағыдай жағдайы əлі жасала қоймаған, халқының менталитеті де өзгеше жерге тəуекел етуге аса құлшына қоймаспын… Келгелі бері Ішкі саясатта, медиа орталықта жұмыс істейтін қыз-жігіттердің жұмысын бақылап жүрмін. Таңнан кешке дейін табаны тозып зыр жүгіріп жүр. Ақпаратты заматта «пістеше шағып» жазып тастайды. Жылдам. Мінберде 10 минут сөйлеп, орныма қайта жайғасқанша, суретім мен сөйлеген сөзім əлеуметтік желілерден келіп тұр. Міне, кəсібилік!

Келесте балалар робот құрап, электросамокатты қолдан жасап алады

Уəделескеніміздей, таң ата сала Түркістаннан Келес ауданының орталығы Абай ауылына жолға шықтық. Абай елімізге танымал ауылдардың бірі. Алматыдан Абайға дейін тікелей автобустар мен таксилер ағылып жатады. Келес былтыр ғана Сарыағаштан қайта бөлініп шыққан. 110 мыңнан аса халқы бар.

Бірден ауданның мəдениет үйіне келдік. Мəдениет үйінің өнерпаздары оркестрмен
күй тартып, əн салып күтіп алды. Оркестрдің концертін ұзығырақ тыңдағым келіп еді, жолбастаушылар екінші қабатқа көтерілуімізді өтінді. Мəссаған, мұнда техниканың тілін білетін, болашаққа ұмтылған балалар көп екен! Көрме жасап қойыпты. Роботтардан. Балалар тақылдап, өздерінің жасаған роботын таныстырып тұр.

№7 М.Əуезов атындағы мектептің оқушылары көрмеге бірнеше робот əкеліпті. Балалар роботтарын бізге таныстыра жөнелді. «Роботымның аты – Сумо.
Соғысады. Яғни болашақта əскери-қорғаныс саласында қызмет етеді. Əзірше қарсыласын соғып, ұрып, шеңберден шығарып жібере алады. Оның екі түрі бар, 15 жəне 25 сантиметрлік»
, – дейді Исламəли Сырымбет.

Ал Ерлан Құмарбек кіржуғыш мəшинені робот түрінде құрастырыпты. «Əдетте біз дайын кіржуғыш мəшинені пайдаланамыз. Оның құрылымы қалай, жұмыс істеу механиздері қалай іске асатынын біле бермейміз. Сондықтан робот түрінде құрастырып, замандастарыма түсіндіргім келді. Менің роботым да кірді жуып, жайып, сығып бере алады. Бір түймені басу арқылы бар шаруаны атқарамыз», – дейді. Мұхтар электросамокатты өзі қолдан жасап алған. «Моторы бар. 18-20 шақырымға дейін жүре аласың. Сол аралыққа дейін қуаты бітпейді. Осымен жүргеніме 2 жылдай болды. Экологиялық таза өнім. Ауыл арасында баратын жеріме осымен жетіп аламын», – дейді №2 Өзбекəлі Жəнібеков атындағы мектептің 10-оқушысы Мұхтар Дəулетбай. Бізге жас өнертапқыш самокатымен əрі-бері жүріп көрсетті. Істеп тұр. Ата-анасының қалтасына салмақ салмай, өзіне қажеттіні жасап алған оқушыға риза болдық.

Робототехникамен айналысатын балалар көп екен. Бірақ бəрімен айналдырған 10-15 минуттың ішінде тілдесіп үлгере алмадым. Əрқайсысы «Ұланға» жеке-дара кейіпкер болатындай өнертапқыш екен. Алдағы уақытта байланыс орнатсақ, бəрі де біздің газет арқылы өзгеге үлгі болары сөзсіз.

«Жанам деген жүрекке…»

Абайдағы кездесуді Келес ауданының əкімі Ақментай Есбаев ашып берді. Сөзге
шешен екен. Қонақтарға ауданды жақынырақ таныстырды. «Келес ауданындағы 63 мектепте 33 мыңға жуық оқушы білім алып жатыр. Қосымша біліммен
қамтылған балалар саны 12000-нан асса, қосымша үйірмелерге тартылған
балалар саны 7500-ге жетті. Кезінде Тоқаш Бердияров, Зиябек Рүстемов, Немат
Келімбетов, Зəкір Асабаев секілді тұлғаларға тұғыр болған қасиетті Келес алдағы
уақытта да ұлтын сүйетін ұландардың ордасына айналары сөзсіз. Бұл іс-шара
оқушылардың дамуына, ой-өрісінің кеңеюіне оң серпін береді деп ойлаймыз»,
– дейді аудан əкімі.

Бастапқыда мəдениет үйіне тек қана келестік балалар жиналған екен деп ойладық. Сөйтсек Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Қазығұрт, Шардара, Жетісайдан сайдың тасындай іріктелген балалар келіпті. Залда əңгіме айтқанда ұйқысы келіп отырған бір бала байқалмады. Рухани дүниеге сусап қалғандай, көздері жайнап, алға ұмтыла отырып тыңдайды. Сөз сөйлейтін спикерлер де балалардың ыңғайын байқады. Сондықтан қысқа-қысқа қайырып, ерікті балаларға берді. Оқушылар бірінен соң бірі сұрақ қоюға ыңғайланып, микрофонға кезекте тұр. Ақын, спорт комментаторы Есей Жеңісұлының жанкүйерлері де табыла кетті. Олар ағаларына қолқа салып, комментаторлық жасауын өтінді. Қолқа салған бозбала Есей ағасының кітабына да ие болды.

«Жастардың өнер-білімге емес, əртүрлі ойындарға құмар болуының себебі
неде?» деп оқушы қыз терең сұрақ тастады. «Вконтакте, Инстаграм, Фейсбук біздің кезімізде бар болса, біз де сіздердей болар едік. Біздің бағымыз – сіздерден
сəл ертерек туылдық. Сондықтан өмірде əлеуметтік желілер мен интернеттегі
ойындардан да қызық нəрсе, құндылық бар екенін сіздерге айтып отыруды
борышымыз санаймыз. Интернетті жамандамаймыз. Одан да өздеріңізге керекті, дамытатын ақпараттарды алуға болады. Сондықтан əрқашан «бұл ойын маған не береді?» деп ойлаңыздар. Осындағы əрбір оқушы ертең ата-ана болады. Олар тым болмаса өзінің ұл-қыздары сұрақ қойғанда жауап бере алатындай білімді болсыншы»,
– деп жауап берді Есей Жеңісұлы.

Келесте жиналған балалар сұрақ қойғанда да сауатты екен. Кітап оқитындары бірден көрініп тұр. «Пəлен кітапта жазғандай, түген философ айтқандай» деп сұрақ қой-ғанда, іштей «бəрекелді» дестік. Сұрақ қойып қана қоймай, соңынан өздерінің шығармашылығынан жыр да оқыды.

Келестегі кездесуді тəмамдарда біз балаларды, балалар бізді қимады. Ұзақ уақыт
жібермей, қаламгерлерден қолтаңба алып, суретке түсіп жатты. Ал біз осы кездесуден соң «Ұланға» жас тілші, жанашыр болатын оқушылар қатарының артатынына үміттенеміз. Өйткені əлгінде тілдесе алмай кеткен робот жасаушы замандастары туралы жазатын да залда сұрақ қоюға таласқан балалар болуы керек.

Келесте кездескен балалар, сендер сондай мықтысыңдар! Бізге хат жазыңдар. Сендерді Алматыға келгелі аузымыздан тастамай айтып жүрміз. Төлеген Айбергеновтің «Жанам деген жүрекке от беремін» дейтін жыр жолдары естеріңде ме? «Ұлан», «Балдырған» мен «Ақ желкен» де жанам деген жүрекке от береді. Белсендібалалардың бізбен кері байланыс орнатпауы мүмкін емес. Келістік қой?!

Жылыжай өсіруге қолайлы аудан

Келес ауданында Қазақстанның ең еңбекқор адамдары тұратындай көрінді. Қайда қарасаң да егін алқабы мен жылыжайды көресің. Келестен Сарыағашқа, одан əрі Шымкентке жеткенше жеміс-жидек себет-себет болып сатылып тұр. Нұр-Сұлтаннан келген əріптестер «Тура жарты бағасынан да аз ақшаға алады екенсің» деп, жеміс-жидек сатып алып жатыр. Иə, бұл жақтағы диқаншылардың еңбегі адал, жемісі тəтті.

Қошқар ата ауылдық округіндегі «Өктемхан» шаруа қожалығының жұмысымен де таныстық. Жылына 60 тонна көкөніс шығарады. Біз барғанда қызанақтары енді-енді қызарып, пісіп жатыр екен. Пəлегін жоғарыға іліп қойыпты. Ұзындығы адам бойындай. Тура баудың ішіне кіргендей болдық. Жылыжай үлбірмен қапталған. Іші сап-салқын. Күн қатты өтпес үшін жылыжайдың төбесіне лай су шашады екен. Сүттің қаймағындай боп қатқан лай сырттан қатты күн өткізбей, температураны бірқалыпты ұстап тұрады. Қаңтарда егілген қызанақты мамыр айының ортасынан кейін жинап алады. «Келес пен Сарыағаш оңтүстіктегі жылыжай өсіруге қолайлы аудандар. Түркістан жақтың желі, Қазығұрттың суығы жылыжай өсіруге қолайсыз», – дейді диқаншылар. «Еңбектеріңіз рəтті болсын» деп қоштасып жатсақ, диқаншылар жылыжайдың алғашқы қызанақтарын «дəм татыңыздар» деп жұлып əкеліпті. Иісі аңқып тұр. Шынында еңбектің жемісі тəтті екен.

P.S. «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафоны бізді талантты балалармен табыстырып қана қоймай, жаңадан бой көтеріп келе жатқан Түркістан облысының тыныс-тіршілігімен де таныстырды. Сабырхан
Асановтың «Көктем де Оңтүстіктен басталады» дейтін əйгілі жыр жолы бар. Шынында оңтүстіктен ізгіліктің бəрі басталатындай көрінеді. Осы жолы да «бəрін
балалардан бастайық» деп тағы да қуантып отыр.

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз