Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бірінші рет ресми сапармен бардым. Туған топырақ болғасын ба, сапарластарымнан гөрі менде қобалжу басым. Жанымда бір топ қаламгер. Алматыдан «Жас өркен» серіктестігінің бас директоры Жүсіпбек Қорғасбек, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов, ақын-жазушы Есей Жеңісұлы, жазушы-драматург Әлібек Байбол бастаған қаламгерлер Түркістан облысы Ішкі саясат басқармасының шақыртуымен «Jas Túrkіstan-2019» республикалық балалар шығармашылық марафонынына жолға шықтық. Іштей қуанып қоямын. Бұрын бала тәрбиесіне қатысты талай мәселені алға тартып атқамінерлерге хабарласқанда, міз бақпайтын. Бұл жолы облыстың идеологиясын ұстаған азаматтар өздері хабарласып, «бәрін балалардан бастайықшы» деді. Біздің жоғарыға жеткізе алмай жүргеніміз осы сөз ғой. Ал оны әкімдікте істейтіндерден естісең, жаның жылып қалады екен. «Ие, Түркістан облысы шынымен рухани жаңаруды бастаған екен» дедік. Республика бойынша бірінші боп балаларға рухани нәр беретін басылымдарға, ақпарат құралдарына көңіл бөліп, кітап, газет-журнал оқыту мәселесіне, қазақ анимациясының ертеңіне алаңдап, ауқымды іс-шараны қолға алыпты. Сапарластарыма осы үшін де мақтанып келемін.

Кешкісін мінген пойызымыз таң ата Шымкентке көзді ашып-жұмғанша жеткізіп тастады. Бізді Шымкенттің вокзалынан Ақжол есімді жас жігіт күтіп алды. Балаларға базарлық ретінде алған газет-журнал, кітап салынған сөмкелерімізді көтерісіп бәйек болып жүр. Перроннан өте сала микроавтобусқа жайғастық та, Түркістанды бетке алдық.

Көктем шыққалы әлеуметтік желілерде Түркістан облысының қызғалдақтары көздің жауын алып, талайдың таңдайын қақтырған. Қызғалдақпен суретке түсу үшін де оңтүстікке арнайы барып жатқандар бар. Күн ысып, ендігі қызғалдақтан дым қалмаған шығар деп ойлағанбыз. Қайдан, мамырдың ортасынан асса да,  Түркістан даласы қып-қызыл кілемдей жайнап тұр. Оң қаптал қып-қызыл болса, сол қаптал жап-жасыл. Бой көтеріп келе жатқан бидайдың масағы да «қош келдің» дегендей желмен бірге сәлем салып қояды. Қазақ даласының сұлулығына көз тоймайды ғой, шіркін! Әне, алдағы бір шақырымдай жер сап-сары боп жатыр. Бұрын жаздыгүні Катонқарағайға, Марқакөлге барғанда, «біздің ауыл да неге осындай әдемі болмады екен, салып қойған суреттей ғой» деп тамсанып ем. Бірақ мен биік-биік таулар мен қарағайларды емес, қатпар-қатпар әжімі бар Қаратауды, жаз бастала салысымен-ақ сап-сары боп жататын даланы сағынады екенмін. Алысқа көз тіксең, сары даланың үстіндегі сағым алаулап жанып жатқан от секілді көрінеді. Тап осы картина мәңгілік жылулық, мәңгілік сағыныш сияқты… Сапарластарым қандай сезімде екенін білмеймін, мен жан-жағыма бірінші рет көргендей қарап, іштей сағынышты баса алмай келем.

Түркістанға кіреберістегі біраз ауыл қалаға қосылыпты. Сөйтіп жаңа Түркістан сәулеті бой көтеріп келеді екен. Қызу тіршілік. Бұрын таңғы сағат 7-де егіншілер ғана күн ысымай тірліктерін бітіруге асығатын. Енді оған құрылысшылар қосылыпты. Төрт жыл студенттік өмірімде Түркістаннан кептеліс көрмеп едім, бұл жолы автобусымыз қала ішіне кіргеннен әлсін-әлсін кідіріп жүріп келеді. Өйткені көшелерді кеңейтіп жол салып жатыр екен. Гүл отырғызып, абаттандыруды да қолға алыпты. Жайнап-ақ тұр жас Түркістан.

Түркістан облысында 905 мектеп бар

Қонақүйге заттарымызды жайғастыра сала Есім хан алаңына тарттық. Қалалық мәдениет үйінде Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Бәйдібек, Ордабасы, Сайрам, Төле би, Созақ аудандарынан келген балалар мен ұстаздар күтіп отыр еді. Қонақүйге жайғасамыз дегенше апарған газет-журналдарымызды көрмеге қойып тастапты. Балаларға арналған кітаптар мен «Сақ» киностудиясы түсірген анимациялық фильмдердің таспасы да самсап тұр. Облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев, Ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев бастаған жігіттер, жергілікті композитор Бекжігіт Сердәлі, Түркістанды түлетуге үлес қосуға барған ақын Әлібек Шегебай, журналист Тельман Бейсен секілді азаматтар балалармен бірге екен.

Сөз тізгінін ұстаған Бейсен Дәулетұлы қатысушыларға ретімен сөз беріп отырды. Жиынды арнайы ашып берген Мәлік Нұржанұлы ресмилікке салып, қағазға үңіліп тұратын жан емес. Жазушы ғой. Қазақ ақын-жазушыларын шет тілінде сөйлетіп, насихаттап жүрген маман. Тыңдар құлаққа қазіргі балалардың кітап оқуы, түлеп жатқан Түркістан жайында келелі әңгіме айтты. Тіпті кітап оқыған, кішкентайынан жазу жазып өскен баланың ертеңгі күні осындай биікке жете алатынына әдемі үлгі екен дестік. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан да балалар әдебиетіне қатысы бар мамандар келіпті. «Балапан» телеарнасының бас продюсері Сандуғаш Баймаханқызы, балалар ақыны Серікбол Хасан, Talbesik.kz сайтының бас редакторы Азамат Битан, жазушы Аягүл Мантаева, балаларға арналған ақпараттық өнімдерді зерттеп жүрген түркиялық ғалым Халил Четин, «Сақ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев секілді азаматтар алматылық делегаттармен бірге балаларды кітап оқуға қалай қызықтырамыз, қалай рухани кемел ұрпақ өсіреміз деп ой толғады. Залда отырған мұғалімдер де, әр ауданнан үздікпін деп келген балалар да бұл мәселелерге бей-жай қарамады.

Бейсен Дәулетұлы облыста 905 мектеп бар екенін айтты. Біз де осы орайда базынамызды айтып қалдық. Өйткені алды тоқсан жылдық тарихы бар «Ақ желкен» (бұрынғы «Пионер» журналы), «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан пионері» газеті), «Балдырған» басылымдарының облыстағы жазушылары тым аз. Мемлекеттің балаларға арналған саясатын жүргізетін басылымдарды өмірінде бірінші рет естіп отырған балалар бар екен. Мысалы, «Ұлан» газетіне өткен жылы Түркістан облысы бойынша 230 бала жазылса, биыл 178 бала ғана жазылған. Осы үш басылымды оқыған балалардың қандай азамат боп өсетінін айттық. Балаларды басылымдарымыздың жергілікті жердегі өкілі, яғни жас тілші болуға шақырдық. Сол сәтте балалардың көзі жайнап шыға келді. Бізде жаңа, жанашыр дос таптық деген сенім пайда болды.

Осы отырыстың көрігін «Қалқанқұлақ», «Томпақ» телесериалдарының бас кейіпкерлері Ерсұлтан Сіргебай, Нұриман Әділхан, Арман Қасымбеков қыздырды. Ән айтып, көрерменнің көңілін көтерген балалармен замандастары селфи жасап, мәре-сәре болды. «Сақ» студиясы түсірген «Түркістан» анимациялық фильмін де түркістандық оқушылар бірінші болып тамашалады.

Алтынбек ағайдың мектебі

Түскі үзілістен соң Түркістанға келген қонақтар екі топқа бөлініп, мектептерге кездесуге барды. Бір топ Майшай Әбенова атындағы мектепке тартса, біздің топқа №19 мектеп түсті. Алтынбек Махамбетұлы басқаратын мектеп қаладағы жаңа білім ордаларының бірі. 1560 бала оқиды. Оқушылары жазу-сызуға жақын екен. Соңғы он жылда мектептен 8 журналист шығыпты. Кездесуге жоғары сынып оқушылары жиналыпты. Алайда бастапқы кезде балалар бізді жатырқады ма, сұрақ қоюға именіп отырды. Біз бар білгенімізді айттық. Алғашқы махаббат туралы әңгіме айта бастағанда, оқушылар жымың-жымың етіп, орындарынан қозғалақтап қойды. «Ә, сендерге керегі осы екен ғой» деп отырғанымызда, мектеп кітапханашысы Әмина апай мен психолог Индира Тоқымбаева апайлары сөз алып, балаларға жол ашып берді. Содан кейін сұрақты қарша боратты. Балаларды мамандық таңдау, жас тілші болу, шығармашылықты жетілдіру, оқитын кітапты таңдай білу секілді мәселелер толғандырады екен. Өкініштісі, мектеп кітапханасында мемлекеттік үш басылымның да тігіндісі жоқ екен. Алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыратыны сөзсіз. Өйткені №19 мектептің жігерлі балалары бізге сұрақ қойғандай, өздерінің шығармашылығын да жаудырады деп ойлаймыз. Әр балаға бір-бір газет-журнал ұстатып, мектеп ұжымымен жылы қоштастық.

Түркістанға барғанда соқпай кетпейтін жер

Иә, Түркістанға келген әрбір адам «Әзірет-Сұлтанға» соқпай кетпейді. Ендігі беталысымыз – «Әзірет-Сұлтан» кесенесі. Онда Қожа-Ахмет Яссауиден бастап, қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың сүйектері жатыр. Мұсылман халқы ұлы бабаларымыздың рухына тағзым етсе, басқа жұрт көнеден келе жатқан тарихи ескерткішті тамашалау үшін арнайы ат басын бұрады. «Әзірет-Сұлтанға» келгенімізді жазбай-ақ қояйын деп ойлағанмын. Бірақ «Әзірет-Сұлтанның» ғажайыбын бір көрген адам мың көруден жалықпайды-ау… Біздің топтың арасында бұрын көргендер де, алғаш көргендер де тарихи ғимаратқа тамсана қарап, әрбір жәдігерге үңіліп, бас шайқаумен болды. Таныстырушы гид қыздар – Гауһар мен Қарлығаштың соңынан қалмай, мұқият тыңдадық. Оқырмандарымыз гидсіз араласа, азын-аулақ нұсқаулық болсын деп, мамандардың айтқанын да қағазға түсірдік. Сонымен, «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне бірге саяхаттайық.

ЮНЕСКО-ның қорғауында тұрған әйгілі «Әзірет-Сұлтан» мавзолейіне кіру қазір ақылы екен. 200 теңге. Аптаның барлық күні таңғы 8-ден кешкі сегізге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Туристер қапталда орналасқан есіктен кіріп-шығады. Негізі жамағатхана (қазіргі тілмен айтсақ холл) бөлмесіне кіретін «Қақпа» есігі бар. Алайда қазір ол есіктің орнына жаңа есік қойылған. Ал ескі «Қақпаны» тарихи жәдігер ретінде жамағатханадан көре аламыз. Оның биіктігі 3,7 метр, ені – 2,1 метр.

Келушілер қақ төрде орналасқан бөлмеге бірден өтеді. Неге? Өйткені онда Абылай ханның құлпытасы бар. Осы бөлме мен келесі бөлменің терезесі өрнектелген ағашпен бөлініп тұр. Ол жерде Қожа-Ахмет Яссауи бабамыз жатыр. Яссауи жатқан бөлмеге кіруге рұқсат жоқ. Тек екі қапталынан ішіне үңіліп қарауға болады. Жасыл түспен безендірілген. Яссауи бабамыздың құлпытасы да жасыл. Абылай ханның құлпытасы тұрған бөлмеде имам құран оқып, дұға бағыштайды. Ниет еткен садақаңызды молданың қолына емес, арнайы жәшікке тастайсыз. Молда садақа беруге ыңғайланғаныңызды көргенде-ақ, жәшікті нұсқайды. Жәшікке түскен садақа тарихи ғимаратты сақтауға үлес қосады. Өйткені «Әзірет-Сұлтанның» 80 пайыз бюджетін мемлекет бөлсе, қалғанын  қайырымдылық арқылы табу керек.

«Әзірет-Сұлтан» мавзолейіндегі ең басты жәдігердің бірі – Тайқазан. «Ей, Түркістанда тайқазан, ойламаңдар жәй қазан. Тең келеді әлемде, тайқазанға қай қазан?!» – деп әнге қосқан қазанымызды көру кез келген туристің мақсаты. Тайқазанды 1399 жылы Түркістанның іргесіндегі Қарнақ елдімекенінде Әбділәзиз ибн Шараф-ад-дин Табризи деген ұста құйған. Салмағы 2 тонна, сыйымдылығы 3 мың литр, диаметрі – 242 см. Ал тұғырының диаметрі – 60,7 см. Қазанның биіктігі 162 см, тұғырының биіктігі 54 см, материалы 7 түрлі металдан: мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір. Ішкі бөлігінде ешқандай ою-өрнек, жазулары жоқ.  Тайқазанның бетіндегі жазулар үш бөліктен тұрады. Жоғары бөлігінде кіріспе сөзбен басталатын Құран Кәрімнің 9-сүресінен үзінді берілген, одан кейін Пайғамбар хадисі жалғасады, одан соң қазанның Ахмет Яссауидің құрметіне Әмір Темірдің бұйрығымен 1399 жылы жасалғаны жазылып, ұстаның аты көрсетілген. Таныстырушы қыздар тайқазанның әу баста-ақ қақпағы болмағанын, тамақ істеу мақсатында жасалмағананын айтады. Қазіргі тілмен айтқанда, Ахмет Яссауидің құрметіне ескерткіш сувенир ретінде жасалған. 1935 жылы Эрмитажға көрмеге кеткен қазанды 1989 жылы этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібектің араласуымен әрең дегенде қайтарған. Айтпақшы, мавзолейдің сол жағында Өзбекәлі Жәнібекке арналған бөлме бар. Онда Өзбекәлі ағамыздың тапқан этнографиялық-тарихи жәдігерлері қойылған.

 

Кірген кезде оң жақта үлкен және кіші ақсарай бөлмелері бар. Үлкен ақсарайда мәжіліс өтсе, кішісі қабылдау бөлмесі саналған.  Қазіргі кезде кіші ақсарайда қорымнан табылған 700-ге жуық тарихи тұлғаның сүйектері жерленген. Ақсарайға кіргенде, ғимараттың екінші қабатына көтерілетін баспалдақты көресің. Алайда баспалдақты  ЮНЕСКО қарауына алғалы бері жауып қойған. Екінші қабаттағы бөлмелер кішкентай дейді. Үлкен ақсарайдан жоғары қарағанда ішке қаратылып жасалған балкондарды байқауға болады.

Тура ақсарайға қарама-қарсы дәліздің сол қапталында асхана орналасқан. Келушілерге қызық залдың бірі осында. Өйткені қайта қалпына келтірілген ошақ, көнеден жеткен қазан-астау, құмандар ешкімді бей-жай қалдырмайды. Мысалы, ағаштан жасалған астау туралы шетелдіктер түгілі, өз халқымыз қызық-қызық пікірлер айтады. XV ғасырдан жеткен жәдігерді бірі малға жем-су беретін науа десе, енді бірі адамдарға тамақ беретін ыдыс деп таласады. Ал мавзолейдегі мамандар ол ыдыспен жоқ-жітіктерге ас үлестірген дейді. Күн сайын үлкен қазанға ас пісіріп, оны астауға құйып, алаңға шығарады екен. Адамдар шетінен өздері ішетін асты астаудан құйып әкетіп тұрыпты. Сондай-ақ асханадағы көрме жаңартылып тұрады. Біз барғанда Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай безендіріліп, тарихи жәдігерлерді қойған екен.

Асханаға қарама-қарсы бетте намаз оқитын бөлме бар. Келушілердің намаз оқуына жағдай жасалған. Бөлмені екіге бөліп қойған. Бір жағына ерлер, екінші жағына әйелдер намаз оқуына болады. Ағаштан ойылған терезенің ар жағынан Яссауидің қабірін көресің.

Келушілер үшін тағы бір қызық нысан – XIV ғасырда қазылған құдық. Былтырдан бастап «Әзірет-Сұлтанға» кірген кез келген адам құдықтың суын іше алатын болыпты. Тазалығына күмән туғызбаңыздар. Құдықтан қауғамен тартып алынған су диспенсер ыдысына толтырылады. Онда тазартатын аппарат бар. Бір рет қолданатын стақандар да тұр. Ниет еткен жан судан құйып алып ішуіне болады. Туристерге арналған көзқуаныш екен дестік. «Түркістанға барғанда XIV ғасырдағы құдықтың суынан іштік» деп айта жүретіні сөзсіз.

Мавзолейден шыққасын жартылай жерасты моншасына кірдік. Археологтардың  зерттеуінше, 1580-1590 жылдары Абдулла хан тұсында кесенеге зиярат етушілерге  арналып салынған. Көлемі 17х15 метр, биіктігі 4,8 метр. Тоғыз бөлмеден тұрады: жуыну бөлмесі, ыстық, салқын су бөлмелері, массаж, тағы басқа бөлмелер. 1975 жылға дейін жергілікті  халық  монша ретінде пайдаланып келген. 1979 жылы орта ғасырлық сәулет өнерінің керемет үлгісін болашаққа сақтау мақсатында мұражайға айналдырған. 70-жылдардың соңында ел басқарып тұрған Дінмұхамед Қонаев атамыз моншаға түсіп көріп, сол моншаның үлгісімен Алматыдан «Арасан» моншасын салдырған екен. Моншаның құрылысын көргенде, «қазақтар жуынуды білмеген, малмен бірге қи сасып жүрген» дейтіндердің аузына құм құйылатыны сөзсіз. Канализация құрылысы да қазіргіден кем емес. Қазақ даласында орта ғасырда осындай монша болса, қазақ қалай салақ халық болсын?! Тіпті моншада орта ғасырда жуынған жез ыдыстарға дейін сақталған.

Моншадан шығып, «қылует» мешітіне бардық. Аңыз бойынша Қожа-Ахмет Яссауи бабамыз 63 жастан асқанда «қылует» мешітінде тұрған деген дерек бар. Қылует сөзі араб тілінен аударғанда оңашалану деген мағынаны білдіреді. Қылует мешіті жер астынан қазып салынған. Күмбез тұратын жамағатхана жердің үстіңгі бөлігінде орналасқан. Жамағатханада ғана терезе болған. Қылует мешітінде адамға өмір сүруге қолайлы жағдайдың бәрі болыпты. Шаруашылық бөлмесі, асхана, мешіт, жамағатхана, жуынатын бөлме, дәрет алатын бөлме, кітапхана секілді 18 бөлме бар. Барлық бөлме қабырғасында шам қоюға арналған ойықтар кездеседі. Қожа-Ахмет Яссауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бөлменің қабырғасы және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланған. Қазір ол жер жабық тұрады. Қоршаудан үңіліп қарауға ғана мүмкіндік бар. Айтпақшы, «қылует» мешітінде де намаз оқуға жағдай жасалған. Біз барғанда тәу етіп келушілер намаз оқып жатты.

Түркістандағы туристік полиция

Мешіттен шыққанда алдымыздан шағын, ашық көлікке отырған форма киген қыз-жігіттер шыға келді. Сөйтсек, олар туристік полиция болып шықты. Сол күні олардың алғашқы жұмыс күні екен. «Қорық-музейдің аумағы 88 гектар. Күн сайын түрлі адамдар келеді. Біздің міндетіміз – келген туристерге көмек көрсету. Өңір туристік аймақ ретінде дамуды қолға алып жатқандықтан, туристерге қарсы түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу керек. Туристік полицияға жұмысқа тұру үшін тіл білу маңызды. Сондықтан қазақ, орыс, ағылшын, түрік және өзге түркі тілдес халықтардың тілін білетін мамандар таңдап алынды. Қазіргі кезде Түркістанда біздің қызметкерлердің саны бесеу, Отырардағы «Арыстанбабта» да солай», – дейді туристік полицей Шыңғыс Ибраев.

Алдағы уақытта, бәлкім, туристік полиция қызметкерлерінің саны артады. Өйткені «Әзірет-Сұлтанның» айналасын ортағасырдағы шығыс стиліндегі қала ретінде салу жоспарлануда. Мавзолейдің маңында биік-биік ғимараттар болмайды. Сонда көне қаланы тамашалауға келетін шетелдік туристердің де саны артатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде амфитеатрдың, әуенді субұрқақтың құрылысы басталып кеткен. Жергілікті халық та «Құдайға шүкір, облыс орталығында тұрамыз» деп мәз. Келесі келгенде қалай түрленеді екенсің, Түркістан?

жалғасы мына сілтемеде

Жадыра НАРМАХАНОВА

Ұлан» газеті, №22
28 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз