Бала кезімізде теледидардан оркестрдің концертін көре қалсақ, назарымыз бірден дирижерге ауатын. Оның сөйлемей-ақ, анандай іс-қимылмен оркестрдің қалың құрамына қалай түсіндіріп тұрғанына таңданып, ұзақ қарап отыратын едік-ау. Бала кезіміз дейміз, шынында, әлі де түсінбейтініміз өтірік емес. Дирижер қандай маман, тарихы қандай, оркестрді қалай ойнатады – осы сұрақтың бәрін Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Абылай Тілепбергеннен сұрап білдік.

– «Дирижер» деген түсінік шамамен XVII ғасырда пайда болды. Бірақ ол кезде дирижердің қызметі қазіргідей болған жоқ. Адам бойынан да ұзын үлкен таяқпен жерді соғу арқылы музыканттарға ырғақ беріп тұратын болған. Сол арқылы аспаптар бірдей ойнайды екен. Одан кейін дирижерлік сала дамып, ХVІІІ ғасырдың соңында кәсіби деңгейге жетті. Сырт көзге дирижер артық адамдай көрінеді. Оны көп адам айтып та жүр. Дирижердің аспабы – оркестр. Дирижердің көрсетуімен әуен бір ырғаққа түседі. Мысалы, бір аспаптың дыбысы күшейіп бара жатса, оны басады, аспаптардың ойналу кезегін нұсқап тұрады. Барлығын нақты көрсетеді. Дирижер оркестр мүшелерінен бір бас жоғары тұрады. Яғни дирижер өте білімді, есту қабілеті өте жақсы дамыған, белгілі бір аспапта мықты орындаушы болу керек. Сол арқылы оркестрге шығарманы таныстырады, тарихын баяндайды. Содан кейін барып жұмысқа кіріседі. Дирижер музыка арқылы айтқысы келген ішкі ойын, жандүниесін оркестрге береді. Ал оркестр оны халыққа жеткізеді.

XIX ғасырда дирижерсіз оркестрлер болған. Бірақ олар бірнеше концерттен кейін сәтсіздікке ұшырады. Неліктен?! Себебі бір ырғақта ойнау уақыт өте келе қиындай берген. Әр кештің бір концертмейстері болады. Айналып келгенде ол да дирижердің қызметін атқарып тұрды. Сондықтан қазір әлемде дирижерсіз оркестр жоқ.

«Құрманғазы» халық аспаптар оркестрін 1934 жылы барлығымыз білетін академик Ахмет Қуанұлы Жұбанов атамыз құрды. Алғашқы құрамда 11 домбырашы болған. Орыс халқының «В.Андреев оркестрінің» үлгісінде жасаған болатын. Құрамында Лұқпан Мұхитов, Қали Жантілеуов, Махамбет, Науша Бөкейхановтар, Қамбар Медетов секілді халық күйшілері болған. Бұл кісілер Құрманғазы, Дәулеткерей, Мүсірәлі күйшілерден жеткен дәстүрді сақтап келді. Репертуарлық қорлары да мол еді. Кейін келе оркестр құрамы өзгерді, музыканттармен толықты. Бүкілодақтық фестивальдерге қатысып, үлкен абырой жия бастады.

Оркестрдің құрылуында неше түрлі қиыншылық болды, әрине. «Домбыра мен қобызды үйіңе іліп қана қойсаңшы» деп күндейтін де адамдар болған. Бірақ Ахмет атамыздың мойымай істеген еңбектері өте көп. 1934 жылы ең алғаш ғылыми зертхана ашып, көп аспабымызды жетілдірді. Бұрынғы 12-13 перделі домбыраларды 19 пернеге жеткізді. Қылқобыздарды да дамытты. Прима қобызды дүниеге әкелді. Одан кейін дирижерлер да көбейе бастады. Алғашқы кәсіби дирижер деп Шамғон Қажығалиевті атаймыз. 23 жасында оркестрдің дирижері болды. Содан бастап оркестрді 47 жыл басқарды.

– Музыканттар дирижердің іс-қимылын қалай түсінеді?

– Музыканттардың барлығы халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жеңімпаздары. Яғни тегін адамдар емес. Барлығы да кәсіби, мықты мамандар. Ал түсіндіру жағы әр дирижерде әрқалай. «Дирижер – сиқыршы» дегенді бірнеше жерден оқып едім. Дирижер қалай көрсетсе де музыканттар соны түсінеді. Ең басты мақсат – халыққа жақсы жеткізу.

– Музыканы оркестрге дайындайтын – көркемдік кеңес. Ал шығарманың шығуына дирижер қаншалықты рөл атқарады?

– Барлық қызық концертке дейін болады. Мен оркестрдің алдына шығу үшін орындалатын музыкаға әбден дайындаламын. Мысалы, «Қайран шешем» күйінің тарихы қандай, Құрманғазы атамыз оны қандай көңіл-күймен шығарды, соның бәрін бойға сіңіремін. Бұған қоса, әр дирижер музыканы қалай сезеді, солай суреттейді. Көп нәрсе білімге байланысты. Өзіңе берілген уақытта оркестрге түсіндіре білу керек. Өзің де шаршамай, оркестрді де шаршатпай, бір үндестікті табу қажет. Сонда ғана халықтың жүрегіне жетеді.

– Шетелдік мықты дирижерлерден дәріс алып қайтыпсыз…

– Дирижерлік бағыттағы ұстазым – кәсіби дирижер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Базарғали Жаманбаев. Одан да бөлек дәріс берген ұстаздарым өте көп. Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков, Рахат Мәдіреев ағалардан көп нәрсе үйрендім. Біліктілікті арттыру мақсатында Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларында тәжірибе алдым. Басқа елдерде де оқуға мүмкіндік болды, бірақ дирижерлік мықты мектеп Ресейде екенін мойындау керек.

Себебі онда дирижерлік жылдар бойы қалыптасты, классикалық дирижерлер де шықты. Әлемге әйгілі дирижер Геннадий Рождественскийден дәріс алдым. Жақында өмірден өтті. Ол кісі шетелде тұрған, әлемді аралап концерт қойып жүріп, Мәскеуге жылына бір рет келіп тұратын болған. Мен Мәскеуге барған тұста сол кісінің сабағы боп жатыр екен. Тұспа-тұс келіп қалдық. Ондай мүмкіндікті жіберуге болмайды, сабағына қатыстым. Санкт-Петербург қаласында да үлкен ұстаздардан сабақ алдым. Юрий Хатуевич Темиркановтың дайындығына қатыстым. Ол кісінің бір сағаттық дәрісі маған өмірлік сабақ болды. Бұл кісінің жұмыс істеп тұрған орнында атақты Петр Ильич Чайковский болған екен. Ол жердің аурасының өзі бізге ерекше әсер етті.

– Инстаграм парақшаңызды қарап шыққан едім. Тамаша бір естелігіңіз бар екен. Бала кезіңізде Қаршыға Ахмедьяровтың алдында күй тартқан екенсіз. «Сол сәт түсірілген суреттегі Қаршыға күйшінің көзқарасы маған Моно Лизадан да жұмбақ» деген екенсіз…

– Дирижер бір аспапта орындаушы болу керек деп айттым ғой. Мен домбырашымын.
Домбырашылықты да, дирижерлікті де оқыдым. «Қазақ оркестрінің басында күйші тұру керек», – деген Ахмет Жұбановтың сөзі бар. Бұл заңды. Ал бұл оқиға 2001 жыл болу керек. Домбыраны 5 жасымнан бастап тартып келемін. Осы кезде Қаршыға атам ерекше назар аударған болатын. Бұдан кейін ол кісіге шәкірт болдым. Есімнен кетпейтін ең бір әдемі оқиға – Алматыға шақырып, домбырасын сыйлағаны. Артқан үміті мол еді.

«Күй – адамның жаны, қасиетті ұғым. Күйді ойнаған да, тыңдаған да адамның жүріс-тұрысы, бет-әлпеті басқаша болып тұрады. Дәстүрлі ән де солай. Домбыраны үйрену кез келген жас үшін ешқашан кеш емес. Бірақ күйге, дәстүрлі әнге ананың құрсағында жатып баулу керек. Жүкті әйелге күй мен дәстүрлі әнді тыңдата беру керек. Солай өмірге келген бала ұлтын сүйгіш болады. Қазір Елбасының да дәстүрлі музыкаға, домбыраға танытып жатқан оң көзқарасы тегіннен-тегін емес деп ойлаймын. «Рухани жаңғыру» да, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да руханиятқа, ән мен күйге жаңа серпін берді. «Домбыра» ұлттық арнасы ашылып жатыр. «Домбыра күні» деген арнаулы мереке белгіленді».

– Домбыра өзіңізде ғой?

– Иә, үйде сақтаулы. Жұрт алдына көп алып шыға бермеймін. Болашақта музейге тапсыратын шығармын.

– Ұлттық аспаптар оркестрі дейміз. Оркестрде барлық аспаптарымыз қамтылған ба?

– Қазақ даласындағы бұрын-соңғы кәсіби оркестр – Құрманғазы оркестрі екенін білесіздер. Әрине, барлық аспабымыз бар, бірақ кейбір шығарманы орындау мүмкіншілігіне байланысты кірме аспаптар енгізілді. Олар – скрипка, виолончель, ысқышты контрабас, флейта, тағы басқалары. Сол дәстүр әлі де жалғасып келе жатыр. Қазақ оркестрінің басқалардан ерекшелігі – күйден басқа кез келген классикалық шығарманы орындай алады. Симфониялық оркестрлер секілді жоғары дәрежеде орындай аламыз. Нұрғиса Тілендиев атындағы қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық халық аспаптары оркестрін айтпай кетуге болмайды. Мұнда біздің ұлттық аспаптарымыз өте көп. Дегенмен мұнда да кірме аспаптар бар. Әрине, заман бір орында тұрмайды. Сондықтан дирижерден бастап әрбір музыкант үнемі ізденісте боламыз.

«Әке-шешем музыкант емес, менен әнші не күйші шықпайды» деген ой қате. Ата-анаңыздың бойында болмаса, арғы ата-әжеңіздің бойында болғанына шүбә жоқ. Алтыншы немесе жетінші атаңызда бар шығар. Себебі, «әу демейтін қазақ жоқ» дейтін халықпыз. Домбыра тартсаң, алпыс екі тамыры балқымайтын қазақ жоқ. Сондықтан кез келген адам қай жаста болса да домбыра үйренуіне болады. Сосын кітап оқымаған баладан мықты музыкант шықпайды. Кітап – адамды түзейді, ой-өрісті кеңейтеді, бекзаттықты қалыптастырады. Мұның бәрі болашақ музыкантқа керек.

– Ізденіс демекші, сіздің алдыңызда бас дирижер қызметін атқарған Арман Жүдебаевтың «Оркестрлер тартысы» үлкен жаңалық болды. Халықтың да көңілін көтеріп, бір серпілткен болатын. Осындай тың дүниелерді жасағыңыз келмей ме?

– Дирижер барлық атақ-абыройды өзі үшін емес, оркестр үшін жинайды. Болашаққа жоспарлаған ойларымыз өте көп. Биыл оркестрдің 85 жылдығы. Басқа форматтағы кешіміз көп, бұйырса. Бірақ негізгі жолымыздан ауытқымаймыз. Эстрадалық, классикалық немесе поп бағытқа кетіп қалуға болмайды. Ұлттық бағытымыздан, қоңыр үнімізден алшақ кетпеуіміз керек.

– Оркестр шетелге жиі шығады. Шетелдіктер біздің қай шығармамызды ерекше ықыласпен қабылдайды?

– Шетелде көп боламыз. «Екі ішекті аспаптан мынадай әуен қалай шығады?» деп концерттен соң талай адам келген. Күні кеше Испанияда болып қайттық. Шетелге негізінен ұлттық музыкамызды алып барамыз. Сонымен бірге шетелдік классикалық шығармаларды да орындаймыз. Бірақ олар шетелдің музыкасын әбден тыңдаған. Одан гөрі өзіміздің күйлерді көп сұрайды. Испандарға Құрманғазының «Серпер», «Адай», «Балбырауын», Тәттімбеттің «Сарыжайлауы», «Сылқылдағы» ерекше ұнады.

– «Қазір дәстүрлі музыка кештерінің барлығында «Адай» мен «Сарыарқа», «Көңіл толқыны» күйлерін қайта-қайта орындай береді. Қайта-қайта тыңдаған сайын жалығатын сияқтысың. Құдайға шүкір, бізде күй көп қой, соларды неге оркестрмен жаңа бағытта орындамасқа», – деп бір досым ой айтып еді. Расында-ау деп ойланып қалдық. Осыған қандай уәж айтасыз?

– Күйдің қоры мол. Бүгінге дейін жеткен он мыңнан аса күйіміз бар. Ал «Адай» мен «Сарыарқа» не үшін орындала береді?! Себебі, бұлар – оркестрдің бренді. Досыңызға бұл күйлерді үйде жатып тыңдағанша, оркестрге келіп тыңдаңыз дер едім. Өйткені, басында айтқанымдай, әр дирижердің ішкі жандүниесі әрқалай болады. Музыканттар да солай. Адамның көңіл-күйі ауа райы сияқты. Сол үшін оркестрден музыка әр кезде әр- түрлі шығады. Мысалы, қазір «Адайды» жеті рет орындайтын болсақ, жетеуі жеті түрлі шығады. Бахтың, Моцарттың, Шопангауердің музыкаларын қанша ғасыр өтсе де шетел әлі күнге тыңдайды. Себебі олар концерттерге барып, залдан тыңдап тұрады. Сол сияқты «Адай» мен «Сарыарқа» да ешқашан өлмейді. Үлкен-үлкен концерттерді бергенде халық жалығады-ау деп бұл күйлерді орындамай-ақ қояйықшы деп шығамыз. Бірақ халық бәрібір шапалақ ұрып, «Сарыарқаны» сұрап тұрады.

Оркестрдің қоры да мол. Сонау заманнан жиналып келе жатқан төрт мыңнан аса шығармамыз бар. «Сарыарқаның» орнын баса ала ма, жоқ па, білмеймін, оларды жаңғырту үшін жасап жатқан жұмыстарымыз көп. Мұндай қор мен ұлт аспаптар оркестрі әлемде жоқ. Оркестрде 85 музыкантымыз бар. Болашақта көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Жазып алған
Асылан ТІЛЕГЕН

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз