Әлемдегі тұңғыш фотоаппарат 1826 жылы ойлап табылған. Ол қарапайым, қимылсыз сурет қана түсіретін. Ал қимылды жазуға арналған камера 1891 жылы ойлап табылды. Ондағы ең бірінші түсірілген бейнеролик адамның түшкіруі болатын. Бүгінде 2-3 секундтық роликпен ешкімді таңғалдыра алмайсың. Бірақ, сол заманда бұл адамзат санасына төңкеріс әкелген еді.

Қарапайым отбасында бейнеролик түсіруге арналған қарапайым камераның болуы ХХІ ғасырдың алғашқы жылдарына дейін сирек кездесетін дүние болатын. Ал қазір адам өміріндегі әрбір сәттің бейне- нұсқасын жазу өте оңай іске айналды. Тіпті оны өзіңіз түсірмесеңіз, сізді сыртыңыздан түсіреді. Сіз оны байқамайсыз және сіз түскен бейнеролик белгілі бір тұлғалар тарапынан керек болған күнге дейін белгісіз болып қала береді.

Досхан: Алғашында тарихи сәттерді, кинофильмдер мен телебағдарла-маларды ғана түсіруге арналған камералардың бүгінгі күні қолданылатын аясы көп. Қала көшелері, ойын-сауық орталықтары, студенттік жатақханалар мен оқу корпустары, вокзалдар мен әуежайлар секілді халық көп жиналатын орындарды бақылау камераларынсыз елестету мүмкін емес. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің подъездерін былай қойғанда, кейбір тұрғындар жекеменшік үйлерінің де аулалары мен сыртқы есіктеріне бейнебақылау орнатқан. Көп мекеменің дәліздері ғана бейнебақылаумен жасақталса, кейбірінің жұмыс кеңселеріне де орнатылған камераны байқауға болады. Яғни бүгінгі қарапайым қала тұрғынның жекеменшік пәтерінен тыс жерде өтетін 100 пайыз өмірінің кемі 40 пайызын қаладағы әр тұста қойылған бақылау камераларынан жинап, құрастырып шыға аламыз. Егер, ол адамның жұмыс орнында да бейнебақылау орнатылған болса, бұл көрсеткіш 70-80 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін.

Мысалы, мен 2012 жылы оқуға түсіп, жатақхана тұрғынына айналдым. 2014 жылы біз тұратын жатақхананың бүкіл дәлізі бақылау камераларымен жасақталған еді. Яғни, менің жатақхана қабырғасында өткен соңғы екі жылдық өмірімнің бейненұсқасы бар. Бір жағынан қуануға болатын секілді. Өйткені естелігің бар.

Жатақхана әрбір студенттің ортақ үйі. Ал әрбір адам өз үйінде өзін жайлы сезінуі тиіс. Ал біз бейнебақылау орнатылған күннен бастап түнгі 11:00-ден кейін дәлізге шыға алмай қалдық.

Жатақхана алаңқайындағы студенттік әңгімелер, шырқалатын ән, балкондағы кездесулер секілді нағыз студенттік күндердің қызықтарынан қағылдық. Біздің сонша жақсы көретін үйіміз студенттік уақыттың соңғы екі жылында тамақ ішіп, ұйықтау үшін ғана келетін орынға айналған еді. Біз осылай үйімізден, жеке өмірімізден айырылдық. Шағым айтсаң, қауіпсіздік үшін дейді. Ойланасың. Қауіпсіздік пе, адамның жеке өміріне қол сұғу ма?

Жандарбек: Иә, Досхан! Қазір бейнебақылаусыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Біздің дәуір – технологиялардың қарыштап дамыған дәуірі. Бір ғана мысал, күнделікті қолданыстағы ұялы телефондарды айтсақ та жетіп жатыр. Жиырма төрт сағат уақытымыздың кемі он бес сағаты смартфонсыз өтпейді. Тіпті біз сонымен ұйықтап, соның шырылынан оянамыз. Жиын-тойлар мен мерекелік кештердің, отырыстың бәрі камераның назарынан тыс қалмайды. Қала көшелерінде, қоғамдық көліктерде де экранға үңілген бір адамды көресіз. Оның үстіне қазір әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұрған уақыт. Смартфоны бар адамдарды фото-видеосыз елестетудің өзі күлкілі көрінеді. Сонда қала тұрғындарының камера алдындағы өмірі сен айтқан қырық пайыздан көбірек екені мәлім боп шығады.

Күнделікті қолданып жүрген ұялы телефондар өшірулі тұрса да ақпараттар жазылады-мыс. Смартфондарда тыңдау қызметі жұмыс істейді. Ұялы телефондағы біздің әр әрекетіміз тіркеліп отырады. Бұл дегеніңіз сіздің барлық әрекетіңіз бақылауда деген сөз. Осы тақырып төңірегінде іздену барысында деректі фильмдерді көрген едік. Бір деректі фильмде ресейлік жігіттің оқиғасы баяндалады. Бір жігіт LG компаниясынан қомақты қаржыға смарт теледидар сатып алған. Интернет арқылы жұмыс істейтін «ақылды» теледидар арқылы ол туралы барлық ақпарат компанияға таратылып отырған. Нәтижесінде «жеке өміріне» қол сұғылғанын білген жігіт әлгі компания өкілдерімен соттасып, моральдық шығын өндіріп алған екен. Бұдан не түюге болады? Яғни мұнымен белгілі бір деңгейде адам еркіндігі шектеледі. Қылмыс жасамасаң да өзіңді жайсыз сезінесің…

Досхан: Сен айтқандай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады және осындай мысалдарды ойлаған сайын Дж.Оруэллдің «1984» кітабы мен О.Хакслидің «О, таңғажайып жаңа әлем» атты антиутопиялық кітаптары еске түседі. Есіңде болса, «1984» атты романының оқиғасы өрбитін қаланың әрбір бұрышында, әрбір үйде, пәтерде «телеэкран» деген дүниенің орнатылғаны туралы айтылатын. Ол бір жағынан мемлекеттердегі жаңалықтарды көрсететін теледидар рөлін атқарса, екінші жағынан бүгінгі камераның рөлін атқарған. Яғни адамның үйіндегі барлық істері бақылауда. Сонда автор Джордж Оруэллдің кейіпкері арқылы толғанатын сөзі есіңде ме?

«Біздің қоғамда адамның жеке өмірі деген түсінік жоқ. Олар тек қана мемлекеттің бақыты мен дамуына жұмыс істейді. Өзінің жеке бақыты болмаған адамның жұмысынан басқа ойлайтыны болмайды».

Ал О.Хакслидің романында керісінше, бүкіл адамның жеке өміріне жағдай жасалған. Барлығы оңай. Бірақ, оның жасаған қоғамының да адамдары бақытсыз, жалғыз.
Яғни шексіз еркіндік те, шектен тыс қыспақ та адамды бақытты ете алмайды. Ал адамы бақытсыз қоғам құрған мемлекеттің өзі де бақытсыз.

Бүгінгі қоғам екі автордың қосындысынан шыққандай. О.Хакслидің кітабындағыдай барлығы еркін секілді және Дж.Оруэллдің романындағыдай сол еркіндігіңнің сыртынан бақылап тұрған белгісіз күштің барын тағы сезесің.

Жандарбек: Алғашында «Еуропадағы соңғы адам» деп атаған шығармасын Дж.Оруэлл 1948 жылы аяқтайды. Кітаптың атауы баспагерге ұнамай, кейін көп ойланбай шығарма аяқталған жылдың соңғы екі санын өзгертіп «1984» деп қоя салған екен. Болашақты дұрыс болжаған шығарма 35 жылдан соң қатты оқылыпты дейді. Осы жерде бір қызық деректі айтқым келіп отыр. Әйгілі шығарманы оқыған канадалық «The Star» басылымының қызметкерлері америкалық жазушы Айзек Азимовқа қызық ұсыныс айтқан. Олар жазушыдан 35 жылдан кейін әлемді қандай өзгерістер күтіп тұрғанын болжауды өтінеді. Яғни 2018 жыл. (1984+35=2019). Жазушы бұл ұсынысты қабыл алып, 2019 жыл туралы болжамын жазған. Азимовтың жорамалдауынша, 2019 жылы адамдарды үш негізгі мәселе қатты алаңдатады. Олар: ядролық соғыс қаупі, жаппай компьютерлендіру және ғарыш кеңістігін пайдалану.

Ядролық соғыс қаупі туралы екі күннің бірінде жаңалықтардан оқып жүрміз. Жаппай компьютерлендіру мәселесі де бүгінгі күні өте өзекті. Себебі, қазір компьютер тілін меңгермеген адамды қоғам қабылдамайды. Ал ғарышты игеру ісін Илон Масктың жанкешті әрекетіне қарап бағамдауға болады. Азимовтың бұдан 35 жыл бұрынғы болжамының жартысынан көбі жүзеге асты деп айтуға болады. Бұл жай ғана сәйкестік емес шығар. Қазіргі уақытқа қарап отырып еріксіз бас шайқайсың…

Мұндай мәселелерді әлі де тереңінен қаузауға болады. Бірақ негізгі әңгімеге оралайық. Бір ғана бейнебақылау туралы әңгіменің артында осынша үлкен мәселе барын біреу білсе, біреу білмес. Жаппай компьютерлендіру дәуірі бүгінгі технологияның одан әрі дамуына жол ашты. Қауіпсіздік үшін делінген бейнебақылаулар белгілі бір деңгейде адам еркіндігінің шектелуі мүмкін екенін жоғарыда айттық. Осы тұста камера бар жерде адам өзін қалай ұстайды, сырттан бақылау сезінудің адам психологиясына әсері төңірегінде психолог маманның пікірін білгім келді.

Айгүл ТҮЗЕЛБАЙҚЫЗЫ, психолог: 

Бейнебақылаулар қазір бүкіл жерде бар. Менің ойымша, оның зиянына қарағанда пайдасы көп. Егер жүз пайыздық өлшеммен қарасақ, 80%-ы пайдалы, 20%-ы зиянды жағына жатады. Камера жұмысты жеңілдетеді. Мәселен, мектептерде камера бар делік. Оның барын сезген мұғалім де, оқушы да өз міндетіне ұқыпты қарайды. Білім сапасының жоғарылауына септігін тигізеді. Ол адамға жауапкершілік артады. Мен де жұмыс орныма бейнекамера орнатып қойғам. Барлық кабинетте бар. Әрине, камера арнайы орындарда болмаса, кез келген жерге қойылмайды. Жұмыс беруші басшылық қоластындағы қызметкерлерге жұмыс орнында камера бар екенін ескерту керек. Егер ескертілмеген жағдайда жұмысшының құқығы бұзылған болып есептеледі. Кері әсеріне келер болсақ, жан-жағынан камера қоршаған кезде адам өзін еркін сезіне алмайды.

Психоэмоционалдық жағынан кері әсерін береді. Әсіресе, бұл мектеп оқушыларына қатты әсер етеді екен. Өмірде сондай бір жағдай болған. Бір мектеп оқушысы өзінен кіші момындау оқушыны өз жағына тартуға ұсыныс жасайды. Әлгі кішкентай бала оған келіспепті. Содан екінші бала камерамен қорқытып, күш көрсеткен. Сенің барлық іс-әрекетің камера бақылауында. Жүрген-тұрғаныңның бәрі камераға жазылып жатыр. Кез келген әрекетіңді әшкерелеймін деп қорқытқан. Мұны естіп қорыққан әлгі баланы үрей билеген. Мінез-құлқы өзгеріп, киім ауыстырса да жарықты өшіріп ауыстыратын болған. Ата-анасы түсінбей, мән-жайды анықтауға кіріседі. Істің жай-жапсарын сұрастыра келе, жоғары сынып оқушысының камерамен қоқан-лоққы көрсеткенін анықтаған екен. Мұндай жағдайлар жиі болмаса да, ара-тұра болып тұрады.

Жалпылап айтсақ, қазіргі уақытта видеокамералар біз үшін таңсық емес. Келешекте кез келген адам камера бар деп қысылмайтын болады. Біз әлі сондай жағдайға жетеміз. Камера біздің досымызға айналады. Сондықтан, менің пікірімше, оның зиянынан пайдасы көп.

Досхан: Психолог сөзінің жаны бар. Әлемдік ғалымдар бүгінгі бақылау камераларының көптігін адамзат «қауіпсіздігінің» кепілі деп түсіндіреді. Олардың да алға тартқан мәселелері дұрыс. Бүкіл әлемдік қауіпсіздік ұйымдары алдағы уақытта қылмыскерді қылмыс жасауынан бұрын табуға талпынып жатыр. Ал бұл үшін адамның жеке өміріне қол сұқпау мүмкін емес. Яғни адамзат алдында таңдау тұр. Жеке өміріңді, жеке бақытыңды қауіпсіздігіңе айырбастау. Бұл тұрғыда адамзат санасының эгоизмнен алыс кетпегенін ескерсек, осы мәселе төңірегінде талқылау да, талас та толастамасына көзіміз жетеді. Жеке өмір мен адамзаттың қауіпсіздігі деп біз өте кең көлемде алып отырмыз. Әрине, көшелердегі бақылау камераларына адам көп назар сала бермейді. Бірақ, оқу орындарындағы кабинеттерге, жатақханаларға, жұмыс кеңселеріне бақылау камераларын қою қаншалықты дұрыс? Жұмыс өнімділігі мен білім сапасын білмеймін, бірақ конституциялық тұрғыдан бұл қаншалықты дұрыс? Журналистік зерттеу жүргізген едік.

Заң не дейді?

Жалпы әлемде бейнебақылау тыныштық күзетшісінің рөлін атқарып жүргені белгілі. Дегенмен, бейнебақылау төңірегіндегі басты мәселелердің бірі адамның жеке өмірі болып отыр. Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының бірінші тармағында: «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар», – делінген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 142-бабының 1 тармағына сәйкес: «Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау не өзге де дербес деректерді заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесінде адамның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру – айлық есептік көрсеткiштің төрт жүзден жетi жүзге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады».

Сондықтан, адамның жеке құқығы мен өміріне қол сұғатын аймақтарда бақылау камераларының қойылуы заңсыз. Ал бейнебақылау қоғамдық орындарға қылмыстық істер анықтау мақсатында қойылып, басқарудың бір орталығына бағындырылған болса, бұл заңды болып есептеледі. Қазіргі таңда көшелердегі, қоғамдық орындарда қойылған бейнебақылаулар осы тәртіпті негізге алады.

Десек те, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 145-бабы, 2-тармағына сәйкес: «Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) бейнеленген адамның келiсiмiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келiсiмiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келiсiм талап етiлмейдi».

Қоғамдық орындардан бөлек бүгінгі күні көпқабатты үйлердің подъездеріне, кейбір мекемелердің дәліздері мен жұмыс кеңселеріне бейнебақылау орнатылған.

Подъездер, жұмыс орындарының дәліздері мен жұмыс кеңселеріне бейнебақылау орнату – тұрғын үйдің тұрғындары мен жұмыс орнының қызметкерлерінің тікелей келісімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл объектілерде жасырын бейнебақылау орнатуға жұмыс берушінің де, тұрғын үй әкімшілігінің де заңды құқы жоқ. Сонымен қатар, осы мекендерге бейнебақылау тиісті азаматтардың келісімімен орнатылған күннің өзінде, ол объектілердің жұрт көзіне тікелей түсетін орындарына «Бейнебақылау жүргізілуде» деген жазба ілінуі тиіс.

Тағы бір ескеретін дүние, мекемелер мен подъездерде бейнемен қоса дыбыс жазуға қабілетті камералар орнатуға жол берілмейді. «Бейнебақылау жүргізілуде» деген жазба кез келген бейнебақылау жүргізілетін объектіде ілініп тұруы тиіс. Өйткені, ойын-сауық орталықтарына, супермаркеттер мен сауда орталықтарына, дүкендер мен бейнебақылау орнатылған мекемелерге кірген адамдар өзінің камера назарында тұрғанын білуі керек.

Жұмысқа қабылданатын қызметкер мен жұмыс берушінің арасынғы келісімшартта да жұмыс орнында бейнебақылау жүргізілетіндігі жөнінде немесе керісінше мәтіндегі бөлім болып керек. Қызметкер келісімшарттағы сол бөлімді оқи отырып өзі шешеді.

Оқу кабинеттеріндегі камералардың да негізгі сүйенер принципі осылар. Өйткені оқу кабинеті мұғалімнің жұмыс орны.

(Зерттеу «ZAN» заңгерлік компаниясының қызметкері Жүнісова Айгерімнің зерттеуі негізінде жүргізілді. Қазақстан Республикасының заң мәтіндері «adilet.zan.kz» сайтынан алынған)

IT-маман не дейді?

Нұрбақыт ЖҰЛДЫЗБАЙҰЛЫ, Bugin Holding бірлестігінің бас IT-маманы:

Маман ретінде камераға қатысты үш анық нәрсені айта аламын: бірінші – қауіпсіздік. Технократтар үшін оның компьютері, бағдарламаға арналған техникалары өте маңызды. Оның бағасынан бұрын, ішіндегі ақпарат пен кодтар өте қомақты көлемде ақша тұруы мүмкін. Сондықтан бұл ең бірінші қауіпсіздік. Екінші – жұмысқа назар салу. Яғни адамдар компьютер алдына отырып, бос уақытында фильм немесе YouTube-тан видеолар қарамайды. Барынша жұмысын өнімді етуге тырысады. Мен шығармашылыққа жақын адам емеспін. Қазіргі таңда менің мамандығымдағы мамандар – жартылай роботтар. Сондықтан оларға бос уақыт бермей жұмысқа салса, көп нәтиже күтуге болады. Үшінші – қызметкерлердің өзіне сыйластығы. Адамдар камера тұрған жерде барынша мәдениетті болуға және дұрыс киінуге үйренеді. Сол себепті бұл қазіргі мәдениетті қалыптастырудағы керек техникалық құралдардың бірі дер едім.

Марғұлан АҚАН, Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасының бас редакторы:

Камера негізінен адамның еркіндігін бұзады. Кез келген қызметкер көз алдында камера тұрса, өзін ыңғайсыз сезінеді. Оның жұмысты еркін және сапалы жасауы 100-ден 60%-ға азаюы мүмкін. Алайда камера ұрлық-қарлықтан сақтауы мүмкін. Бұл жағынан келген кезде түсіністікпен қарауға болады. Камераны кез келген мекемеге орнатуға өз басым қарсымын. Арнайы кәсіппен немесе қымбат бұйымдармен айналысатын орталықтар болмаса, шығармашылықпен айналысатын бөлімге, жұмыс орнына камера қойғаннан гөрі, оны тек бақылау керек. Камера болмағанға дейін оны бақылаушы және қарап отырушы адам болған. Мәселен, ол бөлім бастығы болуы мүмкін немесе арнайы осы жұмысқа белгіленген ассистент. ХХІ ғасырда камера деген қалыпты жағдай. Бәлкім, адамдарға көзді де, өздерін де үйрету керек шығар.

Досхан: Кеңсе қызметкері Марғұлан Ақанның сөзі орынды. Бейнебақылау орнатылуы керек қызмет түрлері болады. Мысалы күзет, авиа және авто диспетчер, банк саласы және қымбат бұйымдар сату, сатып алу секілді қызмет салаларында бейнебақылаудың пайдасы орасан. Ал шығармашылық немесе жұмыс өнімі көлеммен өлшенетін салаларда бейнебақылаудың қажеті жоқ. Өйткені шығармашылық жұмыстар еркіндікті талап етеді және ол қызметкердің жұмыс орнында отыруы шарт емес. Оның беретін өнімі маңызды. Бұл топтағы қызметкерлер атақты Стив Джобстың сөзін негізге алатындар. Он екі сағат емес, баспен жұмыс істеу керек.

Сонымен, сөзімізді қорытындылай келе айтпағымыз мынау: бейнебақылау орнатылатын кеңселерде: оқу аудиторияларында міндетті түрде қызметкерлердің келісімі алынуы керек. Сонымен қатар, барлық бейнебақылау орнатылған объектіде бейнебақылау жүргізілетінінен хабардар ететін жазба ілінуі қажет. Олай болмаған жағдайда кез келген азамат тиісті орындарға шағымдануға құқылы. Бейнебақылауға түскен адам бейнесін оның рұқсатынсыз жариялауға, таратуға ешкімнің құқығы жоқ.

Осындай заңды іс-әркеттер орындалған кезде ғана адамдар бейнебақылау объектілеріне сеніммен, қауіпсіздік ретінде қарай алады.

Мақаланы дайындағандар:
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз