Қазақта қол бастағандарды жалпылама қолбасы, батыр деп, ал құрамындағыларды жауынгер, жасақ деп атағанмен, олардың әрқайсысының нақты лауазымы болған. 

Көшпелі түркі халықтарының әскери лауазымдық жүйесінің тамыры тереңде. Олардың негізгісі VІ ғасырларда қалыптаса бастады. Оған көнеден жеткен түркі жазба ескерткіштері дәлел бола алады. Бұл ескерткіштерде бек, тархан, баһадүр, әмір, сұлтан, уәзір сынды биік лауазымдар жиі аталады. Бұларды көбіне хандардың тікелей ұрпағы, төрелер немесе текті тұқымнан шыққандар иемденген. Патшаның екі жағында отыратын кеңесшілері де әскер бастайтын майсары немесе маймене деп аталған. Қазақ хандығы құрылған тұста  майсары атауы оң қанат, маймене сол қанат болып өзгерді. Ал әскери жасақтардың  құрамы мен басқару жүйесі лауазымы төмендегідей болып қалыптасқан.

Жауынгер – кез келген жағдайда дайын тұратын әскери адам. Жауынгерлер қолбасшыларына бағынып, берілген бұйрықты міндетті түрде орындауы шарт. Бұйрықтан жалтарған жауынгер қатаң жазаға кесілетін болған.

Шерік – моңғол тілінен енген сөз. Қару-жарағы сайма-сай, әбден шыныққан сарбаз.

Сарбаз – арнайы әскери дайындықтан өткен жауынгер. Сарбаз кез келген төтенше жағдайда өз бетінше іс-қимыл жасай алады. Бірақ еш уақытта өзін-өзі басшы сайламайды. Ол міндетті түрде өзінен жоғары лауазым иесіне бағынады.

Қолбасшы – кез келген әскери жасақты басқарып кете алатын жауынгер немесе батырды айтады. Көбіне қолбасшылар жүрек жұтқан батыр да, білегі күшті палуан да болып  келеді. Орта ғасырда қазақ батырларының дені қолбасшы санатына жатқызылды.

Сардар – қол бастау ісіне де, ел бастау ісіне де төселген жауынгерді айтады. Сардарлар әр уақыта хандардың сенімді өкілі бола білген. Хан аса құпия істерді орындауды сардарға сеніп тапсырған. Ол бес қаруды толық меңгерген, соғыс ісіне аса шебер жауынгер болуы шарт.

Баһадүр – ерте заманғы әскерилер жігінің өкілі, бір сөзбен айтқанда батыр.  Бір ерекшелік, «Баһадүр (батыр)» атағы ақсүйектер мен төре тұқымы өкілдеріне берілетін құрметті атақтың бірі. Аса үлкен шайқастарда ханды қорғап қалған жауынгер баһадүр атағын иемденетін болған. Сондай-ақ, қара халықты жаудан қорғаған жауынгерге де хан баһадүр атағын берген. Бұлардың өзге жауынгерден айрықшаланып тұруы үшін бас киіміне, дулығасына құс қауырсынын шаншып, найзалары мен сүңгілеріне хан ұсынған жеке туларын тағып жүрген.

Аламан – әскери іс-қимылдан гөрі бейбіт жағдайда топ бастайтын сөзге шешен, білегі мықты адам. Аламандар көп жағдайда ру арасындағы дау-дамайды тоқтату үшін қасына қосшы ертіп жүрген.  Сонымен бірге аламан аса ақыл иесі де болуы керек. Сондықтар әр рудың бір аламаны болған.

Шора – батыр әрі аса мерген жауынгер. Негізі шора әскери лауазымға толық жата бермейді. Шора ұғымы ертедегі бір аңыздан қалыптасты. Күллі түркі халықтарына ортақ бір аңыз бойынша, «Шора есімді ер жігіт аң аулап, өз руын аштықтан аман алып қалған екен». Аңыз желісінде сол Шора асқан мерген, қамшыгер, найзагер әрі өте епті болады. Сондықтан да халық Шораның есімін ұзақ уақыт бойы ұмытпай жүріп, ел арасында ерлік көрсетіп батырлығымен танылған, оған қоса аңшы болған адамдарды сыртынан Шора атаған.

Жасауыл – атқаратын міндетіне сай әскери атақ. Жасауылдар көбіне хан, патша әскерінің сыртынан бақылап отырады. Үнемі жауынгерлерді сауыт-сайман, қару-жарақ, ат және азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, әскербасының шабарманы. Үлкен шайқастарда жасауылдар ерекше іс-қимыл жасайды. Қамалдың қақпасына күзет осы жасауыл басқарған әскери топқа жүктелген. Жасауыл ұғымы қазақтар арасына шамамен 1570 жылдардан бастап кіріге бастаған. Негізінен орыстың «Есауыл» сөзінің қазақша дыбысталуы. 1917 жылы әскери лауазым, шен қасиетін жойды.

Онбасы – түркі халықтарының орта ғасырларда қалыптасқан әскери лауазымы. Біріккен үлкен жасақтың белгілі бір тапсырманы орындауға арналған он, он екі адамнан тұратын жауынгерлік топ басшысы. Дәрежесіне қарай онбасы жүзбасыға бағынады.

Жүзбасы – жүз әскерге басшы. Жүзбасы бейбіт замандарда да лауазымын сақтай отырып, айналасы жүз отбасына басшылық жасай беруіне құқылы. Кейде бір ауыл осы жүзбасыға бағынған. Бұл лауазым қазақтар арасында XIX ғасырға дейін сақталды. Мұндай лауазым орыс әскери жасағында да қолданысқа ие.

Мыңбасы. Кейде мыңбегі деп те аталады. Ертеде түркі және моңғол жасағынан мың қолды (жауынгерді) басқарып жүретін басшыны атаған. Мыңбасын түркілер бек деп атаса, моңғолдар – ноян, арабтар әмір деп атаған. Мыңбасылар кез келген жағдайда әкімшілік билікке араласуға құқылы.

Түмен – түркілер мен моңғол ұлыстарында болған ірі басты әскери лауазым. Бір түменге он мың (10 000) әскер бағынады. Кей жағдайда өз ішінен мыңдық пен жүздікке бөлінеді.  Бір түмен әскерді қазақ жер қайысқан қол деп атай береді.

Бас қолбасшы – қолбасшылардың төресі деп айтуға болады. Бас қолбасшылар соғыс кезінде әскери іс-қимылды түгелдей басшылыққа ала отырып, өз бетінше тәуелсіз шешім қабылдауға құқылы. Сонымен бірге одақтас мемлекеттердің де жасақтарына басшылық жасай береді. Жоғары дәрежелі бас қолбасшы қажеттілік туындаған жағдайда бір елдің барлық азаматтық құрылымына төтенше билік жүргізеді. Батыс Еуропа елдері мен Ресейде бұл лауазым 1914 жылдан бастап енгізілді. Кейбір елдерде Бас қолбасшы «маршал» атауы осы күнге дейін байырғы атауымен айтылып келеді.

Шабарман – әскери адамға жатпағанмен, оларда қару асынып, ары-бері хат хабар жеткізіп, ханның, әскербасының тапсырмасын орындап шапқылап жүретін аттылы адам.

Неге әскери таңбаға «жұлдыз» таңдалды?

Бала күнімізде бас киімінде немесе иығында «жұлдызы» бар адам көрсек, әскери адам екенін бірден танитынбыз. Ал сол жұлдыз неге таңдалғанын білеміз бе?
«Жұлдыз» деп жүргеніміздің аты – пентаграмма (пентакль). Ол шамамен 4000 жыл бұрын Месопотамияда пайда болған. Иесі – бұрынғы шумер және мысыр халқы.
Пентаграмма – рухани дүниенің, жеңістің, қауіпсіздіктің символы. Кезінде Пифагор пентаграмманы «пентальфа» деп атаған екен. Тағы бір ерекшелігі, пентаграмма толық жетілген адамның бейнесі болып есептеледі екен. Пентаграмма адамның физикалық және рухани жандүниесінің белгісі. Онда бес түрлі дүние топтастырылған: махаббат, ақиқат, даналық, адамгершілік және әділдік.

Жоғарыда атап көрсеткен бес ерекшелік бойынша пентаграмма (толық қалыптасқан адам бейнесі) былай жіктеледі: адамгершілік – аяқпен, әділдік – қолмен, махаббат – ауызбен, даналық – құлақпен, ақиқат – көзбен.

Пентаграмманы әскери адамдарға таңдап алудың себебін оның қауіпсіздікті сақтауы, адамның 5 қасиеті бойынша топтасуы мен жеңіске жетуі үшін деп түсінуге болады.
АҚШ қорғаныс министрлігінің атын естігенде есіңізге не түседі? Дұрыс, Пентагон! Пентагон дегеннің өзі «дұрыс бесбұрыш» деген мағына береді. Пентагонның архитектурасы да дәл осыған келеді. Ал «пентагон» мен «пентаграмма» сөздерінің алғашқы дыбысталуына назар салсаңыз, «пента» сөзі қайталанып тұр. Ол грек тілінен аударғанда «бес» деген мағынаны білдіреді.

«Таным» кітапханасында ізденген
Алмабек ИБРАЙЫМОВ,
«Ұланның» жас тілшісі

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз