Күншығыстан батысқа қарай созылып жатқан қыратты өңірді Ұзынқаратауы деп атайды. Жасыл желекке оранған тау арасы мен бөктері жан-жануарлардың таптырмас мекені. Мұнда түрлі аңдар мен құстарды және өсімдіктер тобын кездестіруге болады. Зейнеткерлікке шыққан әке-шешем осы таудың бөктерінде қоныстанып, қой бағады. Жазғы каникулымызды өткізу үшін біз жылда сонда барамыз.

Бізге жеткізбейтін ұларлар

Міне, бүгін Шарыпхан екеуміз ұлар, тауешкі сынды табиғаттың қызықты көркін тамашалау үшін Ұзынқаратауының  басына көтерілдік. «Ұлы-лы-ы, ұлы-лы-ы» деп сайраған ұларлар үні қандай әсем. Дауысы жақыннан шығады. Дәл сол жерге барсаң, қарсы бетте сайрап жатқанын көресің. Ал қарсы бетке шықсаң дауысы одан әрі алыстай түседі. Шарыпхан екеуміз сайраған ұлардарды қуып жүрміз. Олардың бізге жеткізетін түрі жоқ, тіпті қарасын да көрсетпейді. Жақындасаң болды, пыр-пыр етіп ұшып кетеді. Сезімталдығына таң қаласың.

Саққұлақ ешкілер

 

Жалама таста жайылып жүрген тауешкілерге жақындадық. Биік құзға шығып алып, біреуі қарап тұр екен. Сірә, текесі болса керек. Айыр мүйізі анық көрінеді. Оны кәдімгі күзетте тұрған сақшы дерсің. Қалған тауешкілер жалама бас беткейінде жайылып жатыр. Күзеттегі таутеке біздің келе жатқанымызды сезді. Шақ етіп қарғи жөнелді. Қалған ешкілер де оның соңына ілесті. Тастан-тасқа секіріп, көзді ашып-жұмғанша шыңнан әрі асты. Саққұлақ ешкілерді тағы да кездестірдік. Олар да қарасын көрсетпей, әп-сәтте жоқ болды.

Шыңда өскен гүл

Таудың ұшар басындағы тастардың арасында ғажайып гүлдер өсіп тұр. Ұларлар мен тауешкілерді жақыннан көре алмайтынымызға көзіміз жеткен соң, біз әсем гүлдерді алақанымызбен аялай сипап ұстадық. Ептеп сабағынан үзіп алдық. Бұрқыраған жұпар иісі танауыңды қабады. Осы гүлдердің жұпар иісімен мауқымызды басып, төменге құшақ-құшақ етіп алып қайттық. Бұл ғажайып гүлдердің еңлік гүл екенін біз үйге келген соң, үлкендерден естіп білдік. Досым Шарыпхан екеуміз бұдан кейін де тылсым табиғаттың талай құпия сырларына қанық болдық.

Аюдың тамақтануы

Шарыпхан екеуміз бөктерде жайылып жүрген сауын сиырларды айдап келе жатқанбыз. Түсе берістегі сай аузы ашық алаңқай болатын. Оның күншығыс беткей жағында өскен бір түп шала пісіп қалған жабайы өрік бар екен. Сонда бір аю жүр, қасына қонжығын ертіп алған.

– Тоқтай тұр, не істейді екен, қызығын көрейік, – деді Шарыпхан мені сабырға шақырып. Аю өрік ағашының басына шығып, сілкіп қағып еді, ол түскенше екі қонжығы жерге түскен жемісті таласып жеп қойды. Осы көріністі тағы қайталап еді, қонжықтар енесінің аузына жеміс тигізбеді. Ызаға булыққан аю қонжықтарын шап беріп ұстап алды. Көтеріп алып барып, көлденең жатқан шірінді бөренемен екеуін мойнынан қыстырып бастырып қойды. Шыңғырып бақырған қос қонжығының дауысын елемеген аю жемістің басына шығып қайта қақты. Ағаш басынан асықпай түсіп, жерде жатқан жеміспен емін-еркін азықтанды.

– Жан тыныштығы әркімге керек-ақ, – деді Шарыпхан алаңсыз отырған аюға қызықтай қарап. Әбден қарны тойған аю екі қонжығын бастырып қойған шірінді бөренеден босатты. Өзі қарағайы қалың бетке қарай жүріп еді, соңынан қос қонжығы ілесті.

Үріккен бұғы

Тоғайдағы бұлақ басында демалып отыр едім, қалың қарағайдың арасы шатыр-шұтыр ете қалды. Қарасам, бір бұғы зытып, зуылдап келеді. Сірә, тауда тас жарып, жол жасап жатқандардан үріккен болу керек. Тұмсығын тік көтеріп, екі мүйізін арқасына жатқыза салыпты. Айыр мүйіздері қарсы соқтыққан қарағайдың бұтақтарына ілінер емес. Арындай келіп, менің қасыма тоқтады. Басын төмен салбыратып, маған бадырая қарап қойды. Үндемей тып-тыныш отырмын. Тиіспейтінімді сезді ме, бұлақтың ағып жатқан мөлдір суынан бас салып сімірді. Сала-сала болып өскен айыр мүйіздері басына құйып қойғандай жарасып тұр. Қос жанары қап-қара, мөп-мөлдір. Жүндері көкшіл түсті. Су ұрттаған сайын көмейі бүлк-бүлк етеді. Бұлақ суын қанып ішкен бұғы аяңдай басып, қалың қарағай арасына сіңе берді.

Үй паналаған елік

Үй қасындағы беткейде өскен топ қарағайға бір елік пайда болды. Қасына ерткен егіз лағы бар. Күнде таңертеңгісін елік топ қарағайдан өріске шығып жайылып, сол жерді мекен етті.

– Маза бермеген соң, пана іздеп басқа жақтан ауып келген ғой, бұл жануар. Ол жерге мал жайып үркітпейік, – деп әкем маған қатты ескертті.

Егіз лағы бар елікті сырттай бақылап, күнде қарап жүремін. Сүп-сүйкімді егіз лағы енесінің бауырында ойнақтап, емін-еркін өсе берді. Күзге салым егіз лақ екі елік болып, бір мекеннен үш дала еркесі түлеп шықты. Біздің үй де жайлаулан ауылға көшті. Келесі жылы сол жайлауға барып, ескі жұртқа қоныстандық. Беткейде өскен топ қарағайдан еліктерді іздедім. Олар жоқ, таба алмадым. Еліктер түлеп өскен мекеніне бір оралушы еді. Бірақ өскен жеріне қайта оралып соқпады. Оның сырын кейін білдім. Сол жылы қыс қатты болған соң, еліктер басқа жаққа ауып кетіпті. Тауға шығып, ескі жұртқа келген сайын кездесіп қала ма екен деп сол дала еркелерін іздейтін болдым.

Ескермес СƏРСЕНБАЕВ
Алматы қаласы

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз