Жақында әдемі иллюстрациялар салатын суретшімен таныстым. Әлеуметтік желіде @dina.odess никнеймімен танымал иллюстратор қазақ қызының толық аты-жөні – Дина Увакбаева. Дина – Қапшағай қаласының тумасы. Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде білім алған. Көп уақыт бойы қытай тілінің аудармашысы болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда Нью-Йорк қаласында тұрады.

«Бала кезден бейнелеу өнеріне қызығамын. Суретке деген құлшынысымды байқа-
ған ата-анам мені қаламыздағы өнерлі балаларға арналған мектепке берді. Мектеп бітіргеннен кейін 5 жылдай суретпен айналыспай кеттім. Оған көптеген себептер болды. Бірақ көп жылдан кейін сүйікті ісіммен қайта қауыштым. Ал 25 жасымда иллюстрация жанрына тоқталдым. Иллюстрация туралы көптеген қызықты мағлұматтарды оқып, әр түрлі техникада жұмыс істейтін иллюстраторлардың суреттерін қарап өз бағытымды таптым. Қазіргі таңда иллюстрация салу хобби ғана емес, менің жұмысыма айналды. Мен Dina Odess лақап атымен жұмыс істеймін. Көптеген оқырмандарым әлеуметтік желіде Одесс деген не мағына беретінін сұрайды. Одесс – менің атамның есімі. Бұл есімді ерекше және өзіме жақын болғандықтан таңдадым», – дейді суретші қыз.

Динаның иллюстрациялары әртүрлі бағытта, бірақ барлығы бірдей әдемі. Оның жұмыстары адамдарға қуаныш сыйлайды. Бүгінде оның Инстаграм парақшасында 39 мыңдай оқырманы бар. Динаның суреттеріне қызығатындар, оған тапсырыс беріп, жақындарына ерекше сыйлық жасағысы келетіндер аз емес.

«Иллюстратор – жазылған әңгімеге немесе белгілі бір тематикаға образ жасайтын суретші. Ол жақсы сурет салып қана қоймай, кітапты көп оқу керек, фильмдер мен мультфильмдерді қарау керек және суреттерге эффект таңдап, коллаж жасай алатын фотограф та бола білу керек. Ал өзгеше талғам мен жақсы қиялдың болуы – иллюстратор үшін өте маңызды. Менің сүйікті кітаптарым – « Гарри Поттер» және «Властелин Колец». Көбінесе тарихи романдарды оқыған ұнайды. Ал мультфильмдерді қарағанда демаламын. Мультфильмдер бізді балалық шаққа апарады, бақытты өмір сүруге талпындырады, армандауға мүмкіндік береді. Иллюстрация салмас бұрын, жұмыс
жасайтын жерімді жинастырып қоямын, әдемі суреттер жинаймын, музыка қосамын.
Осындай керемет атмосферада шабытым да келеді», – дейді Дина.

Дина иллюстрация сал-ғанда Procreate, Adobe Illustrator, Adobe Photoshop программаларын пайдаланады. Динаның айтуынша, қазір бұл программаларды барлық иллюстраторлар қолданатындықтан, өзгеше стиль ойлап табу үшін көп еңбектену керек.
Сонымен қатар, Дина Нью-Йорк қаласында интерьер дизайнері болып жұмыс істейді.

«Арман жақсы ғой, арманда кеткен жаман… Сондықтан диванда жатып, қиялда әуе құлыптарын салу керек емес. Өзіңізді қолға алып, әрекет етуді бастаңыз», – дейді Дина Одесс. Осындай мақтан тұтар, талантты отандасымыздан сұқбат алғаным үшін әлі де ризамын!

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ
ХАТУ-нің 1-курс студенті

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз