Гүлжанат Хасанова да өзінің қатарластары сияқты мектепте оқып жүрген кезінде-ақ шет елге шығуды, әлемнің үздік университеттерінде білім алуды армандаған. Қазіргі таңда бала арманы болашақ арманына айналып, сол арманға жету жолындағы мақсатын мықтылаған талапты жастардың бірі. Армандар орындалады, достар! Бұл сөзімізге айқын дәлел – бүгінгі кейіпкеріміздің әңгімесі.

Гүлжанат Алматы қаласында туып-өскен. Сүлейман Демирел университетінде қаржыгер мамандығы бойынша білім алған. Төрт жыл ағылшын бөлімінде оқыған Гүлжанат бүгінде шет елде білімін жалғастырып жатыр.

 SP Jain School of Global Management университетінде Master of Global Business бағдарламасы бойынша әлемдік қаржы мамандығын оқып жатырмын. Шет елдегі білім грантын жеңіп алу аса қиынға соққан жоқ. Бакалаврда ағылшын тілінде оқығаннан кейін бұл салада аз да болса, теориялық хабарым бар. Бағдарламаның барлық сынақтарынан қиналмай өттім, – дейді Гүлжанат.

SP Jain School of Global Management халықаралық деңгейде оқытады, оның алғашқы мектебі 2004 жылы Дубайда ашылды. 2006 жылы Сингапурда, 2012 жылы Сиднейде, 2015 жылы Үндістанның Мумбай қаласында төртінші кампус жұмыс істей бастаған. Дубай, Сингапур, Сиднейде филиалы бар. Маркетинг, қаржы, ақпараттық технологиялар, маркетинг және басқа да заманауи мамандықтарды оқытады.

Жырақтан білім іздеген жерлесіміз алғашқы кезде әлемнің әр түкпірінен келген адамдардың оқиғалары таңсық болғанын айтады. Әлемнің әр түкіпірінен білім қуып келген талапты жастар бас қосып, бір-бірінің оқиғасын тыңдағанда таңғалмай тыңдау мүмкін емес дейді.

– SP Jain School of Global Management Мумбай, Дубай, Сидней және Сингапур сынды әлемнің 4 қаласында орналасқан. Мен солардың ішінде Сингапур, Сидней және Дубайда білім алдым. Университет бакалавр, магистратура және докторантура бойынша маман дайындайды. Студенттерге түрлі қалаларда білім алуға барынша жағдай жасалған. Білімді, әйгілі профессорлар сабақ береді.  Сегіз ай шет елде білім алған уақытта өз елімді қалай дамыту керек екенін түсініп, жастарға не нәрсе мотивация болатынын тапқандай болдым. Дамыған елдерде халықтың жағдайы бірінші орынға шығарылады. Барлық жағдай қарапайым халық үшін жасалады, – дейді кейіпкеріміз.

Өзге елде білім алуды былай қойып, жәй ғана сапарлап барудың өзі адамға жаңаша мүмкіндіктер ашатыны белгілі. Ал сырттағы оқу Гүлжанатқа қандай мүмкіндік берді екен? Бұл сұрағымызға замандасымыз былай жауап берді:

– Шет елде оқи бастағалы өмірімде түрлі өзгеріс болды. Дубайдағы әйгілі газеттердің бірінде сұхбат бердім. Университетте оқи жүріп жұмыс істедім. Көптеген жақсы адамдарды кездестірдім. Жаңа достар таптым. Әлемнің бірнеше елін көру бұйырды. Бұл жақта жастарға қабілетін көрсетуге мүмкіндік көп. Тез шешім қабылдап, соған сай әрекет жасауды үйрендім.

Шет мемлекетте, оның ішінде Сингапур, Дубай сияқты өте қымбат қалаларда өмір сүру, әрине, оңай емес. Кейіпкеріміз үшін де біраз қиынға соққан, қымбатқа соққаны тағы бар. Дегенмен, Гүлжанат қосымша жұмыс істеп, соның арқасында қиындықты оңай жеңгенін айтады. Замандасымыздың айтуынша, олар Қазақстанды халқы қарапайым, еңбекқор, қонақжай деп біледі екен. Гүлжанат жастардың мұнымен қатар білімді болғанын қалайды. «Дәл қазіргі сәттен бастап білімдеріңізді жетілдіру, өздеріңізді дамыту, жаңа шыңдарды бағындыру бағытында ерінбей еңбек етіңіздер. Арманға сене біліңіздер, ол міндетті түрде орындалады», – дейді ол «Ұланның» оқырманына. Ал біз кейіпкеріміздің оқуын ойдағыдай аяқтап, әлемдік қаржы нарығындағы білікті маман болуына тілеулестік білдірдік.  

Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз