Оркестр үні де, сазы да, дыбысы да сан түрлі ішекті, үрмелі, соқпалы аспаптарды бір әуенге бағындырып, тыңдарманды ерекше күйге бөлеп, ұйып тыңдата алатын құдіретке ие. Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық xалық аспаптар оркестрінің концерт залында әдемі кештің куәсі болдық. Жастар жылы аясында xалықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты  Әсел Рақымжанның «Қобыз сыры» атты жеке шығармашылық концерті өтті. Өнерлі отбасында өмірге келген Әселдің алыс-жақын туғандарының барлығы дерлік өнер саласының майталмандары екен. Аққыз күйшінің ұрпағынан концерт басталмай тұрып сұқбат алуға келіскен едік. Өзі толқып отырса да, сұрақтарымызға жауап беріп, қобыз туралы жаңа ақпараттарға қанық етті.

Ұлан: Әңгімемізді таныстықтан бастасақ. Туған жеріңіз бен отбасыңыз жайында айта кетсеңіз.

Әсел Рақымжан: 1989 жылы 25 желтоқсанда Алматы қаласында өмірге келгенмін. Әкем Семей өңірінің Ақсуат ауданынан, ал анам Қарағанды қаласының тумасы.

Ұлан: Өнер жолына келуіңізге кім немесе не себеп болды? Отбасыңызда өнер адамдары көп қой?

Әсел Рақымжан: Отбасымызбен музыкаға жақынбыз. Нағашы әжем Аққыз Динадан кейінгі мықты шертпе күйшілердің бірі болған. Әкемнің ағаларының бәрі өнердің айналасында жүрген жандар. Ағам Қанат Саденов – домбырашы, жұбайы Алтынай – қобызшы, қызы Айнұра Саденова скрипкашы. Саксофон, флейта тартатын жақындарым бар. Туған әпкем домбыра шертеді.

Ұлан: Өзіңіз кәсіби түрде қай жерде білім алдыңыз?

Әсел Рақымжан: Музыка мектебінде оқыдым. Ең алғашқы ұстазым – Ғалия Абдуллақызы. Гүлмира Нұргелдиновадан түлеп ұшып, консерваторияда білім алдым. Осы оқу орнында магистратура оқып, магистратураның бірінші жылынан кейін кафедраға ұстаздық қызмет етуге шақырту алдым. Сол уақыттан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қобыз және баян кафедрасында музыкалық білім берумен айналысамын. Өнертану ғылымдарының магистрімін.

Ұлан: Қобыздың түрі көп қой, соның қай түрінде ойнайсыз? Оның басқа қобыз түрлерінен қандай айырмашылығы бар?

Әсел Рақымжан: Менің қобызым – прима қобыз. Оның тарихы осы оркестрмен тығыз байланысты. Прима қобыздың бәріміз білетін, Қорқыт жасаған қарапайым екі ішекті қобыздан айырмашылығы – төрт ішектен тұрады. Қарапайым қобыздың диапазонын кеңейту үшін Ахмет Жұбанов оған бір ішек жалғап, үш ішекті етіп жасаған. Кейін Тезекбаев, Қашқалиев сынды ағаларымыздың арқасында қобыз тағы да дамып, қазіргі түрге келді. Екі ішекті қобыздың ішегі қылдан жасалады. Сондықтан оның үні қоңыр, дыбысы өзгеше болады. Ал прима қобыздың ішегі сымнан жасалады. Дыбысы жіңішке, диапазоны кең, техникалық мүмкіндігі жетілдірілген болып келеді.

Қобыз – сәби сияқты

Ұлан: Қобызға ерекше күтім қажет пе? Аспабыңызды қалай тазалап, қайтіп күтесіз?

Әсел Рақымжан: Қобыз – өте нәзік, сезімтал аспап. Қобызымды жанымнан тастамай, қайда барсам да алып жүремін. Температурасы төмен немесе әдеттен тыс жоғары жерде тұрса, қобыздың ағаш қаңқасы бүлінуі мүмкін. Құлағы бұрауға келмей қалады. Сол себепті көлікке де, жұмысқа да тастамаймын. Ылғалға аса сезімтал болғандықтан, қолайсыз ауа райынан, табиғат құбылыстарынан да қорғап жүремін. Қобыздың тағы бір ерекшелігі – ерке бала сияқты, өкпелеп қалуы мүмкін. Ол күні дыбыс дұрыс шықпай, әуені бұзылады. Сондықтан қобызға сәбидікіндей ерекше күтім керек.

Әр елдің өз мәдениеті, мәдениетінің ерекшелігі бар. Қобыз сияқты аспаптар көп болғанымен, дәл қобыз аспабы қазақтарда ғана бар. Басқа елдерде қобыздың атауы мен құрылысында ерекшеліктер болады. Мысалы, қытайларда ирху, өзбектерде гиджап деп аталатын аспап бар. Кейбіреуінде екі, кейбіреуінде одан да көп ішек болады.

Ұлан: Консерваторияны бітіріп, өнер саласында жүрген қобызшылар көп. Бірақ, олардың барлығы жеке концерт бере бермейді. Жеке концерт беруге қанша уақыт дайындалдыңыз? Жеке концерт беру туралы идея қайдан келді?

Әсел Рақымжан: Бізде жыл сайын есеп беру концерті болады. Ал жеке концертіме қарқынды дайындала бастағаныма тура 45 күн болды. Концерт берудегі басты мақсатым – қобызды насихаттау. Қобызды ерекше сүйемін. Оның әуезді үнін насихаттағым келеді.Концертімде бұрын басқа аспаптарда ойналғанымен, қобызда ойналмаған шығармаларды тұңғыш рет ойнамақпын.

Ұлан: Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Кешті Құрманғазы оркестрінің бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген басқарды. Әселдің жеке концертіне ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Жидилова, Халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Бақтыгерей және джаз орындаушысы Александр Фишер қонақ болды.

Әсел Рақымжан жеке шығармашылық кешінде Құрманғазының «Төремұрат» күйін, А.Вивальдидің Жыл мезгілдері циклынан «Көктем» шығармасын, А.Жайымның «Әз Тәуке», Қорқыттың «Қоңыр», М.Сағатовтың «Күй», А.Хачатурянның «Спартак» балетінен үзінді, Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінен «Соло», С.Танеевтің «Тарантелла», Н.Хесстің «Ladies in Lavender» (Дамы в лиловом) шығармаларын ойнады.

Оркестрдің концертіне жиі барғанмен, Әселдің концерті ерекше болды. Оның қобызбен сүйемелдейтін әуендерінен нәзіктік, жаңашылдық лебі сезіледі. Өзі жап-жас болса да, консерваторияда ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп отырған оның өнеріне де, еңбегіне де тәнті болдық. Ұстазына қолдау білдіріп келген шәкірттері де сахнада қобызбен күй төгіп, тыңдарманға жақсы көңіл-күй сыйлады.

Дана МАРАТОВА

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз