Бүгін Қазақстан премьер-лигасының осы маусымында жақсы жағынан көзге түсіп жүрген қазақ футболшылары жайлы сөз қозғауды жөн көрдік. Оларды тәжірибелі және жас ойыншылар деп екі бөлуге тура келді. Сонымен, кеттік.

Тәжірибелі футболшылар

Асхат Тағыберген, «Қайсар», орталық жартылай қорғаушы, 28 жаста

Дәл қазір премьер-лигадағы қазақ футболшыларының арасында ерекше ойынымен көзге түсіп жүрген – Асхат Тағыберген. Қызылорда футболының түлегі «Қайсар» көшбасшыларының біріне айналып үлгерді.

Асхат бұған дейін «Ақтөбе» мен «Астана» сапында үш рет Қазақстан чемпионы атанған. Алайда, елорда командасында көбінесе қосалқы құрамда отырып қалып еді. Сосын былтыр туған жеріне оралды. Бұл шешімі дұрыс болғандай. Бас бапкер Стойчо Младенов 28 жастағы жартылай қорғаушыға мүмкіндік беріп отыр. Бұл жауапкершілікті футболшының өзі де жақсы түсінеді. Тағыбергеннің бір артықшылығы – соққысы қуатты. Оның алыстан тепкен добына анау-мынау қақпашы төтеп бере қоймайды. Премьер-лигада соңғы үш турда қатарынан мергендік танытты.

Ұлттық құраманың бас бапкері Михал Билек те ескерсе керек, алдағы ойындарға Асхат Тағыбергенді шақырған екен.

«Былтыр мені ұлттық құрамаға шақырған жоқ, сол кезде қатты уайымдадым. Биыл соның бәрін түзеткім келеді. Ұлттық құрамада ойнау үшін өзімді көрсетуге тырысамын. Кез келген уақытта құрамаға өз көмегімді көрсетуге дайынмын. Халықаралық аренада өнер көрсету – кез келген футболшының арманы. Еліміздің бас командасының намысын қорғау мен үшін мақтаныш», – дейді футболшы.

Азат Нұрғалиев, «Тобыл», жартылай қорғаушы, 31 жаста

Азат Нұрғалиев – Қазақстан көлемінде өзін мойындатқан футболшы. «Ордабасы», «Тобыл», «Астана», «Жетісу» командаларында ойнаған. Екі рет ел чемпионы атанған. Ұлттық құрама сапында да бірнеше матчқа қатысқан. Биыл Қостанайдың «Тобыл» командасын алаңға капитан ретінде бастап шығып жүр. Әзірге Азат өзіне артылған сенімді ақтап жүрген футболшының бірі. Осы маусымда премьер-лигада 10 ойын өткізіп, 5 гол соқты. Қазақстан кубогында екі рет мергендік танытты.

Елжас Алтынбеков, «Жетісу», шабуылшы, 25 жаста

Ұлттық құрама бапкерлері Қазақстанда шабуылшылар тапшы екенін жиі айтады. Бірақ мүмкіндік берсе, өздерін көрсетуге дайын ойыншылар бар. Мысалы, Талдықорғанның «Жетісу» командасында жүрген Елжас Алтынбековты айтуға болады. Елжастың ойыны бас бапкер Дмитрий Огайдың көңілінен шығатын тәрізді. Екеуі бұған дейін «Қайсарда» бірге жұмыс істеген. Қазір «Жетісуда» бапкер 25 жастағы шабуылшыға сенім артып жүр. Осы маусымда Алтынбеков премьер-лигада 4 гол соғып үлгерді.

Абат Айымбетов, «Ақтөбе», шабуылшы, 23 жаста

Абат – Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген. Бірақ 9 жасында ата-анасы Ақтөбе қаласына көшіп келеді. Оның футболдағы жолы осы өлкеде басталды. Әкесі Қайраттың айтуынша, баласы жастайынан футболды жақсы көріпті. Алғаш секцияға да алып барған әкесі екен.

2013 жылы Абат Айымбетов «Ақтөбенің» Қазақстан чемпионы атануына үлес қосты. Оның соңғы турдың соңғы минуттарында «Ордабасы» қақпасына соққан голы «Ақтөбенің» Қазақстанда бес дүркін чемпионы атануына септігі тиді. Ойыннан кейін ағасы Тимур бауырына риза болып, көлігін сыйға тартты.

Кейінгі жылдары жиі жарақат алып, спорттық бабына ене алмай жүрген еді. Биыл қайтадан жылдам, қарсыластың қорғаушыларына тыным бермейтін Айымбетовты көре бастадық. Осы маусымда ол әзірге премьер-лигада 4, кубокта 2 гол соқты.

Тоқтар Жаңғылышбай, «Ордабасы», шабуылшы, 25 жаста

«Ордабасы» маусым басында Алексей Щеткинді «Астанадан» аттай қалап алған еді. Бірақ Щеткиннің бітіріп жүргені шамалы. Оның қасында Тоқтар Жаңғылышбай әдемі голдар соғып, көрермен қошеметіне бөлене бастады.

Тоқтардың бір ерекшілігі – өте намысқой, ешкімге есесіне жібере қоймайтын жігіт. Біздің құрамаға осындай жанын беріп ойнайтын футболшылар керек-ақ.

Жаңғылышбай негізі ерте көзге түскен ойыншылардың бірі. Бірақ «Шахтерден» кеткеннен кейін карьерасы оңған жоқ. Биыл бұрынғы бабына еніп, қайтадан жанкүйерлердің махаббатына ие болады деп сенеміз. Әзірге ол премьер-лигада 3 гол соғып үлгерді. Әсіресе, «Астана» қақпасына атақты Денис Бергкамптың стилінде кіргізген голының бейне жазбасы БАҚ пен әлеуметтік желідегі танымал парақшалар арқылы әлемге тарап кетті.

Бауыржан Тұрысбек, «Тобыл», шабуылшы, 27 жаста

Бауыржан Тұрысбек былтыр премьер-лигада 30 матчта 4 гол соққан. Биыл 8 ойында үш рет көзге түсті. Бұрынғымен салыстырғанда алға жылжу бар. Оның үстіне, кубокта үш рет мергендік танытты. Бауыржан өзі Алматыда туып өскен. Туған қаласы «Қайратта» ойнағысы келгенімен, ол командаға керек болмай қалды. Есесіне, жақында Алматы командасымен өткен екі матчта да жеңіс гол соқты. Алдымен премьер-лиганың 9-турында, сосын кубоктың ширек финалында.

Бір кездері Сербияға да барып, доп теуіп келген Бауыржан Тұрысбек өте еңбекқор жігіт. Ендеше, оның жарқын сәттері алда деп білеміз.

Жас таланттар

Енді болашағынан үміт күтуге болатын, осы маусымда өздері құралпы жастармен салыстырғанда көшілгері ойнап жүрген таланттарға тоқталып өтсек. Шыны керек, биыл премьер-лигадағы 12 команданың ішінде «Қайрат» пен «Ақтөбе» өз түлектеріне көбірек сенім артып отыр.

Сұлтанбек Астанов, «Қайрат», вингер, 20 жаста

Футболдың әліппесін Шымкентте үйренген жас ойыншы биыл Алматыда танылды. Ол Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы екі ойында үш нәтижелі пас беріп, бірден көпшіліктің көзіне ілікті. «Қайраттың» бас бапкері Алексей Шпилевский жас ойыншыға сенім артып, негізгі құрамнан орын тауып беріп жүр.

Жан-Әли Пайруз, «Шахтер», вингер, 19 жаста

«Шахтер» осы маусымда жақсы ойнап жүр десек те болады. Соңғы 3-4 жыл көлемінде бұл команда аутсайдерлер қатарына түсіп қалған. Биыл қайтадан есін жинап келеді. Бірінші кезекте бас бапкер Николай Костовтың еңбегі зор. Болгариялық маманның бір ерекшілігі, жастарға сенім артатыны. Осыған дейін Оралхан Өміртаев, Геворг Наджарян секілді тинейджерлерге мүмкіндік берген. Биылғы маусымда бұл тізімге Дмитрий Пачек пен Жан-Әли Пайруз қосылды.

Соңғысы премьер-лигадағы 10 матчтың бәріне қатысып үлгерді. Сондай-ақ 10-турда «Жетісу» қақпасынан саңылау тауып, премьер-лигадағы алғашқы голына көрімдік сұрады.

Пайруз осы қарқынын жоғалтпаса, болашақта ұлттық құрамадағы таңдаулы ойыншылардың біріне айналуға мүмкіндігі бар.

Рамазан Оразов, «Қайрат», орталық жартылай қорғаушы, 21 жаста

Оразов пен Астановпен бірге Алматы клубында алаңға шыға бастады. Бұл екеуіне биыл бас бапкер Алексей Шпилевский сенім артып отыр. Оның орталық алаңнан кесіп беретін пастары керемет. Болашақта Рамазан «Қайраттың» ғана емес, құраманың да көшбасшыларының біріне айналып жатса қуанамыз.

Әлішер Әжімов, «Ақтөбе», орталық жартылай қорғаушы, 17 жаста

Әжімов енді ғана 18 жасқа толады. Соған қарамастан премьер-лигадан 7 матчқа қатысып үлгерді. Әрине, «Ақтөбе» қазір тек жастарға сенім артады. Сол мүмкіндікті жергілікті футболшылар ұтымды пайдалануы тиіс.

Әлішер – Александр Седнев сенім артып жүрген ойыншылардың арасындағы ең жасы. Көбінесе екінші таймның соңғы жағында шығады. Мұндай жаста соның өзін пайдаланып қалуға тырысу керек.

Бек ТӨЛЕУОВ

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз