Ұйықтап жатып төсекке «жіберіп қоятын» балалар болады. Медицинада адамның
еркінен тыс зəр шығаруын «энурез» деп айтады. Бұл терминді көбіне түнгі уақытта кіші дəретті ұстай алмаумен байланыстырады. Бірақ, ол күндіз де болуы мүмкін. 2016 жылғы статистика бойынша, əлемде 550 миллионға жуық адам энурезден зардап шегеді. Оның ішінде балалар да, үлкендер де бар. Бұл туралы бізге балалар хирургы Дархан Қуатбеков айтып берді. Энурез неден болады?
Бұл дерт үлкендерде де, əсіресе, əйелдер адамдарда жиі кездесетіні рас па?
Одан арылудың жолы қандай? Балалар шұғыл медициналық жəрдем орталығының маманымен жақында осы тақырыпта əңгімелескен едік.

Ертеректе жазылған ғылыми еңбектерде де энурез жөнінде айтылады. Мысалы, Ибн Сина «Дəрігерлік ғылымның каноны» еңбегінде энурез туралы жазған. Ол осы тақырыпты жеке тарауға бөліп, жан-жақты түсіндірген. Бұл проблема сол кездің өзінде өзекті болды. Дəрігердің айтуынша, энурездің өзін ауру деп қарастыруға болмайды. Өйткені энурез адамда бар қандай да бір дерттің салдарынан болуы мүмкін.

«Біздің орталыққа келетін ата-ананың көбі баласының түнгі дəретін ұстай алмауына шағымданады. Осы мəселе оларды көбірек алаңдатады. Бала күндіз өздігінен зəрін шығарып қойса, олар мұны қалыпты нəрсе деп есептейді», – дейді Дархан Қуатбеков.

Энурез неден болады?

Медицинада баланың үш-төрт жасқа дейін кіші дəретін төсекке жіберіп қоюы қалыпты деп саналады. Себебі бұл жасқа дейін баланың жыныс мүшесі, зəр шығару жолдары, жүйке жүйесі толық қалыптасып, дамып үлгермейді. Бала үш-төрт жасқа толған кезден бастап қана өзінің қалауымен дəретке отыра алады. Сондықтан ата-аналар дəл осы кезден бастап баланы дəретке отыруға үйретуі керек.

Энурездің пайда болу себебі əртүрлі. Адам дəретке өзінің қалауымен шығуы үшін
бүйрек, қуық, зəр жолдары анатомиялық, физиологиялық жағынан қалыпты болуы керек. Орталық ми жүйесі (ми мен жұлын) дұрыс жұмыс істеуі қажет. Қуық, ми жəне жұлында қандай да бір ауру болса, соның салдарынан энурез пайда болуы мүмкін. Энурездің тағы бір себебі – шизофрения ауруы. Оған қоса зəр жолдарының немесе жыныстық аурудың да əсері болады, бірақ ол сирек кездеседі.

Энурез балаға қалай әсер етеді?

Кіші дəретін ұстай алмайтын балалар көбіне ата-анасынан, үлкендерден ұрыс естуден қорқады. Одан бала тұйықталады, жасқаншақ болады. Өзінің ойын анық жеткізе алмайды. Балабақшада немесе мектепте айтылып жатқан кез келген нəрсеге дұрыс көңіл аудармайды. Содан кейін ондай баланың оқу үлгерімі де нашарлап кетеді. Өйткені баланың ойында ылғи «Зəр шығарып қоймаймын ба?», «Парталасым немесе мұғалімім мұны сезіп қоя ма?» деген үрей болады. Ол достарымен қыдыруға барарда үйден алдын ала дəретханаға кіріп, дайындалып шығады. Ұзақ жолға шыққанда қанша шөлдеп тұрса да, сұйықтық ішпейді. Көп нəрседе өзіне шектеу қояды. Спортпен шұғылдана алмайды. Өйткені денеге түскен күштен бірден кіші дəретке отырғысы келеді. Тіпті, қатты күліп, жөтелгенде немесе түшкірген кезде де кіші дəреті өзінің қалауынсыз шығып кетуі мүмкін. Сол себепті өзімен бірге ылғи pampers, төсемшелер алып жүруге мəжбүр болады. Мұндай баланың дені сау деп айта алмаймыз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «денсаулық» сөзіне берген анықтамасы бар. Егер еш жеріңіз ауырмаса, онда сіздің деніңіз сау деген сөз емес. Дені сау адам физиологиялық, психологиялық, материалдық, əлеуметтік тұрғыдан өзін барынша жайлы сезінуі қажет. Энурезден балаға ешқандай зақым келмейді. Тек оның күнделікті өмір сүру тəртібі, психологиясы бұзылады.

Энурезді қалай емдеуге болады?

Көп емханада балаларды қабылдайтын урологтар жоқ. Ересектерді қарайтын уролог дəрігер баланың физиологиясын, анатомиясын біле бермейді. Өйткені ересектер мен кішкентай баланың ағзасында айырмашылық бар. Баланы дəрігердің қабылдауына алып келген ата-ананың бір-біріне сөйлеген сөзінен үйдегі атмосфераны бірден байқауға болады. Кейде олар өздерін ұстай алмай, бір-бірімен сөзге келіп жатады. Мұндай кезде балаға үйдегі болып жатқан ұрыс-керіс əсер ететінін бірден түсінеміз. Энурезді емдеу кезінде баламен тек уролог емес, балалар невропатологы, психолог, логопед, психоневролог, ата-ана, бəрі бірігіп жұмыс істейді.

Балаға ең бірінші жалпы клиникалық анализдер жүргізіледі. Қан аламыз, зəрін тексереміз, бүйрегін, несеп қуығын ультрадыбыстық тексеруден өткіземіз. Осы кезде ешқандай бұзылыс байқалмаса, оны стационар бөліміне жібереміз. Онда қосымша тексерістерден өтеді. Невропатолог дəрігер баланың миын ультрасонографияға түсіруі мүмкін. Егер одан да ешқандай ақау табылмаса, баламен психолог əңгімелесіп, түрлі тренинг жүргізеді. Энурездің нақты себебі анықталғаннан кейін ғана препараттар қолдануға болады. Физиотерапия жасалады. Соңғы кезде шөптен жасалған дəрілердің де энурезді емдеуге көп көмегі тиіп жүр. Ол зəр шығару жолдарының қабынуын жойып, баланың
жүйке тонусын басуға көмектеседі. Бірақ мұндай дəрілерді емделуші өздігінен қабылдамағаны дұрыс. Барлық тексерістен өткеннен кейін ғана дəрігердің нұсқауымен пайдалану қажет. Сонымен бірге жыныс жолдарына арналған Кегель əдісі бойынша жаттығуларды үйретеміз. Бұл гимнастика қуық жолдары мен жамбас бұлшықеттерінің жиырылуын жақсартады. Оны энурездің симптомдары жоғалғанға дейін тұрақты орындау қажет.

Бала екі жастан асқан кезден бастап оған дəрет ыдысының (горшок) қайда тұрғанын, оған қалай отыру керек екенін көрсету керек. Кешкі 18.00-ден кейін оған су, тамақ бермеуді қадағалау қажет. Себебі бала кешке жақын су мен тамақ ішсе, түн ортасында дəретке отырғысы келеді. Бала 18.00-ге дейін ішіп-жегенін ұйқыға жатқанша дəрет арқылы шығарады. Соның арқасында түнде оның төсегі құрғақ болады. Энурезден зардап шегетін баланың ата-анасы да осындай тəртіпке көшуі керек. Сол кезде бала бұл нəрсені оңай қабылдайды. Сонымен бірге баланы жатар алдында суға түсірмеген дұрыс. Əйтпесе түнде шомылған балаға суық тиіп, соның кесірінен де бала кіші дəретін жіберіп қоюы мүмкін.

Энурез ересектерде де кездесе ме?

Бала кезде энурез ұл балаларда көбірек кездессе, ересектер арасында əйелдерде көп болады. Ұл баланың анатомиялық, физиологиялық құрылысы қыз балаға қарағанда сəл кешірек жүреді. Ал энурез ересектер арасында неге қыз-келіншектерде жиі болады? Өйткені əйел дүниеге көп бала əкелген сайын жыныс мүшесіне, оған жақын орналасқан зəр шығару жолдарына салмақ түседі. Олардың көпшілігі босанғаннан кейін күтінбейді, денесін жылы ұстамайды, ауыр зат көтереді. Сол себепті əйелдерде энурез жиі кездеседі.

Мейірман
ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

Ұлан» газеті, №21
21 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз