М.Әуезов театрының кіші залындағы спектакльдерге жиі барып тұрамын. Бір жолы «Қоштасқым келмейді» қойылымына бардық. Фильм қарап, қойылым тамашаласам, неге екенін басты рөлдегілерге емес, екінші, үшінші пландағы әртістерге назарым ауады. Ішінен рөлге жанын салып тұрған әртісті тауып аламын да, соны бақылап жүремін. Мұннан да таптым. Өзі бір қойылымда екі рөлді сомдайды. Екі образды шығарудағы идеяның бәрін өзі ұсынған. Ол – Ажарлым Мағзұм. Дереу инстапарақшасын ақтардым. Әріптес, таныс-туыстарының туған күнін құттықтаусыз қалдырмайды екен. Тіпті осы материалды дайындап жатқанда жеке фотосуретін табудан қиналдық. Ылғи бал-бұл жайнап, энергиясы тасып жүреді. Ал өлең оқығанын көргенде әлгі от боп жүрген қыз күлкісін жиып, қасын аздап қана қайшылап, салмақты, ойлы аруға айнала кетеді. Оның маған бар образы ұнайды. Қарапайымдығы мен шынайылығын сыйлаймын. Ол туралы оқырманымызға да айтып бергім келді. Жоқ, өзін сөйлетейік.

Ақтөбенің қызымын. Әкем Мағзұм Сәпиұлы мен анам Шалқия Ауғанбайқызы –
әртістер. Екеуі Алматыда танысып, табысқан. Кейін Ақтөбеге көшіп кетеді. Бес ағайындымыз. Үйдің кенжесімін. Кенжелер сабырлы, салиқалы, біреудің айтқанынан шықпайды дегенді, сірә, сіз де естімеген шығарсыз?! Үйде ең тентегі, сөзге көне қоймайтыны, ойындағысын орындайтыны менмін. Балабақша дегенді білмей өстім. Менің балабақшам кулисаның жаны, сахнаның арты еді. Сахна сыртының әр бұрышын жаттап алғам. Әкем бетімнен қақпай өсірді.

Анама сөйлеткізбейтін. Содан да болар, есіріп кететінмін. Бұзық бала болдым. Қазақ әдебиеті сабағы болып жатқан. Мұғалімді қатты жақсы көретінмін. Жүріс-тұрысы, өзін ұстауы мен сабақ түсіндіруі, бәрі-бәрі тұнып тұрған өнер сияқты көрінетін. Бір жолы бір парта алда отырған бала әдебиет сабағында сөйлей берді. Мұғалімді ести алмай кеттім. Бір айттым, қоймады. Екі айттым, елер емес. Сонан соң орнымнан атып тұрып, жағасына жармастым. Ол болса қолымнан сытылып шығып, қашып барады. Жалма-жан соңына түсіп, сыныпты айнала қуып бердім. Шап беріп ұстап алдым да аямай соққыладым. Тіпті мұрнын сындырыппын.

Енді өзі ғой. Қой дегенде қоя салса, несі кетер еді? Содан жиналыстан, жиналыс. Ата-анамды шақырды. Ақыр соңында не керек, мектептен қуылдым. Бірақ сүйікті ұстазыма кедергі жасағаны үшін ұрып-жыққаныма өкінбедім. Ұр да жық болсам да, поэзияны жақсы көріп өстім.

Өнерге ғашық едім. Бірақ әртіс боламын, сахнаға шығамын деп армандамайтынмын. Мектеп бітірерде әскери қызметкер боламын дедім үйдегілерге. Сол салада істейтін бір ағама еліктеген болуым керек әрі талапшыл мінезім де сол мамандыққа сай көрінді. Мына мінезімен ертең бір нәрсеге ұрынып қалса қайтеміз деді ме екен, шешіміме анам шошына қарады. Кішкентайымнан сахнаға шығып үйреніп қалғанмын. Жұқалап отырып, актриса болуға көндірді. Көндірді дегенде қалай? Алматыға барасың деді. Одан кейінгі сөздерін естігем жоқ. Алматыға барсам болды емес пе? «Біз оқыған оқу орындарында оқисың» деді. «Кеттік!» дедім. Екі аттам жердегі құрбымның үйіне қондырмайтын ата-анам мені сонау Алматыға жалғыз жібермекші. Соған қарағанда әскери адам болам деп әбден зәрелерін алғанға ұқсаймын. Мүмкін, жолымызды бір баламыз қуса екен деді ме?! Сөйтіп, аттестатты ала сала, «Алматы, қайдасың?» дедім. 2006 жылы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне тапсырдым.

Бәйтен Омаров есімді ұстазымның шеберханасына түстім. Төлеубек Аралбаев, Майса Омарбекова сынды өнердің «қошқарларынан» тәлім алдым. Мендегі өнердің негізін сол кісілер қалады. Оны бітірген соң, Жүргенов академиясында музыкалық драма әртісі мамандығын алып шықтым. Есмұқан Обаев ағайымыздың класына қабылдандым. Алма Кәкішева, Баян Қажынәбиева сынды мықты әртістерден оқыдық. Қазір ол кісілермен бір сахнада өнер көрсетеміз. Ұстаздарымыздың біздің курсты үлгі етіп айтып жүретінін естиміз. Оған бір марқаямыз. Алдымен ата-анамның, содан кейін барын берген ұстаздарымыздың жүзін төмен қаратпау – бізге парыз. Есмұқан ағайымыз бізді қарапайымдыққа үйрететін. Танымал әртіске айналып жатса да, көкірек керу жақсылыққа апармайтынын есімізге салып отырады. Айтқанын жадымызға сақтап қалдық. Режиссер Алма Кәкішева апайымыз «Ешқашан ешкімге сатқындық жасама!» дейді. Ол кісінің де сөзін ұстанып алғанбыз. Ал Баян Қажынәбиева апайымыз жүріс-тұрысымен, өзін-өзі ұстауымен, сөйлеу мәнері мен мәдениеттілігімен тәрбиелейтін. Нағыз нәзік әйелдің образы. Текті әйел. Өте кербез. Мен жыбырлап қалған, бір жерде отыра алмайтын, бүлдіретін не бар деп тұратын адаммын. Ал Баян апай керісінше, сон-дай салмақты, өте биязы. Тіпті «адам деген ашуланады, жынданады ғой, оны қалай ішіңізде ұстайсыз?» деп таңғаламын. Ол кісі болса жымиып қана қояды. Ойлағанын тіке айтып, біреудің көңіліне тимейді. Ашуын сол мезетте лақ еткізе салу жоқ. Мен болсам, уақыт жібермей бір-ден атылар едім деп күлемін. Барды бар, жоқты жоқ деп айту қанға сіңіп кеткен сияқты. Бірақ қазір жұмсартып жеткізуді үйреніп жатырмын. Қалай дегенмен де, бір атым насыбайдан көңілі қалатын қазақпыз ғой.

Менің идеалым – Назгүл Қарабалина

Біздің мамандық – түбіне жете алмайтын, болдым, толдым дегізбейтін, таусылмайтын мамандық. Кішкентайымнан ата-анамның репетицияларында бастан-аяқ көрерменмін. Үйге келген соң, қойылымдағы образдардың бәрін бір өзім ойнап шығатынмын…

Әуезов театрын естігенім болмаса, өзін көрмегем. Алғаш Мүсірепов театрындағы «Көгілдір такси» қойылымының көрермені болдым. Бұл спектакль өте танымал еді. Қойылым қатты ұнап, енді Әуезов театрын көру керек дедім. Театрдың «Қаракөзін» тамашалап, «осы
театрда істеймін» дедім. Қойылымдарынан қалмаймын. Назгүл Қарабалина, Баян Қажынәбиева, Майра Омар, Рахилям апайлардың ойынын зерттеп жүретінмін. Бұл кісілер мен үшін – тірі аңыздар. Қатты қызығып, қатты жақсы көрген актрисам – Назгүл Қарабалина. Өзін сахнада ұстауы қандай? Басқа актрисаға ұқсамайтын дауысы бар. Образдарында эстетикалық талғамға көп мән беретіні көрініп тұрады. Баяғыда, оқып жүргенде спектакль біте салып, қызметкерлерге арналған есікке келіп, әртістердің шығуын күтіп тұратынмын. Әрқайсысын көрсем екен, амандасып қалсам екен дейтінмін. Бәрі топырлап, дарылдап шығып келе жатады. «Сәлеметсіздер ме? Сәлеметсіздер!» деймін әрқайсысына жаутаңдап. Олардың «Сәлеметсің бе?» дегенін естігенде, аспанға ұшып кете жаздайтынмын. Бір рет Назгүл Қарабалина «сәлем, жаным» деді. Бұ жауапты естіген менде ес жоқ. Бір апта соның буымен жүрдім. Шабыт алатынмын. Шіркін-ай, осы кісімен бір сахнада ойнасам ғой деп қиялдайтынмын. Театрда істегеніме алты жыл. Құдай тілеуімді беріп, бір сахнада ойнаймыз. Апалы-сіңлілі болып кеттік. «Сен менің идеалымсың!» деймін оған. Назгүл апам болса: «Әй, олай айтпа», – деп ұрсады. «Олай десең, соған лайық болуым керек болады», – дейді. Сенсеңіз, ер адамдар жанына жолап кетсе, қызғанам. Ол оның әріптесі ма, жоқ жол сұрап тұрған кісі ме, бәрібір. Анасын қызғанған бала секілдімін. Оған ешкім жақындамаса екен деймін. Осы орайда жолдасы Азамат Сатыбалды туралы да айта кетейін. Ол кісіні де туған ағамдай жақсы көремін. Студент кезімде теледидардан жүргізушілігін көріп жүргенмін. Бір күні «Гамлетте» ойнағанын көрдім. Өнеріне ғашық болдым. Енді сол кісі-нің спектакльдерін аңдитынды шығардым. Қойылымға күнде шашымды жасап, сәнденіп келуге тыры-сатынмын. Мені байқап қалса екен деймін. Қойылым аяқталып, перде жабылып жатқанда көрермен арасынан қолымды бұлғайтынмын. Мен үшін ол басқалардан ерекше, дара еді. Театрға келген соң туғанымдай болып кетті. Қазір менде таныс көп, дос санаулы. Достарым деп Назгүл апам мен Баян апайымды айта аламын. Дос деген басыңа қиындық түскенде ғана қолдау емес, қуанышыңды өзінің қуанышындай көру екен. Репетициядан шыққан соң, Назгүл апамен рөлдерімізді талқылап, қызу пікір таластырамыз. Шәй ішеміз. Қайбір жылы ол кісі іссапармен Астанаға кетіп қалды. Дайындықтан шықсам, қайда барарымды білмеймін. Айналамда адам толып жүр. Әріп-тестерімнің бәрімен жақсы араласамын. Бірақ ішімдегіні айтатын адам таппадым. Бірден хабарластым: «Апакам?» – деймін. «Сенесің бе? Сен кеттің, мен жалғыз қалдым. Тіпті шәй ішетін адам таба алмай отырмын», – дедім. Ертеңіне ұшып келді.

Айтқанымдай, әріптестерімнің бәрімен жақсы араласамын. Туған күнімен құттықтап, қуанышына ортақтасамын. Жақсы сөз жан жылытады.

«Бұл мен ғой. Жаңа ғана Беляеваны ойнаған дегім келеді»

Асхат Маемировтың «Қоштасқым келмейді» спектакліндегі рөлдерім «хитке» айналыпты. Онда екі рөл сомдаймын. Қойылымды көрген шығарсыз. Соттың алдына ажырасуға келген жұптар туралы. Бірінші рөлде Беляева есімді полиция қызметкерімін. Басында режиссер оның боксшы болғанын қалады. Бірақ менен қандай боксшы шығады? Оған физикалық тұрғыдан сай келмеймін. Әскери адам болғым келгені есіме түспесі бар ма? Екіншісі – сот. Сот болғанда да ерке сот. Мұрнының астымен сөйлетейік дедім. Бір спектакльде екі рөл ойнасам, онда әрқайсысы ерекше болуы қажет деп ойладым. Ісін қарайтын жұп ай сайын «ажырасамыз» деп келеді де тұрады. Соттың алдында ұрсысып-таласып алған соң, түк болмағандай құшақтасып үйлеріне қайтады. Соны білетін сот олар келсе, жыны келеді. Көбіне көрермен әлгі полиция қызметкерін де, сотты да менің ойнайтынымды білмей жатады. Сонда «бұл мен ғой, жаңа Беляеваны ойнаған» деп айғайлап айтқым келеді. Асанәлі Әшімов ағаның «Актерді өлтірген кім?» қойылымында басты рөлдегі Әселді сомдаймын. Ауылдан қалаға келген қарапайым қыз. Бай отбасына үй қызметкері болып жалданады. Ол үйде актер жігіт қонақ болып жүреді. Сырттай қарағанда екі әлемнің адамдары көрінгенімен, жан дүниелері ұқсас, бір-біріне ғашық болады. Бір күні әлгі бай отбасының баласы актерды байқаусызда өлтіріп қояды да, қызға жауып жібереді. Рөлдің эмоциялық жағы мен түрмедегі сахналарын алып шығып жүрмін. Бірақ жанымнан шықпай тұрған бір-екі сахна бар. Жасанды ойнап тұрғанымды өзім де біліп тұрамын. Соған жыным келеді. Кей рөлдер бойға солай ұзақ сіңеді. Тіпті бес жыл дегенде барып образды табасың. Әзірге сол сахналардың кезегін күтіп жүрмін.

Маған киноға да түсіп көрсеңші деп жатады. Бірақ мен сахнаны сүйемін. Екі-үш күн демалыс беріп қалса бір күннен артық жата алмаймын. Тым болмаса, театрға келіп, көріп кетуім керек. Миллиондап ешқайсысымыз ақша алып та жатқанымыз жоқ. Мамандығымыздың жанкүйері болып кеткенбіз. Заң бойынша жұмысымыз таңғы тоғыздан, кешкі тоғызға дейін. Бірақ күні-түні театрдамыз. Таңертең жұмысқа келе салып, би залына кіреміз. Форманы ұстап, бұлшық ет қатаймау үшін бір сағат би билейміз. Күнде. Содан кейін өз арамызда шатқа отыру, қылышпен шайқасу сынды «төбелес» сахнасын қоямыз. Жарты сағат демалып, әркім өзі шығатын қойылымға дайындыққа кетеді. Театрда вокал сабағы да бар. Түстен кейін екі мен бестің арасында демалуға болады. Бірақ спорт залда жүргенді құп көрем. Кешке көрермен жиналып, сахнаға шығамыз. Спектакль біткен соң үйіне қайтатындар қоштасып кете береді. Ертеңгі қойылымға бүгіннен бастап дайындалам деушілер театрда қалады.

13-14 сәуірде «Қобыландының» премьерасы өтті. Қобыландының қарындасы Қарлығаштың рөлін сомдаймын. Далада, жаугершілік заманда өмір сүріп жатқан еркін адамдар. Көйлегін сызған қыз жоқ. Жау келсе, іргедегі найзасын алып жүгірмекші. Мен жасап жатқан Қарлығаш өте бұзық, тақылдап тұрған тентек қыз. Табиғатыма сай келгендіктен рақаттанып ойнап шықтым. Арасында Шуақ деген момындау жігітпен махаббат сахнасы бар. Жігіт жуастау, бұл болса шатақ. Не алады, не жұлады. Жігіттің сезімін білдіре алмай жүргенін біліп, өзі айтқызады. Қыз сырттай қатты көрінгенімен, ішкі жандүниесі нәзік. Оң жамбасыма келген рөл болды. Қалғанын көрермен бағалай жатар. Шуақты Нұрғиса Қуанышбайұлы ойнайды. Қойылымда серіктес болғандықтан, арада бір байланыс болуы керек. Ол сахнада бір-біріңді сезу үшін қажет. Кейде сахнаның артына барып бала сияқты ойнаймыз. Сол леппен сахнаға шығып кетеміз. Рөлді қаңтарда алдық. Дайындық барысында кейіпкеріміздің өмір-баянын іздеп, тауып оқимыз. Дайындыққа алып келіп, көрсетеміз. Қойылымды Астана-дағы «Жастар» театрының режиссері Нұрқанат Жақыпбай ағай қойды. Бала сияқты. Дайындық барысында ағайды бақылап отырсаңыз, сахнадағы актер жыласа, ол да жылайды. Күлсе, ол да қарқылдап күліп жібереді.

Қазір ылғи бірге шығатын партнерім жоқ. Бір жолы «Жүз жылдық махаббат» спектаклінде Алмас Шаяхметовпен ойнадым. Негізі мен басқа құрамда едім. Бірақ Ләззат Қалдыбекова ауырып қалып, орнына шықтым. Екеумізде тандем бар екен. Бір-бірімізді сеземіз. Ал қазір сол ойынымызды «сағынып жүрміз». Тағы бірге ойнасақ қой дейміз.

«Әкем солай еткенде, мен неге олай қиналмаймын?» дедім»

Домбырада, гитара мен жетігенде, шаңқобыз бен фортепианода ойнаймын. Енді баян үйренгім келіп жүр. Ағам Виктор Цойдың жанкүйері. Цойға еліктеп, гитара үйренді. Оған мен қызығамын. Бес жасымда ма екен гитараның бір ішегімен естігенімді ойнап шығаратынмын. Ақыры ағамнан үйреніп алдым.

Одан домбыраға қызықтым. Оны да тыңдау арқылы үйреніп алдым. Колледжге келсем, курстастарым фортепианода керемет ойнайды. Оған да отырдым. Оның үстіне фортепиано сабағы болды. Бірақ онда саусақтарды ереже бойынша қойып, «тәртіпті» ойнау керек. Ал маған «жабайы» ойнаған ыңғайлы. «Таңсұлу» спектаклінде басты рөлдегі адам бірнеше аспапта ойнау керек болды. «Жетіген ойнайсың ба?» – деп сұрады. «Иә», – дедім. «Домбырада ән айта аласың ба?». «Иә». Ішімнен «ойбай, мыналарды қалай үйренем?» деп тұрмын. Жетігенді үйге алып кеттім де, гитараға ұқсатып жатқызып тартып көрдім. Мұны жетігеншілер естімесін (күлді). Одан жетігенші қыздарға тыныштық бермедім. Түнде үйлеріне барып, аспаптың құлақтарын бұратып, дауысын ретке келтірттім. Салтанат Бақаева екеуміз бір рөлде ойнаймыз. Ол бірінші құрамда, мен екіншідемін. Салтанат музыкалық мектепті бітірген. Аспаптарға қиналып тұрған жоқ. Сөйтіп ақыры жетігенді үйреніп шықтым. Әкем театрда зағип адамның образын жасады. Сахнада көзін ашып жүруі керек. Бірақ жыпылықтатуға болмайды. Жыпылық-татпауды үйрену үшін үйден жұмысына жеткенше көзін ашып жүреді екен. Екі сағаттық қойылымды көзін бір жұмбай ойнап шықты. «Әкем солай еткенде, мен неге олай қиналмаймын?» дедім. Домбыра демекші, Инстаграмда аспаптарға қатысты челлендж бастаған едім. Қарап отырсақ, бір Алматыда тұрып, Мүсірепов театрындағы әріптестерімізбен жақын араласуға уақыт жоқ. Екі театрда да күні-түні дайындық. Содан екі театр арасында аспап ойнаудан челлендж бастасам дедім. Алдымен өз театрымның әртістерін сынап көргім келді. Бірақ тек Назгүл Қарабалина ғана қобызбен жауап берді. Қалғаны тым-тырыс. Содан Мүсіреповке жолдадым. Енді әріптестерімнің жауабын күтейік.

Театрда тек махаббат кейіпкерін сомдайтын актер, актрисалар болады. Ондай образдарды «героинялар» дейді. Мен «героиня» емеспін. Менің ұғымымда олардың бойы, шашы ұзын, көздері бақырайған, белдері қылдай. «Ұстаздарыңыздан не мақтау естідіңіз?» деп сұрайсыз. Рөл берерде, өліп-талып еңбектенетінімді біле ме, алып шығатыныма күмән келтірмей береді. Ерекшелігің даусың дейді. Мен болсам даусымнан ұяламын. Жуан деймін. Сосын режиссерлер сахнаға бар, көрермен еститін дауыс керек деп ұрсады.

P.S. Ажарлымнан «жалғыз өзіңіз қалғанда, соғылған қол мен көрермен кеткенде, айналадағы дырду тіршілік азайғанда не істейсіз?» деп сұрадым. Бір жолы қойылым аяқталып, барлық әртіс қайтып кетіпті де гримеркада жалғыз өзі қалыпты. Сонда «мұның бәрінің бір соңы бар ғой» деп ойладым дейді. Оны түсіне білетін өнер адамы сахнаға барын беріп қалу үшін талмай еңбек ететініне сенімдімін. Өзі Ажарлым болса.

Әңгімелескен
Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

Суретті салған Е.Момбаев

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз