Балалар, оқу жылы аяқталуға жақын. Кімде қандай жоспар бар? Жазғы демалыстарыңды қайда, қалай өткізесіңдер? Өздеріңе сүйіншілер керемет жаңалығымыз бар. Əйгілі «Артек» лагерінің жалғасы іспетті «Балдəуреннің» маусымы ашық. Егер мектепішілік, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, спорт жарыстарының, шығармашылық байқаулардың жеңімпазы болсаң, оқу озаты болсаң, армандар аралында демалуға мүмкіндігің бар. Ол үшін «Балдəуреннің» тарихы мен талаптарын білгенің артық болмайды.

Ауылымыз шалғайда орналасқандықтан, біздің буыннан бірде-бір бала лагерьге бармапты. Мектепішілік жазғы тынығу лагеріне қатысқанымызға мәз болушы едік. Алғаш рет лагерьді «Балдәуреннен» көрдім десем, сенесіңдер ме? Алматының іргесіндегі Қапшағай қаласына көзді ашып-жұмғанша жетіп бардық. Әр өңірден келген балалардың көңілі шат. Олармен бірге біз де мәз-мейрам болдық.

Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы орналасқан. Тап-таза ауасы мен сұлу табиғаты керемет. 2017 жылдың сәуірінде «Балдәурен-Қапшағай» республикалық оқу-сауықтыру орталығы болып ашылған демалыс орнында болып, балалық дәуреннің тәтті дәмін біз де сезіндік. Бара сала еліміздің әр аймағынан келген балалармен достасып, бір үйдің баласындай болып кеттік.

«Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында тәртіп қатал, талап күшті. Демалушылар таңертең жеті жарымда ұйқыдан оянып, кешкі сағат онда ұйықтауға міндетті. Бала денсаулығына әрі қауіпсіздігіне кері әсерін тигізетін заттарға тыйым салынған. Ұялы телефон ұстауға мүлдем болмайды. Есесіне балалардың көңіл-күйі мен күш-жігері керемет. «Біз сұлумыз, балдаймыз, «Балдәуренді» таңдаймыз!» деп әндеткен көңілді ортада жабырқап жүрген жан болсайшы!

Армандар орындалатын арал

Кез келген бала жазғы демалысын «Балдәурен» лагерінде өткізгісі келер еді. Өйткені «Балдәуреннің» әр күні қызықты, мерекеге толы. Бұрын «Балдәуренге»  бардың ба, Бурабайда болдың ба?» деп сұрайтынбыз. Қазір еліміздің үш өңірінде «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығы ашылған. «Балдәурен-Бурабайға» аяғы жетпегендер «Балдәурен-Шымкентте» демалысын қызықты өткізе алады. Оқу-сауықтыру орталығы жыл бойы он алты маусым бойы балалар қабылдайды. Үздік оқушылар мен мектеп мақтаныштарына жолдама конкурс бойынша беріледі екен. Облыстық білім департаменттері квота арқылы таратады. Бір ауысымдық оқу жылына 300-ге жуық бала қабылданады. Жазғы маусымда бала саны 680-ге дейін жеткен. Он алты маусымда 4000-ға жуық бала оқып, демалу мүмкіндігіне ие. Жаз мезгілінде он бес күн, оқу жылында жиырма күн бойы балалар қызыққа кенеледі.

Бұл лагерьде спорттың сан түрі қамтылған. Бассейнге түсіп, велосипедпен серуендеу бір ғанибет! Сергіту жаттығулары міндетті түрде жасалады. Қапшағай көлінде балалар қайыққа мінеді. Футбол, волейбол, үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылады. Ойды дамыту үшін дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ ойнатылады. Балалардың денсаулығын нығайту үшін медицина бөлімінде гала-камера жұмыс істейді, түрлі шөптерден жасалған емдік шәйлар, дәрумендер беріледі. 52 бөлмеден тұратын қонақүйдің іші-сырты мұнтаздай таза. Бір топтағы жиырма баланы айрандай ұйытып, бір-бірімен араздастырмау – жауапты іс. Осы қыруар жұмыстың бәрін атқаратын – ұйымдастырушы ұстаздар. «Тәртіпке бағынған құл болмайтынын» білетін балалар өз ісіне мұқият екенін көріп қуандық.

Біз сиқыршы Ғабдукамал Қонқараев ағамен бірге бардық. Жол бойы ағамызды әңгімеге тартып, сиқырының сырын білгіміз келді. Шын талант сахна талғамайды екен. Табан астында тиын шығарып, көз алдымызда жоқ қылды. «Балдәурендегі» балаларды да таңғалдыруға асығып келеді. «Кеше ғана ауылдарды аралап келдім. Менің көрерменім – балалар. Өнерімді түсінбейтіндер көп қой. Оларға сиқырды емес, «иллюзия» ұғымын түсіндіре алмаймын. Фокус өнерімен айналысатын әуесқой сиқыршылар бар. Бірақ олар да тереңдемейді. «Балдәуренге» шақырғанда «алақайлап» қуандым. Жасым жетпіске таяды. Өнерімнің құпиясын балаларға көрсетемін. Фокустың техникасын үйретемін»,деп қуантты Ғабдукамал аға.

Ауысым маусымына сәйкес есімі елге белгілі қоғам қайраткерлері мен ұлт мақтаныштарын қонақ ету «балдәурендіктердің» жылдағы дәстүрі. Ғалымдар мен әдебиетшілер, өнер жұлдыздары мен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары балалармен бір күнін өткізеді. Бірде Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының қызметкерлері қуыршақ тігіп, түрлі бұйымдар жасаудан шеберлік сабағын өткізіпті. Кейін қолөнерге икемді балалар әрі қарай қызығып, дамытыпты. Ғабдукамал аға сиқырының сырын ашса, балалардың сүйікті әншісі Төреғали Төрәлі әннен шашу шашып, кеш көркін қыздырды.

Айтпақшы, биыл «Балдәурен-Балқаш» лагері ашылады. Басқалардан басты ерекшелігі – инклюзивті білім беру бөлімі жұмыс істейді. Мұны естігенде қуанышымыз еселене түсті.

Дайындаған
Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА

Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз