Ертегі оқып отырған Айғаным бір сөзді түсінбей қалды. Дауыстап қайталап оқыды.

«…Тұмсығына ат тұяғы тиген қасқыр мұрттай ұшты».

Айғаным «мұрттай ұшты, мұрттай ұшты…» деп ішінен қайталады. Бәрібір түсінер емес.

Жүгіріп ағасына барды.

– Меніңше, «мұрттай ұшты» деп құлағанды айтады, – деді ағасы оған.

– Солай ма? – деді Айғаным сенімсіздеу үн қатып. –  Бірақ неге «мұрттай»? Мұрт құламайды ғой…

Ағасы иығын қиқаң еткізді.

– Білмеймін! Атамнан сұрап көрші.

Айғаным енді кітабын көтеріп, атасына барды.

– Ата, «мұрттай ұшты» деген не?

–  «Мұрттай ұшты» дейсің бе? «Мұрттай ұшты» деп жалп етіп, ұшып түскенді айтады, – деді атасы. – Кейде «қалпақтай ұшты» дейді. Бәрі бір сөз. Айтпақшы, «мұрттай ұштының» тағы бір мағынасы бар. Аяқ астынан қатты ауырып қалғанда да «мұрттай ұшты» дейді. Мысалы, «балмұздақты көп жеген қоянның тамағына суық тиіп, мұрттай ұшты» десек, бұл қоянның төсек тартып, жатып қалғанын білдіреді.

– Ұқтым! – деді Айғаным. – Бірақ неге жай ұшпай, «мұрттай ұшады?»

– Міне, мұның дұрыс! – деді атасы. – Ақыр білгің келген екен, бәрін біліп ал. Мен саған бір сұрақ қояйын. Жұмбақ. Жауабын тез табуға тырыс.

– Жарайды! – деді Айғаным.

– Ендеше, тыңда! Қандай жеміс электр шамына ұқсайды?

– Электр шамына?..

Айғаным сәл ғана ойланды да:

– Таптым! Ол – алмұрт! – деп тақ ете қалды

– Жарайсың! – деді атасы. – Енді мына қызықты қара. «Алмұрт» – негізінде парсының сөзі. Парсылар бұл жемісті «муруд» деп атайды. Біздің тілімізге енгенде сәл өзгеріске ұшырап, алдына «ал» қосылған. Сөйтіп, «алмұртқа» айналған. Демек, «мұрттай ұшу» деген – «сабағынан үзілген алмұрттай ұшып түсу» деген сөз. Енді бәрі түсінікті ме?

– Түсінікті!

Сөздің мәнін ұғып алған Айғаным өз бөлмесіне асықты. Орта жолдан үзілген ертегіні жалғастырып, тезірек аяғына жетпекші.

Бағдат МӘЖИТОВ
Суретін салған Ерлан Момбаев

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз