Бала кезде ермексаздан мүсін жасауды жақсы көретін едік. Неше түрлі жан-жануардың сұлбасын жасап, адамға келгенде біраз әуреленетінмін. Қолөнер шебері үйірмесіне қатысқанда да, адам мүсінінен басқа сұлбаларды жасай беретінмін. Ең қиыны адамның түрін айнытпай қайта салу екенін сонда түсіндім. Бүгінгі кейіпкеріміз Айдос Есмағамбетов – гиперреалист-мүсінші. «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген кейіпкеріміз мүсін өнеріне қалай келгені, ең алғаш жасаған мүсіні туралы әңгімелеп берді.

– Қостанай облысының Арқалық қаласы маңындағы Қайыңды деген ауылда дүниеге келдім. Бастауыш сыныпты Қайыңды орта мектебінде оқып, кейін көрші ауылға көшіп кеттік. А.Макаренко атындағы мектепті бітірдім. Кәсіби біліміме келсек, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында «Бейнелеу өнері мен сызу» мамандығы бойынша білім алдым. Мектепте ең сүйікті пәндерім бейнелеу өнері мен еңбекке баулу болды. Математика, физика, химия сияқты пәндерге қызығушылығым болмаса да, география пәнін ерекше жақсы көріп оқыдым. «Перудің астанасы Лима» деп, әр мемлекеттік астанасын жаттап, сол елдерге қатты саяхаттағым келетін. Қазір сол кішкентай кезімдегі саяхатшы боламын деген арманым да орындалып келеді. Кәсіби камерамды сөмкеме салып алып, барған жерлерімді фотосуретке түсіріп жүремін. Бұл мектепте география пәнін жақсы оқығандықтан шығар деп те ойлаймын. Мектепте брейк-данс билегенмін. Қазір де жақсы билеймін, тек көпшілік алдында емес (күлді).

– Жан-жақты бала болған сияқтысыз?

– Кішкентай кезімде өте тентек болдым. Бір оқиға есіме түсіп отыр. Мектепте оқып жүргенде, шамамен 1-2-сыныпта шығар, Динара есімді қыздың затын партаның астына лақтырып, ол еңкейген кезде бетінен сүйіп алғанмын. Осындай да тентектігім болған. Қазір Динарамен араласып тұрамын. Өте арманшыл едім. Қиялдап бір бұрышта сурет салып отыратынмын. Дұрыс армандасаң, барлығы да орындалады. Тек еңбек қана қажет. Шабытты күтудің керегі жоқ. 5-10 минут өзінді қинап жұмыс істесең, әрі қарай миың қосылып, шығармашылық туынды жасай бересің. Бұл психологияда да дәлелденген. Біздің қоғамда шығармашылық адамдары туралы қисынсыз пікір көп. Олар міндетті түрде темекі шегіп, шарапқа мастанып жүреді деп ойлайды. Бұл өте қате. Өзім жұмыс істеу барысында көбірек су ішемін, бір орында отырғаннан шаршайсың ғой, сол сәтте далаға шығып жүгіріп келемін. Бассейн де өте жақсы сергітеді. Дұрыс тамақтану, салауатты өмір салты фантазияның тууына әсер етеді.

– Гиперреализм дегеніміз не?

– Гиперреализм – фотореализм деген сөздің синонимі. Зерттеп қарасақ, бұл тек мүсін өнерінде ғана емес, сурет өнерінде де бар. Бейнелеу өнерінің гиперреалист суретшілері кез келген суретті, мысалы, құмырадағы гүлді алсақ, соны айнытпай салып бере алады. Құдды фотосурет деп те ойлап қалуға болады. Ал менікі мүсін өнеріндегі гиперреализм. Әлемдегі саусақпен санарлық гиперреалистердің жұмысын көріп, біздің елімізде де осы саланы дамытқым келді. Гиперреализмді арнайы жоғары оқу орындарында кәсіби оқытпайды. Бұл өнер әр мүсіншінің немесе суретшінің құпиясы. Өзің ізденіп, ғаламторды ақтарып, көрмелерге бара жүріп, үйренесің. Талап пен еңбек болса, үйренуге болады. Әрине, ізденіс уақытты талап етеді. Мүсінді жасау барысында материалдың құрамын жетік білу керек. Химиялық тұрғыдан қалай болса, физикалық жағынан сыртқы күштерге қалай шыдайтынын да зерттеп тексересің. Мұндай материалдар, өкінішке қарай, біздің елімізде жоқ. Тек шетелден тапсырыс беру арқылы сатып алуға болады. Қарапайым силиконның кино саласында қандай түрі қолданылатынын ажырата білу керек, Аспаздықта кекстердің қалыбын жасайтын силикондардың түрі мүлдем басқаша, ал адамның бетін, яғни сұлбасын жасайтын силикон мүлдем бөлек болады. Силиконның түрі де, атауы да көп. Сапасы жағынан америкалық силикон мықты болғандықтан, соған тапсырыс беремін. Мүсінді жасайтын материалдарды алатын қаражат өз қалтамнан шығады. Мұны  міндетсінбеймін де. Елімізде өнерді бағалайтын адамдар табылып, менен кейін осы саланы дамытып жатса, қолдау көрсететіндер табылып жатса, еңбегімнің ақталғаны деп білемін. Музей ашуға мүмкіндік болмаса да, арнайы бұрыш болса деймін. Шәкірт тәрбиелеу үшін де қаражат қажет, олардың ақысын да жеуге болмайды ғой.

– Алғаш кімнің сұлбасын жасадыңыз?

– 8-сынып оқып жүргенде қыста мұз қалашық жасағым келді. Жалғыз өзім күні-түні жүріп, жылқы мен құлын жасағаным бар. Мұғалімдерім сол кезде қатты таңғалды.

2010 жылы алғаш рет Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сұлбасын жасадым. Мүсінді жасау уақыты төрт айдан бір жылға дейін созылады. Жұмыстың қиындығына байланысты. Әлемге әйгілі Мадам Тюссо мүсіндері де осындай уақытта жасалады. Алайда, салыстырмалы түрде айтсам, Мадам Тюссода бір фигураға 10-15 адам жабылады. Шаштаразы бір бөлек, көзін жасайтын адам бір бөлек болады, әр гиперреалистің белгілі бір жұмысы бар. Өкінішке қарай, менде ондай шығармашылық ұжым жоқ.

Шетелде гиперреализм бағытындағы музейлер өте көп. Белгілі бір мемлекеттердің президенттері, фильмге түскен актерлердің гиперреалистік сұлбалары жинақталған музейлер бар. Елбасының мүсінінен соң Абылай ханды, Барак Обаманы, генерал Сағадат Нұрмағанбетовтың сұлбасын жасадым. Былтыр Назарбаевтың отырған қалыптағы мүсінін жасадым. Қазір Геннадий Головкиннің гиперреалистік мүсінін жасап жатырмын. Мүсінді жасамас бұрын оның эскизін міндетті түрде салып қоямын, болашақта жасағым келетін мүсіндердің суреттері өте көп.

– Ата-анаңыз бұл өнеріңізді қалай қабылдайды?

– Әкем де, анам да өнер жолындағы адамдар. Анам Жезқазған қаласында музыка пәнінің мұғалімі мамандығын меңгеріп, домбырадан сабақ берген. Анам бейнелеу өнеріне тапсырғысы келген екен. Әлі күнге дейін сурет салады, шашын қыз күнінен бері қимаған. Екіге өріп қояды. Кесте тігу, құрақ көрпе құрау сияқты жұмыстарды сүйсініп істейді. Тамақты да күшті әзірлейді. Анамды мақтағаным емес, қолынан дәм татқандар «Сәуленің еті ерекше дәмді» деп айтады. Ал әкем Әкімғали Моңғолияда әскерде болғанда, альбомдарға суреттер, портреттер салған. Анамның жүрегін солай жаулаған деп ойлап қоямын. Екеуінің суретке деген махаббаттары ерекше. Меніңше, сурет салу маған қанмен берілген. Бәлкім, ата-анамның асқақ арманын да орындап жүрген шығармын. Ең бастысы – маған сурет салған, мүсін өнерімен айналысқан ұнайды. Ал ата-анам мені кез келген сәтте қолдауға әзір. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Тіпті, алғашқы гиперреалистік мүсіндеріме әкем демеуші де болды. Олардың үмітін аяқасты еткім келмейді. Алдымда әпкем бар. Еркін өссем де, үйдің кенжесі болсам да,  өзіме артылған жауапкершілікті білемін.

– Қазір Astana musical театрында істейді екенсіз, қызметіңіз қандай?

– Театрда гример болып жұмыс істеймін. Театрдың арқасында бала кездегі саяхатшы боламын деген арманым орындалып, Еуропаны аралау бақыты бұйырды. Бірақ, Парижде болғанда қатты армандаған Мадам Тюссо музейіне бара алмадым, Луврда болғанда Моно Лизаны көрмей кеттім. Бәлкім, бұл Францияға тағы да табан тіреуге арналған мүмкіндік шығар. Былтыр жылдың соңында Нотр-дам де Пари мюзиклінде театр артистері менің гримерлік жұмысыммен сахнада өнер көрсетті. Келген көрермен оң бағасын берді. Бұл елімізде бұрын-соңды болмаған өнер жаңалығы еді. Қазір театр әртістерімен еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерінде гастрольдік сапармен жүрміз.

Əңгімелескен
Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз