«Дипломмен – ауылға», «Серпін», «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары, «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы жастардың білім алып, жұмысқа тұрып, кәсіппен айналысуына жол ашу үшін қабылданған болатын. Жастарды қанаттандыру мақсатында «Дарын» сияқты сыйлықтар да беріліп келеді. Жастардың мәселесі ешқашан назардан тыс қалған емес.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылды Жастар жылы деп атауды ұсынғаннан кейін, жастарға деген қамқорлық көбейе түсті. «Марк Цукерберг «Фейсбукті» 19 жасында, Билл Гейтс «Майкрософты» 20 жасында, Стив Джобс «Apple» компаниясын 21 жасында құрған. Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр», – деді Елбасы жастар форумында сөйлеген сөзінде. Сондай-ақ екі жылдан кейін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өту мерейтойына дайындық ретінде Жол картасын дайындауды тапсырды.

 

Дәстүр бойынша жастар туралы сауалнама жасадық. Сауалнамада пікір білдіргендер жастардың тобына да жатпайтын, үлкендердің қатарына да кірмейтіндер, яғни орта буын өкілдері. Олар қазіргі қоғамда белсенді, айтары бар топ.

1. Жастар жылынан не күтесіз?
2. Бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма?
3. Сізді қоғамдағы қандай мәселелер алаңдатады?
4. Қазақстанның жас азаматы ретінде қандай жобалармен немесе шаралармен айналысып жүрсіз?

Бэлла ОРЫНБЕТОВА, қоғам белсендісі:

«Жастар стереотиптер шеңберінде қалмаса екен»

1. Жастар жылынан ерекше жаңалық күтем дей алмаймын. Бірақ жастардың өзінен үмітім зор. Биыл «Жастар жылы» аясында ауыл-аймақтардағы жастарға да түрлі мүмкіндіктер жасалса деймін. Әдетте жаңалықтарды, ғажап мүмкіндіктерді ірі қалалардың жастары қалт жібермейді. Ал өңірлердегі жастар «өз сорпасында қайнап», ғылым-білім саласындағы түрлі грант, байқау, бағдарламалардан тыс қалатын сияқты.

2. Біз қазір орта буын өкілдеріміз. Біздің буынның да, алдыңғы буынның да өз кемшіліктері болды. Аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдары бұғанасы қата қоймаған, бірақ жағдайды түйсінетін жеткіншектер едік.

Білім саласындағы эксперименттің түр-түрін көрдік. Біреулер бейімделе алды, біреулер қатарға ілесе алмады. Дегенмен ол кездегі мүмкіндікті қазіргімен салыстыруға болмайды. Кейде өзімнің, тым болмаса 5-10 жыл кеш тумағаныма өкінемін. Қазір білім, ғылым, технология көз ілеспес шапшаңдықпен дамуда. Ілесе алсаң әлемнің алды болуың да ғажап емес. Біздің жастардың арасында тамыр-таныссыз-ақ өз күшімен әлемдегі беткеұстар компанияларда қызмет ететіндері жетерлік. Осындай жастарға қарап көңілім толады. Бірақ біздің әлеуетіміз бұдан да жоғары.

3. Бізде «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без» қағидасы бар. Кейде қолданылуы орынсыз. Айтары болса неге айтпасқа, білгені болса неге топ бастамасқа? Болашақта біз толығымен меритократия принциптеріне сүйенген қоғам боламыз. Адамның тегі, әлеуметтік жағдайы емес, білім мен кәсібилік үстемдік құрады. Тек жастар стереотиптер шеңберінде қалмай, өзіне сенімді болса екен деймін. Өз құқықтарын, өз мүмкіндіктерін толық пайдаланса тамаша жетістіктерге жетуге болады.

4. Негізгі кәсіби жұмыстарыммен қатар қоғамдық істерге мейлінше көбірек араласуға тырысамын. Мені кибербуллинг мәселесі алаңдатады, ғалым ретінде осы тақырыпта зерттеу жүргіземін. Экология мәселесі қазіргі сәтте өзекті. Мүмкіндігімше қолымнан келгенін жасаймын. Қазір қаланы ғана емес, даланы да экологиямыздың соры – пластиктерден тазартқым келеді. Бұл үшін ерікті азаматтардың басын қосып, тұрақты түрде сенбіліктер өткізуді жоспарлап отырмын. Адам қоғамнан ешқайда бөлініп кете алмайды. Әлемді өзгерткісі келсе, өзінен бастап, жан-жағындағыларды да жұмылдыруы тиіс. Қазіргі Қазақстан жастары серпіліп, елімізді оң өзгерістерге әкеледі деп сенгім келеді.

Бақтияр ҚАБАС, «Талғар» аудандық газетінің бас редакторы:

«Сана улайтын нәрселер жастардың қараңғылануына әкеп соға ма деп алаңдаймын»

Биылғы жылды Нұрсұлтан Әбішұлы «Жастар жылы» деп белгілеп берген соң ел жастары үшін жақсылыққа толы болады деп ойлаймын. Біріншіден, «Үйі жоқтың – күйі жоқ» дегендей, жастардың баспаналы болуына мол мүмкіндік беріледі деген үміттемін. Екіншіден, жастардың білімін көтеруге көп күш салынып, жас мамандардың жұмыспен қамтылуы басты назарға алынар. Жастардың шет елдерде білім алуына да жеңілдіктер жасалуы тиіс.

Менің қатарластарым ақыл тоқтатқан, еңбекке араласып жүрген, отбасылы жастар. Олардың арасында өмірден өз орнын таба алмай адасып жүргендері де жоқ емес. Ал 29 жастан төменгілерді алатын болсақ, көңілім бір толып, бір толмайды. Олардың ойлау қабілеті мен өмірге көзқарастары саясаттан, қоғамнан алшақ. Көбіне еліктегіш, ұлттық құндылықтарымызға бүйректері бұра бермейді. Мұндайларға көңілім толмайды. Дегенмен жас та болса мемлекеттік істерге араласып, алдыңғы буынмен иық тірестіріп қатар қызмет етіп жүрген жастарды көргенде сүйсініп қаламын. Көңілім толып, еліміздің ертеңінің жарқын болатынына сенімім арта түседі.

Пәтер жалдап жүргендері жаныма батады. Ауыл жастарының назардан тыс қалып жатқаны, жастарға арналған небір мемлекеттік бағдарламалардың өз деңгейінде орындалмауы да алаңдатады. Интернеттегі сана улайтын нәрселерге шектеудің жоқтығы да жастарымыздың зейінін бүлдіріп, қараңғылануына әкеп соға ма деп алаңдаймын.
Қазіргі күні Талғар аудандық қоғамдық-саяси «Талғар» газетінің бас редакторымын және «Асау медиа» орталығына қарасты «Рухани жаңғыру» журналын басқарып отырмын.

Сонымен қатар, осы орталық пен журнал екеуінің бірлескен жобасы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз, білімді де өнерлі жастар арасында республикалық байқау өткізіп, жастарды жігерлендіріп, білімдерін шыңдауға үлес қосып жүрмін.

Нұргүл ӘЛМЕНБЕТОВА, журналист:

«Екі отбасының үй алуына септігіміз тиді»

Жастар жылынан күтеріміз көп. Ең әуелі бұл жылы қабылдаған бағдарламалар жастарды, жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталса екен. Жастардың баспаналы болуына мүмкіндік көбейсе, тұрмыс сапасының артуының нақты көрінісі болар еді.

Әрине, көңілім толады. Бүгінгінің жастар жалынды, білімқұмар, амбициясы жоғары. Қашанда пікірін, ойын ашық айта алады. Бұл қасиеттерді ұжымда бірге істейтін өзімнен әлдеқайда кіші жас мамандардан байқаймын.

Қазір өте өзекті болып тұрған мәселелер – көпбалалы аналар мәселесі, балалардың денсаулығына қатысты жайттар. Бүгінгі бейбіт заманымызда ана мен бала жоқшылық көрмесе екен деймін.

Қазіргі өзім тұрып жатқан Алматы облысы, Қарасай ауданында «Kaskelen.kz» медиа жобасын қазан айынан бастап жүргізіп жатырмыз. Әлеуметтік желілер арқылы қарасайлықтарға ақпарат таратып, аудан деңгейінде болып жатқан өзекті әлеуметтік мәселелерді көтереміз.

Мысалы, осы жылдың ақпан айында «ютуб» арнамызда тұрмыстық жағдайы төмен екі отбасының жағдайын көрсеткен едік. Біздің сюжетті көрген жергілікті билік оларды назарға алды, ауданымыздың жаны жомарт азаматтары 8 наурыз қарсаңында екі отбасына да пәтер сыйлады. Сонымен қатар, оқырмандарымыз әлеуметтік желі арқылы өздерін толғандырып жүрген мәселелерін бізге жолдап отырады. Біз оларға көмектесуге тырысамыз. Алда мақсатымыз көп, ойға алған идеяларымызды жүзеге асырғымыз келеді.

P.S. «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жырлағанда Сұлтанмахмұт жиырмадан жаңа асқан екен. Ғани Мұратбаев қазіргі «Жас Алаш» газетінің бірінші нөмірін шығарып, бас редактор болған кезінде жасы небәрі 19-да болыпты. 23 жасында о дүниелік болған Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» романын бозбала кезінде жазыпты. 30 жыл ғана ғұмыр кешкен Шоқан Уәлиханов, Төлеген Айбергеновтердің артында қаншама өшпес мұра қалды. Қазақта жасындай жарқ етіп, жұлдыздай ағып түскен таланттар аз болмаған. Шоқандар шыққан қазақтан Марк Цукерберг, Билл Гейтстердің де шығатынына сенейік.

Дайындаған Б.МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз