ХХ ғасырдағы авангардтық әдебиеттің негізін салған Ф.Достоевский болды десек қателеспейміз. Өйткені француз әдебиеті мен жапон әдебиетінің негізінде атақты «Қылмыс пен жазаның» авторы жатыр. Яғни ХХ ғасыр әдебиеті психологиялық философия төңірегінде өрбіген. Ғасыр соңы әдебиетте психологиялық тереңдіктен өзге тағы бір тақырып пайда болды. Ол – тұлғаның екіге жарылуы болатын. Алғашында бұл тақырып шын ауытқуы бар адамдар айналасында өрбіген болса, кейіннен бұл әдіс қарапайым адамдардың да тақырыбына айнала бастады.

1955 жылы дүниеге тұлғаның екіге жарылуын медициналық тұрғыдан айқын дәлелдейтін Билли Миллиган есімді адам дүниеге келген. Оның тәнінде 24 тұлғаның өмір сүргені дәлелденді. Бірнеше тонау, зорлық-зомбылық жасаған Билли Миллиганды қорғаушысы сотта қорғап шықты. Ол бұл істерді оның емес, тәнінде өмір сүріп жатқан басқа тұлғалардың істегенін дәлел тұтып, тәннің негізгі иесін ақтап алды. Бұл ақтау тұлғаның екіге жарылуы арқылы дәлелденген тарихтағы бірінші сот отырысы еді.

Сонымен, сіздің тұлғаңыз екіге жарылса не болар еді? Біріншіден, алғашында сіз бұл туралы мүлдем біле алмайсыз. Медицина ғылымының дәлел-деуінше, адам алғашқы кезде өз тұлғасының тізгінін өзге тұлға ұстап тұрған кездегі уақыттың қалай өткенін аңғармайды. Театр сахнасын елестетіп көріңізші. Қараңғы сахнада он адам тұр. Әрқайсысына кезек-кезек пушка түсіріледі. Осылай көрермен тек пушка түсірілген адамды ғана көре алатыны секілді, адамның тәні де өз ішіндегі жарық түскен адамның тізгінінде болады.

Екіншіден, сіз бір сәтте бірнеше аурумен ауыра аласыз. Мысалы, Англияда тұлғасы екіге жарылған әйел адамның көзі соқыр болған. Бірақ оның тәнінің тізгіні өз ішінде өмір сүретін 16 жасар бозбалаға ауысқанда оның көзі қалпына келеді. Сонымен қатар адамның ішінде өмір сүретін әртүрлі тұлғалардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері болады. Бірі темекі тартады. Екіншісі темекінің иісіне мүлдем төзе алмайды. Тіпті біреуі СПИД-пен ауырса, екіншісі спорт шебері де болуы мүмкін. Яғни адамның ауруы тәнінде емес, санасында екенін толық сеніммен айтуға болады.

Жалпы тұлғаның екіге жарылуы медицина, психология ғылымдары мен әдебиет үшін қызықты тақырып болғанымен, тұлғасы екіге жарылу бірінші кезекте психикалық ауытқу, тереңдей түссек ауру екенін ұмытпауымыз керек.

Жалпы тұлғаның екіге жарылу себептерінің ең бастысы – бала кездегі психологиялық соққыдан болады. Баланың тұйықталуы, өзгелерге қосыла алмауы – өз санасында өзге адамды жасап алып, сонымен ойнауынан өз қиялындағы образ өзіне сіңіп кетеді. Ата-ананың ұл күтіп, қыз туған жағдайда оны еркекшора етіп өсіретін әдеті бар. Немесе қыз күтіп, ұл дүниеге келсе оны да қызға жақын етіп өсіреді. Міне, бала санасындағы табиғи даму осы жерден бұзылады.

Жартылай отбасы, ата-ананың балаға дұрыс көңіл бөлмеуі секілді дүниенің барлығы бала санасына қатты әсер етеді. Табиғи даму процесін бұзады. Ал табиғи процесс бұзылған жерден трагедия басталары сөзсіз.

Сондықтан «ата-ана – бала-ның құдай туралы түсінігі жоқ шақтағы құдайы» деген З.Фрейдтің теориясына келісуге тиіспіз.

ТӨЛБАСЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз