Адам баласын мазаламайтын сұрақ жоқ десек те болар. Соның бірі – түнде төбемізден «төніп тұрған» Айдың табиғатын түсінуге ұмтылу.  Айдың пайда болуы туралы жорамал өте көп. Соның бірнешеуін ұсынуды жөн санап отырмыз.

Ғаламат қақтығыс

Ай ғаламат жарылыстан пайда болды деген жорамал бар. Оған сенсек, сонау байырғы дәуірлерде Айдың көлемі жермен бірдей болған екен. Кейіннен Жер мен Ай соқтығысқанда, Ай өзінің біраз бөлігінен (Жердің жартысындай көлемінен) айырылып қалған-мыс. Соның нәтижесінде қазіргі біз көріп жүрген Ай түзілген. Алайда планетаны зерттеуші ғалымдар бұл жорамалдың жалған екенін айтады. 1980 жылдың басында астрономдардың көпшілігі Айдың пайда болу себебін анықтау мүмкін емес екенін айтқан екен.

Пікір қайшылығы

1969 жылдың 20 қарашасында «Аполлон –12» ғарыш кемесінен бөлініп шыққан ұшу аппараты істен шығып, Айдың бетіне қонған сәтте тежегіш тетіктің кінәра­тынан қатты соғылады. Бір қызығы, осы соқ­қыдан кейін Айдан қоңырауға ұқсас дыбыс шығып, тербеліс бай­қалған. Кабинада орнатыл­­ған сейсмометрдің есептеуінше, тер­беліс 55 минутқа созылған. Бұл жағдай ғалымдарды таңғал­дырған. «Бұл неғылған дыбыс? Қайдан шықты, ненің белгісі?» деген сан қилы сауал маза бермеген соң, АҚШ-тың ғарыш мамандары тағы бір сынақ жасау­ға шешім шығарады. Ол – «Сатурн – 4» зым­ы­ранының орбитада қалды­рыл­ған бөлшегін Айға жеткізіп, қат­ты жылдамдықпен соқтықты­ру еді. Зымыранның қалдығы секун­дына 2,5 шақырым жылдамдық­пен Айға соғылады. Не болды дей­сіз ғой? Сейсмометрдің есеп­теуінше, Ай­дан шыққан қоңырауға ұқсас дыбыс 3 сағат 20 минутқа созылған.

Осыдан кейін-ақ ға­рышты зерттеп жүрген ғалымдар арасында пікірталас басталды. Ғалымдардың біразы «Ай табиғи ғаламшар емес, қолдан жасалған жасанды дүние» деген шешімге келсе, енді бірі оның планета екенін алға тартады.

Бірінші тараптың пі­кі­рінше, Ай өте берік титаннан жа­салған қаңқадан тұрады. Оның қа­лыңдығы – 4000-5000 мың метр, бәлкім одан да қалың болуы мүм­кін. Ортасы қуыс. Онда бізге белгісіз тіршілік иелері өмір сүріп жатуы ықтимал. Ал титан­нан жасалған қаңқа метеорит, комета секілді аспан денелері со­ғылған кезде қорғап тұрар қал­қан ретінде жа­салған. Өйткені Айдың бетіндегі көлемі 150-200 шақы­рым бола­тын кратерлердің те­рең­дігі небә­рі 3-4 шақырымнан аспайды. Негізінде ондай кө­лем­­дегі кра­тер­­лердің тереңдігі кем деген­де 40-50 шақырым бо­луы тиіс. Де­мек, титан қаңқа ауыр соққы­лардан Айды қорғап тұр. Ға­лымдар арасында «Ай аса да­мыған бел­гісіз тіршілік иелерінің ғарыш кемесі не болмаса жұл­дыз­аралық сапар кезінде тоқтап өте­тін ға­рыштық стансасы бо­луы мүм­кін» деген де әңгіме бар. Ол жөнінде сәл кейінірек айтамыз.

Ал екінші тараптың айтар жауабына келсек, «Аполлон-11» экипажы жерге алып келген Айдың топырағының химиялық құрамында темір, кремний, магний және марганец бар екенін анықтаған. Одан қала берді, оттегі изотоптарының бөлінуі жерге тән үлгілерді ғажайып түрде көз алдыңызға әкелетінін ғалымдар жария етіп жатыр.

Түркі ұғымындағы Ай

Айды киелі деп санап, оған табыну – түркі халықтарында ертеден келе жатқан ғұрыптардың бірі. Шоқан Уәлихановтың айтуынша, Ай бір кезде Тәңірі болған тәрізді. Қазақтар жаңа Ай көргенде иіліп сәлем береді және жаздыгүні сәлем берген жерінің шөбін жұлып, үйге келген соң ол шөпті отқа салады. Қазақтар Айға ұзақ қарамайды, өйткені Айдағы кемпір кірпік санайды деп қорқады. Айға қарап дәретке отырмайды. Жалпы, халқымыз Айды құрметтеп сөйлеген.

Айдың туғанын көргенде үлкен кісілердің «ескі Айда есірке, жаңа Айда жарылқа» деп бет сипап жатқанын әлі де кездестіруге болады. Жаңа Айды көргенде қырғыздар да бата жасайды. Мұндай әдет-ғұрып, наным-сенім басқа да түркі халықтарының тұрмысынан берік орын алған. Мәселен, башқұрттарда адам жаңа Ай туғанда қайтыс болса, Айдан ол адамға о дүниеден жақсылық жасауды өтінеді екен. Хакастар ай туған мезгілді жаңа жұмыс бастауға қолайлы уақыт десе, ал алтайлықтар бұл уақытта іс бастауға болмайды деп санаған.

Қазақ тыйымдарының біразы Айды қасиетті санап, құрметтеуге байланысты туған. Халық ертеден-ақ басы ауыратын, сақинасы бар адамдарға Ай сәулесінің әсер ететінін білген. Сондықтан ондай адамдарды Ай толған кез де далаға шығармауға тырысады.

Ай толған кезде далаға жалаңбас шығуға, сыртта ұйықтауға, Айға тесіліп ұзақ қарауға, жас баланың бетіне Ай сәулесін түсіруге, күн батқаннан кейін, әсіресе, айлы түнде, сыртқа үйден сүт алып шығуға болмайды (өйткені сүтке ай сәулесі түссе, малдың желіні ісіп кетеді. Айлы түнде далаға сүт алып шығуға тура келсе, оның бетін мықтап жауып алу керек). Айға байланысты мұндай ырымдар мен тыйымдар халық арасында қазіргі уақытқа дейін сақталған.

Айда тіршілік бар ма?

Ғарышкер Нил Арм­стронг 1969 жылы 20 шілдеде тұңғыш рет Айға қонды. Адамзаттың тарихында ерекше орын алатын ұлы оқиғаны әлем­нің жарты миллиард халқы теле­дидар арқылы көрді. Кеме саты­сы арқылы төмен түсіп, Айдың беті­не алғаш қадам басқан ғарыш­кер Нил Олден Армстронг еді. Одан кейін өзге ғаламшарға табан тіреген экипаждың екінші мүшесі – Эдвин Альдрин. Ал үшінші ғарышкер Майкл Коллинз кемеде қалды. Айдың бетіне АҚШ туын қадап, луноходпен шарлап, 22 келі топырақ алған олар кері оралды…

Кенет теледидар қарап отыр­ған жұртқа Нил Армстронг­тың дауысы бұзылып, аса бір қобал­жып, қорқа сөйлегені естілген: «Бұл не? Құдай-ау, мен нені көріп тұрмын? Сұмдық-ай, мұндай да болады екен-ау». Жерде байла­ныс­та отырған ғалымдардың: «Не дей­сің? Не болды, тез жауап бер», – деген дауысына, Нил Армстронг: «Мен өзім де түсінбей тұрмын. Мұнда керемет үлкен ғарыш ке­месі тоқтап тұр. Сұмдық үлкен. Олар кратердің арғы бетіне тоқ­тап, бізді бақылап тұр», – дейді үрей­лі дауыспен. Екі арада ғарышпен байланыс екі-үш минутқа үзіліп кетіпті. Сол арада не болды. Белгісіз. Тек өмі­рінің соңғы жылдары ғана белгілі ғарышкер Айда жат саналы тір­шілік иелерімен жолығысып қал­ғанын кейбір орталарда айтқан көрінеді…

Расында, Айда тіршілік бар ма? Шетел зерттеушілерінің кел­тірген дәйектеріне қарасақ, Айды зерттеу барысында АҚШ ғарыш­керлері 140-150 мың түрлі құпия сурет тү­сірген. Бірақ олар өте құ­пия жағдайда сақтаулы көрінеді. Мәселен, НАСА-ның құпия су­рет­­терін көруге мүмкіндік алған Джордж Леонард жазбала­рын­да айда белгісіз тіршілік иелері бар екенін келтірген. «Түрлі құ­рылыстар, нысандар салынуда. Пирамидаға ұқсас ғимараттар, мұнаралар бар. Белгісіз тіршілік иелері айдағы пайдалы қазба­лар­ға зерттеулер жүргізіп жатқан се­кілді», – дейді Джордж Леонард. Өйткені суреттердегі көріністер соны бейнелейтін секілді. Аме­­ри­калық уфолог Фред Стеклинг өзі­нің кітабында: «Бұған дейін бізге Айдың бетінде тіршілік жоқ деп түсіндіріп келді. Шын мәнін­де басқаша. Ол жерде техноло­гиялық дамуда адамзатты артқа тастап кеткен өркениет иелері бар», – дейді және нақты деректерді алға тартады.

Бір қызығы, сыртқа құпия­­сын аша бермейтін АҚШ ғарыш­ты зерттеу орталығы (НАСА) өткен ғасырдың 60-жылдарының соңында, соңғы төрт жүз жылда Ай бетінде орын алған 579 ано­малды құбылыстың тізімін жа­са­ған. Онда жарқыраған шамы бар, қозғалып бара жатқан ны­сан­дар­дың, ұшу алаңдарының, жой­қын ұралардың, түр-түсі үнемі өз­геріп тұратын ірі күмбездердің, алып пирамидалардың кескін­де­рі кел­тірілген. Осыған қарап ға­рыш мамандарының көпшілігі Ай­да біз білмейтін тіршілік бар деген­ді айтады. Тіпті Айдың жер­дегілер­ге үнемі бір қырынан кө­рінуінде де бір сыр жатуы әбден мүмкін.

P.S: Ай жөнінде айтылар болжам көп. Кейбірінің пікірлері бір-біріне қайшы келіп жатады. Қалай болғанда да, Айдың әлі де ашылмай жатқан сыры өте көп.

Таным кітапханасында
ізденген
Алмабек ИБРАЙЫМОВ,
«Ұланның» жас тілшісі.

Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз