МАХАМБЕТ КЕСЕНЕСІ

Кесенесін ұлы ақынның,
Ақ тастан әсем салыпты.
Халқына қорған батырдың,
Ерлігіне ұрпақ қанықты.

«Исатай басшы, мен қосшы» –
Деп, ақын шықты күреске.
Жырымен отты үн қосты,
«Азаттық» атты ұлы іске.

М.Өтемісұлы кесенесі 1995 жылы ақын зиратының басына салынған сәулет ескерткіші. Кесене авторы – Көпбол Демесінов.

БУРАБАЙ ҰЛТТЫҚ ПАРКІ

Нұрын төгіп көкте күн,
Арта түскен қуаты.
Бурабай – ол Көкшенің,
Сусындайтын суаты.

Бір көрген жұрт тамсанып,
«Қандай әсем, сұлу» дер.
Жұмбақтас пен Оқжетпес,
Аңыз болған ұлы жер.

Бурабай ұлттық паркі – Көкшетау өңіріндегі табиғаты тамаша өлке. Оның тау-тасы, орманы, көлдері, даласы аңыздарға толы.

ҚОЖА АХМЕТ ИАССАУИ КЕСЕНЕСІ

Ақсақ Темір салдырған,
Ұлы ұстазға бас иіп.
Алыстардан алдырған,
Шеберлерді хас жиып.

Бүкіл түркі құрметтер,
Куәсі алты ғасырдың.
Баба жазған хикметтер,
Кені ғой асыл ақылдың.

Ахмет Иассауи кесенесі – Түркістан қаласындағы орта ғасырлық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші.

АШУТАС ЕСКЕРТКІШІ

Қара Ертіспен жанасады,
Боран ауылы маңында.
Табиғаттың тамашасы –
Сыры көп айтар оның да.

45 түрлі өсімдік пенен жәндігі,
Кездеспейді басқа жерде.
Өте қымбат Ашутастың мәндігі
Біліп ал, дос, мұны сен де.

Ашутас – Шығыс Қазақстан облысында 150 гектар жерді алып жатқан табиғи ескерткіш. Бұл жерде 25-30 миллион жыл бұрынғы тіршіліктің іздері табылған.

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз