Теледидардан көріп армандайтын, география сабағынан еститін Ұлыбритания бүгінде қол жетпес арман емес. Білім аламын, ғылым қуамын, тəжірибе жинаймын деген адам үшін Ұлыбритания қол созым жерде. Осы елде білім алуды армандап, арманын мақсатқа айналдырып, сол жолда əрекет еткен Айман Бисенбайдың əңгімесі «Ұланның» оқырманы үшін пайдалы болар деп ойлаймыз. Айман елді сағынып жүр екен, сұрақтарымызға қуана-қуана жауап берді.

Орта мектепті Қызылорда қаласында оқыған бойжеткен Əл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бакалаврды бітіреді. Ал магистратураны шет елде
оқығысы келеді. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Лидс қаласындағы Leeds университетіне оқуға түседі. Таңдаған мамандығы – Аdvances chemical engineering, яғни болашақ инженер-химик.

– Шет елге оқуға түсу аса қиын болған жоқ. Ағылшын тілін үйрену қиынға соқты.
Қазақ мектебінде білім алдым, университетте де қазақ бөлімінде оқыдым. Мен таңдаған университетте IELTS деңгейі 6,5 болуы міндетті еді. Алдыма мақсат қойған соң, қалайда жетемін деген оймен Алматы қаласынан жақсы репетитор таптым, арнайы курсқа қатысып, ағылшынымды жетілдірдім. Шамамен 3-4 айдың ішінде тілді біршама меңгеріп, қалаған нəтижеге жеттім,
– дейді Айман.

Айман Британия жастарының еркін екенін айтады. «Қоғам қалай қабылдайды, жұрт не ойлайды?» деген шеңберде өмір сүрмейді дейді. Иə, ол жақта жастар қоғамның көзқарасына тəуелді емес. Өздері қалаған дүниені жасап, қалағанынша өмір сүруге тырысады.

«Ондағы жастардың мүмкіндігі де көп. Жастар ғана емес, жалпы Еуропа
елдерінде адамдардың бір-біріне сыйластығы ерекше. Қарапайым ғана қоғамдық көлікке мінген кезде жанындағыларға құрмет көрсетіп, кезегін күтіп, апыр-топыр болмай, асықпай өтеді. Кітапханада, сабақта студенттер барынша тыныштық сақтауға, басқа студенттерге зиянын тигізбеуге тырысады»,
– дегеніне қызығып қалдық.

Университеті жайлы сұрағымызға Айман былай жауап берді:

– Университетіміз ескі білім ордаларының қатарына жатады. Əлемге əйгілі Оксфорд университетімен қатар құрылған. Профессорлары мықты, əсіресе инженер мамандығында білім беруші ұстаздар бір бөлек. Осыдан 3-4 жыл
бұрын инженер мамандығын оқыту бойынша Оксфордтан кейінгі екінші орынға жайғасқан болатын. Ал кампус өте үлкен, 4 кітапхана, 20-дан астам компьютер кабинеті бар. Сабақ оқуға арналған күні-түні қолжетімді орындар бар. Студенттерге өз бетімен ізденуге барлық жағдай жасалған. Мысалы, менің факультетімде профессорлардан тек лекция түрінде білім аламыз, кейін белгілі бір тапсырма беріледі. Арнайы уақыты болады. Тапсырманы толық əрі дұрыс тапсыру үшін лекциядан бөлек ізденуді талап етеді. Бастапқы кезде бұл жүйеге үйрену қиындау болды. Қазақстандық жоғары оқу орындарында міндетті түрде лекция, семинар, содан соң лабораториялық жұмыс болатын. Қосымша
тапсырмалар берілетін. Бұл жақта сəл басқаша.

Қазақстанмен салыстырғанда, ол жақта өмір сүру қымбатырақ. Алайда «Болашақ» бағдарламасының шəкіртақысы студентіміздің барлық шығынын жабуға, еш кемшіліксіз жүріп-тұруына жетеді екен.

Қоршаған ортаға көзқарасым өзгерді

– Осында келгелі бері қоршаған ортаның қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуді үйрендім. Бұл жақта барлығы қоқысты сұрыптап, кейін оны қайта өңдеуге жібереді. Сауда орталықтарына өзінің сөмкесімен барады. Пластик заттарды пайдаланбауға тырысады. Жануарларды қатты жақсы көреді. Бірде-бір иесіз ит немесе мысық көрмейсіз. Жануарларға эксперимент жасауға қарсы. Осының барлығы қоршаған ортаға деген басқаша бір көзқарасымды қалыптастырды, – дейді Айман.

Айманнан біздің жастар мен ол жақтағы жастардың көзге ұрып тұратын айырмашылықтарын сұрағанбыз. Айырмашылық өте көп екен. «Жоғарыда айтып
кеткенімдей, жергілікті жастар еркіндікті жақсы көреді. Біздің жастар тұрмыс
құруға, кредит алып болса да той жасауға тырысады. Қымбат киіну, көлік міну,
қымбат смартфон ұстау секілді материалдық дүниелерге көп қызығады. Ал бұл жақта жастар қоғамды дамытуға, қоршаған ортаны, жануарларды қорғауға ерекше ықылас білдіріп тұрады. Ешкімге тəуелді болмауға тырысады»,
– дейді кейіпкеріміз.

Неге? Құндылықтар неге осынша алшақ? Айманның ойынша, мұның ең бірінші
себебі – қоғам. «Біздің қоғам «жұрт не дейді» деген дертке шалдыққан. Көп нəрсені
«жұрттан ұят болады» деген тар шеңбердің айналасында ғана ойлайды. Мұндай ой жастарды мағынасыз, арзан мақсаттарға жетелеп отыр. «Ұят болады» деген ұғым, түсінік дұрыс, əрине. Ол – тəрбие. Бірақ əр нəрсенің өз орны бар»,
– дейді Айман.

Армандай білген, арманына қол жеткізе алған Айман апайларыңның сендерге айтар тілегі біреу-ақ: «Бастысы қорықпау керек. «Көз қорқақ, қол батыр» деп бекер айтылмаған. Қол жетпес арман болып көрінген дүние сендер ойлағаннан да жақын болуы мүмкін. Осыны естен шығармайық!».

Əңгімелескен
Нарқыз ЕРЕС,
СДУ студенті.

Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз