Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет хоккейден бірінші дивизионның А тобындағы құрамалар арасында әлем чемпионаты өтті. Бір қуаныштысы, Қазақстан құрамасы топ жарып, тоғызыншы мәрте элиталық раундта ойнауға мүмкіндік алды.

Елорда төрінде өткен чемпионатқа жұлдызды ойыншылар да келді. Мысалы, 31 жастағы Словения құрамасының капитаны Анже Копитар бар. Ол – Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсетіп жүрген алғашқы словениялық ойыншы. Төрт рет ҰХЛ-дың жұлдыздары арасындағы ойынға қатысқан, Стэнли кубогының иегері (2012, 2014). Копитар тоғыз маусым «Лос-Анжелес Кингз» клубының (2007/08 – 2015/16) үздік шабуылшысы атанған.

Ал Литва құрамасының капитаны әрі сол елдің шайбалы хоккей федерациясының президенті Дайнюс Зубрус кезінде ҰХЛ-да 19 маусымда ойнаған.

Жалпы, бірінші дивизионның А тобында Қазақстан, Словения, Венгрия, Оңтүстік Корея, Беларусь, Литва құрамалары бақ сынады. Жарыс ережесі бойынша, осылардың арасында ең көп ұпай жинаған екі құрама келесі жылы элиталық топқа жолдама алу керек болатын. Сол үшін құрамалардың ешқайсысы аянып қалған жоқ.

Қазақстан құрамасының тізгінін бірінші рет ұстаған беларусь маманы Андрей Скабелка чемпионатта мына ойыншыларға сенім артты: Хенрик Карлссон («Барыс»), Сергей Кудрявцев  («Барыс»), Артем Микушин («Бейбарыс»), Даррен Диц («Барыс»), Никита Клещенко («Номад»), Алексей Маклюков  («Барыс»), Леонид Метальников («Сарыарқа»), Валерий Орехов («Барыс»), Максим Семенов («Барыс»), Егор Шалапов («Барыс»), Павел Акользин («Барыс»), Әлихан Әсетов («Барыс»), Брэндон Боченски («Барыс»), Дастин Бойд («Барыс»), Талғат Жайлауов  («Торпедо»), Никита Михайлис («Барыс»), Антон Некряч («Бейбарыс»), Егор Петухов («Барыс»), Евгений Рымарев («Торпедо»), Мартин Сен-Пьер («Кунь Лунь Редстар»), Антон Сагадеев («Барыс»), Аркадий Шестаков («Торпедо»), Дмитрий Шевченко («Барыс»).

Қазақстан алғашқы кездесуінде Копитар бастаған Словениямен кездесті. Негізі, бәрі керемет басталды. Алдымен «Барыс» шабуылшысы Никита Михайлис есепті ашты. Сосын Антон Некряч екінші шайбаны соқты. Үзіліске шығатын тұста Михайлис дубльдің авторы атанды. Бірінші кезең  3:0 есебімен аяқталды.

Екінші 20-минуттықта біздің жігіттер босаңдық танытта ма, Еуропадан келген ойыншылар 2 гол соғып үлгерді. Абырой болғанда үшінші кезеңде осы есеп өзгеріссіз қалды. Сөйтіп, чемпионат сәтті басталды.

Одан кейін Андрей Скабелка шәкірттері Литва және Оңтүстік Корея хоккейшілерін оңай жеңді. Алғашқысын 3:1 есебімен ұтса, Азиядан келген командадан 4:1 есебімен басым түсті.

Осы чемпионаттың көпшіліктің тағатсыздана күткен ойыны Қазақстан мен Беларусь құрамаларының өзара кездесуі еді. Екеуі де ұпайдан шашау шығармай, үш ойыннан ұтып келген. Оның үстіне, Қазақстан ешқашан Беларусь хоккейшілерін жеңіп көрмеген. Бұған дейін 10 рет ұтылғаны бар. Тіпті, чемпионаттың алдындағы жолдастық кездесу де есе жібергенбіз.  Сондықтан қалай болар екен деп бәріміз де тақым қыстық. Бас бапкеріміз Андрей Скабелка өзінің отандастарының осал тұсын жақсы білсе керек, бірінші кезеңде тактикасы сәтті жүзеге асты. Алғашқы 20 минуттың ішінде екі шайба соқтық. Алдымен 9-минутта Никита Михайлис жанкүйерлерді дүр сілкінтті. Оған нәтижелі пасты шығарып берген Брэндон Боченски мен Сен-Пьер. Ал 16-минутта Талғат Жайлауов есепті еселей түсті. Ардагер ойыншы осы турнирдегі алғашқы голын соқты.

Екінші кезеңде Артем Демков есеп айырмасын қысқартып, Беларусь құрамасына үміт сыйлаған.  Матчтың үшінші бөлігінде Никита Феоктистов тіпті таразы басын теңестіріп кетті. Абырой болғанда овертаймда Аркадий Шестаков айдын иелеріне жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:2.

Осылайша, жерлестеріміз алғаш рет Беларусь құрамасын жеңді. Бұған дейін кеткен есені қайтарғандай болдық.

Қазақстан соңғы ойынын Венгриямен өткізді. Бұл матчқа Андрей Скабелка шәкірттері А тобының чемпионы ретінде шықты. Беларусьпен кездесуде жарақат алған Брэндон Боченски командаға көмектесе алмады. Оның орнына капитандық міндетті Талғат Жайлауов атқарды. Қақпаны Сергей Кудрявцев күзетті.

Чемпионаттағы барлық мәселені шешіп тастаған соң, біздің жігіттер аса қатты тырысқан жоқ. Есесіне, мажарлар әжептәуір қарсылық көрсетті. Қанша дегенмен, Қазақстан хоккейшілерінің шеберлігі жоғары. Жекелеген ойыншылардың арқасында жеңісті жұлып алдық. Матчта Никита Михайлис, Антон Некряч және Евгений Рымарев қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Венгрлер де қалыс қалмай, бір гол соқты.

Осылайша, чемпионатта аяқталды. Қазақстан құрамасы барлық бес кездесуді ұтты. Енді келесі жылы әлем чемпионатының элиталық тобында ойнаймыз. Канада, Ресей, Чехия, Финляндия, АҚШ, Швеция секілді мықтылармен күш сынасатын кез келді.

Никита Михайлис – әлем чемпионатының үздік ойыншысы

Қазақстан құрамасы сапында чемпионаттың үздік ойыншысы болып, 23 жастағы «Барыс» шабуылшысы Никита Михайлис танылды. Ол бұл турнирде 5 ойынға қатысып, 6 ұпай (4+2) жинады.

Əлем чемпионатының қорытындысы:
1. Қазақстан – 14 ұпай
2. Беларусь – 10 ұпай
3. Оңтүстік Корея – 9 ұпай
4. Словения – 6 ұпай
5. Венгрия – 3 ұпай
6. Литва – 3 ұпай.

Андрей Скабелка, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының бас бапкері:

Жанкүйерлердің арқасы

– Қазақстан құрамасы өз айдынында шынымен де табысты өнер көрсетті. Ал Андрей Скабелка бұл аламан туралы не дейді?

– Алдымен қолдау көрсеткен жанкүйерлерге және жауапкершілікті сезініп лайықты өнер көрсеткен команданың жігіттеріне алғыс айтқым келеді. Соңғы матчтың қорытындысы ештеңе шешпейтін еді. Соған қарамастан барымызды салып, маусымды маңызды жеңіспен аяқтадық. Элиталы дивизионға өткенімізге қуаныштымыз, осы бір айтулы оқиғамен барша хоккейсүйер қауымды да құттықтағым келеді.

 – «Барыс» сапына ауысатын ойыншылардың да тізімін жасаған шығарсыз?

– Әрине, әзірге олардың аттарын атамай-ақ қояйын.

– Команданы қалай жігерлендірдіңіз?

– Жанкүйерлердің арқасы ғой. Біз өз айдынымызда, көрерменіміздің алдында өнер көрсеттік. Стадион лықа толды. Ондайда жігерленбеске қақың жоқ.

 – Шешуші сәттерді жүзеге асыруға қатысты мәселелер әлі де бар сияқты…

– Оны жоққа шығара алмаймыз. Ең бастысы, соққан голдарымыздың саны жеңіске жетуімізге жеткілікті болды.

– Боченскидің жағдайы қалай?

– Уайымдайтын ештеңе жоқ. Маусым аяқталды. Қалпына келуге уақыт бар.

– Енді «Барыстың» оқу-жаттығу жиындары қашан басталады?

– 10 шілдеден бастап келесі маусымға дайындықты бастаймыз.

 – Элиталы дивизионда құрамадан не күтеміз?

– Есте қаларлық ойындар мен жеңістер күтіңіздер.

Даррен Диц, шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының қорғаушысы:

«Барыстың» намысын қорғау – абырой

Құрамамыздың қорғаушысы Даррен Диц әлем чемпионаты жайлы не дейді екен?

– Кәдімгідей толқып тұрмын. Алдымызға тек бір мақсат қойылған. Соны ойдағыдай орындап шыққанымызға қуаныштымын. Ол үшін көп жұмыс істелді.

 – «Барыс» пен құрамадағы жеңістің айырмашылығы бар ма?

– Бар. «Барыстың» намысын қорғау мен үшін абырой. Ал құрама атынан өнер көрсету – бұл мүлде бөлек әңгіме. Кеудемді мақтаныш кернеп тұр.

 – Қай команданың өнерін ерекшелеп айтуға болады?

– Ешқайсысын бөле-жарып айта алмаймын. Әрбір матч тартысқа толы болды. Дайындық жұмыстарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуының арқасында жеңіске жеттік.

 – Қазақ тілін меңгеріп бастадыңыз ба?

– Әзірге орыс тілін үйреніп жатырмын. Қазақша бірер сөз ғана білемін.

– Демалысты қалай өткізбексіз?

– Ағзаға демалыс та керек. Теңіз жағасында демалып қайтамын. Отбасыммен бірге боламын. Бірақ босаңсып кетуге болмайды. Алдағы маусымға даярлыққа кірісуіміз қажет.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №20
14 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз