Редакциямыздың поштасына жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың қызы Қаракөзден хат келіпті. Қаракөздің əкеге арнауы жүрегімізді ауыртты. «Өмірімдегі
ең жарқын мерекем өзіңсіз өтпек» деген жерінде көзімізге жас келді. Қаракөз, өзіңдей перзенті барда Рахымжан Отарбаевтың жұлдызы мəңгі сөнбейді дегіміз келеді.

Папа, сенің кеткеніңе бір жылдан сəл ғана асты. Күн арты-нан күн өтсе де, мен бұған сене алармын ба? Небəрі 25-ке толған кезімде сені кетіп қалады деп ойладым ба? 61-де ғана едің ғой? Бұлай болмауы керек еді. Мұндай қайғы біздің басымызға түспеуі керек еді.

Папамды жақын танитындардың бəрі (жақын танымайтындары да) туған анасы оның бала кезінде қайтыс болғанын біледі. Өз басынан өткерген жан ғана мұнымен оныңқанша нəрседен айырылғанын түсінер еді. Ана қамқорлығы мен аялы алақанын сезінбей өсті. Ананың көзіне қарап-ақ сүйенішін сезінудің не екенін білмеді, ықылас-пейілін, қуанышы мен марқайған көңілін көрмеді. Өз махаббатын сыртқа шығара білуді оған ешкім үйретпеген еді. Иə, оған ешкім балаға деген махаббатын сыртқа шығаруды үйретпеген. Бірақ папам бізді, сөзсіз, жақсы көрді. Төртеумізді түгел. Сол сияқты, оның жүрегінен келіні мен тұңғыш немересіне де орын табылды. Артық сөзге жүгінбей-ақ, үнсіз жақсы көрді. Əкеміздің махаббатын оның қамқорлығы мен іс-əрекеттерінен-ақ сезінетін едік.

Иə, Рахымжан жазушы болатын. Иə, Рахымжанның атқарған еңбегі ұшан-теңіз еді. Иə, ол көп адамды таныды. Оның атына қанық адамдар одан да көп болатын. Менің бұл жүрекжарды сөзім – анамның арқасүйері, ең қымбат жақын адамыма деген шексіз алғысым мен… папама деген шексіз, үлкен махаббатым.

Ол біздің жүрегімізде немересі Жахангирді қатты жақсы көрген, күнде таңертең бар жұмысын ысырып қойып, сол немересін ойнататын ата ретінде сақталады. Əр сапардан оралғанда əрқайсымызға міндетті түрде сыйлық ала келетін. Папам менің есімде үй-іші жылуын, сүт қатқан шəй мен ұйықтар алдында ет жегенді ұнататын жан ретінде мəңгі қалады. Анам екеуі ұзақ сөйлескенде сағатқа қарамайтын. «Мамасы, жүр, шəй ішейік», – деп анамды ас үйге шақырып, сол жерде бұл күнін қалай өткізгенін, кімдермен кездескенін, өзінің алдағы жоспарлары туралы əңгіме бастайтын.

Өзі туралы айтылған əр жылы сөзді аялай есінде сақтағанын сіздер білмеген де шығарсыздар. «Жəкөн, Қагөз, Айжөк, сендердің əкелерің ұлы жазушы екенін білесіңдер ме? Менің қазіргі заман классигі екенімді сендер біліп пе едіңдер?» – деп кейде қыздарынан əзілдей сұрайтынын да сіздер білген жоқсыздар.

Папа, есіңде ме, сен біздің бала кезіміздегі қылықтарымызды жиі айтып отырушы едің ғой? Мамам екеуіңнің бөлмелеріңнің есігінің астына: «Папа, сіз мені жақсы көресіз бе?» – деген хат қалдыратынмын. Жылдар өте папамның өзі менен: «Қагөз, сен осы мені жақсы көресің бе?» – деп жиі сұрайтын еді.

Өзің жайлы алғашқы естеліктер үш жасымнан есімде сақталған екен. Ол кезде отбасымызда папам, мамам, Ермерей төртеуміз болатынбыз. Сен ол кезде Қырғызстандағы қазақ елшілігінде қызметте едің, жұмыстан келгенде ұйықтап
жататын ағам екеуміздің жастығымыздың астына бір-бір «киндер-сюрприз»
қалдыратынсың. Таңертең оянып, шоколадтарды көргенде «папамыз іссапардан келді!» деп қуана шаттанатынбыз. Бұл «мен үйдемін» деген өзіндік белгі еді. Бала кезімізде сенің жұмыстан оралуыңды тағатсыздана күтетінбіз, жұмысқа кеткеніңде алыс бір жаққа кетіп қалғандай көрінетінбіз. Қазір де сені бір жаққа жұмыспен кеткендей елестетейінші. Мүмкін, портфеліңе «киндер» салып ораларсың?

Тоғыз жасымда бойымды шығармашылық шабыт кеулегені бар: кез келген
нəрсені тілге тиек етіп, жазуды əдетке айналдырдым. Тамақ ішіп отырған, жазып
отырған кезіңді, ойланып, не ұйықтап жатқан сəттеріңді қалт жібермей, бақылайтын болдым. Сосын бақылау нəтижелерін жұқа дəптеріме түсіремін. «Папам ұйықтауға жатты. Ол ұйықтап жатқанда көздері анда-мында тоқтамай жүгіріп жатады. Дем алысы бірқалыпты. Жастықты құшақтап жатыр. Етпетінен ұйықтап жатыр», – деп тізерлеп отырып алып, сенің əрбір əрекетіңді, əр қимылыңды жіті зерттеген күйі қағазға түсіре беретінмін. Уақыт өте папам əлгі дəптерді тауып алды. ОҺ, шпион қызының «шимай» жазбаларына сондағы күлгенін-ай!

Папа, сен батылдығым үшін, қиындыққа мойымайтыным үшін мені «Əлия Молдағұлова» деп атаушы едің ғой. С.Датов көшесіндегі үйге енді көшіп келген кезімізде мен он екіде едім. Сол үйдегі электр щиттерінің «жауы» едім ғой. Жарықты сөндірген сайын кіп-кішкентай болсам да тығындары ұшып кетпеді ме, сымдарын қиып кетпеді ме деп, сол «щиттерге» қарай жүгіретінмін. Папам артынан күліп: «Біздің Əлия Молдағұлова ештеңеден қорықпайды», – деуші еді.

Сөйткен маған енді қорқуға немесе қорқынышымды сездіріп алуға бола ма? Сенің
маған деген сеніміңді біле тұра, бұлай ете алмаспын.

Папа, менен неге ерте кеттің? Менің ой-идеяларымды енді кім қолдайды? Ирландияға кетпек ойымды білдіргенде, ешқандай артық сұрақ қоймастан «Барып қайт!» дедің. Мен үшін марқайып: «Біздің Əлия Молдағұлова ештеңеден қорықпай, түу Ирландияға барып, тіл үйреніп келді», – деген сөзің жаныма жылы тиген болатын. Бір жыл бұрын «Алысқа, ұзаққа кеткім келеді!» – дегенімде, сен біраз кідіріп барып: «Қагөз, екі жылға кетем дейсің. Ал той қашан?» – деп сұрадың. Ал енді… өмірімдегі ең жарқын мерекем өзіңсіз өтпек. Өз арман-қиялымда бұл күнді басқаша елестеткен ем.

Папа, сен біздің есімізде ғана сақталып қалмайсың. Сен өзіммен бірге өмір сүретін боласың. Менің секпілім, оң аяғымды ішке қисық басатыным, шашым мен көзімнің қиығы, жазуға əуестігім мен өз-өзіммен сөйлесу əдетім саған тартқан. Алғаш үйленген кезде өз-өзімен сөйлесіп отырған күйеуін көріп, мамам қатты шошып қалғанын айтады. «Мен ерекше адамға тұрмысқа шықтым», – дегенде мамамның да үнінен таңданыстың лебі еседі.

Көп жылдар өте бұл қызық əдетім сіңлім Жансаяның назарын аударған еді. «Апа, кіммен сөйлесіп жүрсің? Апа, кіммен күліп отырсың?» – дейтін ол.

Екеуміздің бойымыздағы ортақ нəрселерді өмір бойы көрмей келген екенмін, ал қазір сен самала жарықтың көзінде, дəл қарсы алдымда тұрғандайсың, мен болсам құдды бір өз-өзіме қарағандай, келбетіңнен көз алмай қараймын.

Мен салатын əн есіңде ме? «Папам менің алтыыын, мамам менің алтын»?

Алтын папам менің, бір ғана тілегім бар – түсіме енбей қалмашы. Папа, мен сені жақсы көремін.

Қаракөз ОТАРБАЕВА

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз