Аралас жекпе-жек спорты елімізде әжептеуір дамып келеді. Спортшыларымыз әртүрлі тұжырымдарда чемпион атанып жүр. Тіпті, әлемдегі ең атақты UFC тұжырымында алғаш рет көк байрағымыз желбіреді. Орынбордың қазағы Дамир Исмағұлов UFC-де екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті.
Ресей мен Қазақстанның туын бірге алып шыққан қандасымыз көпшіліктің көңілінен шыққан еді. Кейіпкеріміз Жалғас Жұмағұлов UFC тұжырымымен келісімшартқа отыруға біртабан жақын. Алматыға оқу-жаттығу жиынына келген
Жалғаспен арнайы жолығып, спорттық мансабы туралы аз-кем әңгіме құрдық.

Спортпен 12 жасымнан бастап айналыса бастадым. Әуелі еркін күреске қатысып, жасөспірімдер арасында әжептеуір нәтиже көрсеттім. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, Қазақстан чемпионатында да үздік шықтым. 13 жасымнан
бастап әкесіз өскендіктен өмірім күрт өзгерді. Спортты тастап, жаман жолға түсе бастадым. Анам қарындасым екеумізді асырау үшін екі жұмыс істеді. Бірақ әкем барда көшеге де шықпай, жаттығуларымды да үзбей, сабағымды да жақсы оқыдым.

Жалғастың үлкен спортқа келуіне әуелі әкесі себепші болса, екінші бала күнінен бірге өскен досы ықпал еткен. Төбелеске жаны құмар Жалғас аралас жекпе-жекке бірден көңілі ауып, кәсіби тұрғыдан айналыса бастайды.

– Шыны керек, төбелеске жақын болып өстім. Көшеде кім көрінгенмен ерегесіп, көп төбелестім. Досым бір күні осындай спорттың бар екенін айтып, өзімен бірге жаттығуға шақырды. Бастапқыда тек қызық үшін келіп жүрдім. Әр жаттығу сайын қызығушылығым артып, аралас жекпе-жектің маған арналған спорт екенін түсіндім. Сөйтіп, 21 жастан бастап кәсіби түрде Айбек Шоқпытовтың қоластында жаттыға бастадым. Әскери самбодан, қоян-қолтық ұрыстан, панкратионнан әртүрлі жарысқа қатыстым. Әрине, алғашқы турнирлерде жеңіліске ұшырап, жолым болмады. Бірақ еңбектің арқасында жоғарыдағы спорт түрлері бойынша Қазақстан чемпионатында үздік болдым. Қоян-қол-тық ұрыстан Ұлттық құрама сапына енген аудандағы жалғыз спортшы болдым. Панкратионнан Азия чемпионатында топ жарып, Әлем біріншілігінде де үздік шықтым.

Жалғас әуесқойлар арасында тәжірибе жинағаннан кейін кәсіпқой жекпе-жекте бағын сынай бастайды. Алғашқы кездесулерінде қазақ спортшыларымен жұдырықтасып, барлығында жеңіске жетті.

– 2014 жылы кәсіпқойлар арасындағы алғашқы жекпе-жегімді «Көшпенділер шайқа-сы» турнирінде өткізіп, жеңіске жеттім. Осыдан кейін алдыма үлкен мақсаттар қойдым. Бірақ 2015 жылы тіземнен ауыр жарақат алып, дәрігерлер спортты тастауым керек екенін айтты. Тіпті бұл жарақатпен спортпен мүлдем айналысуға болмайтынын ескертті. Бапкерім де үмітін үзіп: «Сенен енді спортшы шықпайды, спорттық мансабыңды аяқтай берсең болады», – деді. Дегенмен сағымды сындырмай отаға қаражат тауып, жарты жылдай емделдім. Жарақаттың салдарынан жекпе-жекке шықпай, қаржылай қатты қинал-дық. Шыны керек, ішерге асымыз болмаған күндер де болды.

Қиындыққа мойымаған Жалғас үлкен спортқа қайта оралып, әлемдегі ең үздік тұжырымдардың бірімен келісімшартқа отырады. Алғашқы кездесуінде-ақ тәжі-рибелі қарсыласпен жекпе-жек өткізді.

– 2016 жылы Fight Nights Global тұжырымының менеджерлері хабарласып, Гран-при турнирге қатысуға ұсыныс білдірді. Ұсынысты бірден қабылдап, алғашқы жекпе-жегімді
Fight Nights Global 46 турнирінде өткіздім. Өте тәжірибелі Оскар Долчинмен жұдырықтасып, жеңіске жеттім. Осы жекпе-жектен кейін Артур Багаутиновпен кездесуім керек еді. Бірақ үш мәрте жекпе-жегіміз өтпей қалды. Үшеуінде де ол жара-қатына байланысты жекпе-жектен бас тартты. Содан кейін молдовалық Иван Андрющенкоға қарсы жекпе-жек өткізіп, Fight Nights Global тұжырымындағы екінші жеңісіме қол жеткіздім.

Қатарынан екі жекпе-жекте жеңіске жеткен Жалғас чем-пиондық белбеуге басты үміткер екенін дәлелдеді. Ресейдің белді спортшысы, жеңіліп көрмеген Артур Багаутиновқа қарсы өткізген жекпе-жегі жанкүйерлердің жадында қалды.

– Мен үшін естен кетпес жекпе-жек Артур Багаутиновке қарсы өткен кездесу болды. Көптеген адам жеңілетінімді, оған қарсы мүмкіндігім жоқ екенін айтты. Тіпті қарсыласымның ағасы, UFC-де өнер көрсеткен Али Багаутинов: «Менің інім ол қазақты таптап өтеді. Мен бұған жүз пайыз кепілдік беремін», – деп сұқбат та берді. Әрине, бұл сөздерден кейін шаршы алаңда өлуге дайын едім. «Ерді намыс өлтіреді» дегендей, бұл сөз менің ғана емес, күллі қазақтың намысына тиді. Жекпе-жек барысында қабағым жарылып, қан тоқтамай жағдайды біраз ушықтырып жіберді. Дегенмен қолдауға келген барша жанкүйерді жерге қаратпағаныма, елімнің мерейін үстем еткеніме қуаныштымын. Бұл спорттық мансабымдағы ең қиын әрі ұмытылмас жекпе-жек. Осыдан кейін екі ай ішінде чемпиондық атақ үшін кездесу өткізуге ұсыныс түсті. Астанада өткен Fight Nights Global 65 турнирінде Вартан Асатрянмен жұдырықтасып, төрешілердің «бармақ басты, көз қысты» әрекетінің құрбаны болдым. Әрине, бала күннен армандаған чемпиондық атаққа қол жеткізе алмағаныма өкіндім. Бірақ бізге ненің қайырлы екенін Жаратқан жақсы біледі.

Расында, 5 раунд бойы чемпиондық атаққа лайық екенін дәлелдеген Жалғас сол жекпе-жекте ұтылған жоқ. Сағы сынбаған спортшымыз осыдан кейін екі мықты қарсыласын ұтып, тағы да чемпиондық атаққа таласуға мүмкіндік алды. Ұлыбританиялық Шадж Хэкке еш мүмкіндік бермей жеңсе, Артур Багаутиновтың ағасы Алиды нокаутқа жіберген Тайсон Нэмнің де осал тұсын тапты. Екінші мәрте чемпиондық атақ үшін Хабиб Нурмагомедовтің командаласы, жеңіліп көрмеген Тагир Уланбековке қарсы жекпе-жек өткізіп, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті. Алайда, осы жекпе-жектің арты үлкен дау-дамайға ұласты.

– Шыны керек, Тагирмен жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта болдық. Оған қарсы жекпе-жек ұсынғанда бірден Тагирге: «Саған қарсы кездесу ұсынып жатыр. Егер сен бұл жекпе-жекті қаламасаң мен шықпаймын», – дедім. Ол: «Саған чемпиондық белбеу керек. Мен чемпиондық атағымды қорғауым керек. Жекпе-жек қалай аяқталса да, біздің достығымызға сызат түсірмейді», – деп ағынан жарылған болатын. Шаршы алаңға шығар алдында екі рәкағат намаз оқып: «Иә, Алла, егерде осы чемпиондық атаққа лайықты болсам нәсіп ет, егер Тагир лайық болса соған нәсіп ет», – деп дұға жасадым. Аллаға шүкір, бала күннен армандаған, күндіз-түні тер төккен еңбегімнің жемісін көрдім. Бірақ «жекпе-жектің нәтижесіне қарамастан бауыр боп қаламыз» деген Тагирдің әрекетін түсіне алмадым. Артымнан неше түрлі әңгіме айтып, сұқбат бергені ұнамады. Fight Nights-тың президенті Камил Гаджиевке хабарласып, реванш ұйымдастырып беруін, Дағыстанда болсын төбелесуге дайын екенімді айттым. Бірақ олар реванштан бас тартты. Чемпиондық белбеуімді қорғамайтын шығармын. Ендігі мақсатымыз – UFC тұжырымында өнер көрсету.

Жалғас қазір бірнеше спортшыны UFC тұжырымына кіргізген Саят Абдрахмановпен келісімшартқа отырды. Алдағы уақытта әлемдегі ең атақты UFC тұжырымында бағын сынамақ.

– Чемпион атанғаннан кейін, Саят UFC-ге келісімшартқа отыруға мүмкіндік бар екенін айтып хабарласты. Біз келісімшартқа отырып, бірге жұмыс істеуді жөн көрдік. Енді Саят спорттық мансабыма қатысты барлық мәселені шешеді. Жақында Tiger Muay Thai залында бір ай оқу-жаттығу жиынның өтуіне мүмкіндік жасады. Қазір UFC-дің менеджерлерімен келіссөздер жүріп жатыр. Әрине, UFC тұжырымымен келісімшартқа отыру оңай емес. Дамир Исмағұлов, Мовсар Евлоев сынды спортшылар келісімшартқа отыру үшін бір жыл күтті. Сондықтан бізге де сәл сабырлық керек. Бәлкім UFC-дегі алғашқы жекпе-жегімді Рамазан айынан кейін өткіземін. UFC тұжырымында 61 келі салмақта сынға түсемін. Себебі, бұл тұжырымдағы 57 келі салмақ жабылуға жақын. Одан бөлек, әр жарысқа 16 келідей салмақ қуамын. Шыны керек, салмақ қуу процесі жекпе-жектен де ауыр. Әлемнің ең беделді тұжырымында Қазақстанның көк байрағын желбіреткен спортшы ретінде тарихта қалғым келеді. Алдағы уақытта UFC тұжырымында өнер көрсететінімді нақты сеніммен айта аламын. Менеджерім Саят та бәрі ойдағыдай болып жатқанын, аз ғана уақыт қалғанын айтты. Әлемге қазақ деген ұлттың нағыз жауынгер, рухы биік екенін көрсетуді көздеймін.

Жалғас барлық жекпе-жегінде рухы биік, нағыз қайсар мінезді екенін дәлелдеді. Намысқой спортшы әр жанкүйердің қолдауынан мотивация алатынын жасырмады.

– Әр жекпе-жегімде соңғы демім сарқылғанша, шаршы алаңда жанымды салу үшін жұдырықтасуға шығамын. Өйткені әкем солай тәрбиелеген. Шыны керек, көшеде қанша төбелессем де, ешкімнен таяқ жемегенмін. Егер біреуден жеңілсем, сол жерде әкемнен оңбай таяқ жейтінімді білетінмін. Одан бөлек, бала-шағам, анам әрқашан маған қолдау көрсетіп, жеңісіме сенетінін айтады. Мен үшін бұл үлкен мотивация. Екі ұлым, екі қызым бар. Үлкен ұлым үшінші сыныпта, екінші ұлым бірінші сыныпта оқиды. Қазір екеуі де еркін күреспен айналысады. Ұлдарымның «әке, сіздің жеңісіңізге сенеміз» деген сөздері жігерімді жанып, намысымды қайрайды. Сонымен қатар, еліміздің артқан сенімін де естен шығармаймын. Осының бәрі үлкен белестерді бағындыруға жетелейді.

Әдетте спортшылар өздерінің қаламақысын жасырып, айтқысы келмейді. Жалғас көпшілік біле бермейтін құпияны ашып, бір жекпе-жекте қанша табыс табатынын айтты.

– Fight Nights тұжырымы негізінен америкалық спортшыларға жақсы ақша төлейді. Мысалы, Тайсон Нэм маған қарсы жұдырықтасқаны үшін 30 мың АҚШ долларын алды, егер ұтқанда тағы сондай сома алушы еді. Ал мен сол жекпе-жектен 10 мың доллар таптым. Чемпиондық белбеу үшін болған кездесуде 20 мың долларға ие болдым. Шыны керек, ақша үшін төбелеспеймін. Дегенмен көп нәрсе қаржыға келіп тірелетіні анық. Оқу-жаттығу жиыны, дәрумендер, бәрі қомақты қаржыны талап етеді. Әнуарбек Мұқашев, Төлеген Кумаров, Данияр Ордабаев, Марат Жанғожин, Арман Тугаев сынды ағаларым маған әрқашан қолдау көрсетеді. Бауыржан Оспанов ағамыз чемпион атанғанда бапкерім екеумізге бір миллион теңгеден сыйақы берді. Осындай ағаларымызға айтар алғысым шексіз.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз