Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орын алды. Біздің алдымызды тағы да Өзбекстан орап кетті.

Финалға 4 боксшымыз шыққан болатын. Соның екеуі жеңіске жетті. Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды 75 келідегі Тұрсынбай Құлахмет сыйлады. Ол финалда үндістандық Ашиш Кумарға еш мүмкіндік қалдырған жоқ. Сөйтіп, қызылордалық боксшы өзі қатысқан алғашқы ересектер арасындағы Азия чемпионатында топ жарды.

Құлахмет осы Азия чемпионатында жанкүйерлердің ерекше есінде қалды. Әсіресе, ширек финалда Монстр атанған өзбекстандық Исмаил Мадримовты жеңуі көпшілікті бір серпілтіп тастады. Одан кейін жартылай финалда түркімен боксшысын 20 секундта нокаутқа түсірді.

Екінші алтынға 81 келідегі Бек Нұрмағанбет ие болды. Түркістанның жас боксшысы финалда Филиппин елінен келген Джон Нобель Марвинді таза жеңіп, ел сенімін ақтады. Тұрсынбай секілді Бек те Азия чемпионатына алғаш рет қатысқан болатын.

Өкінішке қарай, тәжірибелі екі боксшымыз финалда қарсыластарына есе жіберді. 60 келідегі Зәкір Сафиуллин финалда Моңғолиядан келген Цендбаатар Эрденебаттан ұтылды. Төрешілер бұл кездесуде бір ауыздан жеңісті моңғолиялық боксшыға берді.

Сафиуллин Азия чемпионатының финалына осымен екінші рет шығып отыр. Бұған дейін ол 2015 жылы да күміс медаль жеңіп алған еді. Екінші күміске құрама капитаны Қамшыбек Қоңқабаев қол жеткізді. 27 жастағы қызылордалық боксшы  шешуші шайқаста өзбек боксшысы Баходир Жалоловқа шамасы жетпеді.

Екі алтын, екі күмістен бөлек, тағы үш қола медаль бар. Жартылай финалда сүрініп, үштіктің қатарына кірген боксшылар:Теміртас Жүсіпов (49 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі) және Василий Левит (91 келі).

Жалпы командалық есепте Қазақстан екінші орын алды. Бірінші орын өзбектерге бұйырды. Оларда 4 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль бар. Үшінші орынға Үндістан тұрақтады (1 алтын, 3 күміс, 3 қола).

Бокстан Азия чемпионатының жалпы командалық есебі:

  1. Өзбекстан – 4-1-1 (6)
  2. Қазақстан – 2-2-3 (7)
  3. Үндістан – 1-3-3 (7).

Ғалымбек Кенжебаев, бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері:

Біраз қателігімізді көрсетті

– Азия чемпионатының деңгейі жыл сайын артып келеді. Осы жолы соған тағы да көзім жетті. Әсіресе, Үндістан командасы қарқынын күшейтіп, Өзбекстан бұрынғыдан да әлеуетін арттыра түскен. Сондай-ақ, Тәжікстан боксшысы тұңғыш рет Азия чемпионы атанып, тәжірибелі таиландтықтар медальсіз қалды. Мұның бәрі бокстың барлық елде қанат жайып, бәсекелестер қатары молайғанын көрсетеді. Оңтүстік Корея спортшыларын да есептен шығаруға болмайды. Бұл біріншілік біздің біраз қателігімізді көрсетті. Мойындау керек, әлі кемшілігіміз бар. Енді солардың алдын алуға тырысамыз.

Қазақстан боксшыларының Азия чемпионатындағы өнерін жанкүйерлер мен басшылық бағалауы тиіс. Ал жеке өзімді чемпион атанған екі боксшы қуантты. Екеуі де финалда өте сенімді түрде жеңіске жетті. Әрине, Левиттің жеңілісі көңілімді құлазытты. Бокс – өзі-өзіне тым қатты сенімді жүруге болмайтын спорт. Василий негізгі ұпай саны бойынша жеңді, бірақ бір соққы жіберіп алды…

Қателікті қай жерде жіберді?

– Жалпы, Бангкок шаршы алаңында біздің тәжірибелі екі боксшымыз жанкүйер үдесінен шыққан жоқ. 56 келідегі әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев өзінің бабында еместігін көрсетті. Левиттің жеңілісі көпшілік арасында көп пікір тудырғанымен, оның таза ұтылғанын мойындау қажет. Өйткені, бұл – бокс. Естен тандыратын соққыны кез келген боксшы алуы мүмкін. Ол үшін жас немесе тәжірибелі болудың қажеті жоқ. Левит қарсыласының ауыр соққысын жіберіп алды да, жеңіліп қалды. Спортшының жасы үлкейген сайын жеңіске жетуі қиындап кететінін де ұмытпау қажет.

91 келіде Василийдің ізін басатын боксшылар жоқ емес. Бірақ оларға әлі біраз еңбектену керек. Қазақстан чемпионатында Бекзат Нұрдәулетов финалға дейін сүрінбей, ақтық сында Васяға жол берді. Демек, ол осы салмақтағы еліміздің ең мықты боксшысы. Сондай-ақ жасөспірімдер олимпиадасының жеңімпазы Айбек Оралбай да талантты спортшылардың бірі. Бірақ ол әлі үлкен жарыстардың дуына түскен жоқ. Левитпен де ресми түрде жолықпады.

Азия біріншілігіне алып барған ардагер боксшылардың ішінде Зәкір Сафиуллинді ерекше атап өткім келеді. Тәжірибелі әрі өте еңбекқор жігіт. Финалда жеңілсе де, осы салмақта еліміздегі ең үздік боксшысы болып тұр.

– Тұрсынбай Құлахметтен осындай нәтиже күттіңіз бе?

– Тұрсынбай 2013 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы. Филиппинде өткен жарыста Өзекбстанның жақсы боксшыларының бірімен жұдырықтасты. Қарсыласы сол кезде жастар арасындағы әлем чемпионы болатын. Құлахмет қабілеті жоғары боксшы. Бұған дейін көп жағдайда сенімділік жетіспейтін. Енді ол өз салмағында көшбасшыларға жақсы бәсекелес бола алады. Сондай-ақ Бек Нұрмағанбет те ересектер арасындағы алғашқы ірі турнирінде топ жарып отыр. Бек те бұрын жастар арасындағы әлем чемпионатында вице-чемпион атанған. Жалпы алғанда, жігіттердің бәрі жұдырықтасты. Шамалары келгенше барлығы да тырысты. Әрине, жұмыс істейтін тұстары бар. Ол үшін уақыт қажет.

Тұрсынбай Құлахмет, 2019 жылғы Азия чемпионы:

Бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасы

–  Тұрсынбай, жеңісіңіз құтты болсын! Сыр елі чемпионын қалай күтіп алды?

– Рақмет! Аллаға шүкір, туған-туыс, дос-жаранмен қатар спорт басқармасының өкілдері, бапкерлер, тілшілер, жалпы бір топ адам әуежайдан қарсы алды. Ыстық ықыласын танытып жатқан барша бауырларыма алғысым шексіз. Спортшы үшін жанкүйердің жылы лебізінен, қолдауынан артық ештеңе жоқ. Бұған дейін қатысқан ірі турнирім – Ислам ынтымақтастық ойындары. Шаршы алаңды сағынып қалыппын.

– Азия біріншілігіне алғаш рет қатысып отырсыз. Негізгі мақсат қандай болып еді?

– Өздеріңіз білетіндей, 75 келіде құрамада бәсеке жоғары. Олимпиада мен Азия ойындарының жүлдегері Әбілхан Аманқұл болсын, Ерік Әлжанов болсын «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттерден. Әйтеуір бапкерлер маған үміт артқаннан кейін, ел тілеуімізді тілеп отқан соң, өз-өзімді жеңіске жетуім керек деп қамшыладым. Жыл басынан бері үш-төрт оқу-жаттығу жиынына қатысып, түрлі халықаралық турнирлерде бақ сынадық. Бапкерлер бабымызды байқағысы келді. Соңғы дайындықты Алматыда пысықтадық. Азияның алдында Венгриядан чемпион болып оралдым. Осының бәрін ескере отырып таңдау маған түскен шығар. Жаттықтырушыларға сенім білдіргендері, жігерлендіре алғандары үшін рақмет айтамын.

– Сенімді өнер көрсету арқылы жергілікті жанкүйерлердің де қошеметіне бөлендіңіз. Өзіңізге қай айқас қиын соқты?

– Сары құрлықта мықтылар көп. Азия біріншілігі деген атауы тағы бар. Сондықтан болар, бастапқыда кәдімгідей қобалжыдым. Бірінші қарсыласым солтүстіккореялық боксшы болды. Физикалық тұрғыда қиналмасам да, моральдық тұрғыда оңай болған жоқ. Салдарынан жекпе-жекте ойымдағыны толық жүзеге асыра алмай қалдым. Бірақ жеңістен соң сенімділік артты. Одан кейінгі айқаста Кувейт өкілімен кездесіп, одан да басым түстім. Осыдан соң бойым үйрене бастағанын сезіндім. Ширек финалда өзбекстандық былғары қолғап шеберімен жолым түйісіп, жеңіске жету үшін біраз тер төгуге тура келді. Исраил Мадримовтің осал боксшы еместігін білесіздер. Ауыр соққаны да осы жекпе-жек болды. Ал жартылай финалда түрікменстандық Нурсахат Паззыев алғашқы раундпен шектелді. Финалда үндістандық Ашиш Кумар қарсылас атанды. Шешуші, жауапкершілігі зор сын. Кім де болсын барын салады. Абырой болғанда, кездесуді өз пайдама шештім. Мұның бәрі бапкерлердің дұрыс тактикасының арқасы деп ойлаймын. Себебі әр боксшыны алдын ала зерттеп, арнайы жоспар құрдық. Бақытымызға орай, құрамамызда өз ісінің нағыз білгір мамандары еңбек етуде. Ғалым Кенжебаев пен Мырзағали Айтжанов секілді мықтылардың ортақ мүдде үшін жұмыс істеп жатқаны қуантарлық жайт.

Аруларымыз болса Азия чемпионатын алтын медальсіз аяқтады. Абырой болғанда, төрт қола медаліміз бар. Жартылай финалдық бәсекеге төрт қазақстандық боксшы шыққанымен, ешқайсысы да финалға өте алмады. 64 келідегі Милана Сафронова қытайлық Дан Дудан, 69 келідегі Дариға Шәкімова Тайпей өкілі Ниен Чин Ченнен, 81 келідегі Фариза Шолтай үндістандық Пуджи Раниден, ал аса ауыр салмақтағы Ләззат Күнгейбаева қытайлық Сяоли Янгтен жеңілді.

Бек ТӨЛЕУОВ

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз