Urban Forum Kazakhstan – қазіргі заманғы қолайлы орта, баршаға ортақ жайлы қала жəне экология туралы сарапшылардың ой-пікірі айтылатын алаң. Шара биыл тұңғыш рет қазақ тілінде өтті. Форум аясында қаладағы ортаның жастар үшін қаншалықты қолайлы екенін айғақтайтын жаңа зерттеулердің нəтижесі ұсынылып, тəуелсіз қалалық бастамалар мен Алматыны дамыту мүмкіндіктері жайлы айтылды.

Форум спикерлері мен қатысушылары «Алматы балалар үшін қауіпсіз қала ма?», «Тұрғын үйлердің ауласы мен көшелердің инфрақұрылымы кез келген жастағы балаға ыңғайлы ма?», «Қаланы балалар үшін қалай қауіпсіз етуге болады?» деген сауалдарға жауап іздеді. Айгүл Беймишева осы тақырыпта алматылық ата-аналар мен балалар арасында жүргізген əлеуметтік зерттеудің қорытындысын айтты.

Айгүл БЕЙМИШЕВА:

Ата-ана да, бала да полицияға сенбейді

Қазір Алматының кей көшелерінде автокөлік жүргізушілері үшін жылдамдықты азайтып жатыр. Олардың көпшілігі бұған наразы. Менің ойымша, бұл дұрыс. Өйткені ата-аналардың көпшілігі бала үшін қаладағы басты қауіп жол қозғалысы мен автокөлік деп есептейді. Содан болар қала көшелерінен, қоғамдық көліктерден үлкендердің қарауынсыз, жалғыз жүрген баланы көп кездестірмейміз. Алматыда балалардың 30%-ы сабақтан тыс уақытта үйірмеге, түрлі курсқа қатысады екен. Мектептер мен үйірмелер олардың үйінен алыста орналасқан. Балалардың көпшілігі жолда жүру ережесін білмейді. Мектепте де жол ережесін үйрететін арнайы сабақтар жоқ. Сондықтан ата-ана баланың жалғыз өзін сыртқа жіберуге қорқады.

Алматыда 11-17 жастағы балалардың бос уақытын өткізетін орын жоқ. Сол себепті олар сауда жəне ойын-сауық орталықтары мен компьютер клубтарына жиі барады. Мұны 600 ата-ана мен 300 жасөспірім қатысқан əлеуметтік зерттеу кезінде анықтадық. Ата-аналар да баласымен бірге қыдыруға шыққанда бірден ойын-сауық орталығына тартады. Себебі, мұндай орындар қауіпсіз əрі жылы. Онда тамақ ішіп, кино көріп, түрлі ойын ойнауға болады. Қаладағы демалыс орындары мен саябақтар олардың барлығына бірдей жақын бола бермеуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдерге аулада түрлі ойын ойнап, спортпен айналысу үшін жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Көпқабатты үйлердің шатыры мен жертөлелері жасөспірімдер үшін қызық əрі олардың жиі баратын орнына айналыпты. Бізге 13 жасөспірім өздерінің жиі баратын шатыры мен жертөлесін көрсетті. Олардың көпшілігі ашық екен. Мұндай орындар «Ақбұлақ», «Алғабас» аудандарындағы жаңадан салынған тұрғын үйлерде көп. Бұл бала үшін өте қауіпті.

Тағы бір назар аударарлық мəселе. Ата-ана да, бала да полицияға сенбейтін болып шықты. Тіпті, баланың өзі көшеде қиын жағдайға тап болса, жанынан өтіп бара жатқан адамнан көмек сұрауға қорқады. Олар мұндай жағдайда алыста болса да, бірден ата-анасына хабарласуға тырысады. Өйткені олар бөтен адамға, тіпті, полиция қызметкеріне сенім білдірмейді. Бала полицияны сұсты, қорқынышты, тек адамды тұтқындап, соттайтын тұлға ретінде елестететін сияқты. Бұл баланы отбасында немесе мектепте дұрыс нəрсе істемесе, «полицияға беріп жіберемін» деп қорқытып өсіруден де болуы мүмкін. Оған қоса полиция қызметкерлерінің де жасөспірімдерге «қиын жағдайға тап болсаң, бізден көмек сұрауыңа болады» деп айтып немесе қандай да бір акция ұйымдастырып жатқанын көре бермейміз. Осыдан кейін баланың оларға сенбеуі заңды нəрсе шығар?!

Алматы тұрғындары мен қонақтары велосипедпен немесе электр самокатпен жүруге жаппай көшуі керек. Себебі үлкен қаладағы автокөліктің көбеюінен экологияға келетін зиянды басқаша азайту мүмкін емес. Бұл мəселені Urban Forum Qazaqhsha басқосуында қала белсендісі Диас Маратұлы көтерді. Форум спикері зиянсыз көліктің артықшылығын түсіндіру үшін жол-көлік оқиғалары мен терроризм актісінің салдарын салыстырды.

Диас МАРАТҰЛЫ:

Алматыда ақылы автотұрақты көбейту керек

Балаларға болсын, үлкендерге болсын, қаладағы ең басты қауіп – жол. Қазақстанда жыл сайын орташа есеппен шамамен 2,5 мыңнан көп адам жол-көлік оқиғасы салдарынан қайтыс болады екен. «Көшеде біреуді қағып кетті», «Жантүршігерлік жол апаты болды» дегенді күнделікті естіп жүрміз. Бірақ оған мəн бермейміз. Ал елімізде терроризм актісі болса, бірден төтенше жағдай жарияланады. Адамдар да бей-жай қалмайды. Бірақ елімізде жол апатынан қайтыс болып жатқандар көп пе, əлде террорлық акті салдарынан ба? Өкінішке қарай, жол апатынан. Менің ойымша, бұл туралы əлдеқашан дабыл қағатын кез келді. Бұл – Еуропа елдері əлдеқашан бастан өткерген проблема. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң оларда ақша көбейді. Бəрі көлік алғысы келді. Алды. Жолдарды кеңейтті. Бірақ олар көлік көп болған сайын адам өлімінің де көбейетінін түсінді.

Проблеманы шешу үшін бізге ештеңені ойлап табудың керегі жоқ. Өйткені велосипед, электр самокат бар. Бұл көліктер байды да, кедейді де теңестіреді. Оны міндетті түрде сатып алудың керегі жоқ. Алматыда жəне басқа қалаларда велосипед пен электр самокатты минуттап жалға алуға да болады. Сонда да түрлі сылтау іздейміз.

Еуропаның басқа қалаларымен салыстыру үшін мысал келтірейін. Қаңтарда Алматыда орташа ауа температурасы 4,7 градус аязға дейін төмендейді. Ал Финляндияның Оулу қаласында бұл кезде ауа температурасы 11 градус аяз болады. Соған қарамастан қала тұрғындарының 22%-ы қыста велосипедпен жүреді. Амстердамда да, Копенгагенде де қар жауады. Бұл қалаларда да велосипедпен жүретіндер көп. Сондықтан климат та, қаланың орналасуы да велосипед айдамауға себеп емес. Бізде де велосипедпен жыл бойы қатынауға болады. Велосипед пен электр самокат көлік сияқты көп орынды да алмайды.

Көп адам таңғы 09.00-де жұмысқа келіп, кешкі 18.00-де үйге кетеді. Автокөлігі 9 сағат бойы паркингте немесе көшеде жер алып тұр. Бірақ бұған ешкім бас қатырып отырған жоқ. Көлік көп жер жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз. Қаланың қақ ортасынан орынды көлікке бергенше, неге үй салмасқа немесе басқа мақсатта неге пайдаланбаймыз? Қазір Алматыда біртіндеп ақылы көлік қоятын орындар қолданысқа еніп жатыр. Көпшілік бұған наразы. Бұл керек нəрсе. Біз бұған қарсы болмай, керісінше, қуануымыз керек. Өйткені ақылы тұрақтардың көбеюі қалада көліктің азаюына ықпал етеді.

Статистика бойынша қазір Алматыдағы жоғары оқу орындары мен колледждерде 140 мыңға жуық студент білім алады екен. Олардың 70-80%-ы қазақ тілінде оқиды. PaperLab қоғамдық қоры 2018 жылдың 15 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында Алматыда əлеуметтік зерттеу жүргізіпті. Зерттеудің басты мақсаты – Алматыға басқа өңірден, əсіресе, ауылдан келген қазақтілді жастардың қалаға бейімделуін анықтау. Сауалнаманың нəтижесін əлеуметтанушы Серік Бейсембай форум кезінде айтты.

Серік БЕЙСЕМБАЙ:

Тек қазақша сөйлейтін жастарды белсенділікке шақыру қиын

Сауалнамаға Алматыдағы сегіз университет пен бір колледжде білім алып жүрген 400 студент қатысты. Олардың 62%-ы жатақханада, 5%-ы өз үйінде, 20%-ы қалада туыстарымен бірге тұрады. Ал қалған бөлігі Алматыда пəтер жалдайды. Респонденттердің 27%-ы тек қазақ тілінде сөйлейді екен. Күнделікті өмірде 45%-ы көбіне қазақша, ал 24%-ы қазақ жəне орыс тілдерін бір деңгейде қолданатын болып шықты.

Бізді «Алматыға басқа өңірден келген студент өзін «қалалық» сезіне ме?» деген сауал қызықтырды. Сондықтан осы сұрақты сауалнамаға қатысқан студенттерге қойып көрдік. Респонденттердің 40%-ы өзін толық «алматылықпын» деп есептейтінін айтса, 4%-ы «мүлдем сезінбеймін» деп жауап берді. Ал 48%-ы өзін белгілі бір деңгейде қалалық сезінетінін айтты. Нəтижесінде жастардың жаңа ортаға, əсіресе Алматыға тез бейімделіп кететінін байқадық. Талдықорғаннан келген студент қыз алғашқы жылы қалаға үйрену қиын болғанын, ал қазір ол өзін мұнда жайлы сезінетінін айтты. Бізді Алматыда жастар өзін барынша мəдениетті ұстауға тырысатыны таңғалдырды. Бұған қалаға оқуға келген шымкенттік жігіттің сөзі дəлел. Ол бұрын өзі тұрған қаласында боқтық сөздерді жиі қолданғанын жəне Алматыға келгелі бұл əдеттен арылғанын айтты. Тіпті, қазір осылай сөйлейтіндердің арасында өзін жайсыз сезінетін көрінеді. Студенттерден
«Алматыдағы ең өзекті бес проблеманы атай аласың ба?» деп сұрағанымызда оқу бағасы қымбат» деген жауап алдық. Олардың ойынша, қала көшелеріндегі кептеліс, ауаның ластануы, тұрғын үйдің қолжетімсіздігі, қылмыстың көбеюі, қала билігіндегі сыбайлас жемқорлық, жұмыссыздық мəселелері де ең өзекті болып шықты.

Студенттердің қоғамдық белсендігін тексеру үшін де бірнеше сұрақ қойдық. Сауалнамаға қатысқандардың 3%-ы «Ерікті (волонтер) болып жұмыс істеп көрдің бе?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап берген, ал 54%-ы мұндай қоғамдық жұмысты істеуге ешқашан талпынбағанын айтты. Жастардың 17%-ы бұл жұмыспен бірнеше рет айналысқанын айтса, 26%-ы «бір рет қана» деп жауап берген. Ал «Алматының дамуына жəне қаладағы мəселелерді шешуге атсалысқың келе ме?» деген сұраққа жауап бергендерді «тек қазақша сөйлейтіндер», «көбіне қазақша сөйлейтін, бірақ арасында орысша қосатындар» жəне «екі тілде бірдей сөйлейтіндер» деп үш топқа бөлдік. Бірінші топтағылардың 30%-ы Алматының дамуына атсалысу «қызық» десе, 39%-ы «қызығуым мүмкін, бірақ толық білуім керек» деген. Ал 31%-ы «мүлдем қызық емес» деп жауап беріпті. Кейінгі екі топтағылардың жауаптары ұқсас болды. «Қызық емес» дейтіндер 19%-ға жетсе, «қызық» дейтіндердің үлесі – 40%.

Жастардың көбінің ерікті ретінде тəжірибесі жоқ. Сол себепті қаладағы қоғамдық шараларға қатысуға шақыратын хабарландырулар мейлінше түсінікті болуы керек деп есептеймін. Cонымен бірге əлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын кезде қалалық болғысы келетін жастардың тілдік статусын да ескеру керек. Бірнеше тілді еркін меңгерген жастар қоғамдық жұмыс пен қала өміріне араласуға бейім, оларды қаладағы проблемаларды шешуге жұмылдыру оңай. Ал тек қазақ тілінде сөйлейтін жастарды белсенді болуға шақыру қиынырақ.

Мейірман ҚАЛДЫБЕКҰЛЫ

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз