Бұрын шетелге бару, әлемнің үздік оқу орнынан шақырту алу орындалмас арман боп көрінетін… Қазір олай емес… Ауылда жүріп те арманға жетуге болады… Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жақсы оқысаң, әлемнің кез келген елінің есігі ашық екенін дәлелдеп келеді…

Шымкенттегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Сымбат Кушерова Австралия, Канада, Франция, АҚШ, Корея және Швейцария мемлекеттерінің 20 университетінен шақырту алыпты. Сымбат физика-математикадан республикалық және халықаралық олимпиаданың жеңімпазы, «Алтын белгі» үміткері. 2015-2016 оқу жылының «Үздік жыл оқушысы» атанған.

Сымбат, оқу орнына таңдау жасадың ба?

– Таңдауым – Бостондағы «Hult International Business School» оқу орны. Сосын Назарбаев университетінің NUFYP арнайы тестілеуінен жоғары ұпай жинадым. Университеттің «Direct Admission» бағдарламасы бойынша грант жеңіп алдым. Екі оқу орнына оқуға түсіп тұрмын.

– Ата-анаң шетелде оқуыңа қарсы емес пе?

– Шетелдік оқу орнына түсу үшін екі сынақ тапсырасың. Алдымен ағылшын тілін қаншалықты білетініңді тексереді. Өзің, оқыған мектебің жайлы шығарма жазасың. Кейін интернет арқылы сұқбат жүргізеді. Сұқбат кезінде шетелге оқуға әкемнің жібермеуі мүмкін екенін айтқанмын. «SAT Reasoning»  бойынша ең жоғары балл – 1600. Мен тесттен 1580 балл жинап, IELTS деңгейінде 7,5 ұпай жинадым. Жоғары балл жинағаныма ата-анам, ұстаздарым, достарым қуанды. Бостон университетінің ректоры әкем Серікке хат жолдап, мені оқуға жіберуін өтініпті. Хатта ректор үш қыздың әкесі ретінде түсінетінін жазыпты. Оқу орнының қауіпсіз, қаланың тыныш екенін айтыпты.

– Ағылшын тілін қалай үйрендің?

– 9-сыныпта оқып жүргенде АҚШ-тың Бостон қаласында бір ай «Робототехника және Менеджмент» оқу курсына қатыстым. Зияткерлік мектебі сабақты үздік оқығаным үшін жіберген еді. Осы сапар өмірлік таңдауыма әсер етті. Бала кезімнен архитектор болсам деп армандайтынмын. Оқу курсында экономика саласын оқып, қызығып кеттім. Анам да экономика саласында жұмыс істейтін. Бостон қаласының адамдары, табиғаты қатты ұнады. «Осы қалада оқимын» деп алдыма мақсат қойдым. Мақсатқа жету үшін оқуды үзбеу керегін түсіндім.

– Оқуды бітірген соң елге келетін шығарсың…

– Әрине, менің мақсатым да осы. Шетелде оқып, игілігін өз еліме жұмсау. Бостонда оқу тегін, барлығы ағылшын тілінде жүреді. Ата-анамның үмітін ақтап, жетістікке жетуге уәде беремін.

Сәттілік тілейміз!

Күніне 20 сөз жаттадым

Сымбаттың сыныптасы Арайлым Әземханды шетелдің 8 жоғары оқу орны оқуға шақырды. Шақырту алу үшін арнайы SAT Reasoning тестін тапсырады. Арайлым тесттен 1280 балл жинап,  IELTS деңгейі 7 ұпайды көрсетіпті. Сөйтіп, әлемнің таңдаулы оқу орындары: Англиядағы Queen Mary, Brsitol, Kingston, АҚШ-тағы New York Institute of Technology және The New School, Италиядағы John Cabo, Австралиядағы Monash және Франциядағы American University of Paris университеттері оқуға қабылдайтынын хабарлайды. Арайлым оқу орнын таңдап үлгермепті. Оның себебін былай түсіндірді:

– Өйткені, мектепте тапсыратын сынақтар бар. Шетелде оқуға ата-анам қарсы. Үйде жалғыз қыз болғандықтан, алысқа жібергісі келмейді. Шетелдегі оқу орындарына құжат тапсыратынымды айтқанмын. Ата-анам «өз білімін сынап көрмекші» деп түсінген еді. Оқу орындарына емтиханды мектепте жүріп тапсырдым. Алдымен IELTS тапсырғанда жинаған ұпайым аз болып көрінді. Екінші рет Астанадағы IELTS орталықта тапсырдым.

Әр мектеп түлегінің жүрегінде сөнбес үміт болады. Бағын сынап, алға ұмтылғысы келеді. Мен осы сезім жайында төменгі сынып оқушыларының көмегімен бейнесюжет түсірдім. Мақсатқа жету жолында қандай көңіл-күйде болу керегін жеткіздім.

Болашақ мамандығым бизнес, маркетинг және менеджмент саласымен байланысты. Бизнестің бір ерекшелігі – ешкімге тәуелді болмайсың. Өзіме еркін жұмыс істеген ұнайды. Еліміздің дамуына қалағаныңша үлес қоса аласың. Үздік оқу орындарында бизнеске қатысты конференция, азаматтармен келісім жүргізуді үйрететін үйірмелер жиі өтеді екен. Оншақты оқу орнына емтихан тапсырғанда талапкермен сұқбат болады. Бір байқағаным: «Неге өз еліңнің оқу орнын таңдамадың? Шетел несімен қызық? Өз еліңде оқығаң ыңғайлы емес пе?» деп сұрайды. Олар әр адамның Отанға деген патиоттық сезімін тексереді. Бағалау жүйелері де өзгеше. Сынақтан, жарыстан алған нәтижеңе емес, өзіңнің қалай ойлайтыныңа, ойыңды жеткізуіңе, ерекшеленетін қасиетіңе назар аударады. Менен де жоғары ұпай жинаған түлектер болды. Эссе мен бейнесюжетім сәтті шықты ма, ұпайым басым болды.

7-сыныпқа дейін Таукент ауылындағы орта мектепте оқыдым. Ағылшын тілін жақсы білмейтінмін. Кейін зияткерлік мектепке түскенде тіл білсең көп нәрсеге қолың жететінін түсіндім. Сыныптастарым менен көшілгері еді. Қатардан қалмай, намысқа тырыстым. Күніне жиырма сөзді ағылшын тілінен орыс, қазақ тіліне аударып, жаттадым. Жарты жылдың ішінде ағылшын тіліндегі кітапты түсініп оқитын деңгейге жеттім. Осы тәсіл көп көмектесті. Бұл сөзді басқа оқушыларға мотивация ретінде айтып отырмын. Адамның оқыған мектебі, тұрған ауылы білім алуына кедергі келтірмейді. Дұрыс мақсат қойып, нақты қадам жасау маңызды.

Гонконгтан бөлек, АҚШ-тың бес университетіне түстім

Оралдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  үш оқушысы: Арайлым Шмидт, Асланбек Қажияхметов және Мадина Мұратова Гонконг политехникалық университетінің грантын ұтып алыпты. Бұл оқу орны әлемнің ең үздік 100 оқу орнының қатарына кіреді.

2017-2018 оқу жылында зияткерлік мектептің 33 түлегі АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Италия, Қытай, Түркия, Венгрия, Австрия еліндегі таңдаулы оқу орындарына грантқа түсіпті. Шетел университеттеріне құжат тапсыру әлі жалғасып жатыр. Жауаптар толық келмепті. Биыл түлектердің дені  АҚШ, Финляндия, Венгрия, Жапония елдеріндегі оқу орындарын таңдапты. Грант иегері Мадина Мұратовадан таңдаудың неге Гонконгке түскенін сұраған едік:

– Гонконг Қытайдың әкімшілік орталығы болғанымен, білім саласы британдық стандартқа сай. Оқу ағылшын тілінде жүреді. Біздің мектеп оқушыларға үш тілде білім береді. Таңдау пәні – ағылшын.  Сабақты жақсы оқығанымның нәтижесінде шет тілден қиналған жоқпын.

PolyU  университеті НЗМ оқушыларына толық грант бөлетінін естіп, қызығушылығым арта түсті. Деңгейі мықты, әлемдік оқу орны екені тағы бар. Халықаралық SAT емтиханын сәтті тапсырып, әрі қарай құжат жинауға кірістім. Құжат дайындауға оқу жылынан бастап кірістім. Тез арада бітетін шаруа емес екен. Оқу орнына өтініш берудің өзі айға созылады. Үміт үзбей, сабағымды да оқып, сынаққа да дайындалдым.

Таңдаған мамандығым  – «Food safety and technology». Яғни, тамақ саласына қатысты. Әртүрлі мекемедегі тағамдардың қауіпсіздігін, санитарлық стандартқа сай келетінін тексереді. Халықты қауіпсіз азық-түлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Менің мамандығым ол жақта үлкен сұранысқа ие. Университет әлемдік деңгейде «Institute of  Food Technologists» деп аталатын арнайы ұйым стандарттарына сай білім береді. Гонконг университетінде ақылы, жартылай грант немесе толық грантта оқуға болады. Оқу мен жатақхана тегін. Ай сайын жол жүруге, тамақ ішуге шәкіртақы береді. Сыныптастарым Арайлым құрылыс, Асланбек электроэнергетика саласын таңдады. Үшеуміз толық грантты жеңіп алдық.

Биология ғылымына қызығушылық 7-сыныпта оянды. Пән олимпиадасы,  ғылыми жоба жарыстарына талай рет бақ сынадым. Гонконгтан бөлек Германияның Jacobs University мен АҚШ-тың бес университетіне оқуға түстім. Сабақты үздік оқып, мықты маман болатыныма сенемін, – дейді Мадина.

Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз