Інімнің туған күніне үйдегілер скутер сыйлады. Інім оны көптен бері армандап жүрген болатын. Ыңылдап жүріп ақыры қол жеткізді.

Алғаны жақсы ғой. Ұнататын нәрсесімен қалағанынша ойнайды, құмары  қанады. Бірақ, ойламаған жерден маған үлкен әурешілік туды.

Жаңа үйреніп жүрген нәрсе болғандықтан, қауіп-қатері көп емес пе? Көз жазбай қадағалау маған тапсырылды.

Інім қаз-қаз басып жүргелі бері менің қасымда. Маңайымда ойнап жүре беретін. Мен сабағымды дайындап, кітап оқып, жайыма отыра беретінмін.

Ал, мына «арбасын» алғалы бері мен тыныштықтан айырылдым. Ініме  қарауым керек қой, өйткені. Ол болса, сыртта. Үйге кіруді баяғыда ұмытқан.

Үй маңында қанша ойнаса, ойнасын, реніш жоқ қой. Бірақ, ол үйден алысқа  ұзап кететін болды.

Есіл-дерті скутерде. Ескерту, ұрсу біржола құлағына кірмеуге айналды.

Мен әр жексенбі күні жүзуге барамын. Аралық біраз жер. Көбінде метроға мінемін. Кейде інімді ертіп алатынмын. Әрине, бұрын.

Ол өзі қалмай ілесіп алатын. Өйткені, метроға отырғанды жақсы көретін. Әр жолы іші-сыртын тамашалап, мәз болатын. Және сөзімді тыңдап, тыныш отыратын.

Енді жағдай өзгерді. Скутер алғалы бері бұрынғының бәрін ұмытты. Менің тәртіпке шақырғанымды елең қылмай, ойынға кіріседі. Ал, метрода ондай нәрселермен ойнауға тыйым салынған ғой. Енді не істеу керек?

Сөйтіп, не үйге тастап кете алмай, не сөз тыңдата алмай жүрген бір күні ойламаған жерден «шатақтың» емі табылды.

Бірде екеуміз тағы метроға міндік. Сәлден соң інім ескі әдетіне тағы басты.

– Қой… метрода скутермен ойнауға болмайды, – дедім мен оған.

– Неге? – дейді інім түк білмеген болып.

– Өйткені, олай істеу өте қауіпті.

– Мен ұстағыштан ұстап алдым ғой…

– Сонда да болмайды… метроның қозғалыс ережесі бойынша балалардың ойнауына қатаң тыйым салынған…

– Ол қайда жазылған?

– Астыға түсіп келе жаттанда ескертулерді естімедің бе?

– Естіген жоқпын.

– Енді тиылмасаң… полиция келіп алып кетеді.

– Мұнда полиция жоқ қой, қалай алып кетеді?

– Олар сені ана камера арқылы бақылап тұр, енді қоймасаң…

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, метро бір бекетке келіп тоқтады да, ішке ит жетектеген екі әскери адам кірді. Екеуі де тайыншадай дәу қасқыр иттер.

Ауыздарында тұмылдырық. Інім емес, басқа ересек кісілер де тіксініп қалды.   Әңгімелесіп күлісіп отырғандар кенет ссзден тиылып, бойларын жиып алды.

Ініме қарасам, екі көзі алақандай болып менің бауырыма тығылыпты. Шынымен-ақ қорқып отыр. «Жай жүрген иттер ғой» деп айтайын дедім де, жаңа ғана сөз өткізе алмағаным есіме түсіп, бұл мүмкіндікті жақсылап пайдаланғым келді.

– Көрдің бе? – дедім сыбырлап. – Мыналар бағанадан камерадан бақылап отырған… болмаған соң, иттерін жетектеп келді. Енді сөз тыңдамасаң, жібере салады.

Інім одан сайын шошыды. Жылап жібере ме деп қорықтым. Жоқ, ол ондайға бармады. Үні шықпай, тып-тыныш отырды.

Сол оқиғадан кейін ол менімен бірге жүзуге баруды қойды.

«Балдырған» журналы, №4
Сәуір, 2019

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз