Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімде «Айгөлек» ән-би байқауын үзбей көретінмін. Көгілдір экранның алдында отырып, өнерпаз балалардай үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайтынмын. Болмысымнан билей алмайтын мен қайтсем де «Айгөлектің» сахнасында ән шырқаймын деп ойлаушы едім. Қолыма іліккен затты микрофон қылып, айнаның алдында ән айтатыным есімде. Жеңіл әнді айтсам бірсәрі, дауысым жетпесе де ауыр әндерді орындайтынмын. Сол кездегі армандауымның өзі қызық. «Айгөлекке» қатысып жеңімпаз болсам, еліміздің сахна жұлдыздары мені арнайы құттықтаса дейтінмін. Алайда менің бұл арманым орындалмады. Өсе келе өзімнің сахнаның адамы еместігімді түсініп, бағытымды басқа арнаға бұрдым. Содан әнші болсам деген арманым балалық шақтың еншісінде қалды.

Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ержан Максим өзінің үлкен сахнаға шықсам деген арманын орындай алды. Өткен апта Ресейдің әйгілі «Голос дети» шоуының алтыншы маусымы мәресіне жеткен болатын. Атағы жер жарған бағдарламаның ақтық сынында қазақтың қарадомалақ баласы Ержан көптің ықыласына бөленіп, екінші орынды қанжығасына байлаған еді. Ержанның шығармашылығы мен жетістігі жайлы ақпарат аз уақыт ішінде жарық жылдамдығынан да тез таралды десем қателеспейтін шығармын. Талайлардың жүрегін жаулаған жас әншінің ерекше дауысы тек Қазақстанды ғана емес, күллі ТМД елдерін шарлап кетті. Осыған орай Ержанмен аз-кем сұқбат құрғым кеп еді, алайда кейіпкеріміздің әкесі Ербол ағай ұлының арнайы кездесулер мен концерттерден қолы босамайтынын айтты. Содан, не де болса Ержан жайлы көбірек білсем деп, қарасаң көз сүрінетін ғаламтор желілерін бір шолып шыққан едім. Біраз мағлұматқа қанық болдым.

Кішкентай жарық жұлдыз Ержан – арысы Мұхит пен Ғарифолладай, берісі Қатимолладай өнер дүлдүлдерін түлеткен қасиетті Жайық өңірінің тумасы. Кейіпкеріміз әншілік өнердегі алғашқы қадамын әкесінің мерейтойында ән салумен бастапты. Ұлдарының бойындағы талантты байқаған ата-анасы Ержанды облыстық жастар мәдениет үйіндегі вокал үйірмесіне беріпті. Табиғи дарынымен қоса, ұстазы Дария Бақытованың арқасында жезтаңдай Ержанның өнері ұшталып, талай ән бәйгелерінен жүлделі оралды. Облыстық, республикалық байқауларды былай қойғанда, жас әншіміз халықаралық деңгейдегі ән бәйгелерінің жүлделерін де қанжығасына байлап жүр. 2016 жылы Грузияның Батуми қаласында өткен «Дельфин Фест» фестивалінде Ержан шетел сахнасына алғаш шықса да, қарсыластарынан оқ бойы оза шауып, бас бәйгені еншілеген болатын. Күміскөмей кейіпкеріміз араға жыл салып Италияда өткен San Remo Junior ән байқауының финалында да төбе көрсеткен еді. Ержан атауы көпшілікке жақсы таныс «Евровидение» мен «Славян базары» сынды ірі байқаулардың да жүлдегері атаныпты. Ал «Голос детиге» қатысу туралы ұсынысты кейіпкерімізге анасы айтқан көрінеді. Ержанның анасы Гүлмира апай отандық теарналардың біріне берген сұқбатында: «Әлеуметтік желіден «Голос дети» байқауына іріктеу жүріп жатыр деген хабарламаға көзім түсті. Ержаным сол байқауға қатысуға шынымен лайық еді. Содан отбасымызбен ақылдаса келе, ұлымыздың бағын сынап көрелік дедік. Алғашында сұраныс тастап, арнайы кастингтен өттік. Кейін Ержан Мәскеуге жолдама алып, «соқыр тыңдалым», «жекпе-жек», финал деп аталған бірнеше кезеңде сәтті өнер көрсетті. Ұлым сайыстың ең ақтық мәресі «супер финалға» дейін жетіп, биік тұғырдан көрінді. Негізгі мамандығым психолог болғасын Ержанның  кез келген жағдайға дайын болуын, шектен тыс даңдайсып кетпеуін жиі қадағалаймын», – дейді қамқор ана.

Жобаның іріктеу кезеңінде қатысушылардан авторлық ән сұралады екен. Осыған орай Ержан белгілі әнші-композитор Лұқпан Жолдасов ағамызға арнайы ән жаздырыпты. Ержанның өнері де, ән де қазылардың көңілінен шығып, іріктеу кезеңінен сүрінбей өтеді. Мәскеудегі алғашқы дода «соқыр тыңдалымда»  Андреа Бочеллидің «Ama credi e vai» әнін сәтті орындап, барлық жетекшіні өзіне қаратады. Мүйізі қарағайдай жетекшілердің ішінен Ержан Валерий Меладзені таңдайды. «Жекпе-жек» деп аталатын кезеңде әнші-батыр қарсыластары Иван Стариков, Ислам Балкоевпен бірге «Синяя вечность» әнін құйқылжыта шырқап, келесі кезеңге сүрінбей өтті. Меладзе мырзаның кіл мықты шәкірттерінің арасынан суырылып шыққан Ержан супер финалға жолдама алады. Сайыстың ақтық межесінде мыңдаған үміткердің арасынан оқ бойы оза шапқан  үш қатысушы ірі жобаның бас бәйгесі үшін таласқа түсті. Дауыс беру арқылы өткен соңғы кезеңде Ержан күміс жүлдеге қол жеткізген еді. Ал бәйгенің бас жүлдесі белгілі әнші Алсудың қызы Микелла Абрамоваға бұйырған болатын. Әлеуметтік желі қолданушыларының көпшілігі сайыстың нағыз жеңімпазы Ержан екенін айтып, жар салуда. Тіпті ресейлік танымал шоумен Максим Галкин де «Меніңше, жалғыз жеңімпаз бар, ол – Ержан» деген болатын. Десе де, бас бәйгені алмадым деп, сағы сынған Ержан жоқ. Керісінше, өзінің екінші тұғырдан көрінгеніне дән риза.

«Егер бас жүлдені алсам мені жай ғана құттықтап, көп ұзамай ұмытып та кететін еді. Ал  жүлделі орындардың бірінен көрінсем, мені танымалдығым артар еді,дейді жас өнерпаз.

Ержанға «Голос дети» шоуы аяқталғаннан кейін Димаш ағасы қоңырау шалып, жылы лебізін білдіріпті. Ресейдің «примадоннасы» атанған Алла Пугачева да кішкентай дарын иесін қонақ етіп, арнайы сыйлығын да табыстапты.

«Голос дети» мегажобасының төңірегінде әрбір балаға арнап таныстырылым  түсіріледі екен. Онда өнерпаз балалар бос уақытын қалай өткізетіні, хоббиі, отбасы, достары жайлы әңгімелеп береді. Ержан да басқа балалар секілді өзінің неге қызығатынын, нені жақсы көретінін айтты. Алайда Ержанның таныстырылым репортажынан халқымыздың дархандығын, ақкөңілдігін, бар болмысын көргендей болдым. Жас әнші өзі туралы ғана емес, елі, ұлты жайлы да айтуды ұмытпады. Алдағы уақытта домбыра шертуді үйренетінін айта отырып, қос ішекті аспабымыздың қадір-қасиетіне де тоқталып өтті. Сюжет барысында Ержан дастарқанымыздың сәні, ұлттық асымыз етті сүйіп жейтінін де тілге тиек етті. Ресейдің «Бірінші арнасы» арқылы Ержанның өзін және елінің ұлттық құндылықтарын ана тілі, қазақ тілінде таныстыруы бәрінен де ерекше болды. Өнерлі өреннің ұлттық құндылықтарымызды қазақ тілінде таныстарғанына қарап, елін, жерін сүйетін нағыз патриот екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдым.

Ержан қарапайым, кез келген адаммен тез тіл табысып кететін ашық-жарқын бала екен. Ата-анасының жалғыз ұлы, әпкелерінің сүйікті інісі. Ән салғаннан бөлек күйсандықта да шебер ойнай алады. Бокспен шұғылдануды қолға алған кейіпкеріміз мұз айдында сырғанаудан да хабардар. Қолы қалт ете қалса, анасына көмектесуге де даяр. Әрбір қылығы тәтті Ержан дәмі тіл үйірерлік, тәтті торттарды шебер дайындап, сәндей біледі. Үнемі сахнада жүретін жас әнші сабағын да естен шығарған емес.

Үйінің ғана емес, елінің де еркесі Ержанның арманы асқақ, мақсаты айқын. «Болашақта атағы жер жарған танымал жұлдыз болсам, әйгілі Колизей сахнасында ән шырқасам» дейді. Басты кумиріне айналған Димаш ағасымен бір сахнада дуэт айту – кішкентай жұлдыздың басты арманы.

P.S. Ержанның екінші орын алғаны жайлы қоғамда біраз әңгіме қозғалды. Қай әлеуметтік желіні қарасам да, «Ержан бірінші орынға  лайық еді», «Әділетсіз шешім болды» деген пікірлер көптеп жазылуда. Бәлкім, расымен де солай шығар. Бірақ кейіпкеріміздің өзі айтқандай, екінші жүлде жас әншіге біршама танымалдық сыйлады. Алайда сол екінші орынның астарында жай ғана танымалдық емес, үлкен үндестік те жатқан секілді. Олай деуімнің себебі, қазақтың ән өнерін ең алғаш әлемдік сахна төріне алып шыққан жезтаңдай әншіміз Әміре Қашаубаевтың өзі Париждегі ән байқауынан күміс жүлдемен оралды ғой. Осыдан бірер жыл бұрын қазақтың алтын ұлы Димаштың I’m singer жобасында екінші орын алса да, миллиарттаған тыңдарманды өзіне қаратқаны жасырын емес. Меніңше, Ержанның өнеріне берілген күміс жүлде – Әміре мен Димаштың ізін жалғап, халқымыздың әншілік өнерін әлемдік деңгейге көтеруге берген зор мүмкіндік секілді.

Аяжан ҒАППАР,
10-сынып оқушысы,
«Ұланның» жас тілшісі.
Əжібай ауылы,
Қазталов ауданы,
Батыс Қазақстан облысы

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз