Әдетте таңертең сағат нешеде тұрасың? Сабаққа баратын күндері 7-де тұрып, демалыс күндері түске дейін ұйықтайтын шығарсың? Ал олар күн сайын таңғы 6-да тұрады. Саған жуынып, киініп, жаттығу жасап, таңғы асқа келу үшін қанша уақыт керек? Бір, мүмкін екі сағат шығар? Ал оларға осының бәрін мінсіз орындау үшін 15 минут жеткілікті. Күн сайын ұйықтарда ертең не кисем екен, қайда барсам екен деп ертеңгі күніңе жоспар құрасың ба? Ал олар күн сайын әскери форма киіп, ертең бейбітшілік болса екен деген ниетпен көз іледі. Себебі, олар – Отан қорғаушылар.

Жақында «Ұланның» тілшілері Құрлық әскерлері Әскери институтының оқу орталығында өткен БАҚ өкілдеріне арналған квест әскери-спорттық ойынына қатысып қайтты. Ұйымдастырушылар таңертең сағат 7-де Республика алаңына жиналған журналистерді әскерилерді таситын көлікпен Жетіген полигонына алып кетті. Журналистер үшін ең алғашқы сынақ осы әскери көлікте басталды. Көліктегі тақтай орындықтарға тіз қатар отырып алған біз бұрылыс, көше қиылысы тұсына келгенде әрлі-берлі шайқалып, отырған орнымыздан аунап түсе жаздадық. Бір жарым сағат тоқтаусыз тербелістен соң межелі жерге жеткенімізге қуандық. Алайда, бұл кезде бізді алда одан да қиын сынақтар күтіп тұрғанын білмеген едік.

Көліктен түскен бойда жарылыстың дауысы құлақты тұндырып жіберді. Құдды бір соғыс алаңына келгендейміз. Жан-жағымызда әрлі-берлі жүйткіп жүрген танкілер, мылтық ұстаған сарбаздар, ұшып жатқан оқ, жарылып жатқан снаряд… Осындай от пен оқтың ортасында сабақ оқып отырған курсанттар. Бізге барлығы таңсық, оғаш көрінді. Осылайша сейсенбілік таңымыз бейбіт күнде атылған оқтың дыбысымен басталып, қанбай қалған ұйқымыз шайдай ашылды.

Бізді оқу-жаттығу алаңында күтіп алған полковник Жұмабек Хасенов күні бойы журналист екенімізді, қыз бала екенімізді ұмытып, курсант погонындағы қарапайым сарбаз болып, берілген бұйрықты мүлтіксіз орындауға тапсырма берді. Тапсырманы жауапкершілікпен қабылдап уәде берген соң бәрімізге әскери киім беріп, жылдам киім ауыстырып, сапқа тұруға бұйрық берілді.

Алғашында абдырап қалғаныммен, әскерде бұйрықтың аты – бұйрық. Өзіме бірнеше өлшемге үлкен әскери киімді қолға алып, кезекпен киім ауыстырып шыға бастадық. Дананың қыпша белін екі орап алатын әскери көйлек пен шалбардың белін белдікпен мықтап буып, шашты түйіп, беттегі бояуды жуып, «соғыс алаңына» аттандым. Өлшемі сай келмесе де, әскери киім барлық әріптестеріме құйып қойғандай жараса кетті. Маған да. Инкубатордан шыққан балапандар сияқты түр-түсі бірдей сарбаз журналистер сап түзегенде ел тыныштығын қаламмен ғана емес, қарумен де қорғай алатын қабілетке ие тұлғадай рухтанып кетеді екенсің.

Оқу-жаттығу алаңында танкіден атылған оқтың дыбысы құлаққа түрпідей тиіп, бойыңды қорқыныш билегенмен, уақыт өте келе құлағың үйреніп кетеді екен. Мен ең алдымен танкіде отыратын сарбаздың есту қабілеті қалай болар екен уайымдадым. Танкіге мінетін кезек өзіме келгенде, сарбаздар қолыма шлемофон деп аталатын баскиім ұстатты. Шлемофон сарбаздың басын механикалық жарақаттан, әртүрлі дыбыстардан қорғауға арналған. Расымен, басыңа шлемофон киіп алсаң, жаңағы дүмпулердің бірі де естілмейді екен.

Танкімен танысып болған соң сарбаз-журналистер арасында оқу-жаттығу жарысы басталды. Үш кезеңнен тұратын квест ойыннан өту үшін бес адамнан тұратын топ құрдық. «Ұлан» газетінің 4 қызметкеріне Құрлық әскерлері Әскери институтының курсанты Жәнібек Азанбай топ басшысы болып бекітілді. Осылайша, 5 сарбаздан тұратын «Ұлан» командасы соғыс алаңындағы алғашқы сынақты бастап кетті.

Журналистер арасындағы әскери-спорттық ойын-эстафета қатысушылары алдымен улы газға қарсы тұмылдырық (противогаз) киіп, 100 метр қашықтықты командамен жүгіріп өттік. Сосын улы газға толы шатырдың ішінде 1 минут бойы отырдық. Азаматтық газтұмылдырық (противогаз) – адамның тыныс мүшелерін, терісін, беті мен көзін ауада бу, тұман, тозаң түрінде кездесетін улы және радиоактивті заттардан, ауру туғызатын микробтар мен улы заттардан корғауға арналған құрал. Сондықтан сырттағы улы ауа адамға зиян келтірмейді. Дегенмен, улы газдың ортасында жүргеніңді ойлағанда тынысың тарылып, демалған сайын тұмылдырықтың көзәйнегі буланып, бойыңды үрей билейтіні рас. Топ басшысы Жәнібек бізге деміңді қалай басқару керектігін, тұмылдырықтың ішіндегі ауа ағынын ретке келтіруді үйреткен соң, алғашқы сынақтан сүрінбей өттік.

Әрі қарай бұзылған баспалдақтан, жолға кедергі ретінде қойылған шиналар мен қораптардан өту, окопқа түсіп, жерасты жолымен жүру, оқ-дәрі салынған жәшікті жарға көтеріп шығару, граната лақтыру, биік қабырғаның үстінен секіру, лабиринтті бағындыру, сымды кедергілерден еңбектеп өту, ЖӘҚЖ-ды уақытқа киіп үлгеру, ату қару-жарағынан практикалық сынақ тапсыру сияқты қиындығы мен қызығы қатар кедергілерден өттік. Аталған кедергілерді бағындыру барысында соғыс алаңында түрлі-түсті улы газдар, от, оқтың дыбысы, тұман мен қою түтін пайда болады. Квест ойынын сәтті аяқтаған сарбаздар сынақта ең маңызды нәрсе командалық рух пен өзара түсіністік екенін түсіндік.

«Психологиялық және физикалық тұрғыдан мықты сарбаз ғана барлық қиындықты жеңіп шыға алады. Біз осындай сынақты күн сайын тапсырамыз. Арыстан әскери лицейін бітіріп, Құрлық әскерлері Әскери институтында төрт жыл оқығандықтан, сіз өткен сынақты біз бес-ақ минутта бағындырамыз», – деді «Ұлан» командасының топ басшысы Жәнібек Азанбай.

Сынақ мұнымен бітпеді. Әскери квестен соң есін енді жиып жатқан журналистерді әскери БТД (бронетасымалдағыш) көлікке салып алып, атыс алаңына апарды. Мұнда қатысушылар автомат АК-74-тен ату дағдылары бойынша сынға түсті. АК-74 автоматымен мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінде танысқандықтан, оны қолға ұстау, шашып, қайта жинау, нысананы көздеу аса қиынға соқпады. Бізге қиын болғаны – бронежилет пен шлем кию. 16 келі болатын бронежилет, 3,5 келі болатын шлем (баскиім), 3,5 келі болатын автомат – барлығын көтеріп жүру үшін күш-қуат пен төзім қажет. «Осынша жүкті көтеріп жүрген сарбаздар соғыс алаңына жеткенше шаршап қалатын шығар» деп әзілдеп те алдық. Бірақ, олардың денесіне артылған жүктемеден қарағанда, мойнына артылған жауапкершіліктің салмағы әлдеқайда ауыр екенін атыс алаңында жүргенде сезіндік.

Ату алаңында әр қатысушыға 15 оқ, 3 нысана, әр нысананы көздеп атуға 30 секунд уақыт берілді. Командирден: «Ойлануға, саябырсуға, еркелеуге уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Басқа әлемнің бәрін ұмыт та, тек нысананы көзде. Сонда мақсатыңа жетесің», – деген нұсқау алдық та, «Ұланның» төрт қызметкері көздеу алаңына барып, орнымызға жайғаса кеттік. Мылтықты оқтап, бұйрықты күтіп жатырмын.

– Маратова?

– Мен!

– Атысқа дайынсың ба?

– Сарбаз Маратова атысқа дайын!

Осылайша төртеуміз де атысқа дайын екенімізді хабарладық. «Атыңдар!» деген бұйрық берілді. Мылтықтың үні тарс етті. Атыс басталды деген осы.

Көз алдымда жасыл түсті жалауша пайда болды. Бұрын фильмде көргеніммен, суық қаруды қолыма алғаш ұстап, шүріппеге саусағымды тигізіп тұрғаным осы. Алғашқы нысананы көздеп, шүріппені бастым. Көз алдымда оқтың қандай жылдамдықпен ұшып бара жатқанын көргенде, «оқ бойы озық», «атылған оқтай» деген тіркестердің мәнін түсіндім. «Нысанаға тиді» («Попала») деген дауыстан соң сәл алысырақ тағы бір нысана пайда болды. 15 оқ таусылғанша атып, екі нысанаға дөп тигіздім. Үшіншісіне келгенде әр атқан сайын артқа қарай серпіліс берген мылтықтың иығыма тіреліп, ауыртып тастағанын байқадым. Мәншүк пен Әлияның соғыста күн сайын қалай арпалысқанын елестеттім де, намысқа тырысып, соңына дейін берілмеуге тырыстым.

Байқап қарасақ, тарихта болған батыр мерген, пулеметшілердің көпшілігі қыздар екен. Командирдің айтуынша, қыз балалар ер адамдарға қарағанда жақсы көздей біледі және төзімді екен. Сондықтан, автомат ату кезінде қыз балалардың ұпайы түгел болды.

Ойынның жалпы қорытындысы бойынша І орын «Хабар 24» және «Еуразия» телеарнасының журналистерінен құралған «Қасқыр» командасына, ІІ орын «Қазспорт» командасына, ІІІ орын «Ұлан» командасына бұйырды. 12 команданың арасында жүлделі орынға ілінгенімізге ғана емес, қорқынышымызды жеңіп, қолға қару ұстай алатынымызға, ертең ел басына күн туғанда Отанымызды қорғай алатынымызға да қуандық.  Іс-шараның соңында сарбаздар далалық әскери асханадан түскі ас іштік.

P.S. Күні бойы бізге әскери жаттығуларды үйретіп, қиын кедергілерден сүрінбей өтуге көмектескен курсанттармен қимай қоштастық. Олар бізге, журналистерге Отанға, отандастарына деген махаббатын халыққа жеткізуді аманаттады. Ал біз оларға елдің тыныштығын күзетуді аманаттап, Алматыға аттандық.

Дана МАРАТОВА

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз