Диана Айкимбаева – ұлттық нақыштағы образдарды әсем бейнелейтін жас суретші. Теміртау қаласының тумасы. Қазіргі таңда Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті. Диана қоршаған әлемнің сұлулығымен бөліседі, оның суреттері Отанға деген сүйіспеншілікке толы.

«Сурет салу мен үшін рухани ләззат.  Ешкiм сенiң ой-қиялыңа кедергі бола алмайды. Еркiндiк деген осы емес пе?! Кейбір адамдар кітап оқығанда, шопинг жасағанда немесе кино қарағанда демалады. Ал  мен  сурет салып өткiзген уақытымды демалысқа балаймын. Кішкентай кезімнен сурет салғанды жақсы көремін. 12 жасымда алғаш рет бейнелеу өнері студиясына бардым. 2012 жылы Астанада оқушылар сарайы ашылды. Сол жақта 4 жылдай  бейнелеу өнері бойынша білім алдым. Сурет салуды кәсіби түрде  үйрендім. Болашақ мамандығым да бейнелеу өнерінен алыс емес. Сәулетші боламын!» – дейді Диана.

Диана көптеген қалалық, республикалық жарысқа қатысқан: «Қазан – түркі әлемінің мәдени астанасы», «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Есірткіге жол жоқ», «Шаттық 2015, 2016, 2017», «Әбіш оқуы» және басқа байқауларға қатысқан. Танымал голландық суретші, иллюстратор Nicolas Journoud-тен дәріс алған.

«Әр сайыстың алдында интернеттен, кітаптардан  ақпарат оқу арқылы байқау тақырыбына енуге тырысамын. Содан кейін түсінгенімді  қағазда бейнелеймін.  2014 жылғы республикалық байқау туралы айта бергім келеді. Тақырыбы – Қазан. Бұл менің өмірімдегі алғашқы сурет байқауы. Бас жүлдені жеңіп алғаннан кейін Татарстан астанасына ұштым. «Байтик»  лагерінде естен кетпес  20 күнді өткіздім. Үлкен мотивация болды. Ал «Шаттық» байқауына 3 жыл қатарынан қатыстым: 2015, 2016 жылдары – күміс, 2017 жылы алтын медаль иегері болдым. Конкурс – пікірлестер мен өзің сияқты шығармашылық тұлғаларды табатын орын. Сондықтан жеңіс әрқашан маңызды емес.  Креатив адамдармен танысу – қуаныш», – дейді жас суретші.

Диананың жұмыстары әртүрлі техникамен салынған. Ол сурет салғанда көмір, май, акрил, акварель, түрлі-түсті қарындаш, акварель қарындашы және гуашь пайдаланады.

«Шығармашылық – өмірімнің бір бөлігі. Суреттерім тек маған емес, өзгелерге де керек болса ғой… Қоғамға пайдалы жан болғым келеді.  Қазір 2 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға сурет салудан сабақ беремін.    Адамдардың көпшілігі  суретшілер ғана керемет туындылар жасайды деп ойлайды.  Бірақ менің мақсатым –  адамдардың санасындағы тосқауылдарды алып тастау және ешқандай тәжірибесіз де керемет суреттер салу әбден мүмкін екенін түсіндіру. Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында «Ұлттық құндылықтар» арт-кешін ұйымдастырдым. Бәрі ойдағыдай өтті. Алдағы уақытта тағы да осындай ересектер мен кез келген жастағы балалар үшін арт-кештер өткізу жоспарда бар. Сонымен қатар қазір кофейняларда кофе стақандарына сурет саламын.   Мен – қазақпын. Жұмыстарымның негізгі тақырыбы ұлттық нақыштағы образдар болуының себебі де осы. Суреттерім арқылы қазақ мәдениетін насихаттап, дамытқым келеді», – дейді Диана.

Қызықты сұқбатқа алғысымызды білдіре отырып, патриот суретші Дианаға шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілейміз!

Ақерке
ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,
«Ұланның» жас тілшісі

«Ұлан» газеті, №17
23 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз