Дін жанашырлары мен демеушілердің қолдауымен ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқу бойынша VIII республикалық Құран байқауы аяқталды. 558 қари қатысқан аламан бәйгеден 19 қари озып шықты. Үш күнге созылған діни бәйгеге төрт бағыт бойынша бақ сынасқан қарилар Құранның 10 парасын, 20 парасын, қасиетті кітапты толық 30 пара жатқа айтудан және Құранды мәнерлеп оқудан жарысты. Құран жарысына тігілген жүлденің жалпы қоры 20 млн теңге.

Игі шараның шымылдығы Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының алғы сөзімен ашылды. «Алла Тағала қасиетті Құранда: «… Алланың шексіз рақымына бөленеміз десеңдер, Құран оқылғанда, оған құлақ түріп, үнсіз тыңдаңдар!» дейді. Құранды тыңдаудың өзі үлкен сауап. Құран секілді ешқандай кітап жатқа оқылып, насихатталмайды. Құран оқылған, оған амал етілген үйде, елде тыныштық орнайды, Алланың берекеті болады. Құранды көп оқыған адамның Алла алдында дәрежесі артады», – деп кеш қонақтарына лебізін білдірді. Байқаудың мақсаты – өскелең ұрпақтың жан-дүниесіне имандылық сезімін ұялатып, ата-дінімізге құрметті арттыру және кеңінен насихаттау. Үміткерлердің Құран оқудағы қағидаларды дұрыс сақтауын жан-жақты қадағалайтын Садуахас қари Сағындықұлы, Кәмілжан қари Юлдашұлы, Жұманазар қари Садырханов, Еркінбек қари Керімбекұлы және Ерсін қари Бекайдарұлы есімді танымал қарилер төрелік етті. Рухани кеште Хазірет Бердіхан, Ерген Айтымбетов, Райым Уайыс сынды өнерпаздар рухани көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ Құранның хикметтері жайлы бейнеролик көрсетіліп, «Өнер қырандары» театрының діни көрінісі қойылды.

 «Ең жас қари атанған» 6 жастағы  Нұртілеу қасиетті кітаптың 10 парасын жатқа біледі, аяттарды да қатесіз оқиды. «Ұлым 3 жасынан бастап Алланың сөзіне ынта қойып, 200 беттен тұратын он параны жаттап алды. 9-10 жастағы аға-әпкесімен бірге жаттап үйренді. Тек балаларымыз ғана емес, үй ішімізбен Құран оқимыз», дейді әкесі Серік Сейітқасымұлы.

30 пара Құранды толық жатқа оқу бойынша:
Бас жүлде
– Сақи Сатешов (19 жаста, Маңғыстау) – Автокөлік
ІІ орын – Нұрмұхамед Лиров (18 жаста, Жамбыл) – 2 млн тг
ІІІ орын – Саламат Қаратаев (27 жаста, Алматы) – 1,5 млн тг
20 пара Құранды жатқа оқу бойынша:
І орын –
Қуаныш Тоқсанұлы Абишев (29 жаста, Алматы) – 1,5 млн тг
ІІ орын – Ниғматулла Савранбекұлы Абдазимов (12 жаста, Қызылорда) – 1 млн 250 мың тг.
ІІІ орын – Ахмадқожа Сайвалиұлы Хакимов (17 жаста, СҚО) – 1 млн тг.
10 пара Құранды жатқа оқу бойынша:
І орын –
Нұртілеу Серікұлы Мейітқасым (6 жаста, Нұр-Сұлтан) – 1 млн тг.
ІІ орын – Акмал Давранбекұлы Рахимқұлов (18 жаста, Түркістан) – 750 мың тг.
ІІІ орын – Омар Бауыржанұлы Ізгілік (11 жаста, Маңғыстау) – 500 мың тг.
Құранды мəнерлеп оқу бойынша:
І орын
– Қайнар Базарқанұлы Базарқан (25 жаста, Алматы) – 500 мың тг.
ІІ орын – Ұлан Бағдатұлы Балтабай (14 жаста, Атырау) – 300 мың тг.
ІІІ орын – Бауыржан Бақытжанұлы Исабеков (26 жаста, Алматы өңірі) – 150 мың тг.

30 пара Құранды толық жатқа оқу бойынша бас жүлдені иеленіп, темір тұлпарды тізгіндеген Маңғыстау облысының тумасы Сақи Сатешовтың қуанышында шек жоқ. «Алматы қаласындағы Көктөбе медресесінде Құран жаттап үйрендім. Діни отбасында тәрбиелендім. Түркияда үш жыл діни ілім жинадым. Құранды толық оқу үшін шыдамдылық пен ықылас керек. Көлікті анама сыйлаймын», дейді жеңімпаз жігіт.

Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА
Фотолар muftyat.kz
сайтынан алынды

«Ұлан» газеті, №19
7 мамыр 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз