«Қазақтың Мессиі» атанып кеткен Еркебұлан Сейдахметтің болашағынан үлкен үміт күтетініміз туралы жазған едік. 19 жастағы футболшы жақында «Уфа» командасынан болгариялық «Левски» клубының құрамына ауысты. «Левски» клубының негізгі құрамындағы алғашқы ойынын өткізген Еркебұланға хабарласып, аз-кем сұқбаттасуды жөн көрдік. Бірақ ол бұл жолы да сұқбат бере алмайтынын айтты. Дегенмен Еркебұлен Сейдахметтің тума талант екеніне тағы бір көзіміз жетті.

Болгария чемпионатының 26-турында «Ботев» командасына қарсы негізгі құрамда шыққан Еркош жасыл алаңда жанын салды. Алғашқы минуттардан бастап жоғары жылдамдығымен көзге түсті. Сондай-ақ техникалық шеберлігінің де аса жоғары деңгейде екенін көрсетті. Команда сапындағы екінші ойынына қарамастан негізгі құрамға лайықты екенін дәлелдеді. Қарсылас команда қақпасына екі соққы бағыттап, екеуі де қақпашыны қара терге түсіргені футбол жанкүйерлерінің жадында. Еркебұланның алыстан шыр айналдыра тепкен добын «Ботев» клубының қақпашысы әрең тойтарды. Қақпаның маңдайшасынан сәл биік кеткен доп голға айналғанда, сөзсіз Еркебұланның мансабындағы ең әдемі гол болар еді. Одан бөлек жас футболшы допты әуеде де ұршықша иіретінін көрсетті. Қарсылас команданың қорғаушысымен жанталаса секіріп, баспен ұрған добы тағы да сәл қиыс кетті.

Отандасымыздың біраздан бері алаңға шықпағанын ескерген Георгий Дерменджиев 76-минутта алмастырды. Еркебұланның спорттық бабына жүйелі түрде келуін ойлайтын бапкер тым көп жүктеме түсіргісі келмегендей көрінді. Тіпті, матч соңынан кейін ойын үлгісін мақтап, болашағынан үлкен үміт күтетінін де жасырмады.

«Еркебұлан – болашағы зор, талантты ойыншы. Оның негізгі құрамда шығуы заңды деп ойлаймын. Еркебұланның ойынына көңілім толады, бірақ одан да артық ойнай алатынын білемін», – деді Георгий Дерменджиев.

Еркебұланның өзі де болгариялық басылымдарға негізгі құрамда өнер көрсетуге мүмкіндік бергеніне қуанышты екенін жасырмады.

«Маған негізгі құрамадан орын берген бапкерлер құрамына алғысым шексіз. Командадағы ойыншылар да, бапкерлер құрамы да өте білікті жандар. Барлығы менің көңілімнен шығады. Біздің чемпион атануымызға толық мүмкіндігіміз бар», – деді. «Ботев» клубымен тең ойнаса да «Левскидің» чемпиондық атақтан әлі үміті бар. Турнир кестесінде «Левски» 26 ойыннан 54 ұпай жинап, үшінші орында тұр. Ал көш басында 62 ұпаймен «Лудогорец» тұрса, екінші орынға 57 ұпаймен «ЦСКА-София» клубы жайғасқан. Дегенмен Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасының ширек финалында өнер көрсеткен «Левскидің» чемпион атанатынына сенеміз. Осы орайда, Станимир Стоилов, Димитар Димитров және Стойчо Младенов секілді танымал мамандарды тәнті еткен Еркебұланның ерекшелігі туралы отандық футболшылардың пікірін білуді жөн көрдік. Өкінішке қарай, Ұлттық құрамада бірге ойнайтын «Астана» командасының ойыншылары пікір білдіруден бас тартып, ат-тонын ала қашты. Дегенмен кезінде Еркебұланды жаттықтырған, Қазақстан жастар құрамасында бірнеше жыл бірге жұмыс істеген Александр Қузнецов кейіпкеріміз туралы ойымен бөлісті. «Еркебұланның басты ерекшелігі – жылдамдықта доппен жұмыс істеу техникасында. Одан бөлек командаласының ойын түсіну, жасыл алаңдағы қозғалыс үйлесімдігі де ерекше. «Ботев» командасына қарсы тамаша ойын үлгісін көрсетті. Онымен бірге жұмыс істеген уақыт жемісті болды. Еркебұландай таланттармен жұмыс істеп, олардың түрлі қырынан дамуына үлес қосу бір мәртебе. «Монтажниктегі» бапкері Георгий Хутиди оны тұлға ретінде қалыптастыруға зор үлес қосқан. Біз тек құрама деңгейінде өз әлеуетін дамытуға көмектестік. Еркебұланға аянбай тер төгіп, өзін-өзі дамыта беру керек. Жанкүйерлерді әлі талай тамсандыратынына кәміл сенемін», – деді Александр.
Сондай-ақ жастар сапында Еркебұланмен бірге доп тепкен Айдос Орал да Еркебұланның ерекшеліктерін айтып берді.

– Еркебұлан әрқашан ұтқыр болатын. Ешқашан дөрекі ойнайтын қарсыластарға қарсы ойнауда, оларды алдауда қорықпайтын. Барлық шабуылшы сияқты Еркебұлан да гол соққанды жақсы көрді. Қазір оның бойынан өзіне деген сенімділік байқалады. Шыны керек, Қазақстанда Еркебұландай талантты ойыншылар көп. Бірақ оларға аса сенім артпайды. Еркоштың техникалық жағынан да жетілгені көрініп тұр, – деді Айдос.

Футзалдан Қазақстан құрамасының шабуылшысы Серік Жаманқұлов та Еркебұланның болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, негізгі ерекшеліктерін атап өтті.

– Еркебұланның Ұлттық құрама сапындағы ойындарын тамашалаймыз. Оның басты ерекшелігі жылдамдығында және техникасы мол футболшы. Мүмкіндіктерін мүлт жібермейтін, ақылмен ойнайтын талантты жігіт. Еркебұланға елінің артқан сенімін ақтап, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілекшіміз. Еуропаның белді клубына ауысып, еліміздің атын шығарады деген үміттеміз, – деді Серік.

Расында, барша жанкүйердің арман-мақсаты – әлемнің ең үздік клубтарында қазақ баласының доп тепкенін көру. «Қазақтың Мессиі» атанған Еркебұлан өз лақап атын ұнатпайтынын айтып, Мессимен салыстырмауын сұрады. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, біздің бар ойымыз қазақ баласынан да Месси сияқты аты аңызға айналған футболшы шыққанын көру.

Дәурен ТҮЛКІБАЙ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2019

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз