Былтыр сəуірдің соңғы жексенбісіне қарай жолдар жабылып, көшеде кептеліс болғаны əлі есімде. Аялдамада тұрған кісілерден сұрап ем, марафон болып жатқанын айтты. Қандай марафон екенін, не үшін өткізетінін білу үшін қатысқан таныстарымнан сұрай бастадым. Күздегі марафонға тіркеліп үлгермедім, кеш естіп қалдым. Ал көктемде, яғни биыл жүгіруге дайындығым аз болды. Мектепте дене шынықтыру сабағында өкпесін ұстап, дұрыс демалмайтын Назым бұл жолы да жүрексінді. Есесіне, ерікті болуға шешім қабылдадым. Қоғамға өзіңді пайдалы сезінуден асқан бақытты сезім жоқ шығар. Күніне екі сағат болсын ерікті болуға немесе қайырымдылықпен айналысуға жұмсағанды жөн санаймын.

Бəрібір ол уақыт кейде жолға немесе телефон шұқылаумен өтіп кетеді. Шетелде
еріктілерді қатты бағалайды, ал біздің қоғам оларды əлі де қабылдау үстінде. Сонымен, былтырдан бері жүгіруді қолға алғаныммен, жүгіруге дайындығым аз болып жүрексіндім. Ақпан айының соңына қарай Алматы марафонның сайтына кіріп, ерікті болуға өтініш тапсырдым. Белгілі бір ұйым немесе бірлестік атаулыны онша ұната бермеймін. Өзім таңдап, уақытымды арнап қалайтын осындай істерді құп көремін. 11 сəуір сабаққа жаяулатып, оған қоса кешігіп бара жатсам, уотсапта «Столичные мазафакеры» деген чатқа қосып қойыпты.

Мен оны дұрыс түсінбей, чаттан бірден шығып кеттім. Екі минут өткен соң белгісіз бір нөмірден хабарлама келді. «Еріктілер лигасының» мүшесі, біздің үйлестіруші Əділ екен. Істің анығын білгеннен кейін қайтадан чатқа қосуын сұрадым. Əділ де бəрімізге жазуға үлгермеген ғой. Содан чаттағы хабарламаларды оқып, арасында сабақтан соң кейбір істерімді ысырып, аптасына бір күн көмектесуге барып тұрдым. Бас-аяғы екі сағатта үлкен жұмыстарды бітіріп тастаймыз. Жаңа адамдармен танысып, жатырқамай жүрдім. Марафон қатысушыларының нөмірлеріне қалай чип жапсырғаным əлі есімде. Ондай жерде өте мұқият болу керек. Шатасып кетсең, тіркелген адамдардың базасы күл-талқан болады. Ерікті болу үшін жауапкершілік қажет. Əйтпесе тұтас команданы жерге қаратуың мүмкін. Бəрі бірі үшін, бірі бəрі үшін əрекет етеді. Марафон басталмас бұрын танысу тимбилдингі болды. Бірақ, əр іс-шара жаңбырсыз өтпейді. Жаңбырлы күндері үйден шыққым келмейтін Назым едім, бірақ команданы ұятқа қалдырмайын деген ниетпен барлық дайындыққа барып жүрдім.

«Алматы марафоны» дегеніміз не?

Алматы марафон – Орталық Азиядағы ең ауқымды спорттық шара. 2013 жылдан бері марафон халықаралық AIMS қауымдастығына кіреді. Трассасы AIMS жəне IAAF ережелеріне сай сертификатталып, «B» санатын алды. 2018 жылғы деректерге сүйенсек, марафонды алты қашықтыққа бөлген:

дəстүрлі марафон (42 км 195 м) – 18+ жастағылар, жартылай марафон (21 км 97,5 м) – 18+ жастағылар, «спутник» жүгіру жарысы (10 км) – 15+ жастағылар, скандинавиялық жүріс (10 км) – 15+ жастағылар, балалар қашықтығы (3 км) – 10 жастан 14 жасқа дейінгілер, Экиден корпоративтік эстафетасы (42 км 195 м) – 16+ жастағы 6 адамнан құралған команда.

Марафонда не істедім?

Сөре мен мəре Республика алаңында орналасқан. Марафон кезінде Алматының бірқатар көшесінде жол жабылады. Назарбаев даңғылы бойымен (Сəтбаев көшесінен бастап Əл-Фараби даңғылына дейін), Əл-Фарабидің солтүстік беті, Саин көшесі (Əл-Фараби көшесінен Абай даңғылына дейін), Абай даңғылынан (Саин көшесінен Байтұрсынов көшесіне дейін) жəне Сəтбаев көшесі (Байтұрсынов көшесінен Назарбаев даңғылына дейін) жолдар жабылды. Марафон басталардан үш күн бұрын бұқаралық ақпараттық құралдарына ақпарат жіберіліп, телефонға арнайы хабарламалар келді, қала картасында жолдың жабылатыны туралы қатаң ескертілді. Бірақ, ерікті болған сəтте қала тұрғындарының бұған селқос қарағаны біраз қынжылтты. Өздері жүгірмесе де, спортты сүйетін адамдарды сыйлау қажет қой. Мен 10 шақырым қашықтықта жүгіретін қатысушыларға Байзақов пен Бұқар жырау көшелерінің қиылысындағы су беру бөлімінде тұрдым. Түнгі 3-те жиналып, 5-те су беру бөлімінде тұрдық. Жаңбыр құйып тұр, күн суық. Ал біз мəзбіз. Негізі жолдар 5-те жабылуы тиіс. 3 күн бұрын теледидар, радио, əлеуметтік желілер жариялады, тіпті СМС те келіп жатты. Жыл сайын өтеді ғой. Бірақ, таңертең жол жабылғанда, талай қызықтың көкесі басталды. Негативті жазбай-ақ қояйын. Біздің қоғамның пиғылы қандай болса, пейілі сондай екеніне көзім жетті.

Бастапқыда мəреге жүгіріп келе жатқан қатысушылар аз болса, кейіннен су беруге əрең үлгеріп, жүгіріп жүрдік. «Алға! Тек қана сəттілік! Жарайсың!» деп барынша қолдау көрсетуге тырыстық. Тегін дегенге жүгіретін жұртшылық марафон қатысушыларына арналған суды сұраумен əуре. Кейбір қарт адамдар саяси қозғалыс деп қорқып, бізден қайта-қайта не істеп тұрғанымызды сұрады. Марафон қатысушылары жүгіріп жатыр. Елу шақты ерікті осы сəтте бəрі де іске жұмылдырылды. Бірі су беріп, бірі су құйып, бірі шөлмектердің бұрандасын бұрап, бірі жерге түскен қағаз стақандарды тырнауышпен жинаса, бірі айналада қоқыс болмауы үшін жанталасып жүр. Көзді ашып-жұмғанша екі сағат өте шықты да, үйлестірушіміз «Жұмыс бітті, жарайсыңдар!» деді. Сол минуттағы сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бір-бірімізді құшақтап, ұйымдастырушылар
əрқайсымызға алғыс білдірді.

Ерікті болғаныңыз үшін сізге ешкім ақша төлемейді. Тегін жұмыс істейсіз. Есесіне, өзіңізге жəне қоғамға пайдаңыз тиеді. Айтпақшы, жұмыс барысында еріктілерді өте дəмді тағаммен тамақтандырады. Футболка мен бас киім өзіңізде естелікке қалады. Су беру тармағындағы жұмысым аяқталған соң сөреге Жұлдыз апайды қолдауға бардым. Көп танысым жүгіруі тиіс еді. Адам көп болғандықтан, біршамасы көзіме түспеді. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты көрші елдерден келген қатысушылар туларын желбіретіп жүгіріп жүрді. Жолымда кездескен марафон қатысушылары алғыс білдіріп жатты. Өмірге махаббатпен қарап, соны өзгелерге дарыта алатын адамдар ғажап қой, иə? Өзімді тау көтерген Толағайдай сезіндім. Бұйырса, күзде болатын марафонға қатысуды ниет етіп жүрмін. Бастысы жеңіс емес, өзінді жеңу!

Марафонда Серік Есматов 10 шақырым қашықтықта арбамен жүріп өткенде, оның өмірге деген құштарлығына ерекше ырза болдым. Серіктен басқа да арбамен қатысушылар болды. Өмір сүруді осындай адамдардан үйрену қажет. Сонымен қатар, қарт кісілердің де қатары көп болды. Шынымды айтайын, олардың бойындағы энергия мен спортқа деген сүйіспеншілікті көріп, өзімнің енжар əрі еріншек қатарластарым үшін ұялдым.

P.S. Марафонға 17 мыңға жуық адам қатысты, солардың дені əлеуметтік желіге жүгіргенін жариялап əуре. Қазіргі таңда спортпен айналысу сəнде. Оны желідегі суреттерден аңғаруға болады. Тек халық жұрттың марафонға не үшін қатысатынын білсе екен деген тілегім бар. Қатысу үшін əр адам жарна төлейді. Жиналған қаржының бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Алматы марафоны» соңғы жеті жылда екі жарым мыңға жуық балаға көмек көрсетіпті. Ал биылғы жиналған жарнаның бір бөлігіне үш бірдей спорт алаңы салынбақ. Негізінен əлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары оқитын №15 Алматы облыстық мектеп-интернатына спорт алаңы салынса, əскери-патриоттық клубқа скалодром тұрғызып бермек. Сондай-ақ, аутизмнен зардап шегетін жəне басқа да ауытқуы бар балаларға арналған көпкешенді спорт алаңы салынбақ. Осындай қайырымды іске титімдей болсын көмегіңіз тисе, тамаша емес пе?!

Назым САПАРОВА,
«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №18
30 сәуір 2019 жыл

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді жазыңыз
Аты-жөніңіз